Жаңа мектеп ашылды

Қуаныш
Мұғалжар ауданы Еңбек ауылдық округіне қарасты Теміркөпір ауылында 60 орындық жаңа мектеп ашылды.
Жаңа мектеп Мемлекет басшысының білім беру сапасын жақсарту, апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептер мәселесін шешу туралы тапсырмасына орай бой көтерді.
Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
Теміркөпірдегі №59 бастауыш мектебінің тарихы 1937 жылдан басталады, білім ошағы алғашында теміржолшылардың балаларына арналған. Бұрынғы вокзал ғимаратында орналасқан бастауыш мектеп ғимараты апатты деп танылып, 2022 жылы жаңа мектеп салуға шешім қабылданған.
Жаңа мектептің құрылыс жұмыстарына 680 млнтеңге қаражат жұмсалды. Жайлы әрі заманауи талаптарға сай салынған бір қабатты білім ошағында бірнеше пән кабинеті бар. Химия, биология, физика, көркем еңбек пәндеріне арналған кабинеттер мен толық жабдықталған зертханалар оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ кең, жайлы спортзалы мен асхана бар. Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан сыныптарды аралап, оқушыларды әңгімеге тартып, мектеп педагогтерімен кеңес өткізді.
— Мектептеріңізді аралап көрдік. Еңсесі биік, іші жайлы. Білім берушілерге де, білім алушыларға да жайлы жағдай жасалған. Бұл игі істер Мемлекет басшының тапсырмасы, облыс әкімінің басшылығы негізінде жүзеге асырылып отыр. Оқушыларымыз білімді болса, еліміздің болашағының жарқын болары сөзсіз. Мектеп ұжымы жаңа мектепте ауызбіршілікте, әдемі үндестікте қызмет жасайды деп үлкен сенім артамын. Ұстаздар қауымы білім сапасын арттырып қана қоймай, тәрбиеге де мән артып, білімді әрі тәрбиелі ұрпақ дайындауы қажет. Еңбектеріңізге сәттілік тілеймін,— деді Жолдас Батырхан.
Жаңа мектепте санаттары жоғары 17 мұғалім қызмет атқарады,38 оқушы білім алады. Бұған дейін 4 жылдық бастауыш мектебі болған білім ордасы негізгі орта мектебі статусына ие болмақ.
Мектеп ауласында спорттық ойындарға арналған алаң салынған, бұл оқушылардың денешынықтыру және спортпен тұрақты шұғылдануына сеп болмақ.
Өз тілшіміз.