Әженің әңгімесі мен тәрбиесі
Тәрбие
Ақтөбе қаласының Алматы ауданында «Әжелер алқасы» кабинетінің ашылу салтанаты өтті. Оған қалалық және аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» мүшелері, ақ жаулықты аналар қатысты.
Іс-шарада Алматы ауданының әкімі Рүстем Өтешов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеткерген Қабыл сөз сөйлеп, ұлттық тәрбиені нығайтуда «Әжелер алқасын» құрудың маңызы туралы айтты.
— Бұл іс-шараның мақсаты — әжелер мектебі, әжелер институтын дамыта түсу. Енді барлық ауыл-аймақта «Әжелер алқасын» құру мақсаты тұр. Қоғамды ауызбірлікке, ынтымаққа үндеу, ұл мен қызға ұлттық тәрбие беруде ұйымның маңызы зор. «Қарты бар үйдің — қазынасы бар» дегендей, ата мен әже — ел тұлғаларын өсіретін ұлттық мектеп. Қазір республиканың барлық аймақтарында «Әжелер алқасының» құрамы жасақталып жатыр. Шын мәнінде әже тәрбиесін көрген бала ұлтжанды, бауырмал, мейірімді болып өседі. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиеcі мен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін асыл әжелердің орны әрқашан ерекше, — деп атап өтті Алматы ауданының әкімі Рүстем Өтешов.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеткерген Қабыл Алматы аудандық «Әжелер алқасының» төрағасы Эльвира Өтепбаеваға және ұйым мүшелеріне куәлік табыстап, алдағы жобаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ іс-шара барысында әжелер «Босаға майлау» салтын жасап, ақсақалдар ақ батасын берді. Іс-шара соңында сөз алған аудандық «Әжелер алқасының» төрағасы Э.Өтепбаева алдағы уақытта бірқатар жобаларды жүзеге асыратындықтарын мәлім етті.
— Өткен жылдың 20 желтоқсанында Алматы аудандық «Әжелер алқасы» құрылды. Бүгінде әжелер мектебі қайта жаңғырып, облыстағы барлық ауданда ұйымның төрағалары сайланды. Бұл ұйымның жұмысына өмірлік тәжірибесі мол, көпшілікке сыйлы әжелер тартылған. Олар жастарға бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға үлес қосып келеді. Былтыр әжелер форумы кең көлемде ұйымдастырылып, оған еліміздің барлық аймақтарынан жиналған белсенді әжелер қатысқан болатын. Осы жылы да салт-дәстүрді насихаттайтын іс-шаралар жалғасын таппақ. Биыл Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толады. Осыған орай танымдық сағат ұйымдастырып, батыр қыздың ерлігін ұлықтауға бағытталған іс-шараларды жастар арасында насихаттау жұмыстарын жүргіземіз, — деді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.