14 компанияның 4-еуінде ғана кәсіподақ ұйымы бар
Кәсіподақ
Байғанин ауданында әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның көшпелі отырысы өтті.
Аталған комиссия жұмысына облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев, аудан әкімі Айбек Купенов, еңбек инспекциясының басшысы Жандос Әлімов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Қонжар, «СНПС-Ақтөбемұнагаз» АҚ-ның кәсіподақ төрағасы Самат Сатов және мұнай-газ компанияларының басшылары қатысты.
Жиында 14 мұнай-газ компаниясында еңбек қауіпсіздігі мен қатынастарының және жалпы саяси ахуалдың сақталуы, өндірістік кеңестер жұмысы, ұжымдық шарттың, әлеуметтік әріптестіктің сапалы орындалуы, жыл сайынғы инфляцияға байланысты жалақы мөлшерін өсіру мәселесі талқыланды.
Бүгінде облыста 14 мұнай-газ кәсіпорнында 3 мыңға жуық жұмысшы қызмет етеді. 14 мекеменің 4-еуінде ғана кәсіподақ ұйымы бар, қалған 10 мекемеде әлі күнге дейін кәсіподақ ұйымы құрылмаған. Олардың қатарында «Altai Resoures», «Gas Processing Company», «Интергаз Центральная Азия», «Лайнс Джамп», «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В», «Қазақтүрікмұнай», «КазАзот», «IC Petroleum», «Кул-Бас» және «BSG OIL» компаниялары бар.
Комиссия отырысында кәсіподақтар орталығының төрағасы өндірістік жарақаттарды болдырмау мақсатында өндірістік кеңеске аса мән беріп, жалақы мөлшерін өсіру кезінде ресми инфляция көлеміне мән беру қажеттілігін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.
Д.АЙДАР.