Басты жаңалықтарДенсаулық

Өкпесі қабынған науқастар қалай емделіп жатыр?

Қазіргі күні Ақтөбе медициналық орталығында пневмония, яғни өкпе қабынуы ауруымен 350 адам емделіп жатыр. Күн сайын 70-80 адам түседі. Ал жағдайы жақсарған 30, 40-қа жуық науқас ауруханадан шығарылады. Емдеу мекемесінің басшысы Рүстем Исаев бұндай қиын кезең үш аптаға жалғасуы мүмкін екенін айтады. Қазір қала халқы жаппай ауырып жатыр, яғни ел Еуропадағы жағдайды енді басынан өткеруде. Бұл жағдай қашан аяқталады? Осы және өзге де сұрақтарды аурухана басшысына қойдық.

— Өкпе қабынуына шалдыққан науқастар күн санап көбейіп жатыр. Аурухананың мүмкіндігі қалай?

— Медициналық орталықтың провизорлық стационарға айналғанына екі күн болды. Індет басталған кезде бір бөлімді провизорлық стационарға ауыстырғанбыз. Бірақ науқастар саны көбейген кезде осы бағытқа толық көштік. Қазір шұғыл түрде емделетін, яғни лор, эндокринология, қан-тамыр хирургиясы бөлімдеріндегі науқастарды Марат Оспанов атындағы медицина университеті мен Жедел жәрдем ауруханасына ауыстырдық. Қазір бұл жерде тек пульмонология, яғни пневмонияның ауыр түріне шалдыққан науқастарға ғана ем жүргізіледі. Күніне 70-80 адам түссе, 30, 40-қа жуық адамды емдеп, шығарамыз. Науқас ауруханада 7-10 күн ем алады. Содан кейін олар әрі қарай амбулаторлы түрде ем алуға көшеді. Қала бойынша Теміржол ауруханасы да науқастарды қабылдап жатыр. Қазіргі күні ол жерде екі жүзге жуық адам ем алуда. Емханаларда күндізгі стационар ашылды. Дерттің жеңіл түріне шалдыққан науқастар күндіз ем-домды сол жерден алады. Бір-екі күндікте облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жанынан провизорлық стационар ашылады. Бұған үрейленіп, қорқудың қажеті жоқ. Диспансерде пульмонология корпусы бар. Ғимарат ішіндегі ауаны алмастырып, күні-түні желдетіп тұратын жүйе жұмыс жасайды. Туберкулез дертіне шалдыққан науқастармен байланыс болмайды.

Жалпы қазіргі қиын жағдайдан шығу үшін барлық мүмкіндік қарастырылып жатыр.

— Қазір маман тапшы. Мәселе қалай шешілуде?

— Маманның тапшы екені рас. Сөздің шыны керек, дәрігерлердің басым бөлігі ауырып жатыр. Қазір емхана дәрігерлерінен бригада жасақталды. Медицина университетінің резидентурасында оқитын жас мамандарды іске тартып жатырмыз. Барлық дәрігерлер осы індетпен күресуге жұмылдырылуда. Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығы шықты. Пульмонологтан басқа, яғни нефролог, терапевт, хирург секілді мамандардың да арнайы хаттама бойынша өкпеге ем жүргізуіне рұқсат етілді. Қазір аурухананың мамандары өкпе дертінің асқынып кетпеуі үшін бар күшін салуда.

Тұрғындардың көпшілігі емханаға барғысы келмейді. Қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінсе, бірден жедел жәрдем шақырады. Қазір ол жердегі мамандарға да оңай емес. Шақыртулар өте көп. Үлгере алмай жатыр. Сондықтан тұмау белгісі байқалса, бірден емхана дәрігеріне хабарласуы керек. Мамандар ауруды анықтап, асқынбай тұрғанында емдейді. Ал ауру асқынып кетсе, жағдайдың жақсы болмайтыны белгілі.

— Пневмонияға шалдыққан науқастардың барлығы коронавирус жұқтырған ба?

— Ауруханаға түскен науқастар ПТР, яғни полимеразды тізбекті реакция арқылы коронавирусқа тексеріледі. Олардың көпшілігінен індет белгісі анықталып жатқан жоқ. Бірақ барлығын COVID-19 сияқты емдейміз. Себебі бұл — вирусты пневмония, өкпенің қабынуы сол вирустың әсерінен болуы әбден мүмкін. Сондықтан коронавирус бар ма, жоқ па, оған мән беріп отыратын уақыт жоқ. Барлығын жүйелі түрде емдейміз. Егер індет анықталып жатса, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жібереміз.

Қазір жиырма бес адам жасанды тыныс алу аппаратына таңылды. Өкініштісі — аппаратта жатқандардың арасында жазылып кеткендері аз. Екі аптаның ішінде 18 адам көз жұмды. Пневмонияға шалдыққан он бес жүкті әйел ауруханада жатыр.

Ауру қарапайым тұмау сияқты басталады. Денеде әлсіздік пайда болады. Басы ауырып, қызуы көтеріледі. Терлейді. Құрғақ жөтел пайда болады. Кейде адам жөтелмеуі де мүмкін. Иіс, дәм сезбейді. Бұл ауру елу жастан асқан, әсіресе қант диабеті, демікпе, бронх ауруы бар және толық адамдарға ауыр соғады. Себебі вирус өзге ауруларды асқындырады. Көз жұмған науқастардың көпшілігі — егде жастағылар. Ал жастар ауруға төтеп береді. Егер иммунитеті күшті болса, үш-төрт күнде сауығып кетеді.

— Қазір көпшілік КТ, яғни компьютерлік томография,  рентген аппаратына түсу үшін сағаттап кезекке тұрып жатыр. Бұл да індеттің өршуіне әкеліп соқпай ма?

— Көпшілік үрейленіп, рентгенге сенбей, компьютерлік томографияға түсуде. Әлеуметтік желіде қайда түсіретінін, қанша екенін сұрап жазушылар көп. Дәрігер ретінде мына нәрсені ескерткім келеді. Өкпе қабынуын анықтау үшін рентген аппаратына түсу жеткілікті. Рентген өкпенің жағдайын анық көрсетіп береді. Пневмонияны анықтауда екеуінің қызметі бірдей, сондықтан артық сәулеге түсудің қажеті жоқ. Азаматтар компьютерлік томографияға түсу үшін кезекке тұрады. Бұл — қауіпті. Ауруды сол жерде жұқтырып алуы мүмкін, әрі бұл қызмет түрі аз қаржы тұрмайтыны белгілі. Сондықтан негізсіз КТ-ға жүгірудің қажеті жоқ.

— Науқастар саны көбейген сайын халық үрейленуде. Бұл жағдай қашан аяқталады?

— Карантин аяқталғаннан кейін адамдар жаппай сыртқа шықты. Бір-бірімен қарым-қатынасы күшейді. Вирус тез тарады. Он күннен кейін-ақ пневмонияға шалдыққан науқастар түсе бастады. Алғашқыда халық індеттің барына сенген жоқ. Біреулер күлді, бірі әзілге айналдырды. Халық жағдайдың ауыр болатынын сезінген жоқ. Ал қазір қала тұрғындары жаппай ауырып жатыр. Көпшілік індеттің барына енді көз жеткізе бастады. Еуропадағы жағдайды біз енді бастан кешіріп жатырмыз. Вирус адамнан адамға жұққан сайын әлсірейді. Кез келген вирус адам денесіне түскенде мутацияға ұшырайды. Алдағы үш апта осылай ауыр өтеді. Содан кейін барып жағдай жақсарады. Науқастар мен дәрігерлер осы уақыт ішінде бір-біріне түсіністікпен қарап, шыдамдылық көрсетуі керек. Сонда ғана індетті жеңеміз. Бұл жағдай ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ.

— Өз бетімен антибиотик ішіп, емделіп жатқандар бар. Бұларға не айтасыз?

— Антибиотикті дәрігердің кеңесімен ғана ішу керек. Кейде антибиотиктен кейінгі аллергиядан анафилактикалық шок болады. Бұндай кезде адам бірден өліп кетеді. Сондықтан ауру белгісі байқалса, өз бетінше емделмей, бірден емхана дәрігеріне хабарласу керек. Қазіргі жағдайда барынша сақтық шараларын жасаған дұрыс. Кондиционер қосып, салқын су ішпеген жөн. Қолды жиі жуып, үйді желдетіп, жуып, ауаны алмастырып отыру керек. Өкпеге тыныс алу жаттығуларын жасаған дұрыс. Ауру белгісі байқалған жағдайда адам өзін-өзі оқшаулағаны жөн. Жалпы қазір ауырмаған адам да өзін оқшаулап жүруі керек. Бір қынжылтатыны, халық әлі де жағдайға салғырт қарайды. Той тойлап, садақаға барып жүргендер бар. Ауырып келгендермен сөйлесе бастасаң, көпшілігі — жиын, тойға барғандар. Халықтың түсінетін уақыты келді. Адам көп жиналатын жерге бармаған дұрыс. Қоғамдық көлікке де мүмкіндік болса, мінбеуі керек. Аурудан сақтанудың ең тиімді жолы — тазалық пен салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану. Иммунитет мықты болса, адам ауруға бой алдырмайды. Коронавирус жұқтырған күннің өзінде жеңіл өтеді.

Тағы бір ескеретін нәрсе, індет тоқтағанша мекемелер қашықтан жұмыс істегені жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button