Басты жаңалықтарДенсаулық

Өкпе қабынуы өршіп тұр

Ақтөбеде маусым айы басталғалы өкпе қабынуы ауруымен ауруханаларға 700-ден астам адам жатқызылған. Оның ішінде 478 адам облыс орталығындағы стационарларда емделіп жатыр. Аудандардағы провизорлық стационарларда емделіп жатқан 131 адамның 80-і — өкпе қабынуымен ауруханаға түскендер. Кешеден бастап 160 адам дәрігер шақырып, 89 адам ауруханаларға жатқызылған. 

  • Бүгінге дейін өкпе қабынуы асқынып, 18 адам көз жұмды. Оның ішінде 8 науқас — теміржол ауруханасында жатып қайтыс болған науқастар. Олардың дені қарт кісілер, 1961 жылы туған бір азамат бар, одан да жас азаматтар бар. Теміржол ауруханасындағы жансақтау бөлімінде алты кереует бар. Қазір онда 8 адам емделіп жатыр, оның ішінде екі адамның өкпесіне жасанды тыныс алу аппараты қосылған, алты адам бақылауда. Аталған ауруханада реаниматолог бар, толық жұмыс істеп жатыр, — деді тікелей эфирде жүргізілген брифинг барысында Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы С.Есенаманова.

Аудандардағы провизорлық стационарларда 131 адам ем алып жатыр. С.Есенаманованың айтуынша, қазір барлық ауданда коронавируспен де, өкпе ауруымен де тіркелген науқастар бар, бірақ тап облыс орталығындағыдай аса көп емес. Өкпе қабынуы ауруы балалар арасында былтырғымен салыстырғанда көп емес.

— Өткен аптада Теміржол ауруханасында 300 кереуетке арналған провизорлық стационар ашылғаны белгілі. Оған қоса, өткен жұма күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен маңызды шешім қабылданды. Ол шешімге сәйкес, Ақтөбе медициналық орталығының негізгі корпусындағы басқа ауру бойынша ем алып жатқан науқастар жедел жәрдем ауруханасы, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің медициналық орталығы мен Қарғалы ауруханасына жатқызылып, Ақтөбе медиициналық орталығының негізгі корпусында 300 орынға арналған провизорлық стационар ашылды. Қазір осы провизорлық стационарларда 478 адам ем алып жатыр. Және Қарғалы қалалық ауруханасында 45 науқас ем алып жатыр, — деді ол.

С.Есенаманованың айтуынша, облыста 156 жасанды тыныс алу аппараты бар.  Жыл басында жасанды тыныс алу аппараты қажеттілігі зерттеліп, оның 55 данасына тапсырыс берілген. С.Есенаманованың айтуынша, бүгінде олар жеткізіліп жатыр. Қазіргі уақытта ауруханаларда жатқан науқастар үшін жасанды тыныс алу аппараты жеткілікті деңгейде.

Әлеуметтік желілерде кеше, яғни, 21маусым күні өкпе қабынуын емдеу хаттамалары жарияланды. С.Есенаманованың айтуынша, бұл хаттамаларда аурудың жеңіл, орта, ауыр түрлеріне қатысты ем-дом шаралары көрсетілген.

— Әрбір емханада өкпе қабынуының жеңіл түрін емдейтін, яғни, оларды анықтайтын, дәрі-дәрмек тағайындайтын, емді бақылайтын орталықтар құрылатын болады.  Олар науқастың жағдайына байланысты емді онлайн да жүргізе алады. Бірақ бұл хаттама негізінен дәрігерлер үшін жасалды, сондықтан, тек дәрігеріңіз тағайындаған дәрі-дәрмекті ғана қолдану қажеттігін ескеру керек.

«Өкпе қабынуымен ауыруым мүмкін» деген күдігі бар адам дәрігерге хабарласуы керек, тек дәрігердің нұсқауымен ғана диагностика жасап, ем алады. Егер дәрігер сізге компьютерлік томография жасап, тесттен өткізу керек десе, дәрігеріңіз айтқан жерге, бекітілген уақыт бойынша барасыз.

Науқастардың көбі қазір үйлерінде ем-дом алып жатыр, өткен жұмадан бастап система алу қажеттілігі бар адамдар емханалардағы күндізгі стационарларда ем алуда, — деді ол.

Жақында әлеуметтік желілерде Теміржол ауруханасында науқасты ауруханаға қабылдамай, айқайлаған Теміржол ауруханасының дәрігері жөнінде видео жарияланып, желіде қызу талқыланды.

—  Бұл ауруханада екі күн қатарынан күніге 100 науқастан қабылдағанын ескеру керек. Қабылдау бөлімінде адам көп болған. Тіпті, бірнеше адамды аурудың 4-інші сатысында алып келгенін, кейбірінің өз бетімен келгенін естігенде дәрігер ашуына ерік бергенін айтады.  Ол 48 сағат бойы ауруханадан шықпай жұмыс істеген. Терапевтер жетіспейді. Жалпы тәжірибелі дәрігерлер тек жоғары тәжірибесі бар дәрігердің басшылығымен ғана жұмыс істеуі тиіс. Ал реаниматолог тек реанимацияда жұмыс істейтіндіктен, барлық ауыр жүк клиникалық терапевтке жүктеледі. Ол тәжірибелі дәрігер.  Біз онымен сөйлестік, ол өзінің ашуға ерік бергеніне кешірім сұрады. Мен ол дәрігерлер үшін барлық тұрғындардан кешірім сұраймын және ол үшін жаза сұрамауларыңызды өтінемін. Жалпы, емдеу мекемелерінде видео түсіріп, оны жұртқа таратуға қарсымын. Себебі ауруханаларда түрлі жағдай болады, кей жағдайда ауру асқынғаны себепті дәрігерлер де көмектесе алмайтын жағдайлар кездеседі. Оның барлығын видеоға түсіріп, фильм жасап, көпшіліктің ашу-ызасын туғызудың қажеті жоқ. Рас, дәрігер жетіспей жатыр. Оны мойындау керек. Теміржол ауруханасына ендігі жерде ауыр науқастар Ақтөбе медициналық орталығына апарылатыны ескертілді. Біз Теміржол ауруханасындағы дәрігерлерге ең болмаса, аурулардың электронды формасын толтырып алу үшін үзіліс беріп отырмыз, — деді С.Есенаманова.

Қазіргі уақытта провизорлық бөлімде күн сайын 6 бригада және 2 терапевт дәрігер жұмыс істейді. Алайда, бұл жеткіліксіз. Себебі 20 науқасқа бір бригада болуы керек. Қазіргі кезде бұл мәселе шешіліп жатыр.

  • Қазіргі кезде дәрігерлер арасында да ауырып жатқандар көп. Жұмыс істеп жатқан зейнеткерлерді, зейнетке жасы жақындаған дәрігерлерді, 3-5 жастағы балалары бар дәрігерлерді егер өздері қаламаса, жұмысқа шық деп талап ете алмаймыз. Қазіргі уақытта жедел медициналық көмек қызметінің 120 қызметкері ауырып жатыр. Оның ішінде өкпе қабынуы, жедел респираторлық вирусты инфекция жұқтырғандар да, коронавирус жұқтырғандар, олармен байланыста болғандар, жүрек-қантамыр ауруларымен, басқа да өздерінің созылмалы ауруларымен науқастанып жатқандар бар. Бүгінде жеке меншік медициналық мекемелердің дәрігерлері де кезекпен провизорлық стационарлардағы жұмысқа тартылды. Біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Тұрғындардан да өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын өтінеміз, — деді С.Есенаманова.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button