Құқық

Тұрмыстық зорлық-зомбылық — қоғам дерті

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жедел жолын кесу және әлеуетті құрбандар үшін қауіпсіз жағдайлар жасау, оларға қажетті медициналық, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмектің өзге де түрлерін көрсету мақсатында және гендерлік теңдік стратегиясын орындау үшін «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» екі маңызды заң әзірленіп, қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ оның құрбандары болған адамдарға көмек көрсетуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға 2014 жылғы 18 ақпанда қол қойылды. Заңмен тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қарсы іс-қимыл бойынша құқықтық шаралар кешені белгіленді, атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік және басқа да көмектер көрсетудің құқықтық тетіктері қарастырылып, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар үшін жаза күшейтілді.

Заңдағы ең маңызды ережелер құқық бұзушының жазасын күшейтіп, әкімшілік іс жүргізуге қатысушының өтініші бойынша құқық бұзушыға қатысты белгіленетін ерекше талаптар тізбесін кеңейту болып табылды. Сонымен қатар айыппұл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың пәрменді шарасы болып табылмай, зорлық-зомбылық жасаған адамның және зардап шеккен адамның отбасының жалпы бюджетінен жиі төленетіні ескеріліп, құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынатын болды.

Отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимылда негізгі қиындық —жәбірленушінің өз жағдайын ауырлатудан қорқып, зорлаушыны ұстап беруге ниеттенбеуі. Мұндай жағдайларда адамдарды қорғауды қамтамасыз ету үшін мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жедел жолын кесуі, жәбірленушілер үшін қауіпсіз жағдайлар жасауы, оларға белгілі бір қызмет көрсету кешенін (ақпараттық, құқықтық, психологиялық және т.б.) көрсетуі, құқық бұзушыға жеке алдын алу шараларын қолдануы тиіс.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілік мәселелері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 10-тарауымен реттеледі. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» ұғымына 73-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікті көздейтін құқыққа қарсы әрекеттер, яғни отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер қолайлы екенін атап өту қажет. Сонымен қатар, егер отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы әрекеттер жасаған адам жәбірленушіге ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасаса немесе денсаулыққа жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірсе, ол тиісінше қылмыстық теріс қылық ретінде қылмыстық кодекстің баптары бойынша жауапты болады.

Жоғарыда атап өтілгендей, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты полицейлерге жаңа өкілеттіктер берілген: құқық бұзушымен алдын алу әңгімелерін жүргізу құқығы; хаттаманы немесе қорғау нұсқамасын ресімдеу үшін оны ішкі істер органдарына жеткізу құқығы; зорлық-зомбылықтың құрбандыққа қатысты мінез-құлқын шектейтін қорғау нұсқамасын шығару құқығы; әкімшілік ұстау құқығы (жәбірленушіден оқшаулау); құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы сот алдында өтініш жасау құқығы; тергеу кезінде бұлтартпау шарасы ретінде ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат таңдалған күдіктінің немесе айыпталушының құқықтарын шектеу құқығы. Қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктіге, айыпталушыға жәбірленушіні іздестіруге, ізіне түсуге, оған баруға, ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және онымен өзге де тәсілдермен байланыс жасауға тыйым салынғаны туралы жазбаша ескертеді.

Ішкі істер органы шығарған қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін, яғни  тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушінің еркіне қарамастан іздеуге, қудалауға, баруға, ауызша және телефонмен сөйлесуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысты қоса алғанда санкция шегінде ескерту жасауға не бес тәулік мерзімге дейін әкімшілік қамауға алуға жазаланады. Өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамды ішкі істер органдары профилактикалық есепке қояды және оған профилактикалық бақылауды жүзеге асырады.

Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың және (немесе) ішкі істер органдарының өтініші бойынша сот заңда көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеуі мүмкін. Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер жасаған адамның жүріс-тұрысына үш айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге жәбiрленушiнiң отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабiлетсiз мүшелерiн қоса алғанда, жәбірленушінің еркiне қарамастан, оны iздестiруге, оның iзiне түсуге, оған баруға, онымен ауызша немесе телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсiлдермен байланыс жасауға; атыс қаруын және қарудың басқа да түрлерiн сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға; кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз кәмелетке толмағандарға белгілі бір жерлерге баруына, басқа да жерлерге шығуына; алкогольдік ішімдік ішуге, есірткі, психотроптық заттарды қолдануға толық көлемде немесе жеке-жеке тыйым салуды көздейтiн ерекше талаптар белгiлеуi мүмкiн.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген кезде жәбірленуші мен оның отбасы мүшелерін күзету және қорғау үшін сот ерекше жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға осы адамның басқа тұрғын үйі болған жағдайда жәбірленушімен жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғын үйде тұруға тыйым салу түрінде әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасын отыз тәулікке дейінгі мерзімге қолдануға құқылы. Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде оған профилактикалық әңгімелесу үшін айына бір реттен төрт ретке дейін ішкі істер органдарына келу міндеті жүктелуі мүмкін.

Алайда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 669-бабы бойынша, яғни сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін және атқару құжатын орындамағаны үшін немесе ҚР ҚК-нің 430-бабы бойынша, яғни заңды күшіне енген үкімді, шешімді немесе өзге де сот актісін немесе атқару құжатын алты айдан астам орындамағаны үшін, сол сияқты олардың орындалуына кедергі келтіргені үшін, сондай-ақ, егер қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін заңда жауапкершілік көзделген. Құқық бұзушының жүріс-тұрысына арнайы талапты қою әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулыда көрініс табатындықтан, сот актісінің орындалуға тиісті міндетті бөлігі болып келеді. Айта кететін жағдай, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің ерекше бөлігінде арнайы талаптың орындалғаны туралы сотты хабардар ету міндеті көзделмеген. Арнайы талаптың  орындалғаны туралы полиция органдарының сотқа хабарлама жолдау міндеттілігі заңда көрініс табуы қажет. Бұл отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушының өз іс-әрекетін саралап, одан қорытынды шығаруға көмектеседі. Сонымен бірге, сот актісіне немқұрайды қарамай, әкімшілік іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылып, жазаға тартылмаса да, кінәлі тұлғаның өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауына ықпалын тигізеді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, біздің аудандық сотының өндірісіне 2018 жылдың он екі айында отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты 112 іс келіп түсті, оның ішінде 79 іс жәбірленушілермен татуласуларына байланысты тоқтатылды, 16 адам ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 17 адам әкімшілік қамауға алынды. 2019 жылы 129 іс келіп түсті, оның ішінде 98 іс жәбірленушілермен татуласуларына байланысты тоқтатылды, 11 адам ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 13 адам әкімшілік қамауға алынды.

Әрине, көп жағдайда отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың құрбандары әйелдер, яғни құқық бұзушылардың әйелдері немесе азаматтық жұбайлары болып табылады. Бірақ аталған санаттағы істер бойынша қарт ата-аналар, апа-қарындастар, аға-інілер мен отбасылық бүлік шығарушылардың балалары жиі зардап шегеді. Статистикалық деректерден көрініп тұрғандай, аталған санат бойынша істердің көпшілігі тоқтатылады, бұл ретте олардың барлығы іс жүзінде жәбірленушінің әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адаммен татуласуына байланысты тоқтатылғаны жоғарыда айтылды. Себебі осы Кодекстің 73-бабында көзделген әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер жәбірленушінің өтініші бойынша ғана қозғалады және ол әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адаммен татуласуына байланысты қысқартылуға жатады. Жәбірленуші мен әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адам қол қойған жазбаша келісім болған кезде судья істі тоқтатуға міндетті.

Сондай-ақ, аталған барлық қақтығыстар балалардың қатысуымен де орын алатыны осы істер бойынша үлкен алаңдаушылық туғызады. Балалар өз көз алдарында жасалатын қатыгездік пен жек көрушілік ауқымына еріксіз тартылып, күйзеліс пен қорқыныш сезімін бастан өткереді. Өкінішке орай, отбасылық бұзақылық жасаушылар әрдайым былапыт сөйлеумен, қорлаумен, үй тұрмысындағы заттарды бүлдірумен және басқа да осындай әрекеттермен шектелмейді деп айтуға болады. Көп жағдайда отбасылық жанжалдар қол жұмсаушылықпен, дене жарақатымен және мертігумен аяқталады.

Отбасындағы зорлық-зомбылық тек отбасының ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның да проблемасы болып табылады.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу — бұл әр адамның азаматтық борышы. Ешкім біреудің бақытсыздығына бейжай қарамауы керек. Сондықтан да азаматтардың түрлі зорлық-зомбылықтың алдын алуға үлес қосуы үшін құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық сезімін ояту қажет, яғни тағы да, нөлдік төзімділік қағидаларын ұстануға бастау керек.

 Айсұлтан БАЛМҰХАНОВ,

Хромтау аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button