Денсаулық

Шектеу шараларын қатаң сақтау керек!

22 маусым күнгі дерек бойынша облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 628 адам тіркелген. Сонымен бірге бойында ешқандай ауру белгісі байқалмаған 307 науқас тіркелген. Олардың 43 пайызы дәрігерлерге өздері жүгінген, 37 пайызы науқас адамдармен қарым-қатынаста болған, қалғаны тест арқылы инфекция жұқтырғанын анықтаған.  

Бұл туралы Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева  тікелей эфирде мәлімдеді.

Тікелей эфир барысында қойылған сұрақтарға жауап берген Н.Беркімбаева облыстағы дәріханаларда дәрі-дәрмек жеткілікті екенін, соның ішінде рецептсіз берілетін парацетамол, аспирин, т.б. сынды дәрілердің жеткілікті екенін айтты.

Облыста қазіргі уақытта коронавирус инфекциясына қатысты тест тапсыратын үш зертхана жұмыс істеп жатыр. «Обаға қарсы станциясының зертханасы бүгінде жұмысын тоқтатты, себебі ондағы дәрігерлер мен лаборанттар ауырып қалды. Қазіргі кезде үш зертхана жұмыс істеп жатыр», — деді Н.Беркімбаева. Оның айтуынша, бұл зертханаларда күніге 1600-1800 зерттеу жүргізіледі.

Н.Беркімбаеваның айтуынша, облыста блок-бекеттер қойып, карантин жариялау мәселесі әзірге күн тәртібіне қойылып отырған жоқ, себебі өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button