Мәдениет

Жәмековтер топ жарды!

Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мен Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан халқы тілдерінің ХІІ республикалық байқауы аясында жақында Астанада «Отбасы —  алтын діңгек» атты республикалық сайыс өтті. Оған еліміздің барлық облыстарынан және Астана, Алматы қалаларынан жергілікті додалардан шауып бәйге алған барлығы 15 отбасы қатысқан.

Ұлттық салт-дәстүр мен қазақы тәрбиені бойына сіңірген, өнерлі де өнегелі отбасылардың үлгісін дәріптеуді мақсат тұтқан сайысқа Ақтөбеден белгілі қобызшы Жетес Жәмековтің отбасы «Шырақ» деген атпен қатысты.

— «Ей, болашақ, ошағыңда от жансын» деп бір ақын айтпақшы, әр қазақтың ошағының басындағы ұлттық шырағы сөнбесін деген ниетпен «Шырақ» деп атадық отбасымызды. Сайысқа отбасы мүшелері түгел бардық. Зайыбым Гүлбағда мен балаларымыз Нұрбақыт, Олжас, Жазиралардың барлығы да өнерлі. Сайыс үш бөлімнен тұрды. Отбасымызды өлеңмен таныстырдық. Екінші «Халқың қандай десең, салтымнан біл!» деп аталатын бөлімде біз отбасындағы ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрдің озығын көрсетуге тырыстық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елім менің» әнін барлығымыз бірге орындадық, мен қобыз, екі ұлым домбырамен сүйемелдеді, — дейді Ж.Жәмеков.

Байқауға Ақтөбенің намысын арқалап барған Жәмековтер отбасы сайысқа қатысуға қажетті барлық заттарды, сахнаға киетін киім-кешекті өз қалтасынан шығарып сатып алған, демеушілік көрсеткен ешкім болмапты. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­­кері Жанболат Аупбаев бастаған қазылар алқасы отбасылардың тіл байлығы мен мәдениетіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім-кешектеріне баса мән берді. Нәтижесінде бас жүлдені Ақтөбеден барған Жә­мековтер әулеті алды.

— Бұл маған барлық жүлдеден, барлық сыйлықтан қымбат жеңіс болды. Қазақтың әр ошағының байрағы жоғары болғаны жақсы, — дейді Жәмековтердің отағасы.

1-орынды ақмолалық Дүнге­нов­тер әулеті, 2-орынды Алматы облысынан Сем­баевтар әулеті жеңіп алып, 3-орын Оңтүстік Қа­зақстан об­лысынан келген Дүйсеқұловтар әулетіне бұйырды.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button