Мәселе

М-Агент, менімен егіз бе едің?

«Майл. ру агент», «Мобильді агент». «Мой мир». Бұл ұғымдар артық жарнаманы, түсіндіруді қажет етпейді. Өйткені оны қазір екінің бірі біледі. Білгені сондай, мобильді агент қосылған телефонын құшақтап ұйықтайды, соны құшақтап оянады. Әсіресе, жасөспірімдер. Ғайыптан тайып, «сеть» жоқ болып қалса, не телефонындағы бірлігі бітіп қалса, болмаса, қуат көзі таусылып қалса, бейнебір дүниеден бөлініп жалғыз қалған Робинзон Крузодай хал кешіп, көңілі нілдей бұзылып, жынынан айырылған бақсыдай сенделіп кетеді. Осылайша «жұртта қалған» жасөспірім үйдің бұрыш-бұрышын қуалап, «сеть» іздейді, қалай «онлайн» жүйесіне кіреді, солай көзі бал-бұл жайнап, қашқан берекесін қайта табады.

… Дегенмен, түсіндіре кетейік. Мail.ru Агент – онлайн жүйесінде қарым-қатынас жасауға арналған ең танымал ресейлік бағдарлама. Мобильді агент – сол майл ру агенттің телефонға қондырылған нұсқасы.  Түсініктірек айтсақ, интернет желісіне қосылған кез келген адам осы м-агент арқылы әлемнің түкпір-түкпірімен көп шығындалмай-ақ байланыс жасап, тіпті монитордың төбесіндегі камера арқылы тікелей сөйлесе де алады. Ол үшін Мail.ru сайтына тіркеліп, өз поштаңызды ашып алсаңыз, жеткілікті. «Мой мир» деген тағы бір жоба бар. Яғни сіз сайтқа тіркеліп, осы сайттың қазақша аудармасының деңгейінде сөйлесек, өз суретіңізді «жүктейсіз». Сосын өзіңіз туралы ақпараттарды толтырып жазып қоясыз. Интернеттегі осы бет сіздің «әлеміңіз» болып шығады. Бұл «әлемге» кімді кіргізу, кімді кіргізбеу тек өз еркіңізде. Осы «әлемде» жүздеген достар тауып алуға болады. «М-агент» электронды пошта мен «Мой мирдің» баласы сияқты. Таныс адамыңыздың поштасын білсеңіз, оның «әлемін» де, «агентін» де тауып алуға болады.

Бұл жобалар — интернеттің жемісі. Ал қандай да бір жеміс аузы-мұрнынан шыққанша емес,  дәмін алып жегенде ғана пайдалы. Бұл жобаның қай-қайсысының да пайдасы бар. Соның ішінде м-агент «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу» үшін таптырмайтын жоба болып есептеледі. Америкадағы досыңызбен сөйлескіңіз келсе, агентіңізді қосып алыңыз да, сөйлесе беріңіз… Ауылдағы құрдастарды сағындыңыз ба (ауылда интернет желісі болса), агентіңізді қосып алыңыз да сағынышыңызды басыңыз, мархабат… Біреудің телефонына хабарлама жіберуге бірлігіңіз жетпей ме, компьютер арқылы агентке кіріп, телефон нөмірін теріп, хабарлама жаза салыңыз, болмаса, бір адамға хабарлама жазуға кететін ақшаңызды мобильді агентке кіру үшін жұмсап, ондаған адаммен сөйлесіңіз. Тіпті, бір ғажабы, жұмыс орныңызда, не сабақта  отырып, м-агент арқылы болашақ жарыңызды да тауып алуға болады… М-агент арқылы танысып, бақытты болып кетіп жатқан отбасылар көп.

Бұлардың бәрі жақсы-ау, бірақ агентті пайдаланушылардың көбі өз-өзіне бақылау жасай алмай, осы агент деген құрғырдың құлына айналып бара жатыр. Әсіресе, мектеп оқушылары, студенттер, жастар. Мail.ru компаниясының мәліметінше, Мail.ru агентті айына 11 миллион адам пайдаланса, бір минутта бір мезгілде оны  2 млн. адам қолданады екен. Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде «2010 жылы Қазақстандағы интернет желісін пайдаланушылардың саны 3,5 миллион адамға дейін өседі» деген болатын. Бұл көрсеткіштің жетістік екені рас, бірақ соның көбі агент деп аталатын ауруға шалдықса, жұмыс пен оқу жайына қалатын шығар.

Осы ауруға шалдыққан адамдардың көрген күні мынау болады, қараңыз:

Менің жалған өмірім

… Тағы да таң атты. Ұйқым қанбай қалыпты. Таңғы төртке дейін ұялы телефоннан мобильді агентке кірдім. Менен басқа да бірнеше адамның агентте отырғанын көріп, қатты қуанып кеттім. Түніменен әңгіме айттық. Телефондағы агентті қалай сөндіргенім есімде жоқ, ұйықтап кетіппін.

Таңертең телефонымды жастығымның қасынан тауып алдым. Апыл-ғұпыл киіндім де, жұмысқа қарай шықтым. Автобус жұмысқа дейін біраз уақыт жүреді. Жұмысқа барғанша ермек болсын деп, телефонымнан тағы да агентке кірдім. Кеше түнде сөйлескен адамдар агентте әлі отыр екен. Бәрі жапа-тармағай: «Кеше кайда кетип калдын? Ундемей кетип қалдын гой…» деген бірдеңелерді үздіксіз жазып жатыр. (Олай жазатын себебі телефон пернелерінде қазақтың төл әріптері жоқ). Асықпай отырып барлығына жауап жаздым. Қасыма бір әже келіп тұрды. Орын бергенім жоқ. Қазір тұрып тұрсам, агентпен сөйлесуге өте ыңғайсыз болады.

Жұмыстың қасындағы үлкен жолдан өте бергенде бір көлік соншалықты жанұшырған дауыспен сигнал берді. Жүрегім ұшып кете жаздады. Мені басып кетуге қалған, ал мен алаңсыз телефондағы агентпен әлі сөйлесіп келе жатырмын.

Жұмысқа келіп, бірдеңеден қалып бара жатқандай дереу компьютерімді қосып, майл ру агенке кірдім. Телефоннан хабарлама жазған ыңғайсыз, клавиатурасы кішкентай болғандықтан, көп уақытты алады. Компьютерден жазған жақсы. Компьютердегі агентті қосуым мұң екен, алдымнан бір көкжиек ашылғандай, тынысым кеңейіп сала берді. Таныстарымның көпшілігі «жасыл» болып тұр. Бұл олар агентте, яғни байланыста отыр деген сөз. Әлгі маған сөзімен ұнап қалған әдемі қыз… «қызыл» боп тұр, яғни сөніп тұр, агентке әлі қосыла қоймапты. Жұмысқа келмеді ме екен әлі, әлде… менімен сөйлескісі келмей, «невидим» қылып қойды ма, а? Осыны ойлауым мұң екен, ішім әлем-тапырық болып, қатты қиналып кеттім. Қайда ол қыз? Құдай-ау, қайдасың, Покорительница Сердец! Оның аты осындай. Шын атын білмеймін. Атында тұрған не бар, құрысыншы…

Ол қыз байланысқа шыққанша «Мой мирымды» қарап алайын дедім. Мәссаған… әлгі қыз маған «қонақ» боп кетіпті таңғы сағат төртте. Жүрегім атқақтап кетті. Қара түнге дейін мені ойлаған-ау, сірә…

Алдымда жұмыс үйіліп жатыр. Бастығым кеше «жұмыс жасамайсыңдар» деп қатты сөкті. Кеше жұмыс жасауға қолым тимеді. Агентпен сөйлестім. Үйде де бірталай шаруалар мені күтіп тұр.

«Әлгі мен берген қағазды бітірдің бе?». Бастығыма бұрылып, «қазір» деп, монитордың бетіне қайта бұрылсам, әлгі қыз… «жасыл» болып тұр. Демімді бір терең алдым-ау… «Салем, калайсын? Денсаулык калай? Сени кутип отыр едим манадан бери» деп бір жазып жібердім. «Жумыска кешигип келдим. Уйыктап калыппын» дейді. Содан әңгіменің тиегі ағытылып кетті дейсің. Бір қарасам, сағат бестен он жеті минут кетіпті. Жұмыс бітуге қырық үш минут қалған. Аяқ астынан ұятым оянып, ана қызға сау бол деп айтып, бастықтың берген тапсырмасын орындауға кірістім. Асығыстықтан шығар, құжатта қате жіберіп алыппын. Бастығым қатты ренжіді. Өз-өзімді әрең тежеп, ендігі жерде агентке кірмеймін деп уәде бердім. Үйге келіп, телефонды лақтыра салып, бітпей тұрған бірталай жұмыстарымды жасадым. Бірақ қолым қайта-қайта телефонға қарай кетіп қала береді. Ана виртуалды, қазақша айтқанда, жалған әлемде бір қызық болып жатқандай, сол қызықтан мен құр қалып қойғандай беймаза күйдемін. Үйдің ішінде сенделіп, көңілімді қуантатындай қызықты шаруа таппай қойдым. Неткен көңілсіз тірлік…

Кенет… телефонға хабарлама келді. «Агентке кирсенши, не истеп жатырсын?». Менің жалған өмірдегі жалған достарым шақырып жатыр. Бастығым бұйырып тұрғандай, ай-шайға қарамай, телефонды қолыма алдым… Уфф!! Сөйтсем, манағы Покорительница Сердец деген бір еріккен жігіт болып шықты…

Агенттің азабы

Бұл бір адамның мысалы ғана. Мұндайлар қаншама. Қазір балалар, студенттердің көбі сабақ оқуды қойды. Мектеп оқушыларының қолында бір-бір мобильді телефоннан. Тақтада мұғалім бар ынтасымен сабақ түсіндіріп жатса, бастауыш кластың оқушыларынан бастап партаның астына телефонын жасырып, қыздарға хат жазып отырады. Телефоннан м-агентке кіріп, оқытушының лекциясын құлағына да ілмейтін студенттер қанша? Таңертең көзін тырнап ашқаннан кеш бақтанша, тіпті түн қоюланғанша телефоннан агентке кіріп отыратын жастар бар. Жақында бір жігіттің қатты налып, маған айтқаны мынау: «Қарындасым бір мекемеде қызмет етеді. Жұмысы ауыр. Кешке жұмыстан шаршап келіп, үйге жеткесін тамағын ішіп алып, телефоннан агентке кіреді. Содан кейде таң атқанша ұйықтамайды. Күндегі тірлігі осы. Жақында қарындасым қатты ауырып, жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Ағзасы қатты шаршапты. Ұйқысыздықтан, демалмағаннан дейді».

Бұл әлемдегі интернетке тәуелділік ауруына шалдыққан мыңдаған адамның Ақтөбедегі бір көрінісі ғана. Мамандардың айтуынша, мұндай адамдар үнемі виртуалды кеңістікте жүретіндіктен, шынайы өмірден мүлде алыстап кетеді екен, сөйтіп, айналасындағы тіпті күнде көріп жүрген адамдармен арадағы қарым-қатынасы бұзылатын көрінеді. Зерттеушілер интернетке тәуелділікті есірткіге, араққа, құмар ойындарға тәуелділік ауруымен қатар қояды. Ал психологтар интернетке көбіне ерік-жігері әлсіз, ортаға қосыла алмай саяқ жүретін, томаға-тұйық адамдар тәуелді болатынын айтады. Олар мінсіз адамды монитордың ар жағынан іздейді және «танымайтын таныстардың» алдында өздері де мінсіз болуға тырысады. Оларға отбасы, дос, сабақ, жұмыс… деген нәрселер маңызды болмай қалады, керісінше жалған «әлеміндегі» қияли «менді» жоғары қояды. Реалды өмірде бәрі ондай болмайтынының салдарынан әлгілер іштей күйзеліп, депрессияға да түсіп кетуі мүмкін деседі.

Телефон және компьютер клавиатураларын үздіксіз әрі көп пайдалану жүйке жүйесімен қоса, қол буындарының ауруын туғызады. Қолмен бір қимылды күн сайын қайталау буындардың ортасындағы жүйкенің қыстырылуына әкеліп соқтырады, соның салдарынан саусақтар ауырып, кейде тіпті жансыздануы мүмкін. Францияда жылына осындай 80 адамға ота жасалады екен. Ал телефонды өте көп қолданатындардың жүйке жасушалары өзгеріске ұшырап, ми жұмысы өзгереді екен.

«Компьютерді қойып, ұялы телефонға дейін еніп алған бұл байланыстың тиімділігі айтпаса да белгілі. Одан түсетін қаражат та ұшан-теңіз. Бір өкініштісі, осы қаражаттың барлығы көрші елдің қалтасына кетіп жатыр. Тіпті қаражатты былай қойғанда, қаншама біздің маңызды ақпараттарымыз өзге елдің сүзгісінен өтіп, соларға тәуелді болып отыр. Ойлап қарасақ, ондай байланыс әлемін құрастыру біздің мамандардың да қолынан келеді», — дейді «Алтынсофт» компаниясының құрылтайшысы А.Әбішев. Удың бетін у қайтарады демекші, тыюсыз кеткен М-агенттің бетін қайтару үшін өзіміздің осындай байланыс түрін шығарып алу жөнінде ұсыныстар айтылып жатыр. Әйтпесе…

«Контактіге тінтуірді апарғанда қалқымалы кеңестерді көрсету» деген не?..

Бұл агент қазақ тілін әбден қорлап болды. М-агенттің ағылшын, орыс, украин, өзбек, түрік, қазақ тілдеріндегі нұсқасы бар. Басқасы басқа, қазақша нұсқасына қарның ашады.

Мысалы, агентіңізді қосқан бойда «Қотарылуда» деген жазу шығады. Бұл агентіңіз қосылып жатыр деген сөз. Қазақ әдетте қазандағы тамақты түбін көрсетіп құйып алғанда, тауысып қойғанда «қотарып алды» деп айтады . Ал «Бағдарламалар теңшеліміндегі» «Спамға қарсы» бөлімінен «Елемеу, бірақ сақтау», «Ашу, бірақ алдымен сұрау», деген сөздерден не ұқтыңыз? Әйтпесе, «Байланыстар тізіміндегі» «Сүзіп жүретін» байланыс ақпараттарын бейнелеу», «суретті «сүзіп жүретін» байланыс ақпараттар ішінде бейнелеу», «Контактіге тінтуірді апарғанда қалқымалы кеңестерді көрсету», «Бейне шеттеріне жабысып қалу мүмкіндігі» дегендерді түсінесіз бе? «Антиспамды баптау» дегеннен не ұғуға болады?

Мобильді агентпен хабарлама жібергенде қазақтың сөзін қазақша жазу мүмкін емес. Өйткені ұялы телефондардың барлығында бірдей қазақтың төл әріптері жоқ. Сол себепті, мысалы «Көңіл күйің қалай?» деген сөйлемді «Конил куйин калай?» деп жазуға тура келеді. «Бұл күлетін шаруа емес, намысқа тиетін шаруа. Дамыған елдердің қатарына кіреміз деп талпынған екенбіз, онда осы технологияларды меңгеріп қана қоймай, соны өз тіліміз бен еліміздің қажетіне қызмет етуін қамтамасыз етуіміз керек», — деп пікірін білдіреді айтыс ақыны Б.Имашев.

Балғынбек:

«Өмір де — бір интернет, жақсы білсең,

Болмайды қатты сөйлеп, қатты күлсең,

Адам деген — қонағы сол өмірдің,

Бүгін «онлайн», ал ертең — «отключен», — деп қағытады м-агент сүйгіштерді. Тағы бір қызық «өлең» бар:

«Бәріне айтар дауым бар,

Интернет деген ауыл бар,

Агент деген көшеде,

Жиналған біраз қауым бар.

Саусақтарыңа күш берсін,

Ерігіп отырған бауырлар.

Бәріміз де «Майл рудың» жастары едік,

Бәріміз де «Мой мирді» ашқан едік.

«Онлайндар» ойда, «отошелдар» тойда,

«Невидимдер», «отключендар» қайда екен?»

Мұндайларды, тек мұндайларды ғана емес, қазір өзін ақынмын деп жүргендердің сиясы кеппеген соңғы шығармаларын агент арқылы күні бойы еріксіз оқып отыра беруге болады. Өйткені агентіңіз қосулы тұрса болды, әлгі шығармалар мониторыңызға «қалқып» шыға береді. Онда барлық шаруаны, барлық өмірді ұмытасың…

P.S. Оңтүстік Корея интернетке тәуелді адамдардың тым көбейіп бара жатқандығын ұлттық мәселе деңгейіне көтерді. Жақында осы елде 22 жастағы бір жігіт анасының интернетке көп кіретіндігіне қатысты айтқан ескертуіне шыдай алмай, өлімші қылып сабап тастап, 20 жыл бас бостандығынан айырылыпты. Ал компьютердің алдында ас-сусыз, ұйқысыз бес күн бойы отырған тағы бір 32 жастағы корей әбден шаршағаннан көз жұмған. Тағы бір ерлі-зайыпты интернетке әуестенгені соншалықты, күтімсіз қалған үш айлық сәбиінің аштан өлгенін байқамапты.

Ал сіздің балаңыз «агентке көп кірме, интернетте түнімен отырма» деген ескертуіңізге құлақ аса ма?..

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

12 Comments

  1. Мен толықтай келісемін.расында да бұл агент атты ауру жастарымыздың санасын әбден жаулап алып барады.болашақ қазақ жастарына айтарым:замандастар еліміздің болашағы өз қолымызда.мына қылығымызбен кейнігі жастарға қалай үлгі боламыз.адам боламыз десек,өз сана сезімізді,ақыл ойымызды қажетсіз,зияны заттармен әуес болып улағаннан гөрі сапалы білім алып,өз елімізге пайдамызды тигізейік!

  2. Мейрамгүл, мақалаңыз мазмұнды әрі мағыналы жазылған.«Майл. ру агент», «Мобильді агент». «Мой мир» деп басталатын мақала осы инновацияға тәуелді болып бара жатқан жасөспірімдер мен олардың жұмыстан қолы тимейтін ата-аналарын қызықтырады деген үміттемін. Осы мәселенің сөз болуы орынды және оны Сіз өресі бар адамның санасына жететіндей етіп жазғансыз. Мүмкін осы мақаланы оқып шыққан ата-аналар өз балаларына компьютер алып бермес бұрын ойланар…

  3. Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе осы агент болып тұр ғой. ол тек жасөспірімдердің ермегі ғана емес,отбасылы жандарды да түзу жолдан тайдырудың ең үлкен себепкері сияқты. Қалай ойлайсыздар,ақтөбеліктер?

  4. Мен бұл мақаланың газет бетінде жарияланғанына ризамын. Себебі қазіргі таңда ең бір өзекті мәселе осы болып тұр. Қазіргі жастар туралы шындық дөп басып айтылған. «Ақтөбе» газеті ұжымына және М.Сатаеваға ерекше алғыс айтамын!!!!!!!!!!

  5. Салем Мейрамгул өте жақсы жазыпсың. Сенің жазғаның санасы бар әрбір адамға ой салары хақ. Осы таңда адамдардың санасын шынымен де М.агент жаулап алып , жастар көпшілік жерде әсіресе , автобуста телефонға үңіліп қасында тұрған қарттарға, орын беруден қалып бара жатқанын көріп кейде өте қарның ашады. Құлақта наушник, айтсаң естімейді , есіл – дерті телефон болып отырады. Егер де сенің жазғаныңды оқыса, әлі де болса ойланар деп үміттенемін……….

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button