Білім

Туған тілін кие тұтқан

Үлкен мақсат-мұраттар жолындағы күрескерлікті әдетте саясатпен, ғылыммен және өнермен байланыстыратын түсінік бар.

Ал Зоя Біралова — қарапайым ұстаз, қарапайым ана болып тірлік кеше жүріп те, өз ортасына, барша жұртына үлкен күрескер ретінде танылған адам.

Әрине, «ақ бантикті армандардың бағбаны» (Е.Дүйсенбайұлы) — мұғалімдік кәсіпті таңдаған жас о баста ғұмырын тіл тағдыры жолындағы күреске арнауды тіпті де мұрат тұтпаған еді. Алайда туған тілінің өз жерінде өгейдің күнін кешкен, шетке қағылған, бірте-бірте қолданыстан шығуға айналған мүшкіл халіне алаңдаушылық, соған титтей де болса бір пайдамды тигізсем деп шырылдаған жанашыр пейіл оны осы жолға түсірді.

1955 жыл болатын. Педагогикалық институтты бітіріп, институт қабырғасынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шыққанын растайтын дипломын қолына ұстап, жұмысқа орналасу мәселесімен, сол кездің тәртібі бойынша, білім беру саласындағы басшылардың бірінің алдына барған. Басшы жас маманға сәттілік тілеудің орнына, оның мамандықты дұрыс таңдамағанын, өйткені «қазақ тілі мен әдебиетінің болашақта ешкімге де керек болмайтынын» түсіндіріп, өзінен-өзі шаршағаны… Бұл сөздер жас Зояға ашық күнде аяқ астынан аспанды қара бұлт торлап, алай-түлей дауыл соққандай әсер етті. Қазақ тілі мен әдебиетінің «ешкімге керек болмай қалатыны» жайлы «болжам» жанына қатты батты.

Қарап отырса, тек туған тіл ғана емес, сол тілдің, ұлттық діл мен болмыстың алтын бесігі — қазақ ауылының да тағдыр тәлкегіне ұшырағанын жастай көріпті. Бұрынғы Жұрын ауданындағы өзі туып-өскен Қаракемер ауылының тұрғындарын ел аман, жұрт тыныш отырғанда-ақ, «мақта өсіруге көмек бересіңдер» деп, вагондарға тиеп, оңтүстікке көшіріп («жер аударып» десе де болар) жіберген еді. Бірақ олар мақташылыққа бауыр баса алмай, 1-2 жылда туған өңірге кері қайтып, айналадағы басқа ауылдарға сіңіп кетті. Ал Қаракемер ауылы жер бетінен біржола жоғалып, көрген түстей ғайып болды. Кейіннен, Ақтөбе педагогикалық училищесінде еңбек етіп жүрген кезінде шәкірттеріне ауыл тақырыбына шығарма жаздырғанда, облыс аумағындағы Қаракемер секілді біржола жоқ болған басқа да ауылдардың тағдырымен танысты. Тек орны ғана қалған ауылы туралы шығармасын жылап тұрып оқыған шәкіртімен қосыла жылай жаздап, өзін зорға ұстағаны бар…

Осы жайттар төңірегінде ойлағанда, өзінің ұстаздық қызметіне — ізденістері мен маңдай теріне, әр қадамына, әр сөзіне күнделікті қарапайым тірлік ретінде қарамай, үлкен мақсат жолында жүргендей сезініп, бойын бір жігерлі, қайратты күш кернейтін. Ол, алдымен, екі жыл ауыл мектебінде, одан соң 48 жыл Ақтөбе педагогикалық училищесінде (қазіргі күні — Әлия Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледж) еңбек етті. Жарты ғасырлық педагогтік қызметінде өзі оқытып-тәрбиелеген барша шәкірттері мен әріптестері де, туған тілдің мерейі жолында бірге тер төккен мұраттас жандар да Зоя Біралованы, ең алдымен, шаршап-шалдығуды білмейтін, ерекше қажырлы жан ретінде сипаттар еді. Кесте бойынша өтетін күнделікті сабақтар, үй қамы, бала тәрбиесінен бөлек, өзі үшін өте маңызды қаншама шаруасы бар: училищедегі өзі жетекшілік ететін әдебиет үйірмесінің кезекті шарасына әзірлік; осы үйірменің мүшелері үзбей шығаратын қабырға газетіне бас-көз болу; Ақтөбеде тұратын, сондай-ақ астанадан іссапармен келген қазақ қаламгерлерімен кездесулер ұйымдастыру; осы шаралардың бәрін қорытындылап, мақалалар, фотоальбомдар әзірлеу (тап-тұйнақтай қалпында сақталған альбомдар мен қолжазба газеттердің бір бөлігі бүгінде гуманитарлық колледждің музейіне табысталды); қазақ қаламгерлерінің жаңа шығармаларымен танысу, олар туралы рецензия-пікірлерді қағазға түсіріп, кейбірін газеттерге жолдау; мұғалімдерге арнап әдістемелік еңбектер жазу… Мысалы, ол — қазақ баспасөзінің тұрақты оқырманы ғана емес, өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бірқатар басылымдарда, соның ішінде облыстық «Ақтөбе» газетінде де, қазақтың ақын-жазушылары, олардың шығармалары, тіл тағдыры төңірегінде қалам тербеп келе жатқан ойлы авторларының бірі. Ол — Қазақ КСР Оқу министрлігінің мақұлдауымен жарыққа шыққан «Қазақ тілі және оқыту методикасынан бақылау-пысықтау тапсырмалар», «Қазақ әдебиетінен кластан тыс жүргізілетін жұмыстардың түрлері», т.б. әдістемелік-нұсқау еңбектердің де авторы.

Ұрпақ санасына Қазақ сөзінің қадір-қасиетін сіңіру жолында ұстаз Біралованың өз ісіне құлай берілгені соншалық әр сабақ, әр тақырыпты бір жеке ғажайып әлем сынды сезініп, сол әлемге шәкірттерімді қызықтыра аламын ба деп әрдайым толқитын. Бұл туралы сонау 1967 жылы жазған «Тіл теңізінде» атты мақаласында былай депті: «…Мұхтар Әуезовтің творчествосы бойынша сабақ өткізілетін күндер жақындаған сайын, әрі асығам, әрі жүрексінем. Асығатыным — ардақты ақынның жарқын образымен тағы да дидарласып, романдағы қат-қабат оқиғалар жайлы толғансам, көркемдік дүниесінде, тіл теңізінде «Абай кемесімен» жүзсем деймін, жүрексінетінім — «Көңілімдегі көрікті ой ауыздан шыққанда, өңі қашады» дегендей, романды өз көңіліме ұялаған көркімен оқушыларға таныта аламын ба, олар осы бір таңғажайып шығарманың терең лирикасынан көркемдік ләззатқа бөленер ме екен деген күдік».

Қазақ тілі мен әдебиетін керексіз ғып, кейінге ысыруға тырысқан қоғамның өзінде осындай ерен еңбекті елеусіз қалдыру мүмкін емес еді. Зоя Біралова «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанып, 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Шәкірттеріне қоятын оның бір ерекше талабы — «Поэзия дәптерін» жүргізу болатын. Әр оқушының кітаптардан, газеттерден өзіне ұнаған өлең-жырды теріп, жазып жүретін дәптері болуы керек. Сабақтың үстінде не сабақ арасында, әйтпесе үйірме жұмысы кезінде сол дәптерлерден кезектесіп жыр оқу, оны талдап, авторы туралы пікір алысқан шақтар шәкірттер үшін кейін қайта-қайта еске ала жүретін ұмытылмас сәттерге айналатын. Зоя Біралованың оқушысы, кейін өзі де ұстаздық етіп, ҚР Білім беру ісінің үздігі атанған Нұрбәтес Тобағабылова 2009 жылы «Ана тілі» газетінде жарық көрген мақаласында: «Апайымыздың өнегесімен бастаған поэзия дәптерлерім әлі күнге дейін ұнаған өлеңдермен толықтырылып, достармен бас қосқанда, сол қалыппен өлеңдерді рахаттана оқимын», — деп жазыпты.

Ұстаз Біралованың өзі де көңіліне ұнаған өлеңді дәптерге көшіріп немесе газет-журналдан қиып алып сақтауды ғұмыр бойғы әдетке айналдырды. Ол жинаған жырлардың ішінде әсіресе тіл тақырыбындағы туындылар басым. Айталық, ақын Ұлықбек Есдәулет «Қазақ тілі» атты өлеңінде:

«Ғұндарға-дағы, сақтарға-дағы

Ақ сүтін берген арман тіл,

Атқанда-дағы, шапқанда-дағы

Қансырап, аман қалған тіл», — деп толғанады.

Ал 1990 жылы Ақтөбеде шыға бастаған «Тіл тағдыры» басылымының алғашқы санына ақын Ертай Ашықбаевтың:

«Расында, біз өзі күлкілі едік,

Домбыраны «ескілік мүлкі» дедік.

Қазақ тілі қарынды тойғызбас деп,

Басқа енені ес көрдік, түртіп еміп.

Қарын тойды… Тел емген аш қала ма?

Өсті енді кәрі қыр да, жас қала да.

Бірақ…

Тілім көш тимей қалып қойды

Есепте жоқ, ескілеу баспанада», — деп, өткен күннің өкінішімен басталатын «Төрге шық, тілім» атты өлеңі басылыпты…

Ал оқу жылы басындағы алғашқы сабағын да ол әрдайым Ғафу Қайырбековтің немесе Қуандық Шаңғытбаевтың «Ана тілі» аталатын өлеңдерімен бастаушы еді.

Зоя Біралова халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық бөлімшесі құрылған күннен бастап, оның жұмысына белсене араласты. 1989 жылы қыркүйекте «Тіл туралы» Заң қабылданғанда: «Бұл, дұрысында, 70 жыл бойы репрессияға ұшыраған қазақ тілінің ақталған күні» деп тебіренді.

Одан беріде зымырап жылдар өтті. Ел жаңарды. Кеңес тұсында орыстанып кеткен біздің өңірде бүгінде халықтың төрттен үш бөлігі — қазақтар, қазақ тілі кеңсе тіліне, іс қағаздарының тіліне айналды. Әйткенмен тіл тағдырын өз тағдырынан да бұрын ойлайтын ғазиз жанның көңілінен бір алаң кетпейтінін де байқаймыз:

— Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында, «Қазақ радиосын» қоса қойып, қарапайым малшы, механизатор — ауыл еңбеккерлерінің әңгімелерін қалай сүйсіне тыңдаушы едік!? Олар қазақтың бай, құнарлы тілімен, жатық та еркін, небір әдемі сөз тіркестерін төгілдіре, мақалдатып сөйлегенде, жанға бір жайлы самал ескендей рахаттанатынбыз. Ал қазір басқа саланың адамын былай қойып, тіпті радио, телеарна, басылымдар журналистерінің сөзінен жаның жүдеп сала береді: тілдері тым жұтаң, сөзді орнымен қолдана алмайды, бір мақалдың басын бастаса, соңын ұмытып, жиі қателеседі. Алланың адам үшін алғаш жаратқан нығметі — сөз деседі. Ұлттың жаны, рухы да — сөз. Сондықтан сөзге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Тілдің жұтаңдығы тұрмыстың жүдеулігінен де қауіпті. Тұрмыс түзелер, ал сөзі жоғалса, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, халықтың өзі де жоғалмай ма? — дегенді жиі айтады.

…Жас маман атанып, еңбек жолын енді бастар тұста естіген: «Қазақ тілі мен әдебиеті болашақта ешкімге керек болмайды» деген сөз оның санасында ең суық сөз болып жатталып қалыпты. Өмір бойы кейінгі жастар сол ызғарды сезінбесе деп тер төкті, енді келер ұрпақ сол ызғарға ұрынбаса деп армандайды. Қазақтың сөзін жоғалтпау жолында бүгінгі буынның жауапкершілігі зор екенін сезіндіргісі келеді.

Ал біз қанатымен су сепкен қарылғаштай, бойындағы бар асылын туған тіліне арнаған ғазиз ғұмыр иесі — Зоя Біралованың ұлтжандылықтың ғажап бір үлгісі болып, қала береді.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button