Ауыл

Атакәсіппен айналысқан Аманғариндер

Мемлекеттік бағдарлама

Ембілік Серік Аманғарин — атакәсіппен айналысып, адал еңбегімен нанын тауып жүрген жан. 2006 жылы колледж бітіргеннен кейін дипломмен жұмысқа тұру қиындық тудырып, Ақтөбеде, Атырауда қара жұмыс жасағанын айтады кәсіпкер.

Кейін уақыт өте келе әкесінің ақылымен үйге оралып, қорадағы бес-алты ірі қараның басын көбейтуді қолға алады. Әкелі-балалы Аманғариндер бизнес-жоспарларын жасап, құжат жинай бастайды. Нәтижесінде Ембі қаласынан 15 шақырым жерден 450 гектар жер алады. «Еңбек-1» шаруа қожалығы өз жұмысын осылай бастапты. Бес-алты ірі қара және бір трактормен шаруашылықтарын бастаған отбасы мүшелері біразға дейін талай қиындықтарды бастарынан өткізгенін, ол кезде мемлекеттік бағдарламалардың, субсидияның, төменгі пайыз несиелердің атымен болмағанын айтады.

2011 жылы аяққа тұрып, банктен 500 мың теңге несие алып, қой басын көбейтуге кіріседі.

— Бастапқы жылдары санын көбейтеміз деп, қойды да соймадық. Жағдайымыз біраз жақсарғаннан кейін, 2015 жылы шаруаға қажетті техникалар алып, көліктерге қол жеткіздік, — дейді С.Аманғарин.

Уақыт өте келе шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, несиелер алып, қойдың басын 1000-ға жеткізді.

«Кейін сол қойларды сатып, несиелерді жауып, түскен қаражатқа ірі қара малын сатып алдық. 2018 жылы қалған қой мен 17 бас ірі қараны сатып, қазақтың ақбас қашарларын алып келдік» деген шаруаның қорасында бүгінде 150 басқа жуық ірі қара, 80 бас жылқы бар.

Мал басы көбейген сайын жердің ауқымы да үлкеюде. 450 гектармен бастаған қожалықтың қазіргі Егіндібұлақ ауылдық округінде 500 гектар, Жұбанов ауылдық округінде 1700 гектар, жалпы алғанда 2700-дей гектар жерлері бар.

Жем-шөптерін шауып, қысқы азықтарын дайындап, сақадай сай отыратын шаруа қожалығының иесі жұмысшы табудың қиындығын тілге тиек етті.
«Барлығын өз күшімізбен жасап отырмыз. Әрине, қол көмегін беретін еңбекке жақын жанды жұмысқа алғымыз-ақ келеді. Бірақ шын еңбекқор адам табу қиын болып тұр», — дейді кәсіпкер.

Әкелі-балалы шаруалардың таңмен таласа тұрып, күн батқанша жасаған еңбегінің арқасында кәсіптері өркендеп келеді. Болашақта шаруа қожалығының иелері тағы да жерлерін үлкейтіп, жылқының асылтұқымдарын өсіруді қолға алуды жоспарлауда.

— 12 жылдық еңбектің арқасында күн нұрынан заряд алатын 2 электр станциясын қаздырдым. Мал ұстайтын базалар мен жаңа үйді де салып алдым. Бір сөзбен айтқанда, шаруамды дөңгелетіп отырмын. Бүгінде еңбек етем дегенге, үкімет көп қолдау көрсетуде. Өзім сол қолдауды сезіндім. Мемлекет беретін несиені де, субсидияны да жылдан-жылға алып отырмын. Нағыз жалқаудың жалқауы болмаса, екі қолына бір күрек алып жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік  жетерлік, — дейді кәсіпкер Серік Аманғарин.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button