Білім

Балдырған

Күнделікті азығының мөлшері — 1 килограмм

Өзгеше түріне, яғни жазық үйректұмсықты дөңгелек басына, қалың жүн басқан ұзын денесіне,  үлкен жарғақты табан-аяғына қарамастан, үйректұмсықтар суда да, құрғақта да өмір сүруге өте ыңғайлы дағдыланған.

Мұндай тіршілік иесінің бар екендігі туралы зоологтар бұдан 200 жыл шамасы бұрын ғана білген екен. Лондондағы жануарлар тарихы музейіне осы жануардың алғашқы терісі әкелінген кезде, ғалымдар мұны қолдан жасалған бұйым ретінде қабылдаған. Ал қазір үйректұмсықтарды қатаң түрде заң қорғап отыр, сондықтан кейбір жерлерде олар кәдімгі үйреншікті жануарларша еркін тірлік кешіп жатыр.

Үйректұмсықтың су астында тірлік ететіні түрінен-ақ көрініп тұр. Алдыңғы екі табаны жүзуге ыңғайлы жарғақтармен жабдықталған. Бұл жарғақтар құрғаққа шыққанда жиырыла қалады да, дереу жер қазуға қолайлы ірі тырнақтар пайда болады.

Үйректұмсық суға сүңгіген кезде көзі мен құлағын ерекше тері қабаттары басып қалады. Сол себепті ол су астынан тамақ іздегенде иіс сезгіш тері тұмсығын пайдаланады. Үйректұмсықтың негізгі тағамы су түбіне шөккен ұлулар, насекомдар мен личинкалар. Сондай-ақ бақа тәрізді омыртқалыларды да, тіпті шөптесін өсімдіктерді де жей береді. Жалпы үйректұмсықтың тәбеті жақсы: тәулігіне 1 килограмдай тамақ жейді.

Үйректұмсықтар су деңгейінен жоғары тұратын індерде тіршілік етеді. Осы жерде демалады, жауларынан тығылады, жауын-шашыннан қорғанады.

Үйректұмсықтар жұмыртқалайтын кезең жеткен кезде су жағасынан ұзындығы 12 метрден астам болатын ін қазады. 2-3 жұмыртқа тастайды. Әрине, інге кірер із қалдырмай сулы өсімдікпен жасыра жауып қояды. Бұл бір жағынан жұмыртқаларды жат көзден сақтаса, екіншіден, сол жұмыртқалардың дамуына қажетті ылғалды ауаны қамтамасыз етіп тұрады. Ұрғашы үйректұмсық 7-14 күн жұмыртқа басқан соң 2,5 сантиметр шамасындағы жылтыр денелі, тым әлсіз балапандар дүниеге келеді. Олар 5 ай бойы тек сүтпен қоректенеді, ал сүтті енесінің терісін сораптау арқылы жұтады.

Денесі негізінен 46 сантиметр, құйрығының ұзындығы 18 сантиметр болатын үйректұмсықтардың мекен-ордасы — Австралия, Тасмания.

Біліп жүр

…Қашан пайда болды?

  • Вазелин — 1870 жылдың шамасы. Роберт Чесебро. АҚШ
  • Ванна — біздің заманымызға дейінгі 2500 жылдар шамасы. Пәкістан
  • Велосипед — 1818 жыл. Карл де Драйз Зауэрбрун. Германия.
  • Вентилятор (Желдеткіш) — 1858 жыл. Теофил Гюбал. Франция.
  • Арқан — біздің заманымызға дейінгі 2800 жылдар шамасы. Қытай.
  • Вертолет (Тікұшақ) — 1939 жыл. Игорь Иванович Сикорский. Ресей-АҚШ.
  • Гірмен өлшейтін таразылар — біздің заманымызға дейінгі 3500 жылдар шамасы. Египет.
  • Жел диірмені — 600-жылдар шамасы. Сирия.
  • Көйлектерге арналған киімілгіш — 1903 жыл. Альберт Дж.Паркхауз. АҚШ.
  • Цифрлы бейнедиск (DVD) — 1995 жыл. Халықаралық компаниялар консорциумы. Жапония, АҚШ, Нидерланды.

Солай болған екен

Өкініш

Анамның айтуы бойынша мен жеті айлық боп туған соң көп аурушаң болыппын. Сол себептен мені әжем жас жарымға жеткенімде жетілдіріп шынықтыру үшін ауылға алып кетіпті.

Әжем мені ауылдың айран-сүтімен, тары-талқанымен баптап, күніне 2-3 сағат таза ауада, құмның үстінде ойнатады екен.

Жаз бойы солай жүріппін де, сол жылдан кейін ешқандай ауырмаппын.

Сол кездегі бір қылығымды үлкендер әлі айтып отырады. Әжемнің үйінде жүрген мысықтың 5-6 айлық мішімін ұстап алып, ойыншық қылып ойнап, сосын қылғындырып өлтіріп тастаппын.

Қазір есім кіріп, сол мысықтың баласын ойласам, қатты аяп кетемін, өкініп отырамын. Және осы әңгімені естіген сайын «сол кезде бала емес, бәле болғанмын ба» деп таң қаламын.

Ақнұр ЖАҚСЫБАЕВА,

№32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Ардақты жан

Ана

Менің анам — ең әдемі, ең ақылды, ең мейірімді жан.

Маған анам керегімді алып береді. Мен де қолымда бір нәрсе болса анама беремін.

«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сөзге келетін болсақ, онда бала даланы ойласа, ана өзінің баласын қатты ойлап қайғыратыны болғаны.

Менің анам өзіме де, өзгеге де қатты ұнайды. Мен анамды қатты жақсы көремін. Мен анамды қартайғанша бағып-қағуға, асырауға тырысамын. Сонда өз анаңды бақпай тастап кетсең, онда анаңның ақ сүтін ақтамағаның деп білемін.

Достарым, сендер де өз аналарыңды ренжітпей, сабақтарыңды жақсы оқып, аналарыңның қарызын қайтаруға тырысыңдар.

Айгерім ЕСЕНГЕЛДИЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button