Білім

«Мен — жолы болған адаммын»

Данағали Кенжебаев:

Данағали Кенжебаев, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры, ҚазКСР халық ағарту үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Құрмет грамотасының, ҚР Президентінің Алғыс хатының, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Ақтөбе облысының 2009 жылғы «Жыл адамы», «Республика мен облыстың ең үздік мұғалімі — 2009».

— Асан қайғы атамыз Жерұйық іздеп жүріп Байғаниндегі Доңызтауға келген деседі, сонда «Тауың теріс жағынан біткен екен, болмаса нағыз Жерұйықтың өзі болатын жер екенсің» депті. Міне, сол Доңызтаудың бауырындағы Аққолқа болысы деген жерде өмірге келдім. Кейін белгілі бір себептерге байланысты Оймауытқа көшіп келдік, осы жерде мектеп табалдырығын аттап, білім алдым. Әкеміз Кенжебай ұжымшарда басқарма, ферма меңгерушісі болып жұмыс жасады, соғыстан жаралы боп келіп, соның салдарынан үш жылдай ауырып, 45 жасында дүниеден озды. 32 жастағы шешеміз кішісі алты айлық, үлкені 13 жастағы 7 баламен жесір қалды. Тірліктің барлық ауыртпалығы шешем мен үйдегі үлкен апа-ағаларымның мойнына түсті. Анамыз Ақбиязды әділдікті сүйетін мінезі, мейірбандығы үшін ауылдастары Биентай деп атап кетті. Ол шиеттей бала-шағамен жесір қалса да бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді, барлығымызға дерлік жоғары білім алып берді. Апам Бәкең, Бақтылы елге танымал педагог болды. Анамыз Ақбияз ерекше жақсы көретін, өле-өлгенше тілеуін тілеп кеткен кенже інім Кенжепаш, Кенжеғали білгір математик ретінде әлемге аты танылды. Қазір ол Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарып отыр.

— Сіздің атыңызды Данағали деп қойғанына қарағанда, дана болады деп үміттенген ғой?

— Менің негізгі атым — Жұмағали. Кішкентай кезімде маңдайым ерекше жарқырап тұратын болған. Содан үлкендер «Мына баланың маңдайының жарқырауы тегін емес, бұл бір дана адам болатын шығар, атын Данағали деп өзгертейік» депті, содан бері Данағалимын.

— Сіздің үйде физика, математика секілді нақты ғылымдар саласы бойынша оқығандар көп. Апаңыз бен ініңіз математик, сіз физиксіз…

— Мен адам топырағына тартып туады дегенге сенемін. Біздің Доңызтаудың бір қасиеті бар сияқты. Анам мен әкем де оқымаған қараңғы адамдар болғанымен, өмірдің мектебінен өткен адамдар еді. Еңбектенген, білім іздеген адам жерде қалмайды деп отырушы еді. Бала кезімнен физика, химия секілді нақты ғылымдарға қызықтым. 1966 жылы мектеп бітіргенде Оймауыттан төрт құрбы-құрдас бірге Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетіне оқуға бардық. Мен болашақ химик боламын деп армандап, химия факультетіне бардым. Бірақ оқуға түсуге бір балым жетпей қалды. Менімен бірге барған үш бала да оқуға түсе алмай, басқа оқуға кетті. Мен ауылға қайттым да, мектепте пионер вожатыйы болып жұмыс жасадым. Келесі жылы Ақтөбедегі мемлекеттік педагогикалық институтқа оқуға түсіп, физика пәнінің мұғалімі деген тілдей қағаз алып шықтым.

— Содан бері осы мектеп-интернатта еңбек етіп келе жатырсыз ба?

— Иә, 1967 жылы жиырмадан жаңа асқан шағымда оқуымды бітіріп, мектеп-интернатқа жұмысқа келдім. Сол уақыттан бері күректей 40 жылдай уақыт болды, табан аудармай бір жерде қызмет етіп келе жатырмын. Мен алғаш жұмысқа келген жылдары мектепте Қатима Қалбеева апай директор болды. Алғашқыда физика пәнінен сабақтар болмады да, мен амалсыз еңбек, сызу, сурет сабақтарына жегілдім. Кейін осында физикадан сабақ беретін Әсия Нуркина, Ерке Жұбанова апайлардан білмегенімді үйреніп, білгенімді толықтырдым. Сағаттың  жоқтығынан, физикадан бір сыныпқа ғана сабақ бердім. Менің физикадан алғаш сабақ берген сыныбым мектепті 1977 жылы бітірді. Ол балалардың аты-жөндерін әлі күнге дейін білемін. Мысалы, физикадан Күлпаш Әжіғалиева, Базаргүл Жакиева, Жанбөпе Жахиналар жақсы оқыды, қалалық, облыстық байқаулардан жүлде алды. Осыдан 33 жыл бұрын мектеп бітіріп кеткен алғашқы оқшыларымның дәптерлері менде әлі сақтаулы тұр.

— Сіздің оқушыларыңыздың дәптерлерін жинап алып қоятын қасиетіңіз бар. Ол дәптерлердің барлығын не істейсіз? Қайда сақтап қоясыз?

— Мақтанғаным емес, мен сабақты өте қызықты етіп өткіземін. Оқушылардың дәптері — соның дәлелі. Оқу жылы аяқталып, баға шығарғаннан кейін балалар физика пәні дәптерінің соңғы бетіне өздерінің аты-жөндерін, қай партада отырғандарын, физика пәнінен қаншалықты білім алып шыққандықтарын жазып, дәптерлерін маған қалдырады. Кейін мектеп бітіргендеріне 10-20-30 жыл толғанда кездесуге келген оқушыларыма сол дәптерлерін беремін. Қуанып қалады.

— 40 жыл уақытта мектептің өмірі сіздің көз алдыңызда өтті. Қазір мектеп облыстағы таңдаулы мектептердің тізімін бастап тұр. Бұл жетістікке қалай қол жетті?

— Бұл бір-екі жылдың және бір-екі адамның шаруасы емес. Осы мектеп ашылғалы еңбек еткен әрбір ұстаздың үлесі бар мұнда. 1991 жылы сол кездегі директорымыз ардақты ұстаз Мақсот Құсайынов ағамыз мектепке «дарынды балаларға арналған» деген атақты үлкен еңбекпен алды. Күн сайын біздің мектеп қалайда осы атаққа сай оқу орны болуы керек деп еңбек еттік. Біздің мектеп облыстағы дарынды балаларға арналған жалғыз арнаулы мектеп-интернат. Бұл жер ауылдардан жиналған талантты балалардың басын қосатын, соларды баптап, өмір бәйгесіне қосатын киелі орын десем, артық етпейді. 1982 жылдан бастап мектептің сыныптан тыс жұмыстардың ұйымдастырушысы болдым. 1993 жылы Мақсот ағамыз дүниеден өткен соң, оның бастап кеткен ісін мен қолыма алдым. Мақсот ағамыздың идеясын, осы мектеп қалайда облыстағы ең таңдаулы мектептің бірі болса екен деген арман-мақсаттарын білетіндіктен, маған ол кісінің ісін ары қарай жалғастыру аса қиын болды демеймін. Айта кету керек, мектеп тізгінін қолыма алған уақытта мен жөнінде «Мақсот Құсайыновтың идеясын жоққа шығарды» деген сықылды әңгімелер айтылды. Мен керісінше, 1997 жылы мектепке Мақсот ағамыздың атын алып беру жолында көп жүгірдім, оным аяқсыз қалған жоқ. Қазір мектеп сол ағамыздың атымен аталады.

… 1997-98 жылдары тек мектептің ғана емес, елдің жағдайы да қиын болды. Балалар күніге 27 теңгенің тамағын жеді, суға араластырып ботқа жеген күндерімізді жергілікті газеттер талай жазды да. 1936 жылы салынған мектеп пен 1961 жылы салынған жатақханамыз азып-тозып тұрды. Көзінің тірісінде Мақсот ағамыз мектеп-интернатқа жаңа ғимарат сұрап, жергілікті атқарушы билікке талай рет хат жазған болатын, кейін мен де жаздым. Бірақ нәтиже болмады. Мектепке осы уақыт ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ешқашан күрделі жөндеу жүргізілмеген болатын.

Биыл бірінші рет мектепке бөлінген 94 миллион теңгеге күрделі жөндеу жасадық. Инженерлік желілер толықтай ауыстырылды, шатырын, еденін, терезелерін, есіктерін —  барлығын алып тастап, орнынан жаңасын орнаттық. Жатақхана бөлмелері жаңарды. Мектеп пен жатақхана ортасындағы алаңға спорт алаңы жасалды. Мұндай алаң тек облыстық спорт мектептерінде ғана бар.

— Сіздің мектеп жыл сайын «үздік мектептер» қатарынан, ал мұғалімдері «үздік мұғалімдер» қатарынан қалмайды…

— Ол рас. Біз үш жыл қатарынан облыстың үздік мектебі болып танылып, облыс әкімінің миллион теңге грантын ұттық. Былтыр 22 мұғаліміміз, биыл 8 мұғаліміміз «Үздік ұстаз» атанып, гранттарға ие болды. Бұл ұжымның жақсы жұмысының нәтижесі. Біздің мектептің Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесінде өзіндік алатын орны бар. Педагогикалық ұжым орнықты, әрқайсысын өз ісінің білгір маманы деп толықтай айтуға болады. Осында қызмет ететін қырықтан астам мұғалімнің 10 шақтысы кезінде өзім сабақ берген оқушыларым. Ал олардың нашар мұғалім болуға қақылары жоқ. Балаларымыз біздің еңбегімізді ақтап жатыр. Жақында ғана Алматыдағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығынан сонда оқып жатқан біздің мектептің түлектеріне алғыс білдірген хат келді. Бұған қалай қуанбайсың? Мұғалім үшін бұдан асқан баға болмайды. Үш түлегіміз биыл бірінші рет студент қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев университетіне оқуға түсті. Жыл сайын түрлі халықаралық, республикалық байқаулардан жүлделі орын алып келіп жатқан оқушыларымыз көп. Мысалы, өткен оқу жылында мектепті 30 бала бітірген болса, соның алтауы халықаралық олимпиаданың жүлдегері болды, сегізі мектепті «Алтын белгімен», біреуі үздік аттестатпен аяқтады. Отыз түлектің 27-сі жоғары оқу орындарына грант негізінде түсті, қалған үшеуі де жоғары оқу орнында, бірақ ақылы негізде оқып жатыр.                  

2008 және 2009 жылдары біздің мектеп «Облыстың ең үздік инновациялық мектебі» атанып, грантқа ие болды, былтыр мектепке «Ең үздік жаңашыл мектеп» деген республикалық атақ берілді.

— Сіз өзіңізді жолы болған адаммын деп ойлайсыз ба?

Әрине! Мен өзімді жолы болған адаммын деп есептеймін. Бүкіл саналы ғұмырым осы мектептің қабырғасында өтті, яғни оның осындай дәрежеге жеткенінде менің де үлесім барына қуанамын. Үш балам, немерелерім бар. Үш балам да жоғары білім алып, өздері қалаған мамандықтары бойынша еңбек етіп жатыр. Зайыбым да мұғалім болды, қазір зейнет демалысында. Мен үш онды тоғыстырған 2010 жылдың оныншы айының оныншы күнінде пайғамбар жасына келдім. 63 — қасиетті сан. Өзім қасиетті жұма күні өмірге келгенмін. Осы мектептің жетінші басшысымын.  Жеті деген де киелі сан. Жалпы, мен сандардың адам өміріне әсер ететініне сенемін…

Сұхбаттасқан М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Мектеп интернат оз уйім, балалык шагымнын 5 жылы сол кабыргада отти
    Ангимеде айтылып отрган 97-98 жылдары мен окыдым
    Бирак аштыкта жеген куйканын дами кетпейди демекши ол кундерге биз аш болдык екен деп лагнет айтпаймыз, керисинше алгысымыз шексиз
    Интернаттын али де жаркырап шыга беруинге тилектеспин

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button