Журналистер ұстаханасы болған ұя
Уақыт озған сайын маған аудандық газеттің сарғайған беттері тым ыстық болып көрінеді. Өйткені аудан басылымының алғашқы нөмірі шыққанына сексен жыл уақыт толып отыр. Кейін облыстық газетте жарияланған мақаласы арқылы аудандық газеттің алғашқы сандарын шығаруға үлес қосқан ардагер журналист Кәрім Ержановпен жолығуымның сәті түсті. Бұл 1991 жыл болатын, Кәрім ағамыздың өзімен бетпе-бет кездесіп, қойын дәптеріме түртіп алған әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай еді.
1930 жылы Ақтөбе округі ажыратылып, «Кедей» газеті және оның баспаханасы екі ауданға – Ырғыз бен Темірге көшіріледі. Ырғызда шығатын «Шаруа тілі» газетінің редакторы болып Қазыбек Әзірмәмбетов, ал Темірдегі «Кедей» газетінің редакторлығына Х.Құрмашев тағайындалады. Кәрім Ержанов өзінің журналистік жолын «Шаруа тілінде» бастайды. Ол кісі Ырғызға маусым айында келіп, редактордың үйінде жатып жұмыс атқарғанын, істі баспахана құрудан, тілшілікке сауатты адамдарды іздестіруден бастағандығын айтқан еді. Сол кездегі газеттің басты тақырыптары колхоздардың шаруашылық жайы, қалың мал беру, көп әйел алу дәстүрлерімен күрес төңірегінде болып келген. Кооперациядағы былықтар туралы фельетон жазылған. Бүгінде дүниеден өткеніне он бес жыл болған Кәрім ағаның газет туралы айтқан сол бір естелігінің маңызы үлкен еді.
Аудан басылымы күні бүгінге дейін заманымен, халқымен бірге етене қауышып келеді. Ауданның әр жылдардағы тыныс-тіршілігін, оқиғаларын білгіңіз келсе, оның газетіне үңілген жөн. «Ырғыз» газетінің көнеден келе жатқан әрбір нөмірлері арқылы тарихи өлкенің, осындағы адамдардың тағдыры, тұтас болмысына көз жеткізуге болады. Мерекелі сәтте аудандық газеттің атаулары жөнінде тоқтала кеткен артықтық етпес. Аудандық газет 1930 жылдан 1936 жылға дейін «Шаруа тілі», 1936 – 1957 жылдары «Колхозшы», 1957 – 1962 жылдар аралығында «Ленин туы» деген аттармен жарыққа шыққан. Екі жылдан астам уақыт аудан таратылған кезде, газеті де жабылған. 1965 жылы аудан қайтадан ашылған соң сол жылы 1 шілдеден «Ырғыз» деген атаумен шығып, содан бері оқырмандар қолына үзіліссіз жетуде.
Газеттің өткен тарихын түгендеудің өзі оңайға соқпады. Сонда да болса Алматыдағы бас кітапханаға, мұрағаттық деректерге сүйене отырып, газет шежіресін бір ізге түсіргендей болдық. Ырғыздың төл басылымына бізге белгілі деректер бойынша, алғашқы редактор Қазыбек Әзірмәмбетовтен бастап, Шотбай Ембергенов, Бахман Нұрсұлтанов, Жөлеке Қоянбаев, Сағынтай Байғабылов, Бәйдеу Шынтаев, Шәкір Ғалиуллин, Әжібек Мәліков, Рақымжан Өтеміс жетекшілік жасады. Кезінде облыстық газетте қызмет жасаған Ә.Мәліков зейнеткерлікке шыққанға дейін аудан басылымына жиырма сегіз жыл бойы үздіксіз редактор болды.
«Ырғыз» газетінде журналистік қалам қарымымен көпшілікке танымал болған талай азаматтардың тырнақалды мақалалары жарияланып, шығармашылық еңбектерін осында шыңдаған. «Ырғызда» қызмет жасаған Сағынтай Байғабылов, Әжібек Мәліков, Зейнолла Оспанов және басқалары еңбек жолдарын облыстық басылым редакциясында сабақтастырды. Аудан басылымында танымал ақын Серік Сатанов, журналистер Сәдуақас Сәрсенбаев, Әбдісағи Мүтәлиев, Лайық Есназаров, Ахмет Сарбөпин, Арыстан Аймағанбетов, Рахымжан Өтеміс, Аманғали Сәтеров, Аманкелді Мектепбаев, Ертаза Жүсіпбеков, Шара Тұрмағанбетова, Зәкіржан Кәлкенбаев, Кенжеқара Жұбаев, Жанар Нұрғалиева, Төреғали Нәменов, Егенберлі Әбдіраев және басқалары қызмет жасады.
Отызыншы жылдардағы солақай саясаттың соққысы аудан газетін де аттап өте алмады. Газет редакторы Шотбай Ембергенов «Колхоздарда бүлдірушілік әрекеттерін жүргізуге тапсырмалар алған» деген жалған айыппен ату жазасына кесілген. Осылайша сол бір қиын-қыстау жылдары бірқатар аудан басшыларымен бірге газеттің редакторы да «халық жауы» болып, жазықсыз жаланың құрбаны болды. Осыдан бес жыл бұрын аудандық газет редакциясының ғимаратына Шотбай Ембергеновке арналып ескерткіш-тақта орнатылды.
Аудан айнасының мерейлі шағында қол жеткізген жетістіктерін де айта кетудің орайы келіп тұр. «Ырғыз» газеті 1989 жылы баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті, «Кітап қоғамы», бұқаралық хабарлама құралдары арқылы Қазақстан баспалары шығарған әдебиеттерді насихаттау байқауына қатысып, екінші сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар осы газет жарыққа шыққан алғашқы жылдарда қызмет жасаған, соғыс ардагері Тотанбай Қожахметовтің 1945 жылы Мәскеудегі Жеңіс Парадына қатынасқанын мақтаныш тұтамыз. Газетімізде біраз жылдар жауапты хатшы болып істеген Ильгиз Жарылғаев Кеңестік Бейбітшілік қорына қомақты мөлшерде үлес қосқаны үшін қордың алтын және күміс медальдарымен марапатталды. Бұл туралы кезінде «Правда», «Комсомольская правда» газеттері жазған болатын. Жекелеген газет қызметкерлерінің шығармашылық еңбектері кітап болып жарыққа шықты.
Осы орайда газетті жарыққа шығаратын өндіріс орны – баспахана жұмысына тоқталмай кету мүмкін емес. Аудандық газет жарыққа шыққаннан бастап баспахана қатар жұмысын жүргізді. Асылбек Дүйсенқұлов, Мәлік Әлмұратов, Мешітбай Серікбаев, Шәймерден Сейітмәмбетов, Бике Байшурина, Сарша Мусина, Елтай Жұбанов, Үрзия Мусина, Раушан Сәрсенбаева, Гүлсім Кәрібаева, Әлия Жылқайдарова, Болатбек Мәмбетов, Панабек Мүсіралин және басқаларының осы саладағы абыройлы еңбектері атап өтуге лайық.
«Ырғыздың» өз баспаханасы 1988 жылы оңтайландыру саясаты кезінде жабылып қалғандықтан осы уақытта аудан газеті Шалқар қаласындағы баспаханадан шыға бастады. Осындай кезде газет тасымалдауда қиындықтар болды десек те, экономикалық ауыртпалық түскен жылдарда да газет оқырмандарына үзіліссіз жетіп тұрды.
Аудандық газетке компьютерлік жабдықтарымен бірге «Ризограф» баспаханасы алынып беріліп, бір жыл бойы басылым жергілікті орында шығып тұрған уақыт та болды. 2006 жылы аудандық газеттің құрылымы өзгеріп, Ақтөбедегі «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына кірді. Мұндай қадамның жергілікті журналистердің облыс орталығындағы, өзге аудандардағы әріптестерімен тәжірибе алмасып, газет сапасының артуына елеулі ықпалы болды. Республикаға белгілі қаламгер, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы басқаратын серіктестіктің жергілікті орындағы газетке тиісінше қамқорлығын сезінудеміз. Редакцияға «Волга» автокөлігін бөліп, ескі ғимаратымызды жөндеуге көмектесті. Бізге облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» басылымдарының шығармашылық ынтымақтастығы әрдайым демеу болып келе жатқанын осындай мерекелі сәтте айта кету ләзім.
«Ырғыз» газетінің 80 жылдық мерекесін өткізуге Ырғыз ауданының әкімі Мирхан Дуанбеков арнайы көңіл бөлді. «Ырғыз» газетінің шағын ұжымында Тұрсынбек Ақдәулетов, Дархан Мектепбай, Ерік Көлдеев, Айнұр Қыстаубаева сияқты қызметкерлеріміз еңбек етіп келеді.
Аудандық газет ұжымы сырттағы әріптестермен әр кез байланыс жасап тұрады. Биыл ғаламтор арқылы Ресейдің Самара облысындағы «Ырғыз» деп аталатын башқұрт ұлтына арналған газет шығатынын біліп, солардың мекен-жайын анықтаудың сәті түсті. Самарадағы «Ырғыз» газетіне биыл он жыл толған екен. Газет редакторы Салима Краснова-Игенбетовамен сөйлесіп, ұжым атынан өз тілегімізді жолдап, шығармашылық байланыс орнаттық. Өз кезегінде самаралық «Ырғыздықтар» газетімізге ыстық ықыластарын жеткізді. Сондай-ақ газетіміздің 80 жылдық мерекесіне орай республикамыздың әр түкпірінен, облыс аумағынан әріптестеріміз жылы лебіздерін жолдады.
Бүгінде қоғамда «Төртінші билік» ретінде бағаланатын баспасөздің маңызы үлкен. Осындай үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, халық оқитындай, бұқараның көңілінен шығатындай мазмұнды газет шығару – біздің басты мақсатымыз. Шежірелі Ырғыз өңірінің төл басылымы «Ырғыз» газетінің 80 жылдық мерейлі мерекесінде осылай деп ағымыздан жарылғымыз келеді.
Марат МЫРЗАЛЫ,
аудандық «Ырғыз» газетінің редакторы.
***
Тындырымды елдің тынысы
Жарты ғасырдан астам еңбек жолымның 3-4 жылында ырысты өлке Ырғыз өңірінде жемісті өткеніне ризамын. Жемісті дейтін себебім, сол жердің тұрғылықты халқымен, аудан еңбекшілерімен толық түсіністік, сыпайы сыйластық, шынайы достық, мол қарым-қатынастық табуым десем қателеспеймін.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында қызмет бабымен біздің отбасымызды Ырғыз өзені бойының дәм-тұзы тартты. Жұбайым Патима Шомайқызы Аденова Ырғыз аудандық партия комитетінің хатшылығына сайланған-ды. Ол өзі Қырғыз елінің тумасы болғанымен, орысша оқыған, қазақ, қырғыз тілдерін жетік білетін, адамгершілігі мол, сыпайы да, сымбатты жан еді.
Салауатты өмір кешудің, табысты еңбек етудің қайнар көзі – жүрген ортаны терең түсініп, халықпен ортақ тіл тауып, санаса білу деп түсінген біздің отбасы мүшелері, аз уақыт ішінде ырғыздықтардың ұл-қыздарындай болып-ақ кеттік.
Ырғызда аз уақыт еңбек еткеніммен, шіркін, кеңпейілді, ақкөңілді Ырғыз халқын ойымнан еш шығарған емеспін, туысқандай болған жолдастарымызды, достарымызды ұмытпаймын.
Ырғыз ауданына қоныс аударысымен мен бұрынғы атқарған кәсібім бойынша «Ырғыз» аудандық газетіне алдымен тілші болып орналасып, кейін ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігі міндетін атқардым. Ол кезде аудандық газеттің редакторы, осы лауазымды көп жыл атқарған Әжібек Мәліков болатын. Газет ұжымында редактордың орынбасары Сәдуақас Сәрсенбаев, бөлім меңгерушілері Ахмет Сарбөпин, Ертаза Жүсіпбеков, жауапты хатшы Әбдісағи Мүтәлиев, фототілші Ильгиз Жарылғаев, тағы да басқа қаламдары қарымды, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері ұйымшылдықпен еңбек етті. Газет шығару қай кезде де оңай жұмыс емес, ол кезде тіпті қиын еді. Қазіргідей техника жоқ. Әріп теру деген қиынның қиыны, ертелі-кеш уақыт соған кететін, журналистерде де тыным жоқты. Шаруашылықтармен байланыс та нашар болатын. Соның өзінде де қағаз-қаламдарын қолынан тастамай, жұмыс атқарылып жатқан жерге барып, халықпен сөйлесіп, істерін көріп, оқырманның көңілінен шығарлықтай репортаждар, интервьюлер жазылып, аптасына үш нөмірді оқырмандар қолына жеткізуге ұмтылатынбыз.
Иманды болғыр Әжібек Мәліков ағамыз, жұмысына мығым, жай мінезді адам еді. Әр журналиспен, баспаханадағы қызметшілермен тіл табысып, түсіністікпен қызмет істейтін. Ол кезде совхоздардағы мал төлдету, мал азығын дайындау, т.б. әр науқандық жұмыстар басына өкілдерді көп жіберетін. Ал редакторымыз барған жерінде мен бастықпын деп жүрмейтін. Ойына түйіп, қағазға түсіргендерін келген бойда жазып, газет бетін бір толтырып тастайтын кездері көп болатын.
Ал Сәдуақас ағамыз «штабтағы» шеберіміз еді. Біз жазған материалдарымызды көбінесе сол кісіге ұсынып, жариялауға қол қойдырып, «визасын» алатынбыз.
Содан бері де біраз уақыт өтті. Биыл сексен жылдығы тойланғалы отырған аудандық «Ырғыз» газетінің ұжымы да өзгеріп, сапасы сан мәрте жаңарғанына көзіміз жетті. Шындығын айту керек, газетті жеке жаздырып оқымағанмен облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясынан алып, ай сайын шолу жасап отыруды журналистік міндетім санаймын.
Аудандық «Ыргыз» газеті облыстағы көптеген аудандық газеттердің алдыңғылар қатарынан көрінуде. Бұл баспасөз ұжымында қаламы қарымды, өз кәсібінің шеберлері, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері: газет редакторы Марат Мырзалы, жас қаламгерлер Тұсынбек Бекжанұлы, Дархан Мектепбай, Айнұр Қыстаубаевалар қызмет атқаруда. Сонымен қатар аудандағы әртүрлі тарихи тақырыптарға қалам тартатын Ералы Тұрабаевтың, Руслан Ұзақбаевтың, аудан журналистері ұйымының жетекшісі, тәжірибелі педагог Кенжеғара Жұбайұлының да баспасөзге қосып жүрген елеулі еңбектерін үлгіліліктің ісі деп білген абзал.
Аудандық «Ырғыз» газетінің ұжымын, ауданның барлық оқырмандарын газеттің биылғы 80 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен қызу құттықтаймын, шығармашылық табыстар тілеймін. Тәуелсіздік туын берік ұстап, шынайы бақытқа кенеле берейік.
Ізгі ниетпен, Арыстан АЙМАҒАМБЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық
филиалының жауапты хатшысы,
Қазақстан Республикасының құрметті журналисі.
***
Оқулығымның серігі
Мен 1997 жылы дүниеге келгенмін. Қалай әріп таныдым, содан бері мектеп оқулығыммен бірге «Ырғыз» газетін оқып келемін.
«Ырғыз» газеті — өзім тұрып жатқан аудан оқырмандарының ойынан шығатын дүниелер, бейнелі сөздермен жазылған. Тіл туралы туындылар, оқушылардың жазған өлеңдері, мектеп бұрышы газет бетін ажарландыра түскен. Бұл айдарлардағы материалдардың оқушыларға берер тәлімі мол.
Киелі қара шаңырақ «Ырғыз» газетіне биыл 80 жыл толып отыр. Әртүрлі мәдени шараларды, мектепаралық жарыстарды, «Денсаулық» айдарын осы газет арқылы оқып отырамын.
Тәуелсіз мемлекетіміздің, жаңа дәуірдің жаңаша бағытын ұстап, болашаққа нық басуға ұлттық рухани байланыс газет арқылы да беріледі. Ұстаздарымыз газетпен тығыз байланысты әртүрлі тақырыптар бойынша біздің ой-пікірлерімізді, толғандырып жүрген мәселелерімізді ашық білдіріп жазуымызға көмектесіп отырады.
«Ырғыз» газеті — өз тарихын, тілін, дінін, ұлттық салт-дәстүрін қадірлейтін шаңырақ. «Ырғыз» газетінің ұжымын мерейтойларымен құттықтап, еңбектеріне толағай табыстар тілеймін.
Раушан БӨЛЕБАЙ,
№1 қазақ орта мектебінің 8-сынып оқушысы.
Ырғыз селосы.
***
«Ырғыздың» «шекпенінен» шыққандар
Мен Ырғыздан басталғанмын…
…Мен — үлкен әлемнің кішкентай ғана бөлшегімін. Өз мұңыммен, маңдайыма жазылған тағдыр-талайыммен кіндіктес шағын ғана адаммын. Бірақ менің Үлкен Ауылым бар. Ол – Ырғыз. Қасиеті мен қадірін менен көп жоғары адамдар айтып кеткен… Жиырма бесінші ғасырдың адамдары да осыны айтатынына күмәнім жоқ.
Барлық тарихы тартыстан тұратын сол Ырғыздың Темірастауында дүниеге келіп, қайдан жүргенін кім білсін, орыстың Полина деген әйелі кіндігімді кескенде, ақ жарылып аппақ тілегін айтқан шығар, себебі сәл «орыстаумын». Дәл осыдан жамандық көргенім жоқ, тағдыры қыл үстінде жүретін «журналист» деген елдің елшісі болып, «ақ» пен «қараны» өз түсімен айтуға тырыстым.
Ал осы «журналистика» деген әлемнің есігін имене аттап, кейін, қазір, біреулерге ұстаз болуға жарасам, ол – екі адамның мектебінің арқасы. Біріншісі – Қапан Мырзалин дейтін Ырғызға белгілі ұстаз. «А» мен «б»-ны үйреткен Күлпара Қамбарова өз алдына, алғаш рет Сөз деген киелі өлкеге бастаған Қапан ағай болатын. Әлі есімде, класымдағы Алмас Тәжімішовке төрт жол өлең шығарғанымда Қапан ағай басымнан сипаған, не айтқаны есімде жоқ, әйтеуір, сөзінің тоқ етері «үлкен адам боласың» деген. Керемет үлкен адам болмасам да, өз әлемімде үлкен, таза болуға тырысатыным да содан…
Тағы бір қуанатыным, бір кезде маған әдебиеттің шымылдығын ашқан Қапан аға кейінірек, Алғада тұрған кезінде менің әр мақаламды оқып ырза болып кетті. Екіншісі – Рахаң. Кәдімгі Рахымжан Өтемісов. «Чеховтың шинелінен шықтық» деп айтатын орыстың әдеби ағысы бар. Ал біз, Марат Мырзалы, Егенберлі Әбдіраев және мен «Өтемісовтің шинелінен шықтық» деп әзілдейміз. Рахаң – Рахымжан Өтемісов, жалпы тіршілікте ашық-жарқын адам. Әзілі – аузында, қалжыңы – қойнында. Ал газет шаруасын келгенде одан қатал редакторды, өз басым, кездестірмеппін. Әріп теріп, сөз түзеп, шашы ағарып отырғаны… Кейде мақала жазып отырғанда желкемде Рахаң тұрғандай қиналатыным да сол…
…Мерейтой. Менің «Ырғызым» сексенге толды. Сол сексен жылдың сеңгірінде менің де құйттай қолтаңбам бар. Себебі, мен «Ырғыздан» басталғанмын, «қабағынан қар жауып» отыратын Сәдуақас аға Сәрсенбаев, мені үлкен журналистикаға шығарып салған Әжібек аға, «сен түбінде ақын боласың» деп қинайтын Лайық аға Есназаров, газеттің әр әрпін бағатын Күләш апа, машинка басқаны пианино тартқандай Бибісара апа, «балам, сен сыртта жүрсің ғой» деп (сонда мен бар болғаны Ырғыздан аз ғана қашықтықтағы «Қалыбайданмын») менің еңбекақыма бір сом қосып жазатын Бәйеш аға, газетті кейде басып, кейде «жыны келсе» баспайтын Панабек, түу Тәуіптен «бұрқыратып» жазатын Еген, өзі де, сөзі де сызылып тұратын Ақжан, бәрі-бәрі есімде…
Мереке құтты болсын, Мараттарың аман болсын! Мынау кіршеңдеу уақытта Марат Мырзалы тәрізді жаны аппақ адамды табу қиын, оқырман көбейсін, жазар сын аз болсын, жылы жаңалықтар көп болсын.
«Қыз бен түйенің жүрмейтін жері жоқ» деп қазақ айтыпты ғой, қайда жүрсе де төркіндеріне, Ырғызға…
«Ырғызға» аппақ көңілмен алаңдап жүретін
Шара ЕЛЕУСІЗ,
Алға аудандық «Жұлдыз – Звезда» газетінің редакторы.
Қадірлі «Қаламқас», қаһарлы қыс
«Ырғыз» аудандық газетінде мен 1999-2000 жылдары жұмыс жасадым. Ол кезде ауылда ақшаның, отынның, азық-түліктің қат уақыты болатын. Жұмысқа тұрғанымда алатын жалақымның мардымсыздығын ескерткен газет редакторы Марат Мырзалының сөзіне бастапқыда онша мән бермегем. Сірә, журналистік іске кіріскен сәттегі қызығушылығым оған аса мән беруге мұрша бермесе керек. Сөйтіп, жұмысқа кірісіп кеттім.
Ырғыз — шағын аудан, аудан орталығы. Жаңалық, ақпарат табу қиын. Басылымға кеп түсетін хаттардың, мақалалардың көбі мекеме қызметкерлерінің қызметтік жазбалары мен әкімдікте өтетін жиындар жайында болатын. Бұлардың бірін оқырман қажетіне жарар деп, енді бірін амалсыз жариялайтынбыз. Содан оқырмандарды қызықтыратын тақырып іздеп табуға тырыстық. Ақылдаса келіп бірқатар жобалар әзірледік. Олардың қатарында қыз-келіншектерге арнап «Қаламқас» деген бет ашуды ұйғардық. Алғашқы бетті шығаруымыз сол екен, газет редакциясына оқырмандардан туысының, жақынының, өзінің жеке басындағы тағдырлар туралы жазып, ақыл-кеңес сұраған хаттар келе бастады. Бірі редакцияға келіп, енді бірі хат жазып жататын.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, бір күні әдеттегідей редакцияға жұмысқа келсем, редактор ағайымның өңі біртүрлі боп қабарып кетіпті. Сөйтсек, редакцияның сыртқы есігіне жергілікті тұрғындардың бірі әкімдікте ел басқарып отырған ағаларымыздың жеке өмірі, тіпті, бәленшенің, түгеншенің ашыналары бар деп, атын атап, түсін түстеп жазған хат қыстырып кетіпті. Хаттың авторы жоқ, кәдімгі домалақ арыз сынды. Кейін бұл тақырыпты шектеуге тырыстық.
Редакция іші шағын, бөлмелері аядай еді. Онда да қыстыгүні екі бөлмеде ғана отыратынбыз. Бір пеш екі бөлмені жылытатын. Бір бөлмеде бухгалтер Гүлсім апай мен еден жуушы келіншек, екінші бөлмеде редактор мен тілшілер отыратын.
Күз жақындағаннан Марат ағайым отын түсіру керектігін, қыста жағатын көмір қажеттігін айтып, қыс қамын жасайтын. Түйе арбамен шеңгел әкеп, оны түсіретін адам болмай, еден жуушы келіншектің үйіне барып, күйеуін ертіп келгені бар-ды. Редактор ағайым мені қыз бала ғой, салқын тиіп, ауырып қалады деп, пеш түбіне отырғызып, өзі терезе жақта отыратын. Кейде қолымызға қолғап киіп, қалам ұстап, өзімізше қызықты нәрселер жазғымыз келетін. Күн ұясына батқанша келген хаттарды қарап, қорытып, жазатындарымызды жазып үлгеруге тырысатынбыз. Себебі, редакцияда кешкісін электр жарығы болмайтын.
Сөйтіп жүріп, газет тиражын көбейткіміз келетін. Аудан орталығындағы мекемелерді аралап, газет тарататынбыз. Бірақ, бір қызығы, тұрғындардың көбі жаңа нөмірді қолға алған бойда-ақ әлгі «Қаламқас» бетін ашатын…
Ал жалақыны сол жылы қыс бойы көрмедік. Тек көктем келгенде, сәуірде бір-ақ алғанымыз, одан қыс өтісімен редактор ағай екеуміздің кезек-кезек ауырып, ауруханаға жатып шыққанымыз бар. «Ырғыздағы» күндер, ертеңгі күннің жақсылығынан үмітті күндер осылай өтіп еді.
Жанар НҰРҒАЛИ,
«КЕРЕК.info» қоғамдық ақпараттық апталығының
шеф-редакторы.
***
Менің Сәкең ағам
Дарияның толқынындай тоқтаусыз ағып жатқан уақыт жаныңды жадыратқан қуанышты сәттерді де, жүрегіңе салмақ түсіп күйзелген, қиналған кездерді де әп-сәтте ұмыттырып жатады. Тек өткен өміріңе апталар, айлар емес, жылдар өте есеп беруіңе тура келгенде көңіліңде жан жылуыңның табы сақталған азаматтар еске алдымен түседі екен. Сол бір жүрегіңдегі бейнесі биік жан арқылы өміріңнің қуанышты-жұбанышты, күйінішті-сүйінішті кездері де көз алдыңа оралары бар.
Обалы не, ғұмыр-сапарымызда «айналайынын» аямаған ағалар да, жақсылығын үнсіз жасаған азаматтар да аз болған жоқ. Біз сияқты оқуы мен тоқуы үйлесе бермейтін талай бозөкпелердің өмір жолдарына нұрлы шуақ төккен ағаның бірі Сәдуақас Сәрсенбаев екенін ашық айту Сәкеңнің өзі үшін емес, жалпы сол аға буынның мерей-мәртебесі үшін керек!
Сәкең, менің Сәкең ағам — Ұлы Отан соғысының ардагері, кеңестік дәуірдегі аса мәртебелі білім ордаларының бірегейі КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. Аудандық партия комитетінде нұсқаушы, «Нұра», «Тәуіп» кеңшарларында партия ұйымының хатшысы болып қызмет жасаған. Бүгінгі күні сексеннің сеңгір биігіне көтерілген ағаның отыз жылға таяу өмірі «Ырғыз» газетінің редакциясында өтіпті, оның ішінде 22 жыл үзіліссіз редактордың орынбасары болды. Редакция бастауыш партия ұйымының хатшысы дейтін айлығы жоқ, сұрауы көп қоғамдық жұмысты қоса атқарды.
Әр пенде — өз заманының перзенті. Сәкеңдер кешегі кеңестік дәуірде туып-өсті, сол қоғамның мектептерінен өтті, замананың «ақыл-ойы, абыройы және ар-ожданы» коммунистік партияның адал жауынгері болды, партиялық талап пен тәртіпке лайық қызмет етті.
Сол біздің алдымыздағы ағалар өздерінің білім-білігімен, ұстамды мәдениеттілігімен, айқайсыз-ақ айбатымен ерекшеленетін еді. Ойға алсақ болды, Ырғыздың бірі биік, бірі аласа шоқыларындай көз алдымызға қатарласып, жүздері жарқырап тұра қалады. Бәрі болмағанмен сондай асқақ тұлғалы ағаларымыз бар-ды. Абырой-беделі тек редакцияда ғана емес ауданда жоғары тұрған Сәкең ағамыздың жеке басының үлгі-өнегесі әлі көз алдымызда.
Таза, қонымды, қарапайым киім киісінен бастап бос сөз айтпайтын ұстамдылығы, қысқа қайырып қана көп нәрсе ұқтыратын тереңдігі, жасы үлкендерге құрметі, замандастарымен сыпайылығы, кішілермен сыйластығы, бәрі-бәрі інілері — біздер үшін әдеп пен мәдениеттің өзіндік мектебі болды. Қазір де Сәкең сол бекзат қалпында.
Әлі есімде, жастықтың әсерінен Сәкең ағама бір жағымсыз жағымнан көрініп қалдым. «Ай, Рахымжан-ай, не дейін саған», — деді де бұрылып жүре берді. «Жүрегіме біз сұғып алғандай болды» деген осындай-ақ болар. Бұдан гөрі кейігені, жерден алып жерге салғаны, «неге өйтесің, неге бүйтесің» деп пәлсапа айтқаны әлде қайда жақсы еді. Бірақ Сәкеңе ондай нәрселер тән емес.Бәрін бір ауыз сөзбен, бір қимылмен-ақ білдіреді. Содан екі-үш күн бойы ағамның көзіне көріне алмай қашқақтап жүрдім, әрі содан кейін әлгіндей қылығыммен көзіне түскенім жоқ. Биік адам ғой, сол жағдайды ұмытып кеткендей түр танытты, бетіме басқан жоқ. Қайта көп ұзамай редакция ішіндегі қызметімнің бір-екі саты жоғарылауына алдымен Әжекеңмен келісіп және аупарткомға ұсыныс жасаған да Сәкең екенін кейін білгенмін. «Жақсы адам үзігіңді жалғайды, жаман адам бүтініңді жалмайды» деген сөз.
Өмірде қайырымы мен жеке басының үлгі-өнегесін көп көрген ағаның жақсылығын өтеу мүмкін емес. Дегенмен, осыдан үш жыл бұрын аудан журналистерінің атынан аудан басшысы Мирхан ініме Сәкеңе «Ырғыз ауданының құрметті азаматы» атағын беруге ұсыныс жасағанмын. Обалы не, Мирхан екі сөзге келген жоқ, ұсынысымды қабылдады, кейін куәлігі мен кеудеге тағар белгісін Ақтөбеге бір барғанында әдейілеп барып тапсырды. Елге еңбегі сіңген ағаларды сыйлаудың жақсы өнегесін көрсетті.
Қазіргі Ақтөбеде баларының қолында тұратын Сәкең ағама мейрамдарда құттықтап телефон шаламын. Ағам риза болып қалады, жағдайымды сұрастырады. Баяғы тілеулестігі, шынайы жанашырлығы әлі сол қалпында.
Інілері үшін бекзаттық пен дегдарлықтың, ар тазалығының, пейіл кеңдігінің үлгісі болып келе жатқан менің Сәкең ағам Адам деген, Азамат деген асқақ ұғымдардың өлшемі десем артық айтқандық емес. Біз ол кісіден әлі де үйренеміз, еліктейміз. Еліктеген сайын кеудемізге таңғы тұнық ауа құйылғандай мерейлене, жігерлене түсеміз.
Алдымыздағы асқақ бәйтерек, аман бол, АҒА!
Рахымжан ӨТЕМІС,
Хромтау аудандық «Хромтау» газетінің редакторы.
***
Көршілер ықыласы
Аудандық «Ырғыз» газеті ұжымы сырттағы әріптестермен әр кез байланыс жасап тұрады. Биыл ғаламтор арқылы ресейдің самара облысындағы «Ырғыз» деп аталатын башқұрт ұлтына арналған газет шығатынын біліп, солардың мекен-жайын анықтаудың сәті түсті. Самарадағы «Ырғыз» газетіне үстіміздегі жылы он жыл толған екен. Газет редакторы Салима Краснова-Игенбетовамен сөйлесіп, «Ырғыз» газеті ұжымы атынан тілек жолданып, шығармашылық байланыс орнатылған. Өз кезегінде самаралық «ырғыздықтар» газетімізге ыстық ықыластарын жеткізді. Біз Ресей мемлекетіндегі әріптестеріміздің орыс тілінде жазылған шынайы тілегін сол қалпында жариялап отырмыз.
Уважаемые редакторы казахской газеты «Иргиз» Марат Мырзалы и Ерик Кульдеев!
Мы, работники Самарской областной башкирской газеты «Иргиз» поздравляем с 80-летним юбилеем!
Пожелаем Вам творческих успехов, чтобы выпускаемая ваша газета пользовалась успехом.
В данное время национальные газеты очень нужны, чтобы сохранить религию, традиции, сохранять и развивать родной язык, изучать культуру, историю. Ваш опыт на этом поприще несомненно велик, не каждая национальная газета может похвастаться таким стажем работы.
В дальнейшем желаем процветания, стабильности, благодарных подписчиков и внимательных читателей.
Вам самим здоровья, счастья, удачи во всем.
С уважением, редактор газеты Салима Басыровна,
ответ. секретарь Гульнур Самсетдиновна.




