Әлеумет

15 мың теңге: өтініш қабылдау жалғасып жатыр

Жергілікті телеарнадағы «Ақпараттық сағат» бағдарламасының кезекті шығарылымында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев тікелей эфирге шығып, тұрғындар сауалына жауап берді.

Алдымен сөз алған Бұлбұл Елеусінова төтенше жағдай кезінде атқарылған жұмыстар мен төленген төлемдер туралы айтты.

— Төтенше жағдай кезінде республикалық, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттар мен

Nur Otan партиясы тарапынан берілген қаржылай көмектің барлығы бүгінгі күні тиісті санаттағы азаматтардыңесепшоттарына аударылды. Бірақ әлі күнге дейін төтенше жағдай кезінде берілген 42 500 теңгеге қатысты сауалдар бар. Жалпы біздің облыс бойынша 700 мыңға тарта тұрғын аталған әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш білдіріпті. Олардың ішінде 186 мың тұрғынға тағайындалды. Екінші төлем 39 мыңнан астам тұрғынның есепшотына аударылды. Бүгінгі таңда «маған аталған көмек тиесілі еді, бірақ ала алмадым» деп хабарласып жатқан тұрғындар бар. Бұл мәселе бойынша Ақтөбе қаласы мен аудандағы әкімдіктер жанында арнайы штаб жұмыс жасайтын болады. Бірақ бұл штабтарға жеке тұлғалар жүгіне алмайды. Яғни тек жұмыс орнын құрып, жұмыс ұсынып отырған тұлғалар ғана өтініштерін білдіре алады. Айта кетейік, өтініш қайта қабылданбайды. Тек 11 мамырға дейін өтініш берген, жұмыстан қысқарған, ақысыз демалысқа жіберілген тұлғалардың құжаттары қайта қаралады. Сонымен қатар студенттер тарапынан да  сұрақтар түсіп жатыр. Жалпы бірінші айда өтініш берген барлық студентке 42500 теңгеден аударылды. Ал екінші айға бұл жұмыс толығымен тоқтатылды. Бұл енді төленбейді де, — деді басқарма басшысы.

Ал өз кезегінде сөз алған Бекболат Нұрашев  коммуналдық төлемдер үшін беріліп жатқан 15 мың теңгенің 7 санат бойынша төленетінін айтты.

— Бүгінгі күнге дейін 11мыңнан астам өтінім түсіп, олардың ішінде 8500 адамға қаражат аударылды. Жақын арада олардың жеке шоттарындағы төлемдері жабылады. Екі айдың төлемін бірден аударып жатырмыз. Жалпы өтінімдерді қабылдау жұмыстары әлі де жалғасады. Біздің санауымыз бойынша қалада аталған санатта 24 мыңнан астам тұрғын бар. Бүгінгі таңда қала бойынша осы сұрақтарға нақты жауап беретін сall-орталық жұмыс жасап тұр. Кез келген тұрғын коммуналдық төлемдерге қатысты сұрақтары бойынша хабарласып, мағлұмат ала алады. Тұрғындар өз өтінімдерін сайт арқылы да қалдыра алады. Ал егер жазбаша өтінім бергісі келетіндер болса, Тургенев көшесі 98, 5-корпус мекенжайына келіп, біздің мамандардың көмегіне жүгіне алады, — деді бөлім басшысы.

Бағдарлама барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен биыл алғаш рет қолға алынған көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін төменгі пайызбен берілетін несие бойынша мәлімет берді. Аталған несие 4 пайызбен 7 жылға беріледі. Сонымен қатар Бұлбұл Елеусінова жұмыссыздықтың алдын алу  мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Мәселен, биылмемлекет тарапынан 3500 адамды жұмысқа тарту бойынша қаражат бөлінген. Ал оларға төленетін ай сайынғы еңбекақы 85 мың теңге көлемінде болады. Басқарма басшысы жалпы биыл облыстың

42 мыңнан астам тұрғынын осындай жұмыспен қамту шараларына тарту жоспары тұрғанын айтты.

Сонымен қатар бағдарлама барысында жол, су, қоғамдық көлік пен көшені жарықтандыру мәселесі бойынша эфирге хабарласып, өтініш-шағым айтқан тұрғындар да болды. Барлық сұрақтарды жазып алған Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысыбұл жұмыстардың кезең-кезеңімен атқарылатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, биыл «Жұмыспен қамту жол картасына» сәйкес қаладағы 100-ге жуық көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда мердігер мекемелер анықталып, бірқатар көшелердегі жұмыстар басталып кеткен.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button