Басты жаңалықтарЖастар

«Біз біріксек, барлық бастамаларымыз баянды болады…»

«Халықаралық бағалау бойынша, әлемнің ірі 300 компаниясының қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс күнінің бір сағатын ерікті іске жұмсайды екен. Ал біз бұл туралы ойлаған да жоқпыз. Мұнымен арнайы жұмыс істеу керек».

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Волонтерлік қызметтің үлгісін сан қырынан танытып жүрген бүгінгі кейіпкерлеріміз бірауыздан осылай дейді. Олардың ойынша, бірлесіп атқарған қай істің де нәтижесі жақсы. Мұқтаж жандарға әртүрлі көмегін көрсетіп, жақсылық жасауға ұмтылған Ақтөбедегі белсенді еріктілердің жұмысы шынымен кез келген адамды сүйсіндіреді…  

75 еріктінің медициналық көмегі  

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде «Медик-волонтерлер» еріктілер клубы бар. Болашақ дәрігерлер даярланатын білім ордасында аталған топ 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің аты айтып тұрғандай, мұндағылар денсаулығы сыр берген адамдарға медициналық көмек көрсетеді, жұртшылықтың арасында аурудың алдын алуға бағытталған шаралар ұйымдастырады. Мейірімді студенттер волонтерлік қызметтің басқа да салаларын қамтиды екен.

— Біз, негізінен, медициналық жәрдемге күш саламыз. Мектептер мен колледждерде жұкпалы, онкологиялық ауруларға қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қалай сақтану керектігін айтамыз. Артынша спорттық шараларды ұйымдастыру әдетімізге айналды. Сондай-ақ көпшілік жерлерде адам ағзасындағы қант мөлшерін анықтап, қан қысымын өлшейміз. Өзіміз де науқастарға септігі тиер деген оймен қан тапсырамыз. Сол сияқты аптасына екі рет облыстық орталық ауруханаға барып, арнайы кезекшілікпен сондағы медбикелердің «қолын ұзартамыз». Кейде тазалық жұмыстарына көмектесеміз. Мысалы, сол мақсатта қаңтар-наурыз айларында медициналық мекемелерге барып тұрдық. Қазір карантин болғандықтан, үйде отыруға мәжбүрміз, — дейді «Медик-волонтерлер» клубының жетекшісі Бақтияр Баймахан.

Оның сөзінше, елімізде төтенше жағдай жарияланғанда да еріктілер қарап отырмаған. Олардың әрқайсысы сәуір айында қолда бар қаражатын қосып, материалдық жағынан қиындыққа тап болған 4-5 отбасыға азық-түлік таратқан. Бұл топта қазіргі таңда 75 студент бар.

Алғашқы медициналық көмекті қалай жасау керек, күйзелісті қайткенде жеңуге болады, т.б. күнделікті өмірде қажетті кеңестерді беретін клуб күзге салым науқас балаларға ақысыз массаж жасауды жоспарлап отыр. Өйткені туабітті ауруларға шалдыққан сәбилердің саны, өкінішке қарай, елімізде аз емес…

Балалар үйінде концерт өткізіп, сенбіліктерден қалмайтын волонтерлер ылғи қоғамдық шаралардың басы-қасында жүреді. Сөйте тұра, сауапты іс жасауға асық болашақ дәрігерлер сабақтың әрдайым бірінші орында тұратынын алға тартады. Ақтөбедегі медициналық көмек көрсететін бірден-бір еріктілер клубының 9 жылда жеткен жетістіктері де біршама.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

2016 жылы елімізде еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын бекітетін «Волонтерлік қызмет туралы» Заң қабылданды. Арада бір жыл өткен соң, елордада ұйымдастырылған халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне жақсылық жасап жарысқан жастар — волонтерлер көптеп тартылды. Бұл — Қазақстандағы еріктілер жаппай жұмылдырылған ірі шаралардың алғашқысы.

Ағаш егіп, қайырымдылық акцияларын өткізеді

Салауатты өмір салтын әрі қайырымдылық жасауды насихаттайтын «Ansar volunteer» тобын ақтөбеліктердің біразы біледі. Олар облыстағы ерікті жастар арасында шағын футболдан турнир өткізіп, командалардың сайысқа қатысу жарнасынан түскен ақшаны игі іске жұмсайды. Мәселен, сондай ойынның бірінен жиналған 200 мың теңгені волонтерлер 4 отбасыға бөліп берді. Ал төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желілер арқылы, демеушілердің арқасында 260 мың теңге жинап, 29 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратты. Мұнымен бірге қасиетті Рамазан айында әлгіндей жолмен 100 мың теңге құралып, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен 15 анаға азық-түлік себеті берілді. Және тұрғындардың қауіпсіздігі үшін волонтерлер 200-ден астам медициналық бетперде тігіп, жұртшылыққа үлестірген. «Ansar volunteer» тобының жетекшісі Мейрамбек Шекернаев игі істер туралы ой-пікірін төмендегідей сабақтайды:

— Қазіргі таңда құрамымызда 40-қа жуық волонтер бар. Олардың дені — өзім сияқты студенттер. Жастардың тек қайырымдылықпен айналыспай, рухани дамуы үшін Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханамен бірлесіп, «Коворкинг» орталығында әр жексенбі сайын түрлі шаралардың өтуіне мұрындық болып жүрміз. Атап айтсақ, «Киноtime» шарасында тәрбиелік мазмұны терең отандық фильмдерді насихаттасақ, «Оқырман ойында» замандастарымыздың кітап оқуға деген ынтасын оятып, өзара пікір алысамыз. «Кейіпкермен сұхбат» айдарында жастарды өмірде өзіндік орнын тапқан білікті мамандармен кездестірсек, уақытты тиімді пайдаланып, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құруы үшін психологиялық семинар-тренингтер өткіземіз. Бұның бәрі қатарластарымыздың арасында зор қызығушылық туғызды. Осы орайда жастар арасындағы зияткерлік сайыстарымыз аудан көлемінде жалғасын тапқанын айта кеткім келеді. Хромтау, Әйтеке би аудандарында осындай байқаулар ұйымдастырылып жатыр.

Сонымен қатар @ansar_volunteer инстаграм парақшасында кітап оқудан марафон өткізіп, жеңімпаз деп танылған оқырмандарға кітаптар табыстадық.

Былтыр Ақтөбе қаласының 150 жылдығына «150 жылдыққа — 150 түп ағаш» акциясын бастап, 25 жас көшетті ектік. Эстафетаны басқа клубтарға жолдадық, — дейді ол.

Айта кетейік, аталған клуб өткен жылдың 1 наурызында «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының жанынан құрылған.

БАСЫМ БАҒЫТТАРҒА БАҒДАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер жылының ашылуында балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілерге, ауруханаларда ем алып жатқан науқастарға, қарттар үйіндегі жалғызілікті зейнеткерлер мен соғыс ардагерлеріне ерекше қамқорлық танытып, жұртшылықты «Таза әлем» жобасы бойынша қоршаған ортаны қорғап, өзендер мен ормандарды тазалауға, ағаш егуге шақырды. Жалпы, атаулы жылда жоғарыда аталған салаларға басымдық беру тапсырылды.

Қайсар жандарға қайтарымсыз жәрдемдесетіндер

«Д.А.Р.» еріктілер клубының жанынан құрылған «Спортики» тек бір ғана бағытты қамтиды: спортпен кәсіби түрде айналысатын мүгедек жандардың жүріп-тұруына, жаттығу жасауына, өзге де қажетті амал-әрекетіне көмекке келеді. Яғни мұндағы волонтерлер негізінен ірілі-ұсақты жарыстарға жұмылдырылады.

— Паралимпиадалық ойындарға, өзге де арнаулы сайыстарға бізге көмекшілер қажет-ақ. Сол мақсатта өткен жылдың күз мезгілінде бір топ жасты арнайы оқытып, бұның барлық жай-жапсарын үйреттік. Қазіргі таңда клубымызда 35 ерікті бар. Олар мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін жарыстарға қолғабыс танытып та үлгерді, — дейді «Спортики» еріктілер клубының үйлестірушісі Гүлмирам Сражова.

Өңірде аталған топтағы адамдар арасында спортпен кәсіби түрде шұғылданатындардың саны 60-тан асады. Соларға және Ақтөбеде ұйымдастырылған жарыстарға қатысуға келген өзге азаматтарға қолғанат болатындардың бірі, жоғарыда аталған клубтың мүшесі — Жігер Кенжеғалиев. 25 жастағы жігіт 5 жылдан бері волонтер екен.

— «Д.А.Р.», «Жеңіс» еріктілер тобында болдым. Былтырдан бері «Спортики» клубының мүшесімін. Мамандығым — дизайнер. Жұмыстан тыс уақытта осындай сауапты іспен айналысқанды жөн көремін. Өткен жылы облыста «Үздік волонтер» атандым. Жақсылық жасау әр адамның парызы деп білемін. Қолдан келсе, неге көмектеспеске?! Жанасыл Хамидулла, Дамир Бижанов, Дәурен Сәдуақас, Мерей Смадияров сынды жігіттермен әлеуметтік жобаларға да қатыстық. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі адамдардың халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстарға дайындалуына көмектесеміз. Бірге еріп барамыз. Волонтерліктің бұл түрі шетелде өте жақсы дамыған. Бізде де біртіндеп қарқын алып келеді, — дейді Жігер.

Кейде сөз жәрдемінің өзі үлкен рөл атқаратынын айтқан әңгімелесушіміз өзге тұстастарының осындай игі іске жақын болғанын, елімізде еріктілер қызметінің одан сайын жандана түскенін тілейді.

P.S. «Келісіп пішкен тон келте болмас». Бірігіп, бір үйдің балаларындай тату болғанда ғана кез келген шаруаның шырайы шығады. Біз әңгімеге тартқан жас еріктілердің де айтары сол.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button