Біз әлі «Әліппені» оқып жүрміз…
Соңғы жылдары сөздік қорымызда, бұқаралық ақпарат құралдарында туризм деген термин жиі қолданылуда. Туризм дегеніміз бір қалаға немесе шет елге қыдырып бару ғана емес, оның ұғымы кең екенін біле бастадық. Бұл елімізде туризм ісінің шындап қолға алынғанынан болар. Әлемнің көптеген елдерінде кәсіпкерлер туризм арқылы өз бизнесін дамытуда. Сол арқылы мемлекеттің бюджетіне орасан қаржы құюда. Шындығын айту керек, кезінде «жабық ел» атанған КСРО-ның қазіргі мемлекеттері туризмнің табыс көзі екенін түсініп, шама-шарықтарына қарай оны дамытуға күш салуда. Бұл шаруа біздің облыста қандай деңгейде, нендей бастамалар бар? Осындай сұрақтарды облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожинге қойған едік.
— Жақында Дүниежүзілік туризм күні аталып өтті. Бұл мерекеге Ақтөбе қаласында да ерекше мән берілгенін байқадық.
— Иә, түсіндім. Туризм бізде, жалпы Қазақстанда кенже қалған. Енді-енді ғана мемлекет тарапынан көңіл аударылып, туризмді дамытуға жағдай жасалуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен, шет елдерден келетін қонақтарға көрсетуге лайықты жерлеріміз аз емес. Бағзы замандардан бері сақталып қалған мәдени мұраларымыз, ұлтымызды, елімізді танытатын құндылықтарымыз қаншама? Облысымыздың әрбір ауданында қонақтарға мақтана көрсететін керемет-керемет орындар бар. Мәселен, Мәртөктің табиғаты қандай! Ойылдағы «Көкжар жәрмеңкесі» ше? Ырғыз, Әйтеке би аудандары аумағындағы тарихи жерлерді зерттеп, туристердің назарын аударатын жағдайға жеткізуге болады. Шалқар аудандарындағы жәдігерлер, кейін тұрғызылған кесенелер қандай тамаша! Жем-Сағыз бойы тұнған тарихи деректерден сыр ашады. Осылардың бәрі-бәрі кез келген адамды қызықтырары анық.
Сондықтан қонақтарды тарту жолдарын қарастыру қажет. Мұның жолы — туризм. Ал жерімізге қонақтарды тарту үшін алдымен туризмді дамыту керек. Осындай себеппен бұл іске үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау арқылы жұмысты алға апару үшін мерекені барынша атап өтуге тырыстық. Екінші жағынан, бұл тоғыз айдағы жұмысымыздың қорытындысы іспеттес болды.
— Жыл бойы қандай жұмыстар атқарылды?
— Салыстырмалы түрде атқарылған істер аз емес. Биылғы жылы Мәртөк ауданына туристік жорық жасалды. Туристер Мәртөктің табиғатын тамашалады. Бұл ауданның аумағындағы жасанды көлдерде құстардың көп түрі бар. Жорыққа қатысқандар қарағайлар мен қайыңдардың, түрлі өсімдіктердің жұпар иісімен демалып, «Бізде де осындай табиғаты сұлу мекен бар екен-ау» деген мақтаныш сезімімен оралды. Ойылға барған сапарымызда Көкжар жәрмеңкесін, Сүлеймен ата, Ботагөз кесенелерін араладық. Осы жерде Көкжар жәрмеңкесі мемлекеттік қорғауға алынса дегенді айтқым келеді. «Менің Отаным — Қазақстан!» туристік жорығы аясында 120 оқушыны Қобда өңіріне апардық. Бұл жорық 3 бағытта өтті. Ол бағыттар: мәдени танымдық, экологиялық өлкетану, спорттық сауықтыру. Оқушылар осы бағыттар бойынша өз ойларын күнделік дәптерлеріне түсірді.
Алдағы уақытта Байғанин, Әйтеке би, Мұғалжар аудандарына, «Ырғыз-Торғай» резерватына бару жоспарлануда.
Жыл сайын мамыр айының соңында «Туризм, саяхат, спорт» атты дәстүрлі туристік көрме өткізу дәстүрге айналды. Соңғы жылдары бұл көрмеде облыстың туристік кластері көрінуде. Өңіріміздің туристік фирмалары, қонақ үйлері, демалыс базалары, мейрамханалар, әуе және темір жол және басқа көлік компаниялары, сақтандыру және жарнама агенттіктері, туристік салаға мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары, туризм инфрақұрылымының басқа да нысандары өздерінің мүмкіндіктерін жарнамалап қалады.
Туристердің ұнататын, демалатын орындарының бірі — жағажайлар. Өзен-көлдердегі жағажайлар жайлы болса, демалушылар саны да көбейеді. Сондықтан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы қалалық кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе отырып, биыл «Ең үздік жағажай аумағы» конкурсын өткізді. Конкурс қорытындысында «Саяхат» жағажайы бірінші орынға ие болды.
Осы жақында ғана, қыркүйекте Туризм және спорт министрлігінің жұмыс жоспары бойынша Ақтөбеде «Сарқылмас саяхат» атты республикалық туристік жәрмеңке өткізілді. Оған еліміздің барлық облыстарынан және Астана, Алматы қалаларынан делегациялар келді. Айта кету керек, бұған дейін басқа облыстарда өткен жәрмеңкелерге дәл мұндай көп адам жиналмаған болатын. Жәрмеңке кезінде бірінші рет «Туризм және биоерекшелік» атты фотоконкурс өткізіліп, финалистер түсірген суреттер жәрмеңкеге шығарылды. Сонымен қатар Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер бойынша республикалық кеңес өтті. Министрлік соңғы екі жылдың ішінде Ақтөбеде бірнеше ауқымды шара өткізді. Мұның өзі Ақтөбеде туризмді дамытуға мол мүмкіндіктің бар екенін көрсетсе керек.
— Ақтөбе облысы екі континенттің — Еуропа мен Азияның қиылысында орналасқан. Демек, ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін әлеует бар ғой.
— Ол рас. Туризмді дамыту үшін жақсы қатынас керек. Ал «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомобиль дәлізі, біздің бағымызға қарай, мол мүмкіндік тудыратын жол болып отыр. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов осы көлік дәлізі бойынша туризмді дамыту мақсатында екі рет кеңес өткізді. Облыстық әкімдік тарапынан осы дәліз бойында орналасатын нысандардың да алдын ала жоспары жасалды. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолы бойында 12 шағын кэмпинг салынуы керек, дүкендерде жергілікті тұрғындар сауда-саттық жасай алады. Сондай-ақ туристік карталар, буклеттер және басқа ақпарат көздері арқылы өтіп бара жатқан жолаушыларды көрнекті орындарға тартуға болады.
— Туризм тек демалыс емес, сауда, табыс көзі емес пе? Осы бағытта қандай шаруалар жасалуда?
— Ол дұрыс. Туризм — табыс көзі. Айтып отырған «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің кіріске жол ашатыны анық. Сондықтан дәліз бойында орналасқан ауылдардың тұрғындары осыны түсінсе деймін. Сауда-саттыққа икемделіп, нендей бұйымның өтетінін зерттеулері керек.
Жыл сайын қолданбалы өнер, былайша айтқанда, қолөнер шеберлерінің «Шеберлер ауылы» республикалық фестивалі ұйымдастырылады. Бұл деген шеберлердің фантазиясын арттыруға, бұйымдарын жарнамалап, сатуға үлкен мүмкіндік болып табылады. Өкінішке қарай, фестивальге қатысушылар торсық, құмыра, білезік, жүзік жасаудан аспайды. Мұндай бұйымдарды жасайтындар саны көп болғандықтан, оның өтімділігі төмендейді. Осы бұйымдарды өткізудің бірнеше жолы бар. Мәселен, шебер өзі тұратын ауданның, облыстың атын неге сол бұйымға жазбасқа? Немесе дүниелерін неге сол өңірден шыққан батырларға, ақын-жырауларға, би-шешендерге және басқа тұлғаларға арнамасқа? Біздің шеберлер осы жағынан ақсап жатады. Құрт, ірімшік, тары секілді ұлттық тағамдарымыз да туризм аясында сатуға болатын өнімдер болып табылады.
Жылдың басында «Арайлы Ақтөбе» атты облыстық конкурс жарияладық. Онда да әлгіндей жағдай орын алды. Мұндай конкурстар мен фестивальдерді өткізудегі мақсат — қолөнер шеберлерінің шеберлігін шыңдау, сол шеберлердің бұйымдары арқылы Ақтөбені таныту. Өлкемізді басқа жұрт көбірек таныған сайын қонақтар да көп келетін болады.
Әлемде тек туризммен күн көретін елдер бар. Оларда туристік фирмалар жақсы дамыған, адамдары да икемді. Біздің халық та осыған бейімделуі керек.
— Ол үшін халыққа туризмнің маңызын жеткізе түсіндіру керек қой.
— Бар мәселе осында. Біз туристік жорықтарға шыққанда үнемі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін барынша толық қамтуға тырысамыз. Өйткені ол жорықтар туралы мәліметтермен БАҚ арқылы танысқан адамдардың қызығушылығы артады. Біз үшін классикалық туризм алыста, әзірге туризмнің «әліппесін» ашудамыз. Бүгін-ертең туризм орталығына айнала алмаймыз. Біз әуелі өзімізді-өзіміз танып алуымыз керек. Мәртөктің тұрғыны Ырғыздың табиғатын, тарихи ескерткіштерін біле бермейді. Мысал үшін айтқаным ғой. Сондықтан әр аудан өзінің құндылықтарын дәріптей білуі тиіс. Осы мақсатта туризмді дамыту жөнінде ұсыныстарыңызды, жоспарларыңызды жасаңыздар деп аудандардың әкімдеріне хат жолдадық. Алайда кейбір әкімдер өздері үшін қажетті іске салғырт қарап, жоспарларын атүсті жасай салған.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде туризм ісімен кәсіпкерлер, ірі-ірі бизнесмендер айналысады. Олар ашқан туристік фирмалардың қызметкерлері де жалаңдап тұрады. Ана жерде анадай бар, мына жерде мынадай бар деп бармасыңа қоймайды. Туристерді осылайша айналдырып алып, ақша жасайды. Сондықтан біздің кәсіпкерлер де туризмге ден қойса деймін.
Бердібай КЕМАЛ.




