Экономика

Хромтау ауданында 545 жұмыс орнын ұсынатын 21 жоба бар

Мемлекеттік бағдарлама

Апта басында облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров бастаған жұмыс тобы Хромтау ауданына барды. Жұмыс сапары барысында «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының бұл ауданда қалай жүзеге асырылып жатқанын көрді.

Хромтау ауданында 2,2 млрд теңгеге жоспарланған 21 жоба жүзеге асырылады. Осының нәтижесінде 545 жұмыс орны құрылады, оның жартысына жұмыспен қамту бөлімі арқылы жұмыссыз жастар тартылатын болады. Бұл туралы бізге жұмыс тобы құрамында болған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова айтып берді.

Аудан әкімі Нағымжан Алдияров облыс орталығынан келген басшыларға әуелі Ақжар ауылындағы жалпы ұзындығы 3,2 шақырым болатын автомобиль жолдарын жөндеу нысанын таныстырды. Аталған жобаға мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізінде қаражат бөлінген. Жоба құны — 115,8 млн теңге. Бұл жерде 29 адам жұмыс жасап жатыр, жұмыспен қамтылғандардың 14-і — Ақжар ауылдық округінің тұрғындары.

Одан соң топ өкілдері Хромтау қаласындағы 12 гектар жерді алып жатқан орталық саябақты қайта жаңарту жұмыстарымен танысты. Аталған жобаға мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізінде 211,0 млн теңге бөлінген. Саябақ ішіндегі жаяу жүргіншілер жолы, балаларға арналған ойын алаңдары, саябақ сахнасы жаңартылып жатыр. Сондай-ақ субұрқақ құрылысы жүргізіліп, веложол салынып, саябақ іші жарықтандырылуда. Бұл жұмыстарға 53 адам тартылды, соның 26-сы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа алынды.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров бастаған топ 1975 жылғы жалпы аумағы 865,1 шаршы метр болатын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратын аралап көрді. Аудан әкімі бұл ғимаратты кеңейту мақсатында құрылыс жүргізу жоспарланып отырғанын айтты. Нысанды қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр екен.

Одан соң аудандық ішкі істер бөлімінің жедел басқару орталығының жұмысымен танысқан топ Хромтау қаласында қоғамдық қауіпсіздік пен жол ережесін қамтамасыз ету үшін 26 бейнекамера орнатылғанын білді. Сондай-ақ аудан әкімінің ұсынысымен жаңарту жұмыстары жүріп жатқан орталық саябақ ішіне де құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қосымша бейнекамералар орналастыру және іске қосу жоспарда бары айтылды.

Одан соң жұмыс тобы Хромтау қаласындағы 22-кварталда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан, биыл пайдалануға берілетін 320 орындық балабақшаны көрді, 2021 жылы іске қосылатын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.

Іссапар аудан әкімдігінде өткен жиынмен түйінделді. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров аудан әкімі Нағымжан Алдияровқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жобаларының сапалы жүзеге асырылуын қадағалауды, сондай-ақ жаңадан ашылатын жұмыс орындарын бақылауда ұстауды тапсырды.

  • Хромтау ауданы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» негізінде 21 жоба жүзеге асырылады. Бұл — үлкен көрсеткіш. Ең әуелі әлеуметтік мәселелерді шешеміз, халықты көбірек жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады, — деді облыс әкімінің орынбасары Р.Хамбаров.

Сондай-ақ ол моноқалашық экономикасын одан әрі дамыту мақсатында шағын және орта бизнеске де назар аудару қажеттігін айтты. Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары,  қоғамдық жұмысқа тарту, мүгедектерді жан-жақты қолдау туралы айтты. Сонымен қатар әлеуметтік бағдарламалар, қайтарымсыз гранттар, Жастар практикасы туралы да сөз болды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button