Ауыл

Зейнеткердің жылыжайы

 Кәсіпкер

Аудан аумағында шаруасын дөңгелетіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған шаруалар жетерлік. Солардың бірі — Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Саға ауылының тұрғыны, зейнеткер Сайлау Сұлтанұлы.

Жастайынан еңбекке  араласқан Сайлау аға ауыл өмірінде кез келген шаруаны бес саусағындай біледі. Бала кезінен мал бағып, шөп шауып, техниканың да тілін жетік меңгерген ол зейнетке шыққаннан кейін көкөніс шаруашылығын қолға алуды жоспарлайды.

Мұнай саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, 2014 жылы зейнетке шыққан ол өзінің зейнетақы қорына жиналған қаржысын жылыжай салуға жұмсады. Сөйтіп, көптен бері ойында жүрген жылыжай кәсібін бастады.

— «Не ексең, соны орасың» деп бекерден-бекер айтылмаған ғой. Еңбектенсең ғана жемісін көресің. Жылыжайдың шаруасын жүргізу оңай емес. Оның топырағы құнарлы, іші жылы болуы шарт. Жылыжай ішін бірқалыпты температурада ұстап тұру, оны жылумен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету — үлкен шаруа. Сондай-ақ жылыжайда өсетін өнімдердің құрамы мен табиғилығы сақталуы да шарт. Сол үшін де жүйелі жұмыстар жасаймыз. Топырағын үнемі қопсытып, арамшөптерден тазартып отырамыз. Ауызға түскенше үлкен еңбек пен күтімді қажет етеді, — дейді ол.

Бүгінде өз үйінің ауласынан тұрғызған жылыжайда қияр, қызанақ, жуа секілді көкөністің түр-түрін өсіреді.  Құлпынай да егіпті. Көшеттерді ақпан айынан бастап отырғызып, көктем-жаз бойы баптап, күз айларында алған өнімдерін ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бағамен дүкендерге таратады. Кәсіпкердің бұл тірлігіне ауыл тұрғындары да риза.

Отбасылық кәсібін одан әрі дамытуды көздеген зейнеткер-бағбан, болашақта тек жылыжай шаруашылығымен айналысып қана қоймай, жеміс ағаштарын отырғызып, ауласын бау-бақшаға айналдырмақ. Ұлы Айбек те жылыжайды қолға алғалы өзіне көмектесіп келеді.

Мемлекетке иек артпай өз қаржысымен, өз күшімен кәсібін дөңгелетіп отырған сағалық Сайлау Сұлтанұлы ерінбей еңбек еткеннің, тіленбей қарны тоятынын әсте естен шығарған емес. Оның жасап жатқан бүгінгі еңбегі ауыл жастары үшін де үлгі боларлық іс.

 Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button