Экономика

«PROTECTING BUSINESS AND INVESTMENTS» — парасатты бизнес ортаны қалыптастыруда тиімді жоба

Жемқорлыққа жол жоқ

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі арнайы құқық қорғау органы бола тұра, мемлекет өмірінің әртүрлі салаларындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру міндеттерін тиімді шешіп келеді.Халықаралық стандарттарға толығымен сәйкес болу мақсатында заңнамамызға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, әкімшілік кедергілер мен бюрократиялық рәсімдердің деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2025 жылға дейінгі мерзімге қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат моделінің негізі қаланды. Ол ағарту, алдын алу және жазалау шараларының ұтымды үйлесімділігінен тұрады.

Бүгінгі күнгі Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің негізгі міндеті болып табылатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын анықтау, жолын кесу және тергеуден өзге превенция қызметі бар, ол сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған.

Мемлекет алдындағы міндеттерді шешу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтық қоғамның әртүрлі институттарымен, соның ішінде кәсіпкерлік саласымен де белсенді түрде өзара іс-қимыл жасап келеді.

Аталған саладағы алдын алу қызметі бірқатар механизмдерден құралады, олардың бірі —  инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу, бизнес пен инвестицияларды заңсыз қолсұғушылықтардан қорғау, түрлі кедергілерді жою мақсатындағы «Protecting Business and Investments» жобасы. Жоба Ақтөбе облысында 2018 жылдан бастап табысты жұмыс істеп келеді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәсіпкерлік қызмет саласы көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне толы.

Жобаның жүзеге асырылып келе жатқан уақытынан бастап 60 инвестор өз құқықтарын қорғау мақсатында өтініш білдіріп, олардың 32-сі бизнесті адал жүргізуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне «мүлдем төзбеушілікке» кепілдік бере отырып,сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша келісімдерге қол қойған болатын.

Бүгінгі таңда қорғаудағы 32 жобаның 19-ы өз бизнесін одан әрі кеңейту сатысына өткен, аталған жобалардың жалпы инвестициялық құны 162,7 млрд теңгені құрайды. Бұл жай ғана сандар емес. Әрбір жобаның артында күнделікті жасалған жұмыс нәтижесі бар.

Ақтөбе облысында 2020 жылы негізгі капиталға 746 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тарту жоспарлануда.Биыл 1 722 жаңа жұмыс орнын ашумен байланысты 107,8 млрд теңге сомасындағы 22 ірі индустриялық жоба жүзеге асырылатын болады.Инвесторлар тап болған негізгі проблемалық мәселелер әкімшілік кедергілермен, бюрократиямен және әртүрлі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен байланысты.

Қазіргі уақытта барлық өтініштердің 100 пайызы инвесторлардың пайдасына шешілген. Бұл — шетелдік инвесторлардың халықаралық әлеуметтік желілерде жариялаған оң пікірлерінен көрініс табуда.Осылайша мемлекетіміздің инвестициялық саясатының оң беделі қалыптасуда.Атап айтқанда, «Linkedin»халықаралық әлеуметтік желісінде голландтық «Green Capital» ЖШС және белорустық «Казмедбиотех» ЖШС инвесторларыныңпікірлері жарияланды.Аталған инвест-жобалардың екеуі де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосуда.«Қазмедбиотех» ЖШС директоры Дмитрий Клименок атап өткендей, Беларусь Республикасында тиісті құрылымдар болғанның өзінде де, инвестициялық жобаларға Қазақстандағыдай көңіл бөлінбейді.

Бұған дейін атап өтілгендей, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыты — сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету. Қазақстан РеспубликасыныңСыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2018 жылы шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу фактілері бойынша 215 қылмыстық іс, былтыр — 290 іс, биылғы бірінші тоқсанда 31 қылмыстық істі анықтап, сотқа жолдаған.

Ақтөбе облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі де бірқатар фактілерді анықтады.Мәселен, 2019 жылдың қарашасында «Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» ММ бас маманы ҚР ӘҚБТК 313-бабы (Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, құрылыс-монтаждау және жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу кезiнде бекiтiлген құрылыс нормаларының және жобалау құжаттарының талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін кәсіпорын өкілінен 1000 АҚШ доллары көлемінде пара алып әшкереленген.Сот үкімімен шенеунік ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлігімен (пара алу) кінәлі деп танылып, 11 621 000 теңге көлеміндегі айыппұл жазасына кесілді.

2020 жылдың қаңтар айында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты «Еңбек» ШЖҚ РМК «Еңбек-Ақтөбе» филиалы директорының міндетін атқарушы жеке кәсіпкердің тәуелділігін пайдалана отырып, 700 000 теңге пара алған. Қылмыстық іс бүгінгі күні сот органдарында.

Жалпылай алғанда шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтау бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тиімді жұмысы өзінің оң нәтижесін беруде.

«Doing Business» Халықаралық рейтингісінің 2019 жылғы зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстанкәсіпкерлік қызметті жүргізу жеңілдігі бойынша бағаланған 190 елдің ішінен 25-орынды иеленген. Рейтингтің басты критерийі — әкімшілік кедергілер: жобаны әзірлеу сатысынан іске қосқанға дейін кәсіпорында кездесетін кедергілердің саны, процедуралардың құны мен мерзімдері, бюрократиялық процестердің күрделілігі мен ұзақтығы.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері деңгейінің төмендеуі және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау елдің әлеуметтік-экономикалық өсуінің басты факторы екендігін көрсетеді.

Соның өзінде, заңнама саласында да, құқық қолдану тәжірибесінде де кешенді жұмыс жүргізуді талап ететін мәселелерде жеткілікті.

Осылайша біз «Protecting Business and Investments» жобасының өміршеңдігіне, қажет екендігіне және тұтастай алғанда Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосатынына, еліміздің әрбір жекелеген өңірінде парасатты бизнес-ортаны қалыптастыратынына сенімдіміз.

Мирлан МҰХАМБЕТОВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button