Жеңіс

Жеңісті Эльбада қарсы алған

Ұлы Отан соғысының жауынгері Омар Амантаевты көпшілік кешегі күндері облыстағы іргелі шаруашылықтардың бірі — «Сарыбұлақ» кеңшарының тәжірибелі бас бухгалтері ретінде білетін. Ол ұзақ жылдар бойы өз мамандығы бойынша еңбек етіп, төрт фермадан тұратын үлкен ұжымның есеп-қисабын үйлестіріп отырды.

Ардагер өзінің соғысқа қатысып, ел қорғағанын айналаға жария ете бермейтін. Ал бүгінгі күні кейінгі ұрпақ ауылдастарының өмір деректерін қайтадан зерттеген кезде Омар атаның талай рет от пен оқ ортасына түсіп, ауыр шайқастарда ерлік көрсеткенін кеңірек біліп отыр.

Қырық үшінші жылдың қаңтарында әскер қатарына шақырылған ол Түрікменстан арқылы Кавказ жеріне барып бір тоқтайды. Осында Баку мен Тбилиси қалаларында әскери даярлықтан өтеді. Содан кейін Белоруссия жерінде майданға кіреді. Минскіні зұлым жаудан азат етеді. Маршал Константин Рокоссовский басқарған майданда неміс басқыншыларына қарсы шешуші соққы жасаған ұрыстарға қатысады.

Ержүрек жауынгер Польшаны жаудан азат ету тобында болады. Ұлы Жеңісті Эльба өзенінің жағасында тұрып қарсы алады.

Ол елге оралған соң Зәкила Мұқанбетсадыққызымен шаңырақ көтеріп, Сәндібай, Гүлнар, Нұрлы бастаған ұрпақтарының қызығын көріп, олардан немерелер сүйді, бүгінде шөберелерінің өзі аталарының есімін мақтан тұта бастады.

Омар атаның көптеген жауынгерлік марапаттары бар. Ол — «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің кавалері, сондай-ақ көптеген жауынгерлік медальдары және сақтаулы.

Биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдығында ұрпақтары аталарын еске алып, аруаққа дұға бағыштады.

 Жеңіс ТӨЛЕУОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button