«Ұлтымды ұятқа қалдырмадым»
«Ұлтымды ұятқа қалдырмадым»
ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айзада Нәубетиярованың өзіміздің жерлесіміз екенін ақтөбеліктердің бірі білсе, бірі білмес. Қарабұтақтан шыққан қаршадай қазақ қызы кезінде Мәскеудің әлемге әйгілі дәрігер ғалымдарын таң қалдырып, туберкулезді емдеудің тиімді тәсілдерін ойлап тапқан адам. Ақырында Қазақстанда осы сырқаттан емдеу үшін бақылаулы химиотерапияны енгізуге негіз болған кандидаттық диссертациясын қорғаған. Профессор А.Нәубетиярованың жетекшілігімен елімізде 8 кандидаттық диссертация қорғалды. 200-ден астам клиникалық ординаторлар даярланды, ғалымның 2 монографиясы, көптеген ғылыми-әдістемелік еңбектері жарық көрді. Саналы ғұмырын кәсіби шеберлігін шыңдауға, ғылыми ізденістерге, халыққа қалтқысыз қызмет етуге арнаған Айзада Нәубетиярқызының өмірі кім-кімнің де қызығушылығын тудырары сөзсіз.
— Айзада апа, Әйтеке би ауданының азаматтары дана жасыңызды тойлаймыз деп туған жеріңізге шақырған екен. Ақтөбе жеріне қош келіпсіз, көңіл күйіңіз қалай?
— Жыл аралатып туған жерге келіп, ата-бабаларымыздың басына барып, туған-туыстарымды аралап тұрамын. Ақтөбедегі фтизиатрлардың Алматыға барып білімін жетілдіруге мүмкіндіктері аздығын ескеріп, мені осында шақырып тұрады, сонда келіп, өз салам бойынша дәрістер оқимын.
Бұл жолғы келісімнің жөні бөлек. Есімхан інімізге, Зоя сіңліме рақмет, елге шақырып, халықпен жүздестіріп, мерейтойымды өткізіп, құрметтеп жатыр. Әріптестерім Жарылқасынға, Жақсылыққа және Ақансері, Қаржаубай інілеріме де ризамын. Алтын бесік туған жердің орны бөлек, баяғы бала күніммен қауышқандай, сағынған ел-жұртыма еркелеп, марқайып қалдым.
— Сіздің өмір жолыңызбен ауыл-аймақтың, кейінгі ұрпақтың жақынырақ танысқаны жөн сияқты, өз аузыңыздан толығырақ мәлімет берсеңіз жақсы болар еді.
— Қарабұтақта туғанмен, балалық шағымыз Новоресей ауданында өтті. Қазіргі Хромтау ауданы, Ақжар ауылы. Сол ауылдан жоғары оқу орнына түсемін деп талпынған алғашқы бала мен екенмін. Өскен ауылымызда түрлі ұлттың өкілдері тұрды, орыс мектебінде оқыдым. Дәрігер болуды жасымнан армандадым. Өйткені біздің балалық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келді, жараланған солдаттарға көмек көрсетіп жатқан санитаркалардың ерлігі бізге үлгі болды. Сол арманмен 1949 жылы мектепті бітіріп, Алматыға оқуға жиналған біраз бала Ақтөбе вокзалында жолықтық. Пойызға билет жоқ, оқудың мерзімі өтіп кететін түрі бар, не істерімізді білмей дал болдық. Содан өзіміз құралыптас жеті баланың атынан Мәскеуге, КСРО-ның темір жолын басқарып отырған Кагановичтің атына жеделхат жолдадық. Оған: «Қазақтың балаларының оқып, жоғары білім алғысы келеді. Алматыға барайық десек, билет жоқ» деген мағынада сөздер жаздық. Сол жеделхаттың арқасында Орал пойызынан броньмен 7 орынды бізге дайындап жіберді, сөйтіп жолға шықтық. Алматы мемлекеттік институының емдеу факультетіне құжат тапсырып, емтихандардан қиналмай өтіп, оқуға түсіп кеттім. Институтты үздік бітірдім, ұстаздарым аспирантураға қалғанымды қалады. Тың игеру жылдарының дүркіреп тұрған кезі, елге барып қызмет жасауды жөн көрдім. Әуелі Қосестекте терапевт дәрігер болып жұмыс істедім, ол кезде дәрігер мамандар жетіспейді, алдыңа қандай сырқатпен келсе де адамдарды қабылдай бересің. Өкпесі ауыратын адамдар «ауа жетпей барады» деп қиналады, оларға арнаулы аппаратпен демалуға көмектесесің. Өзімнің аяғым ауыр, оған қарап жатқан мен жоқ, ауру жұғады-ау деген қауіп те ойламаймын. Осылайша ауруларға көмектесе жүріп, өзіміз де көп нәрсені үйрендік. Одан Хромтауда аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігер болып қызмет жасадым. Сонымен қатар әрі терапевт, әрі рентгенолог міндетін қоса атқардым. Алатынымыз шамалы жалақы. Оған қарап жатқан біз жоқ, сырқаттарды емдеуді парызымыз деп білдік. Медициналық-санитарлық бөлім жанынан 25 адамдық туберкулез бөлімшесін аштым. Күні-түні дамыл жоқ, ең аяғы сот-медициналық сараптамаға дейін жасаймын. Сегіз жылдың зулап қалай өте шыққанын да білмей қалдым. Осы жылдар ішінде мамандығым бойынша ең болмағанда бір рет білімімді жетілдіруге мүмкіндік болмапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына барып, осы ойымды айттым. Тап сол кезде Мәскеуге балалар фтизиатриясы бойынша төрт айлық курсқа шақыру келіп тұр екен, соған баруға ұсыныс жасады. Әрине, менің мамандығыма сәйкес емес, терапевтпін ғой, алайда бұл салаға да төселіп қалғанмын. Мәскеуге кеттім, онда барсам, Алматыда бірге оқыған курстастарым аспирантурада оқып жүр екен. Олар маған: «Айзада, сен институтта жақсы оқып едің ғой, неге аспирантураға түспейсің?» — дейді. Тарихта бірінші рет профессор Рабухин сол жылы аспирантурадан қазақ балаларына екі орын берген екен. Соған тапсыратын болып келістім. Оқуға түсу үшін мінездеме керек. Ақтөбеге келсем: «Біз сені жібере алмаймыз, сені Жоғары Кеңеске депутаттыққа даярлап отырмыз», — дейді. Әйтеуір түрлі кедергілерден өтіп, аспирантураға қабылдандым. Сонда үш жыл оқығанда қазақтың атын ұятқа қалдырған жоқпын, жақсы оқыдым. Сегіз жылда жинақтаған тәжірибем, медицинаның әр саласынан хабардарлығым қатты көмектесті. Ұстазым Рабухиннің жетекшілігмен алғашқы ғылыми жұмысымды жүргіздім. Туберкулез сырқатын емдеудің тиімді әдістеріне байланысты кандидаттық диссертациямды қорғадым. 1966 жылы Алматыға келіп, Қазақтың ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, терапия бөлімінің меңгерушісі, осы оқу орны директорының ғылыми-техникалық жұмыс жөніндегі орынбасарына дейінгі қызметтерден өттім. 1976 жылы профессор Благодарныйдың жетекшілігімен «Өгіздік типті микробактериясынан пайда болған өкпе туберкулезі» деген тақырыпта докторлық диссертациямды қорғадым. Мал дәрігерлерімен бірлесе отырып, ірі қара мал арасындағы туберкулез ауруларымен күресуді қолға алдық. Осы жұмысыма байланысты республикада туберкулез малдарды емдейтін мал шаруашылықтарын құру жөнінде Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Осының арқасында туберкулез ауруы малдардың да, адамдардың да арасында азайды.
— Фтизиатрия саласы бойынша мамандар даярлауға да үлкен үлес қостыңыз, ұстаздық қызметңіз жайында айтсаңыз.
— Педагогикалық жұмысымды 1982 жылдан бастадым, әлі күнге жалғастырып келемін. Алматы мемлекеттік білім жетілдіру институтында курс меңгерушісі, балалар фтизиатриясы кафедрасының меңгерушісі болдым. Қазір сонда фтизиатрия каферасындамын. Дәрігерлер қауымында зейнет жасы деген шекара болмайды, олардың жасы ұлғайып, тәжірибесі молайған сайын қадірі арта береді. Жыл сайын облыстарға жолсапарға шығып, көшпелі отырыстар өткізіп, туберкулезді емдеудің жедел әрі кешенді әдістері туралы дәрістер оқимын.
— Кейінгі буын дәрігерлерге, жастарға қатысты не дейсіз? Жалпы, қазіргі медицина, ондағы жасалып жатқан реформалар туралы көзқарасыңызды білдірсеңіз.
— Қазіргі студенттер де, дәрігерлер де өз ісіне жауапкершілікпен қарап, білімін жетілдіріп отыру жағына келгенде шабандау. Мен ассистенттеріме: «Кітапханаға барсын, оқысын, талап етіңдер» деп ескертіп отырамын. Шет тілдегі әдебиеттерді оқулары керек. Түпнұсқадан оқи алатындай сауат болғаны дұрыс. Дәрігердің қолында – адам өмірі. Оған немқұрайды қарауға болмайды.
Денсаулық саласындағы реформаларға әріптестерім әртүрлі қарайды, мен де солай. Мен халыққа көрсетілетін тегін медициналық көмекті жөн санаймын. Әлгінде аудандық аурухананың бас дәрігерінен: «Сырқаттарды емдеу тегін бе?» деп сұрап жатқаным содан. Квота мәселесіне де көңілім толмайды. Оны алу үшін дәрігер басыммен өзім қанша есікті тоздырдым, қарапайым халықтың жағдайы қалай болмақ?
— Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.
— Отбасында бақыттымын деп айта аламын. Ұлым Руслан өзіммен бірге келді, жақсы азамат болып өсті, ол — биология ғылымдарының кандидаты. Тимур, Лаула атты немерелерім бар, бір шөберем бар. Немерелерім қазақ мектебін бітірді, біздің олқымызды толтырды.
Өзіммен бірге туған апа-сіңлілерім, інім бар. Ақлепесті білесіздер, сіңлім Марал да бізбен бірге келді. Біз ата-анадан бесеуміз, отбасында өте тату өскенбіз, қазірге дейін бір-біріміздің отбасыларымызбен жақын араласып тұрамыз.
— Тахауи Ахтановпен бір үйде өсіпсіз. Сол туралы айтыңызшы.
— Тахауи менің әкем Нәубетиярдың туған қарындасы Дәйілханнан туған, бізге туған жиен. Сонау ашаршылық жылдары тұсында апамыз балаларымен төркініне келген. Жездеміз ауырып қайтыс болған. Содан біз Тахауимен бір үйде туған бауырдай бірге өстік. Тахауиға бір нағашысының атын қойған. Әлі есімде, бала кезімізде ол Пушкин, мен Дантес болып сайысамыз, ол өтірік өлген болып қардың үстіне құлай кетеді. Новоресейде ол қазақ мектебінде оқыды, соны бітіріп, Алматыға оқуға кетті. ҚазПИ-дің бірінші курсын бітірген жылы соғыс басталды. Алматыға оқуына барған соң, «Соғысқа кетіп бара жатырмын, Ақтөбеден күтіңдер» деген хабар келді. Апам үйде болмай қалды ма, әйтеуір, біз шешем екеуміз вокзалға үш күн барып жүріп, ақыры жолықтық. Анадайдан бізді көріп атымызды атап, жүгіріп келеді екен. Пойыз үш сағат тұрды. Шешем үйден алып шыққан таба нанын, тамақтарын беріп отырып, ұзақ әңгімелесті. «Үйден дәм татып кетсе, аман қайтады» деген ырым айтты шешем. Новоресейде тұрғанда 1937 жылдары репрессияға ұшырап айдалып бара жатқандардың талайы біздің үйден дәм татты, талайы қайтып келді деп отыратын. Соғысқа бастан-аяқ қатысып, Тахаң аман-есен елге келді, атақты жазушы болды. Тахауи өзі ешкімге басын иіп жалынбайтын, өте адал адам болды. Мәскеуде оқып жүргенімде түрлі шараларға келеді. Менен: «Ғылыми мақалаларыңды орталықтан шығатын журналдарға басқызуға көмектесейін бе?» дейді, мен «Қажеті жоқ, өзім шығарып жатырмын» деймін. «Біздің Айзада мықты, ешкімге салмақ салмайды, бәрі өзінің қолынан келеді», деп соны мақтаныш қылып айтып отырады.
Алматыда аралас-құралас болдық. Өте сауатты адам ғой, саясатты да жақсы түсінеді. «Қазақтың жерін түртіп қалсаң, тұнған байлық қой, ұрлауға да, жырлауға да жетеді. Бұл елдің азаматтары ұрпақ болашағын неге ойламайды?» деп кейіп отыратын. Мен ойын бүкпей, ашық айтатын Тахаңды кейде: «37-жыл болса, босқа кетесің ғой» деп сақтандырып қоятынмын. Тахауи қазақтың маңдайына біткен мықты тұлға ғой. Тахаң туралы көзі кеткеннен кейін әртүрлі әңгімелер айтылды. Соған жауап ретінде Нағима апам «Шырағы сөнбеген» деген кітап жазды. Сонда Тахаң туралы жан-жақты баяндалған.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.




