Бауыржан
«Ақтөбе» газетінің арнайы қосымшасы
Биыл даңқты батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Осы датаға байланысты жақында Баукеңнің туған жері Жамбыл облысында ұлан-асыр той өтті. Оған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, Елбасының құттықтау хатын оқыды.
Қазақ үшін Батыр Бауыржанның, қазақ әскери әдебиетінің негізін қалаушы жазушы Бауыржанның орны бөлек. Талай қиян-кескі шайқаста дұрыс стратегиялық шешім қабылдап, жеңіске жетумен қатар қарамағындағы жауынгерлердің денін аман алып шыққан Баукең әдебиетте де жаттандылыққа барған жоқ. Ал оның қолбасшы ретіндегі шешімдері мен пайымдары шет елдерде ғылыми айналымға еніп үлгеріпті.
Біз бүгін батырға арналған арнаулы қосымшамызда республикалық басылымдарда жарияланған дүниелерді іріктеп ұсынып отырмыз.
Ер және Елбасы
Кеше киелі Тараз төрінде қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойы басталды.
Халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батырлар аз болған жоқ. Бірақ солардың бәрінен Бауыржанның орны да өзгеше, атағы да айрықша, тұғыры да биік. Себебі, Бауыржан қатысқан екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихына әлемнің 70-тен астам елі қатысқан ең алапат соғыс болып енді. Ол батылдық пен батырлықтың ғана емес, әскери өнер, соғыс тактикасы, ақыл-ой мен білім-біліктің арпалысқан, бес құрлық пен төрт мұхитта адамзат жан алысып, жан беріскен, жер жаһанды қамтыған ғаламат соғыс болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс тарих сахнасына жаңа тұрпаттағы қолбасшыларды шығарды.
Қаһарлы 41-жылдың қысында Кеңес Одағының астанасы — Мәскеу қаласына жау танкілері қол созым жер қалған сәтте бүкіл дүние жүзінің назары әйгілі шаһарға ауды. Міне, осы кезде қазақтың құрыштай берік ұланы қайтпас қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Сол кездің өзінде-ақ оның есімі құрлықтың алтыдан бірін қамтыған алып империяның шекарасынан асып, дүние жүзін шарлап кетті. Орыстың қабырғалы қаламгері А.Бектің “Волокалам тас жолы”, А.Кривицкийдің “Москва түбіндегі тосқауылынан” бастап даңқты қолбасшы-генералдар К.Галицкий, И.Чистяковтардың өзі қаһарман қазақтың ерлігі туралы тамсана, таңғала жазды. Бұл шығармалар, әсіресе, А.Бектің романы әлемнің алуан тілдеріне аударылып, мұхиттың арғы-бергі жағына Б.Момышұлының құрыштай берік құдіретті тұлғасы аңыз болып жайылды. Ол тіпті Куба көсемі Ф.Кастроның сүйікті кейіпкеріне айналды.
Жаһандық соғысқа қатысқан жауынгерлер мен қолбасшылар еңбегі Кеңес Одағы тарапынан кем бағаланған жоқ. Олардың алды бір, екі, үш, тіпті төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Өкінішке орай, бұл қатарда Бауыржан Момышұлы болған жоқ.
Жалғыз Бауыржан емес, Рейхстагқа бірінші болып жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев пен жаужүрек партизан Қасым Қайсеновтің ерлігі де еленген жоқ.
Халық әлдеқашан Батырлардың батыры деп таныған қазақ ерлерінің ерлігіне лайықты бағаны ақырып сұрайтын билік басындағылардың сөзі күңкіл-шүңкіл, қыбыр-сыбырдан аса алмады. Ұлы Жеңіске тұп-тура 35 жыл толғанда Ғ.Мүсірепов бастаған қазақтың бетке ұстар азаматтары – екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаев, Социалистік Еңбек Ерлері Ұлбала Алтайбаева, Зеркүл Күзербекова, тағы да басқалар Кеңес Одағының басшысы Леонид Брежневке қазақтың қос батыры Бауыржан мен Рақымжанның жоғын жоқтап, хат жолдайды.
Қашанда ақиқатты ту етіп көтерген майдангер жазушымыз Әзілхан Нұршайықов ағамыздың айтуынша, бұл хат Ғ.Мүсірепов арқылы Қазақстанның сол кездегі басшысы Д.Қонаевқа жеткізіледі. Димаш ағамыз “Мен қол қойсам, ресми болып кетеді. Өздерің-ақ жібере салғандарың жөн”, – деп шығарып салады. Апыр-ау, ерлерінің кеткен есесін ел басшысы ресми түрде сұрамағанда кім сұрауға тиіс?!. Өкінішке орай, Қазақстан коммунистерінің көсемі дәл сол жолы да, одан кейін де сан мәрте сәті түскен орайлы сәттерде мұндай батылдыққа бара алмайды.
Осылайша аяулы Баукең көзі тірісінде Кеңес Одағы Батырының Алтын жұлдызын кеудесіне жарқырата таға алмай дүниеден өтті. Заман алмасты, басшылар ауысты. Ел тілегі қабыл болып, 1989 жылдың маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің тізгінін әлі елуге де толмаған Нұрсұлтан Назарбаев ұстады.
Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ халқына сіңірген мың сан ерлігін реті келгенде әлі талай жазармыз, бірақ соның біреуін дәл бүгін айтпасақ, ақиқат сөздің атасы өлетіні анық.
Ол былай болған еді.
Сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачевке Қазақстанның жас басшысы Бауыржан Момышұлына қырық бес жыл бойғы жасалған әділетсіздікті ашына жеткізеді. Ол әлдеқашан көмескі тартқан ескі тарихты қайта тірілтпеуді, егер Б.Момышұлына Батыр атағы берілсе өзге республикалардан мұндай өтініштердің қарша борайтынын айтып, келісім бермейді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Менің халқым – мың өліп, мың тірілген халық. Әлі де кездесер қиындықтың кез келгенін жеңетініне сенімім кәміл. Ал арқамызға қырық бес жыл аяздай батқан дәл мына әділетсіздікке былай төзу мүмкін емес. Бауыржандай ұлтына ұран болған ұлды тудырған менің халқым ер намысын жоғары қойған. Ендеше, Бауыржандай ердің намысы мен үшін бәрінен биік, – деп табандылық танытады. М.Горбачев бұл өтінішке келесі Жеңіс күніне қарай қайта оралу жөнінде қайыра ұсыныс жасайды. Келер Жеңіс күніне дейін қызыл империя тағдыры қалай болатынын жобалаған, қашанда қиядағыны көріп, қияндағыны болжай алатын Қазақстанның кемеңгер басшысы: “Мен елге Жарлықпен қайтуға тас-түйін дайындықпен келдім”, – деп қайсар мінез танытады. Міне, осылайша, 1990 жылдың 12 желтоқсанында қазақтың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді дана халқымыз. Нұрсұлтан Әбішұлының шуақты нұр мен шұғылалы сырға толы осы бір ел жоғын, ел намысын іздеген ерлікке парапар еңбегін дәл бүгін ел есіне салғанды жөн көрдім.
Әділетті басшы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1995 жылы Қасым Қайсеновке, ал 1999 жылы Рақымжан Қошқарбаевқа “Халық Қаһарманы” атағын беріп, бар қазақтың жүрегіне нұр шуағын төкті.
Ел тәуелсіздігінің он тоғыз жылында әлемнің әр түкпірін шарлап, халқының жоғын, елінің намысын іздеп, ақырып теңдік сұраған арыстан жүрек азамат Елбасымызға Батырдың ғасырлық тойында “Әрдайым нұрыңыз тасысын, Нұр-аға” деген тілек айтамыз.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД.
***
Бауыржан туралы сөз
Қазақ – сөз қадірін бөлекше бағалаған халық. Қандай жиынның да ажарын ашатын, бәсін асыратын сөзді биік қойып, оны айтқан адамды ардақ тұтып жатады. Сондай сөздің бірі өткен жұма күні, Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Баукең жайында “Аңыз бен ақиқат” сынды атақты кітап жазған, Бауыржан даңқын еселеуге өз үлесін қосқан көрнекті қаламгеріміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың сол жиында сөйлеген сөзін оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.
Қымбатты достар! Бәріңізге бас иемін.
Кешегі Ұлы Отан соғысында 786 күн майданның алғы шебінде болып, зеңбірекпен фашистерді аянбай атқылап, сол сұрапыл соғыстан аман қалып, бүгін 88-ге келіп, селкілдеп отырған шағымда мынау мәртебелі мінбеден сіздердің жарқын жүздеріңізді, күлімдеген көздеріңізді көріп тұрғаныма қуаныштымын, бақыттымын, баймын, бауырларым, туыстарым!
Неге мен сіздерді “туыстарым” деп тұрмын?
Менің туған жерім: Шығыс жақ – Абай елі. Бірақ Жамбыл облысын туған жерімдей жақсы көремін. Оның екі түрлі себебі бар. Біріншісі – 1943 жылы майдандағы 100-қазақ атқыштар бригадасы жауынгерлерінің атынан Қазақстандағы Жамбыл атамызға ұзақ өлеңмен хат жаздым, “Атамыз Жамбыл ақынға” деген. Жәкең “Жүз жасаған жүректен” деген ұзақ өлеңмен бізге жауап қайырды, батасын берді. Сол батаның қуатымен мен күні бүгінге дейін жер басып жүрмін. Сол үшін!
Екінші себебі – мен Жамбыл елінің ұлы азаматы, батыр Бауыржанның іні-досы болдым. Сырластым, сыйластым. Баукеңді кейбіреулер: “үйтті”, “бүйтті” деп жамандап газетке жазып, күстаналап жүрген кезде, бір адам араша түспеген уақытта мен оның адамгершілігін, азаматтығын, батырлығын бүкіл қазақ халқына паш етіп, роман жаздым. Міне, осы екі оқиға өзімді Жамбыл облысының адамдарымен туыстырады деп ойлаймын. Біраздан кейін, кемеңгер Баукеңді көргендерді көруге де зар боларсыздар.
Бүгін таңертең сағат 7-де серуенге шығып, қала араладым. Бәйдібек, Дулати ескерткіштерін көрдім. 100-атқыштар бригадасының атақты снайпері, мергендік винтовкадан 300-дей фашисті жайратқан дос-ағам Ыбырайым Сүлейменов көшесімен жүрдім. Ол ағам туралы “Кеден түбінде” деген повесть жазғанмын. Содан кейін Баукең ағамның көшесін іздедім. Таба алмадым. Біреулерден сұрастырып едім: “Бауыржан көшесі қаланың шетінде, бір кішкентай орам ғана (переулок) шолақ байталдың құйрығындай” деді. Мен өкініп қалдым. Облыс, қала әкімдіктері Бауыржан Момышұлы көшесін орталыққа шығарсашы деп ойладым.
Енді нақты әңгімеге көшейін.
Бұл – қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми конференция. Мен ғалым емеспін. Сондықтан сіздер менен ауыз тұшырлық ғылыми баяндама дәметіп, нәумез болып қалмаңыздар. Менікі жай бір-екі ауыз сөз ғана. Сонымен бірге мен Бауыржанды зерттеуші де емеспін. Баукең туралы бір ғана “Ақиқат пен аңыз” деген кітап жазған қарапайым кісімін.
Баукең туралы бір емес, 100 кітап жазуға болады. Жазылып та жатыр. Жазыла да береді.
Ол 100 автордың әрқайсысы әлі жеткенше Баукең бойындағы асыл қасиеттерді өз түсінігінше толғайды.
Мен өз кітабымда Баукең бойындағы отаншылдықты (патриотизм), Отан үшін жан аямаған ерлікті, қанына сіңген кейбір ұлттық қасиеттерді көрсетуге тырыстым.
Әрине, оның бәрін толық түгендеп көрсете алдым деп айта алмаймын. Баукеңнің бойындағы толып жатқан қадірлі қасиеттер кітаптан тыс қалып қойды.
Баукеңнің бойында қандай қасиеттер бар еді?
Баукең ең алдымен АҚЬІН болатын. Соғыста жүргенде де көп өлеңдер жазды. Мәселен, “Серігім”, “Жазушыға”, “Қалыбек аға”, “Біреулерге”, “Омарбекке”, “Жардың мұңы”, “Ғ-ға”, “Ана тілін ардақта”, “Достыма”, “Толғау”, тағы басқа.
1944 жылы 15 ақпанда жазған “Ана тілін ардақта” деген өлеңінде былай дейді:
Көшеде бояу ерін сылқылдаған,
Былдырлап, орысшалап жырқылдаған.
Ұмытып ана тілін, салт-санасын,
Не қалды тілімізден жыртылмаған.
Отбасы түсініксіз жатқан былдыр,
Газетте қазақ сөзі аз, шылдыр-мылдыр.
Оқысаң алып кітап шым-шытырық,
Опырмау, сандырақ па, бұл не былжыр.
Ержеткендер сөйлейді орысшалап,
Кім отыр сөз құрылысын қынап-сынап.
“Мамасы” мен “папасы” шүршіт болып,
Күйдірді-ау, шүршітшілеп, бала жылап.
Бұл – Баукеңнің бұдан 66 жыл бұрын жазған өлеңі. Жарты ғасырдан асса да ескірген жоқ. Сол мағыналы, маңызды қалпында. Баукең бұдан 65 жыл бұрын көтерген ана тілінің мәртебесі туралы мәселе енді ғана қолға алынып, ұлттық үлкен өзекті мәселеге айналып отыр.
Одан кейін Баукең ЖАЗУШЫ атанды. “Москва үшін шайқас” атты ғажап психологиялық әскери романның авторы болды. “Ұшқан ұя” деген этнографиялық роман жазды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Басқа да толып жатқан әскери эсселердің, әңгімелердің авторы. Бұдан кейін Баукеңді әскери ТАРИХШЫ деп атауға да болады. Оның үстіне Баукеңді ФОЛЬКЛОР БІЛГІРІ деп және атау орынды. Фольклор білгірі болғандықтан, ол өзінің тамаша мақал-мәтелдерін шығарды.
Ең соңында Баукең ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ ӘДЕБИЕТІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ болды. Мемлекет болғаннан кейін әскери әдебиет керек. Әскери әдебиет – патриотизмнің мәйегі.
Баукеңнің бұл қасиеттерінің бәрін тәптіштеп жеткізу үшін бір кітап жазған жазушы ғана емес, нағыз кәнігі БАУЫРЖАНТАНУШЫ болу керек.
Бауыржановедтеріміз бар. Біріншісі – аса құрметті профессор Мекемтас Мырзахметов бауырымыз. Ол қазір Баукеңнің 30 томын жинақтап жарыққа шығарып отыр. Қалған он томын және жарияламақ. Осы 30 томды ойдағыдай етіп шығарып берген “Өнер” баспасының (директоры Әшірбек Көпішев мырза) қызметкерлеріне де зор алғыс айтуымыз абзал.
Қазір елімізде Бауыржан аттас адамдар көп.
Баукең менімен бір әңгімесінде: “Қазір Қазақстанда 10-11 мыңдай Бауыржан бар екен деп естідім”, — деген еді. Ол бұдан 35 жыл бұрын болатын. Қазір шәкірт те, ұстаз да – Бауыржан, сайлаушы да, депутат та – Бауыржан, солдат та, полковник те – Бауыржан. Премьер-Министрдің бір орынбасарының аты да Бауыржан болды. Аспандағы ұшқыш та, жердегі таксист те – Бауыржан. Жерде де, көкте де – Бауыржан. Орыста Иван есімі қандай көп болса, қазақта Бауыржан есімі де сондай шығар деймін.
Бұл – Бауыржан аты ешқашан да өшпейді. Ол қазақ халқымен мәңгі бірге өмір сүреді деген сөз.
Баукең өмірден өткен 28 жыл бойына оған арналған өлеңдер, естеліктер, эсселер, мақалалар үздіксіз жазылып, жарияланып келеді. Баукең туралы бірнеше фильм шықты. (Мәжит Бегалин, Владимир Татенко, Тұрар Дүйсебаев, Халила Омаров, т.б.) Баукең шығармалары бойынша кандидаттық, докторлық, диссертациялар қорғалып жатыр. Радио күн сайын жақ жаппай Баукеңнің атын атайды. Өзгелердің кейбірінің ғана мүшел жасқа толған күндерінде (70, 80, 90, 100) бір-бір мақала беріледі. Онда да артында қалған жоқтаушысы (пысық әйелі, өжет ұлдары) болса ғана. Содан кейін сап басылады да қалады. Ал Баукеңнің жоқтаушысы – халық.
Өткен 28 жылды айтпағанда, Баукеңнің биылғы 100 жылдығы қарсаңында аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда, көптеген бейресми газеттерде оған арнап басылған мақалалардың саны 500-600-ден аспаса кем емес деп ойлаймын. Тіпті 1000-ға жуықтауы да мүмкін. Сондықтан да тілімізде “Бауыржаниада” деген жаңа термин қалыптасты.
Міне, нағыз ұлылық деген осы болар! Нағыз феномен деген осы шығар!
Әкенің ұлы, рудың ұлы, ұлттың ұлы дейтін азаматтар болады. Әкенің ұлы көп, рудың ұлы бірсыпыра, ал ұлттың ұлы дәрежесіне жететіндер аз болады. Сол аздың бірі – Баукең!
Өлгендердің бәрі ұмытылады. Шебер де, шенеунік те, бай да, батыр да, шешен де, көсем де ұмытылады. “Өлсе” де өлмейтіндер аз. Солардың бірегейі – Баукең! Қалалардағы тас мүсін Бауыржандар, көшелердегі қола мүсін Бауыржандар, музейлердегі гипс – Бауыржандар, кітапханалардағы кітап – Бауыржандар, жеке үйлердегі портрет – Бауыржандар оны әрқашан ел есіне түсіріп тұрады. Бауыржанның патриоттық рухы қазақ даласын тынбастан кезіп жүретін болады. Қазір де кезіп жүр.
ІІ
Биыл Баукеңнің өмірден өткеніне 28 жыл. Сол бір қаралы күн әлі күнге дейін менің есімде. Рақымжан Қошқарбаев маған телефон соғып, Баукеңнің қайтыс болғанын хабарлады.
– Қазір Совмин ауруханасының мәйітханасына келіңіз. Баукеңнің денесін үйіне алып барамыз. Қасыңызға бір-екі адам ерте келіңіз, – деді.
Мен ересек екі ұлым Арнұр мен Жаннұрды ертіп, мәйітханаға келдім. Рақымжан мәшине әкеліп, күтіп тұр екен. Рақымжан, мен және менің екі балам төртеуміз Баукеңді мәйітханадан алып шығып, Карл Маркс пен Гоголь көшелерінің қиылысындағы, Панфиловшылар паркімен іргелес, үлкен моншаның қасындағы үйіне алып келдік.
Жазушылар одағында комиссия құрылды. Оған мен де шақырылдым, Рақымжан екеуміз де болдық. Қаралы комиссияның төрағасы болып атақты ақын, Бауыржанның бала досы Әбділда Тәжібаев бекітілді.
Баукеңді жөнелту шаралары белгіленді. Д.Ф.Снегин екеумізге Баукең қабірінің басында сөз сөйлеу ұсынылды.
Мен бас тарттым.
– Баукеңді өлді деп айтуға аузым бармайды, – дедім. Менің орныма Тахауи Ахтанов сөйлейтін болды.
Ертеңінде Баукеңнің денесі Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрынан шығарылды. Қоштасуға келген адамдарда қисап болған жоқ. Көп адам театр сыртындағы алаңды кернеп тұрды.
Баукеңнің табыты тұғырдан алынып, есікке қарай әкетіле берген кезде қатты жылаған дауыс шықты. Баукеңнің келіні Зейнеп табыт төмен түсіріліп, сыртқы есіктен шыққанша аяулы атасын жоқтап дауыс айтты. Зейнептің дауысы жиналған жұртты қатты тебірентті.
Батырдың денесі салынған табыт театрдан шыққанда күн бұлттанып, аспан тұнжырап тұрды. Қаралы катафалкке ілесіп, Кеңсай зиратына қарай бет қойдық.
Рақымжан екеуміз Рақымжанның мәшинесіне мінген едік. Алда Рақымжанның әйелі мен жүргізуші, артқы салонға Рақымжан екеуміз жайғастық. Мәшине қозғала бергенде Рақымжан мені құшақтап, еңіреп жылады.
– Кең дүниеге сыймаған арысымызды тар табытқа қалай жатқыздық, қара жерге қалай қиямыз? – деп өксіді.
Мәшине ішінде құшақтасқан екеуміз де еңіреп келеміз. Бізге алда отырған Рақымжанның әйелі басу айтты.
Зират басында алдымен Д.Ф.Снегин, артынан Тахауи қаралы сөз сөйледі. Екеуінің де сөзі жан тебірентер жақсы болып шықты.
Табыт қабірге түсірілерде оркестрмен ілесе арнайы барған әскери взвод автоматтан үш дүркін оқ атып, салют берді.
Бір ғажабы – жердегі салюттен кейін аспанда күн күркіреді. Себезгілеп жауын жауды. Жердегі адамдармен қосыла аспан да жылап тұрған сияқтанды.
Осыдан 28 жыл бұрын Баукең өмірден осылай аттанған еді.
Баукеңнің өмірбаянын барша қазақ халқы, бүкіл дүние жүзі біледі. Оларды қайталап жатудың қажеті жоқ.
Мен бүгін, Баукеңнің 100 жылдық тойы күні Бауыржан Момышұлының әскери даналығын, адами парасатын танып, ерекше бағалаған 6-7 адамның аттарын атағым келеді. Олар: генерал Панфилов, полковник Серебряков, генерал Чистяков, армия генералы Рокоссовский, маршалдар Баграмян, Жуков, Василевский еді. Панфилов Баукеңді туған баласынан артық көрді. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды. Полковник Серебряков та Баукеңді Батыр атағына екінші рет ұсынды. Әртүрлі әділетсіздік себептермен Баукеңе Батыр атағы берілмеді.
Чистяков Рокоссовскийге өтініш айтып, Баукеңді полк командирі етті. Екеуі де Баукеңді ерекше бағалады. Маршал Баграмян Баукеңнің ерліктеріне, біліміне бас иіп, қос маршал Жуков пен Василевскийдің алдына ертіп барды. Қос маршалдың алдында Баукең олардың тактикалық, стратегиялық қиын сұрақтарына мүдірместен жауап берді. Олар Баукеңнің біліміне қатты сүйсінді. Сүйсінгендіктен де Жуков:
– Сен нағыз азамат екенсің! – деп Баукеңді әзілдеп арқасынан түйіп қалды.
Қос маршал қолма-қол Баукеңді 9-шы гвардиялық дивизияның командирі етіп тағайындады.
Бұл Ұлы Отан соғысының соңғы айлары еді.
Баукең генерал бола алатын ба еді? Бола алатын еді. Генерал тұрғай маршалға жетуге де лайық еді. Болдырмаған кім? Не? Шовинистік бюрократизм.
Соғыстан кейін Баукең әскери академияны үздік бітірді. Академияны үздік бітіргендер корпус немесе дивизия командирі болып тағайындалуы тиіс еді. Генерал атағына ие болатын еді. Бірақ Кеңес Армиясы кадрлар басқармасының бастығы шовинист генерал Ф.И.Голиков Баукеңді бригада командирінің орынбасары қызметіне жіберді. Ол қайдағы бір қазақ полковнигінің Александр Бектің шығармасы арқылы бүкіл дүние жүзіне аты шыққанын көре алмады. Баукеңнің академияны үздік оқып бітіргенін және ұнатпады. Мен сені төменгі қызметке жіберіп, көзіңе көк шыбын үймелетейін деп ойлады. Бұл Баукеңді қорлау еді. Бірақ Баукең сол қорлық қызметті абыроймен атқарып, артынан Калинин қаласындағы (қазіргі Тверь) “Тыл және жабдықтау” академиясына ординарный профессор қызметіне жіберілді.
Сол кезде Баукеңнен лекция тыңдаған капитан Иван Макарович Голушко кейін генерал-полковник дәрежесіне жетті. Өзінің өзгеше ұстазы Бауыржан Момышұлына “Солдаты тыла” деген естелік кітабында өте жоғары баға берді. Шәкірті генерал-полковник болғанда, ұстазы маршал бола алмайтын ба еді? Бола алатын еді. Баграмян сияқты. Бірақ Баукеңнің генерал немесе маршал болуына ең күшті екі деталь жетпей қалды: ЖАҒЫНУ мен ТАБЫНУ деген.
Бауыржан Момышұлының атағын Кеңес Одағына танытқан Александр Кривицкий болды. Ол “Красная звезда” газетіне батальон командирі “Момышұлының көк дәптері” деген үлкен мақала жариялады. Бауыржан есімі Кеңес Одағына ең алдымен осылай тарады. Ол мақаланы оқығаннан кейін Александр Бек Бауыржанды Холмда тұрған жерінде іздеп барып, “Волоколамск тас жолы” деген атақты кітабын жазды. Ол кітап бүкіл дүние жүзіне тарап, Баукең есімі барша әлемге аян болды. Ал Баукеңді бүкіл қазақ халқына кеңінен танытқан “Ақиқат пен аңыз” деген роман-диалог деседі. Мұны мен емес, бүкіл жұрт айтады. Бұл кітап қазақ, орыс, украин, чех және басқа тілдерде 1 миллионға жуық тиражбен тарады. Былтыр, “Жазушы” баспасы қазақ тіліндегі 7-ші басылымын жарыққа шығарды.
Әйтсе де Баукеңді бүкіл дүние жүзіне де, қазақ халқына да танытқан аталған авторлар емес, ең алдымен оның өзінің ерен ерлігі, биік парасаты, жалынды жігері.
Полковник Бауыржан Момышұлының ұлтына қалдырған мұрасы 40 том екен дедік қой.
Ал жоғарыда аталған атағынан ат үркетін Ф.И.Голиков кейін маршал атағына жетті. Ал оның ұлтына қалдырған мұрасы “Мәскеу шайқасында” (1967) деген жалғыз кітап қана болды. Біздің Баукеңнің қалдырғаны 40 том.
ІІІ
Баукең туралы көп адамдар жазды. Талай ақындар өлеңдер арнады. Солардың кейбіреулері Баукеңнің 100 жылдығына арналған осы конференцияға қатысып отыр. Олар: әкесі туралы 3 том роман-эссе жазған Бақытжан бауырым Бауыржан баласы Момышұлы, атасы туралы “Шуақты күндер” деген тартымды кітап жазған Зейнеп Ахметова Бауыржан келіні, Баукең туралы бірнеше естелік кітаптар жариялаған Мамытбек Қалдыбаев, Баукең туралы “Ноқтаға басы сыймаған” деген тамаша пьеса жазған Шерхан Мұртаза, жалынды эсселер мен әңгімелер жазған Елен Әлімжанов інім, бас бауыржаншы Мекемтас Мырзахметов және оның серіктері, тағы басқалар. Олардың бәрінің аттарын толық атау үшін талай уақыт кетер еді. Өлісі бар, тірісі бар. Солардың осы конференцияға қатысып отырғандарына Баукеңнің үзеңгілес інісі, жауынгер жолдасы, адал досы ретінде және Баукеңмен бірге дүниежүзілік екінші соғысқа қатысқан қарт майдангерлердің соңғы тұяғының бірі ретінде шын жүректен алғыс айтамын. Баукең туралы өлең жазғандар өте көп қой, ал поэма жазған бір ғана ақын бар. Ол жасы биыл 80-ге шығып отырған Мыңбай Рәш ақсақал. Өз поэмасын ақын домбыраға қосып, Баукеңнің алдында жырлап беріп, батырдың өз аузынан алғыс алған. Ақын былай деп толғайды.
Жаралған жаны дауылдан,
Шыққан қазақ ауылдан.
Тайсалу білмес жауыңнан,
Намыстың ұлы Бауыржан.
Қырқадан қырға қараған,
Алып туған анадан.
Кастро көкке көтеріп,
Қолбасы оны санаған.
Ақын ақсақал осы тойда отыр. Ол кісіге де алғыс айтайық.
Сонымен бірге Баукеңнің 100 жылдық тойын бүкілхалықтық той етіп, үлгілі өткізіп отырған облыс басшыларына – Қанат Бозымбаев пен Мейрамбек Төлепберген інілеріме және бұл іспен жан сала шұғылданған басқа азаматтарға ақсақалдар атынан алғыс білдіремін.
Осы тойдың ойдағыдай өтуін қадағалап, қамқорлық жасап отырған адам – сүйікті Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағын алып берген Нұрекең болатын.
Зоопаркке кіріп, айбынды арыстанның аузындағыны алған сияқты, Кремльге кіріп, алпыс екі айлалы жезтырнақ Горбачевтің қолынан Баукеңе Алтын Жұлдыз алып шығу оңай шаруа емес еді. Ол үшін қаншама күш, жігер, қайрат қажет болды десеңші! Сол қайрат табылды ғой біздің Нұрекеңнің бойынан. Ұлт абыройы үшін жасалған мұндай ерен ерлікке қалай қуанбассың, қалай риза болмассың?!
Егер Нұрекең бұл Алтын Жұлдызды алып бермесе, Баукеңнің бүгінгі 100 жылдық тойы мұндай дүркіреп өтпес еді деп ойлаймын.
Горбачев Баукеңе ғана Батыр атағын берді. Артынан, бір кездескенімізде, Нұрекең маған: “Горбачев Батыр атағын Баукеңе ғана берді. Рақымжан, Қасым ағаларымызды өзіміз ойластырамыз ғой”, — деді. Айтқанын орындап, Нұрекең кейін өз Жарлығымен Қасым Қайсенов пен Рақымжан Қошқарбаевқа “Қазақстанның Халық қаһарманы” атағын берді.
Баукеңнің “Алтын Жұлдызын” батырдың отбасына Нұрекеңнің өзі тапсырды. Сонда Нұрекеңді ортамызға алып, Баукеңнің жакындары: Бақытжан, Зейнеп, Ержан, Дмитрий Снегин, Шерхан Мұртаза және мен бәріміз суретке түстік. Ол сурет кейбір кісілердің қолында болуы керек. Бір данасы менде сақтаулы.
Баукеңе Батыр атағының берілуі бүкіл қазақ халқының қуанышына айналды. Сол ерен еңбегі үшін Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына бүгін, Баукеңнің 100 жылдық тойында, бәріміз алғыс айтып, амандық, денсаулық, мәңгілік абырой тілейік.
Ұлтымызға Бауыржан Момышұлындай универсал ұл берген, Нұрсұлтан Назарбаевтай дана Президент берген қазақ халқынан айналайын.
Ардақты Баукеңнің барлық жерлестерінің: қыздарының, келіншектерінің, кемпірлерінің, сәбилерінің, шалдарының, жас жігіттерінің бәрін құшақтап, беттерінен сүйемін.
Баукеңе бүкіл қазақ халқы қарыздар: ерлігіне, еңбегіне, ерендігіне, ұлылығына, ұлтжандылығына қарыздар.
Аға досым Баукеңе мен де қарыздармын. Баукең туралы “Ақиқат пен аңыз” деген кітап жазып, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық алдым. “Қазақстанның халық жазушысы” деген құрметті үлкен атаққа ие болдым.
Баукеңнің бүгінгі 100 жылдық тойына шашу ретінде көтергенімше – бір чемодан кітап әкелдім. Олардың әрқайсысының бірінші бетінде: “Қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойына шашу” деген сөздер бар. Автордың қолы қойылып, мөрі басылған. Қабыл алыңыздар.
Құрметті достар! Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы солдаттарының бірі есебінде, қазақ халқының қазіргі қарттарының бірі ретінде, Баукең туралы жазылған “Ақиқат пен аңыз” роман-диалогының авторы ретінде, Баукеңнің 100 жылдық тойына жиналған қауымға өз батамды беруіме рұқсат етіңіздер.
Батам мынадай:
Қазақстан картасындағы
Жер аман болсын!
Ол жерді мекендеген Ел аман болсын!
Ол елдің негізін құраушы
Қазақтар аман болсын!
Қазақтармен қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан
Қоңсылар аман болсын!
Қазақтарды да, қоңсыларды да өсіріп, өркендетіп, көбейтіп,
Көркейтіп отырған Аналар аман болсын!
Аналардан туған Балалар аман болсын!
Баладан өсіп, ержетіп, ат жалын тартып мінген
Азаматтар аман болсын!
Қазақ халқын ұлт санасында сақтап келе жатқан
Ана тіліміз аман болсын!
Қазақ халқының алтын бесігі
Ауылымыз аман болсын!
Мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын сараптап,
Ұрысқа ұрындырмай, соғысқа соқтықтырмай,
Қазақстанды бейбіт өркендеу жолымен
Алға бастап келе жатқан Президентіміз
Нұрсұлтан аман болсын!
Қазақ халқының ұлы перзенті: батыры, ақыны, жазушысы, кемеңгері, тарихшысы, ғалымы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойы құтты болсын!
Осы ұлы тойды көрген, қызықтаған, оны ойдағыдай өткізуге үлес қосқан азаматтар – бәрлеріңіз сіздер аман болыңыздар! Жүз жасқа жетіңіздер. Әумин!
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері,
Қазақстанның халық жазушысы.
***
Бақытжан МОМЫШҰЛЫ:
Әлi күнге Баукеңнiң баласы боп жүрмiн…
— Бақытжан аға, Қазақстанда биылғы жыл — Момышұлының 100 жылдығы, яғни Сiздiң әулеттiң жылы ғой. Үкiмет не деп жатыр?
— Әңгiменi сәлемнен бастайық. Газет оқырмандарын тарихқа енiп жатқан Барыс жылымен құттықтаймын. Әр қазақтың отбасына береке-бiрлiк, елiмiзге тыныштық тiлейiк.
Бiз үшiн, әрине, бұл жыл ерекше жыл, әкемiздiң жүзжылдығы аталып өтетiн жыл. Дайындық бұдан үш-төрт жыл бұрын-ақ басталып кеткен. Сол кездегi әкiм Серiк Үмбетовтiң қолдауымен Жамбыл облыстық әкiмшiлiгi жанынан ғылыми орталық құрылды. Оны басқарған өзiмiздiң ағамыз, академик Мекемтас Мырзахметов деген азамат. Солар әкемiздiң шығармаларын, хаттарын, лекцияларын, 30 томдық энциклопедиялық анықтама кiтабын шығармақшы. Содан кейiн «Өнер» баспасы фотосурет альбом шығарды, 15 томдық шығармалары да оқырман қолына тиiп қалар деп отырмыз.
Үкiмет тарапынан да бiраз қозғалыстар болып жатыр. Өкiнiшке орай, анық бекiтiлген жоқ қой деймiн, өйткенi қағазға түсiрiлген жоба-жоспарын әкелiп көрсеткен, бiрақ көңiлге онша қонбады. Ой-ұсыныстарымызды қостық, оны қабылдай ма, қабылдамай ма, жоғары жақ өздерi бiледi. Бiрақ әке аруағы алдында қарыз болып қалмайық деген оймен ептеп ұсыныстар енгiздiк, кiм бiлсiн, бекiтiлiп қалар. Ал, жалпы ондағы iс-шаралар мектептердегi кездесулер сияқты, жоғары оқу орындарындағы жүздесулер, айтыс, мерекелiк концерттер ғана екен. Республика көлемiнде өтетiндей ауыз толтырып айтарлық ештеңе де көре алмадым.
Әкем – әскери адам. Ол кiсi артына өшпейтiн, өлмейтiн әскери ғылым қалдырған кiсi. Жасалған жоба-сценарийден әскери ештеңе көзге түспедi.
Көп жылдан берi қарай елдiң де, қоғамдық ұйымдардың да өтiнiп сұрап жүргенi әкемнiң атында офицерлiк орден жасалса деген ұсынысын қостық. Өйткенi егемендiк алғалы 18 жыл болды, осы он сегiз жылдың iшiнде әкем тәуелсiз Қазақстанның бiр жапырақ қағазына не наградасына ие болған жоқ. Көпшiлiк қателеседi, кейде «Халық қаһарманы» деп жазып жатады. Ол атақты әкем алған жоқ. Тiптi, кешегi үкiмет басшысына ұсынылатын мерекелiк шараның жобасында да осылай аталыпты. Бiз қаһармандық сұрамаймыз да, тiптi қазiргi кезде бұл атақ дәрiгер, саудагер, кәсiпкер, әртiстерге де берiлiп жатыр. Кейде бұл атақтың әкеме керегi де жоқ деп ойлаймын.
Мен әскери шендегiлерге офицерлiк орден тағайындалса дегендi сұрадым. Сосын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi, әкемнiң алғашқы мамандығы финансист-банкир болған. Бұл кiсi Ленинградтың финакадемиясын бiтiрген. Қазiргi «ТұранӘлем» банкi ол кезде «Промстрой» деп аталған. Осы банктiң негiзiнде «ТұранӘлемнiң» 80 жылдық мерейтойындағы «Алғашқы қазақ банкирлерi» деген тiзiмде әкем екiншi болып тұр. Академияны бiтiрiп келгеннен кейiн осы банкте жұмыс iстеп, аз уақытта қызметi жоғарылап, алған мақтау қағаздары мен сыйақыларының түбiртектерiне дейiн банк архивiнде сақталыпты.
Осыдан кейiн маған тағы бiр ой түстi: “неге ескерткiш монета шығармасқа? деген” Әкемнiң жүз жылдығы қайталана бермейдi ғой, осы бiр ұрымтал тұста осы тiрлiк те жүзеге асып кетсе деп ойлаймын. Содан кейiн тағы бiр таңқалдырғаны, мынау Шымкент, Алматы қалаларындағы өткiзiлетiн шаралар тiптi жоқтың қасы. Ал шын мәнiнде, әкем – Жамбыл мен Шымкентке ортақ перзент. Әкемнiң туған ауылы ол кезде Жамбыл облысына қараған. Түлкiбас, Сайрам Жуалыға қараған. Кейiн облыс аумағы қағазға түскенде Жуалы Жамбыл облысына кеттi де, әкемнiң ата-бабаларының, туыстарының 11 ауылы Түлкiбаста қалып қояды да, ал 5 ауыл бергi Жуалыда қалады. Сондықтан туған жер дегенде екi облысқа ортақ перзент деп тұрғаным сол. Көнекөз қариялар бұл туралы жақсы бiледi, әкемдi өз тумасы деп есептейдi. Бiрақ жобада Шымкент, яғни Оңтүстiк Қазақстан облысы мүлдем жоқ. Ең бiр сорақысы, Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовке дайындалған жобада “Кеңес Одағының батыры”, “Қазақстанның Халық қаһарманы” деп тұр. Айналайындар-ау, сонда Президент аппаратында отырғандар, жобаны жасағандар әкемнiң бұл атақты ресми түрде алмағанынан бейхабар болғаны ма?!
Ән айтып, мерекелiк концерт, айтыс, кездесулермен шектелмей, ғылыми конференциялар өтсiн, жыл бойы әскери бөлiмдерде әкемнiң жазып кеткен, артына қалдырған үлгi-өнегесiнен үздiксiз оқулар неге өткiзбеске?!
Әкемнiң атындағы №131 мектеп мұндай шараларды үнемi ұйымдастырып жатады. Жақында №17 мектептегi өткен жиынға Зейнеп апаларың қатысып келдi. Ал, жоғары оқу орындарының көпшiлiгi ақылы болғандықтан, әйтеуiр ақшасын төлеп, диплом алса ғана болды, әлгiндей шаралар ұйымдастырыла бермейдi. Оқу орындарындағы әскери оқулардың барлығында әкемнiң отансүйгiштiгi, әскери патриоттық үрдiсi тереңдеп жүргiзiлсе, әншейiн даңғазалықтың түк те қажетi жоқ. Елдiң, қазақтың елдiгiне сын, өйткенi, қазақ үшiн, сол қазақтың ұлан-ғайыр кең даласын, жерiн сүйiп өткен әкемдей қазақ батырлары жоқ емес, тарихтан оларды сызып тастауға болмас, дегенмен, соңғы жүз жылда туған қазақтың Бауыржаны бiреу ғана.
Бауыржан мен қазақ – егiз ұғым деп қабылдау керек! Өйткенi қазақ әкемдi бөлген жоқ, ал әкем қазақты бөлген жоқ. Сондықтан да бiздiң шаңырақтың ғана емес, бұл елдiң, бүтiн қазақтың тойы болуға тиiс. Елдiң рухын, жастарымыздың патриоттық сезiмiн оятатын той болуы керек.
Тағы айта кететiн нәрсе, 1991 жылы Қарамановтың премьер-министр кезiнде, сол кiсiнiң қолы қойылған қаулыда Алматы қаласында әкеме ескерткiш орнатуға қаулы шығарған. Сол қаулы әлi күнге жүзеге асқан жоқ. Өткен жолы Панфилов паркiне қоямыз дедi де, комиссия құрылып, бiздi шақырып, макетiн қарағанбыз. Көңiлiм толмады, образ жоқ, жансыз. Содан кейiн Момышұлы көшесi мен Райымбек даңғылының қиылысқан жерiне аллея ашып, тағы бiр орын дайындалды. Әуезов ауданының сол кездегi әкiмi Әдiл Несiпбаев деген азамат бауырымыз дайындады. Бiрақ ескерткiш қойылмады. Бұл жер қаланың сырты деп кейбiреулер рұқсат етпеген бе, түсiнiксiз жағдайда қалып қойды. Қайта қалаға кiре берiстегi, әдемi-ақ жер едi. Бiрақ бiздiң пiкiрiмiзбен санасып, шынын айту керек, сұрап жатқан адам жоқ. Менi тыңдар құлақ болса, мына паркке қоюға қарсымыз. Бiрiншiден, бұл паркте Отан қорғағандарға арналған Мәңгiлiк алау бар, монумент тұр. Екiншiден, бiр жағында ауған соғысының батырларына арналған ескерткiш, үшiншiден, батыр қалаларға арналған тас ескерткiштер тұр. Әр мемлекеттiң президенттерiне арналған ескерткiштер тағы тұр. Содан кейiн 28-панфиловшыларға арналған ескерткiштер де тұр, бiр жағында Панфиловтың ескерткiшi және бар. Қысылып-қымтырылып тұрған үш зеңбiрек, оның бәрiн былай қойғанда шiркеу тұр. Содан кейiн ол жерде қазақтың керемет азаматтары Кәрiпжанов, Бөрiбаевтың зираттары бар. Ал әкемнiң ескерткiшiн екi зеңбiректiң ортасына қоймақшы екен. Төменгi жағы көкбазар. Ескерткiшке гүл қоямыз дейтiндердiң көлiгi түгiл, өздерi де сыймайтын алақандай жер, тiптi қисынсыз.
Комиссияға шақырылғанымда осы ойларымды айттым. Өкiнiшке орай, менсiз де шешiлiп қойған мәселе екен, көзбояу үшiн шақырылғандай болып қалдым. Ескерткiштiң өзi де қолапайсыз, тек шошайған папахасынан танымасаң, тiптi келмейдi. Әкемнiң бас киiм киюiнде де аңғарған адамға, сырт көзге бiлiнбейтiн бiр ерекшелiк бар. Ол кiсi бас киiмiнiң төбесi әдемi болып тұруы үшiн төбесiн жiппен жиырып киетiн. Образ жоқ. Осы жүзжылдық ұрымтал тұс, мұнан қалып қойса, Бауыржанға ескерткiш мүлдем қойылмай кететiн де шығар деген қорқыныш та жоқ емес. Өйткенi сонау 1991 жылдан берi қанша рет қаулы шықса да орындалмай, жүзеге аспай бедерленген қағаздар бедiрейген күйi қалып келедi. «Халық бармайды» деген сылтау ғана. Қаланың шетiндегi аудан тұрғындары халық емес пе? Әкеме бас иiп, гүл қойғысы келгендер, қаланың қай шетi болса да тауып барады.
Қала қонақтары болсын, жергiлiктi халық болсын бала-немерелерiмен барып серуендеп тұратын орнықты кең жерге қойылса деген ой ғой. Панфиловты ұстазы деп екеуiн парктiң екi жағына қоямыз деген ойлары дұрыс та шығар. Дегенмен, әкемнiң де ешкiмге қыстырылмай-қысылмай өзi-өз болып жарқырап тұратын орны бар ғой.
Бауыржан жеке тұлға болуға тиiс. Астанадағы ескерткiштi орнатқанда Бөрiбай Жексембин өзi бiрге жүрiп, менi жиi-жиi шақырып, тынымсыз еңбек еттi. Нәтиже жаман болған жоқ. Ақылдасып-кеңесiп шешкен дүние қашанда ұнамды болады. Кез келген пендеңiздiң ата-анасының бет-бейнесiн, оның жүзiндегi әрбiр ерекшелiкке дейiн елестете алатыны сияқты, мен де әкемнiң мiнез-құлқының өзгерiсiне дейiн оның жүзiнен, көзiнен аңғаратынмын. Қабағындағы, әсiресе, екi қастың арасындағы сызығына дейiн көз алдымда. Тiптi, әлгi ескерткiштiң тым табиғи, жанды шығуы да осы менiң көз алдымдағы суретпен, әке суретiмен сәйкес келгенiнен болар. Сондықтан да болар, ескерткiш көңiлiмнен шықты.
Әкемнiң өзiндiк ерекшелiктерi көп-ақ. Бас киiмнiң өзiн ерекше киетiнiн айттым ғой. Ал ендi адамгершiлiк жағынан, заң жағынан да мен жалғыз мұрагерiмiн, ұрпағымын. Сондықтан ол кiсiге байланысты кез келген тiрлiк менсiз бiтпеуi керек. Ел-жұрттың бiлетiнiндей, мұны растайтын, тiптi, қағазым да бар. Содан кейiнгi бiр ескеретiн мәселе, ол – орнатылатын ескерткiшке ұзын-сонар сөз жазбай, қысқа да нұсқа болуы шарт. Мәселен «Даңқты қолбасшы Б.Момышұлы» деп жоғары жағынан жұлдызын орнатса. Ал Жуалыдағы ескерткiште Қазақстанның Халық қаһарманы деп жазулы тұр. Әлдебiреулердiң сауатсыздығынан бүткiл елдi шатастыруға бола ма? Қайталап айтуға тура келедi, республикамызда Елбасының ғана жарлығымен тағайындалатын бұл жоғары атақ ол кiсiде жоқ, болған емес. Саяси қате ғой, кейбiр ақпарат құралдарында да осылай жазылып жатады.
Менiң ойымша, қазақтың Бауыржаны қандай құрметке, қандай атаққа болса да әбден лайық. Бiрақ солай екен деп ондай жауапты атақты жапсыра беруге тағы болмайды ғой.
– Момышұлы туралы естелiк жазушылар көп. Өзiңiз жаңа ғана айтқандай, баспасөз беттерiнде әкеңiздiң бүкiл архивi Мекемтас Мырзахметовтің қолында екен деген сыбыс та бар… Осы жарияланымдарда қаншалықты шындық бар?
– Уақыт жылжып, жылдар өткен сайын әкемнiң көзiн көргендер қатары да сиреп барады. Сондықтан естелiк айтушылардың өзi де азайды. Ал азды-көптi сырлас, сыйлас болғандар, бiрге қатар жүргендердiң естелiк айтуы заңдылық! Қазақтың батыр ұлының жанында жүрiп, көзбе-көз әңгiмесiн тыңдап сырласқандар, мүмкiн кейде әсiрелеп артық-ауыс айтылып та, жазылуы да даусыз. Ондай кезде пәлендей сын, өкпе айтуға жоқпын.
Әкем қайтып оралса, бәлкiм, олардың бет-жүзiне қарамас едi. Амал жоқ, өлгендер қайтып келмейдi. Ондай сәттерде Зейнеп жеңгелерiң екеумiз өзара сырласамыз да қоямыз.
Бiз бiр қалыпқа түсiп қалған адамбыз. Өйткенi сол кiсiнiң қара шаңырағын ұстап отырған адамбыз, таза қазақша айтқанда – шырақшымыз. Сондықтан бiзге қадалатын көз де, сөз де көп екенiн де бiлемiз. Әкем айтатын: «Атақты адамдар үнемi нысанада тұрады. Былайғы адамдарға сол қажет пе, қажет емес пе, нысанаға оқ атуға дайын тұрады. Өйткенi атақпен бiрге азап жүредi» дейтiн. Соны бiз қазiр басымыздан өткiзiп жүрмiз. Ендi, мына 100 жылдыққа байланысты, мерейтойға байланысты шараларды жүзеге асыруда ұйымдастырушылар көбейiп жатыр. Оған,әрине, өздерiңiз бiлесiздер, қыруар қаржы жұмсалатыны бар ғой. Ал ақша жүрген жер қашанда даулы-дамайлы. Талай рет осындай жағдайлардан бармақ тiстеген кезiмiз де болған.
Кейiнгi кезде, соңғы екi-үш жылдың iшiнде баспасөз беттерiнде, радиодан Мекем аға (Мекемтас Мырзахметов) әкемнiң бүкiл архивiн өмiрбойы жинап-терген, ендi сол кiсiнiң қолындағы дүниелер 45 том болып жинақталып жатыр екен дегендi мен де естiдiм.
Рас, Мекем ағамен әкем өте жақын, қандас әрi рухани бауыры болған. Өзгеге айтпаған сырларын сол кiсiмен бөлiскен. Сырлас iнiсi. Өз басым да ол кiсiнi өте қадiрлеймiн, сыйлаймын. Әкем кеткелi менiң де мұңдасым, сырласым, құрдасымдай iздеп тұрамын. Бұл Мекем ағаның аузынан шыққан сөз емес, ал журналистердiң мұндай деректi қайдан алатынын бiлмеймiн. Жалпы, кез келген дүниенi жазу үшiн әбден зерттеп, зерделеп, байыптап жазу керек шығар.
Әкем көзiнiң тiрiсiнде-ақ архивiнiң бiр бөлiгiн Орталық мұрағатқа тапсырған. Ал оның да шын мәнiндегi иесi мен. Өйткенi артында қалған бүкiл жазбаның иесi заңды түрде менмiн ғой. Сол мұрағаттан әкем жайлы бiлгiсi келетiндер алдымен менiң рұқсатымды алады. Тәртiп солай.
Одан кейiнгi әкем сенiм артып кеткенi – Зейнеп. Келiнiнiң әу бастан қағазға, қаламға бейiмдiлiгiн сезген болар, жарыққа шыққан, шықпаған, кеңес дәуiрiндегi тiлге, ұлттық құндылықтарға байланысты ашық айтуға болмайтын көп дүниелерiнiң иесi, осы жеңгелерiң.
Облыс әкiмi Серiк Үмбетовтiң қолдауымен әкiмшiлiк жанынан ашылған орталық осы дүниелердiң басын бiрiктiрiп, жинақтап отыз томдық шығаруы керек едi, материалдардың көптiгi сонша, 45 том дайындалды.
Академиялық томдарын шығару үшiн көп жұмыс атқарып жатқан Мекем аға. Сөйтiп, бiз қолдағы барымызды бердiк. Аға жоспарын жасап, Секең қолдап, мәслихат депутаттары бекiтiп, жоғары жақтан рұқсат алынды. Бұл тек кiтап шығару үшiн емес, әкемнiң барлық жазған-сызғанын жинап, ғылыми жүйеге келтiру үшiн үкiмет бес жылға 25 миллион ақша бөлiптi. Бiр-екi жыл Зейнеп пен Ержан да осы орталық үшiн жұмыс iстедi. Орысшасын ұлымыз Ержан, арабшасы мен қазақшасын Зейнеп дайындап берiп отырды. Ал ол орталық қызметкерлерi кәдiмгiдей жалақы алып жұмыс iстедi. Оларға әкемнiң аруағы риза болсын дегеннен артық не айтуға болады.
Әкемнiң бүкiл архивiн бiз тегiн бердiк. Ал, ендi сол орталық әкемнiң Мәскеудегi лекция оқыған генштабтағы лекцияларын сұрағанда, олар бiр бөлiгiн пәленбай миллион қаржыға сатты. Қалғанын берген жоқ, ол әлi құпиясы шешiлмеген деген сылтаумен бермептi.
Осы жерде ойлап қараңызшы, егер бiз, әкемнiң атын-даңқын пайдаланғымыз келсе, даңққұмар, байлыққұмар болсақ, үн-түнсiз саудаласып отырар едiк. Бiзге ең бастысы, әкемiздiң архивi қымбат, оның әр жерде шашылмай бiр орталыққа жинақталғаны ғана керек. Мекем аға да, ол кiсiнiң қарамағындағы қызметкерлер де бiзден алған дайын өнiммен жұмыс iстедi. Бiрен-саран кiсiлердiң » жан-жақтан тiрнектеп жинадық» дегенiн өз құлағыммен естiдiм де, олардың бiреуiнiң аузынан деректердi қара шаңырағынан алдық деген сөз шықпағанына iштей ренжiп те қалдым…
– Осындай кереғар пiкiрлерге Мекемтас аға неге қарсы пiкiрiн бiлдiрмейдi?
– Оны бiлмеймiн, айтса айтып жүрген шығар. Өз басыма, сөзден гөрi әкемнiң жазған-сызғаны әр жерде шашылмай тезiрек жинақталғаны керек. Басында 30 томдық дегенi 45 томдық болып шығайын деп жатқаны көңiлге демеу. Дегенмен, олардың еңбегiн де жоққа шығаруға болмас, қыруар жұмыс атқарды. Рас, Мекемтас ағаға да әкем бiраз шежiресiн, әкесiнiң Құранын, тағы бiраз қолжазбаларын берiп кеткен. Ал Зейнепке табыстағаны үйде сақтаулы. Қайткен күнде де үйдегi жағдайда мұндай құнды дүниелердi өз қалпында сақтау өте қиын екен. Бiрқалыпты ауа емес қой, бiрде жылы, ыстық, бiрде суық дегендей, ал мұрағатта басқаша ғой. Оның үстiне мезгiлiмен дәрiленiп тұрады. Көптен берi өзектi өртеп жүрген бiр мәселе бар. Ол айтыла-айтыла әбден жауыр болды десе де болады, осы дүниелердi ұқыптап бiрiктiретiн әкемнiң жеке мұражайы туралы. Ол кiсiнiң пайдаланған кiтаптары, қолжазбалары, тiптi күнделiктi тiрлiкте қолданған заттарына дейiн сақтаулы. Мүштiгiнен бастап жастық, жамылған көрпесiне дейiн мына жеңгелерiң көзiнiң қарашығындай сақтап отыр. Алғаш Зейнеп келiн болып түскенде сыйлаған кiр жуатын мәшинасына дейiн тұр.
Бiз Зейнеп екеумiз де жас емеспiз, денсаулық деген де мәз емес. Бiзден кейiн балалар ұқсата ала ма, алмай ма деген күдiк те жан ауыртып қояды. Сондықтан осылардың бәрiн бiр жерге орналастырып, мүмкiн болса Орталық мұрағаттан үлкен бiр бөлме бұйырса деп ойлаймыз. Кiм бiлсiн, әлi тыныштық. Жуалы ауданында 100 жылдыққа байланысты музей жабдықталмақшы болған. Ол кезде Жексембин әкiм болатын, бiз ақылдасып, «Егер үлкенiрек ғимарат болса, қолдағы әрбiр заттың тарихын жазып, көрнектi етiп тапсырсақ» дегенбiз. Бiрақ бұл мемлекеттiк каталогқа енуi керек те, туристер мен арнайы iздейтiндей әрi демалыс орны болуы керек деп ойлағанбыз. Өйткенi қазiр ауданда музей бар, оның 80 пайызын Зейнеп өз қолымен жасақтап берген. Шағын ғана, оның үстiне ауылдың шетiне орналасқандықтан кiрiп-шығып жатқандар жоқтың қасы. Есiгi үнемi жабық. Ал мұрағат деген өлi болмауы керек, ол үнемi жұмыс iстеп тұратын, кездесулер, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып жататын көпшiлiк орын болуы керек қой. Әсiресе, жастар үлгi-өнеге алатын мәдени-ағарту жұмыстары жүргiзiлетiн орын болуы шарт.
Әкемнiң ғұмырының көп уақыты Алматыда өттi. Көпшiлiктiң ойында, “өзiнiң тұрған үйi ше?” деген сұрақ тууы мүмкiн. Әкемнiң кейiнгi әйелiмен тұрған үйі мына моншаның жанында едi, ол сатылып кеттi. Мен туылған үй бұзылып кеттi. Ал мына үйде әкем тұрған жоқ. Көзiмiздi жұмып кiрiсiп кетейiк десек, осындай қолайсыздықтар қолбайлау болуда. Панфиловшыларға арналған музейде, №131 мектепте, Жуалыда, Тараздағы музейлерде бiр-бiр бұрыштары бар ғой. Осылардың бәрiн бiрiктiрсе, әжептәуiр көрме-музейге көпшiлiк жиi бас сұғар едi. Жеке мұрағатқа, әрине, қаржы да көп кетерi сөзсiз. Дегенмен, бiр жүйеге келтiру тек әулеттiң ғана емес, болашақтың бағыт-бағдарламасы болар едi, келешекке керек болар едi деген үмiт қана. Ал Жуалыдағы музей дағдарысқа байланысты тоқтап тұр, салынбайтын болды.
Азға қанағат етiп, қарапайым ғана тiрлiк кешу, бұл – бiздiң отбасымыздың позициясы. Адалдық, кiсiге қиянат жасамау, сұғанақ болмау, кiсiге алақан жаймау, бұл – әкемнен қалған мұра. Сондықтан осы уақытқа дейiн әке атын пайдаланып, есiк қағып көрмеппiн. Ендiгi жерде де салым суға кетпегенiн қалаймын.
– Әңгiме отбасына қарай бұрылды ғой, аға, немересi Момышұлы-3 жайлы сұрағымыз келiп отыр. Мамандығы кiм, батырдың ұрпақтары немен шұғылданады?
– Ержан Ұлттық университеттiң журналистика факультетiн бiтiрген. «Лениншiл жаста», «Ұланда» бiраз жылдар қызмет iстедi. Қайта құру басталған тұста «Кәусар бұлақ» деген баспа ашып, кәсiпкерлiкпен айналыса бастап едi. Өкiнiшке орай, бұл бала жаңа заманға лайық нарыққа енiп кете алмады. Кейбiр бiрге жүрген азаматтарынан бетi қайтып, басы тасқа тигендей болған соң, екiншi жоғары оқу орнына түстi де, қазiр сол Алматы Энергетика университетiнде аға оқытушы. Шығармашылық адамға, әсiресе, Ержан сияқты екi тiлде еркiн жазатын адамға бизнес-кәсiпкерлiк деген қол емес екенiн дер кезiнде түсiндi-ау деймiн. «Қазақша жазсам шешесi, орысша жазсам әкесi жазып бердi» дейтiн болды-ау деп қысылып жүрiп, жазғандарын аса жариялата бермейдi әрi аудармамен де айналысты.
Екi немеремiз бар. Үлкенi Нұрсұлтан 5-сыныпта, Құдайдың құдiретi, әкемнен аумайды. Атжақтылығы, тiптi екi қасының ортасындағы екi сызығына дейiн, қабағын түйгенi, кiсiнiң бетiне тiк қарағанда көзiңдi тайдырып әкетесiң. Көп сөзге жоқ, тұйықтау болып өсiп келедi. Бабасына ұқсаған тағы бiр қасиетi, есепке жүйрiк, шапшаң. Физика-математика мектебiнде оқып жатыр. Сабағы өте жақсы. Әкемнiң туған күнiнен екi күн бұрын өмiрге келдi де, Зейнеп ырымдап бабасының туған күнiнде шiлдехана жасады. Мiнезi де бабасынан аумайды. Бес жасар Мадиярымыз әжесi Зейнептен аумайды. Күлуi де, жылауы да тез. Тез сөйлейдi. Құдайға шүкiр, отбасымызбен қазақшамыз, басқадай болуы мүмкiн де емес.
(Бақытжан аға күлiп алды да, көзiнiң екi ұясына келiп қалған мөп-мөлдiр тамшыларды бiзге көрсеткiсi келмей, орамалымен сүргiштей бердi… Ұрпақтар жалғастығы, әулет қуанышы сөз болған тұста кез келген пендеңiздiң жаны толқитыны даусыз. Немерелерiне байланысты бiр әңгiменiң ұшы шығып тұрғанын сезiп, бiз де үнсiз қалдық.)
– Бiрде екi-үш күн көрмей, балаларды сағынып Ержандікiне бардық, – деп әңгiмесiн қайта жалғастырды. – Олар да жаңалықтарын айтып қауқылдасып жатырмыз. Тағы да аса сабырлы, бала болса да өзiн байыпты ұстап отырған Сұлтанға қарап:
– Алтыным менiң, жаным, өте ақылды азамат болады, — деп емiренiп жатсам, әкесiне қарап иегiмен менi меңзеп: – Папа, папаңның не айтқанын естiп ал! – дейдi. Әлгi жерде Зейнеп екеумiз әбден мәз болайық.
– Бақытжан аға, қазақта «Батыр жүз жылда туады» деген жақсы сөз бар. Мiне, жүз жыл да өттi. Батыр туатын орта қандай болмақ? Қанына, тегiне байланысты болар, бәлкiм. Әсiресе, тәуелсiздiкке қол жеткелi кез келген пендеңiз ата-бабаларынан батыр, көсем iздеу дағдыға айналғандай. Бұл қазақи дарақылық, даңғазалық емес пе?
– Бұл, шын мәнiнде үрдiс болып кеттi. Бiр аңыз есiме түсiп отырғаны: кiшкентай мысық жолбарыстың суретiн көрсетiп «Мынау менiң атам» дептi. Осының керi келген заман болды. Құдайға шүкiр, қазақта батыр да, ақын да жетедi. Бiрақ кез келген жерден батыр iздеп, оны жекешелендiрiп «мынау бiздiкi» деп бөлiп алу, бұл халықты бiрiктiре қоймайды. Пәленше атасына ескерткiш қойыпты, шежiре жазыпты, мен неге бәйгеге ат қоспаймын деген бәсекелестiк iшiнара болса да жүрiп жатыр. Тiптi жасырын да емес, белең алып кеттi. Жалған намыстың жетегiнде жүру жақсылықтың нышаны емес. Шындап келгенде, қазақ деген халық, қазақтың батырлары тұтас қазақтың қамын ойлап, мұң-мұқтажын көксеген, сондықтан бiлегiнiң күшiмен, найзасының ұшымен, қылышының жүзiмен ортақ жердi, елдi қорғаған. Ондай ортақ батырлар Қабанбай, Бөгенбай, Ағыбай, Райымбектер iшкi емес, сыртқы жаумен жауласқан. Бөлiнбеген, халықтың бiртұтастығы үшiн күрескен, қан төккен. Сондықтан да ұрпақтан-ұрпаққа даңқтары жетiп жатыр. Бүгiнгi ұрпақ солар салған сара жолмен жүруi, ерлiктерiмен сусындауы, ұлтжандылығынан тәрбие-өнеге алуға тиiспiз. «Бөлiнгендi бөрi жейдiнiң» керi келiп жатыр ғой…
Ал менiң әкемнен қолға мықтап ұстап қалатын әскери ғылым қалып отыр. Тiптi Кеңес Одағы Батырларының арасында әкем сияқты мұндай мол әскери ғылым қалдырған кiсi кемде-кем. Ал бiздiң елiмiзде тiптi жоқ. Әкемнiң артында қалған әскери ғылымы бiздiң бүкiл әскерилердi тәрбиелеуге жетедi. Өкiнiшке орай, әлгi қазақ айтады ғой:
“Артқы айылдың батқанын,
Иесi емес, ат бiлер.
Азаматтың қадiрiн,
Ағайын емес, жат бiлер”, — дегендей, неге Израильде, Кубада, Түркиядағы кадеттерде әкемнiң әскери ережелерiнен лекциялар жүрiп, емтихандар тапсырады. Бұл, шындық! Ал бiзде ше?!
Ал бiзде әкемнiң соғыс тактикаларын, Отан қорғау технологиясынан лекция жүрген әскери бөлiмшелердi бiлмеймiн, осы уақытқа дейiн естiген де жоқпын. Дайын тұрған ғылыми лекциялар болса да, әскери тәртiп пен мақсат-мүддесiн қалыптастыратын тәрбие құралы, оқу құралы бола тұра, ешкiмге қажет емес.
Қазақстанның Халық қаһарманы, ауған соғысының батыры Бақытжан Ертаев екi сөзiнiң бiрiнде Момышұлына елiктеп ержеткенiн, осы уақытқа дейiн әскери жолда қандай жетiстiкке жетсе, соның бәрi менiң әкемнiң арқасы екенiн жалықпай айтып отырады. Қай жақтан келсе де ең алдымен әкемнiң зиратына барып мiнәжат етiп, сосын үйге, қара шаңыраққа келiп құран оқып шығады. Ал қазiргi жастарымызда осындай пiр тұтатын, елiктеп, үлгi-өнеге алатын батыр тұлға бар деп айта алмас едiм. Қазiргi жастардың бәрi кәсiпкер, қаржыгер болсам дейдi. Олай болса, ортаның өзi, қоғамның өзi ұрпақты тәрбиелеп жатыр. Әлде жанбағыстың жарапазаны десек те дұрыс болар. Бiр көңiл бөлетiн нәрсе, жастардың көбi кiтапқа қарай, рухани дүниеге, имандылыққа қарай көш басын бұрғанын да жасырмауымыз керек, қолдауымыз керек. Рухани дүниесiз мүмкiн емес екенiн түсiнген жайымыз бар. Дегенмен, бiрiншi орында бай болу тенденциясы өршiп тұрғаны да жасырын емес. Ешкiм де жақсы тұрмыс, жайлы қызмет, барлық-байлыққа қарсы емес. Бiрақ тек осы мақсатты ғана көздеу, ол ендi жақсылыққа апармайды… Сондықтан да батырды да, қаржыгердi де, шын мәнiнде қоғам, орта тәрбиелеуi мүмкiн. Ал әу бастағы қандағы намысшылдық, ерлiк, бiлiмдiлiк, ол ендi атаның күшi, ананың сүтiмен даритынын түйсiгi бар пендеңiз мойындауы керек.
– Жастар тәрбиесi жайлы дегенде, еске Момышұлы атындағы әскери училище түседi, олармен қарым-қатынастарыңыз қалай?
– Бұрын Ким Серiкбаев, Әбiрев деген азаматтар басқарып тұрған кезде ол мектеп бiздiң екiншi үйiмiз секiлдi едi. Өйткенi олар бiзбен үнемi қарым-қатынаста болды. Әкемнiң туған күнiнде, балалар ант қабылдап оқуға түскенде, бiтiрген кездерiнде бiз отбасымызбен шақырылатынбыз. Неге екенiн бiлмеймiн, кейiнгi директор бiзге осы күнге дейiн тiптi сәлем берген азамат емес. Ал өз басым бала емеспiн, батырдың баласы екенмiн деп тiрлiктерiне қалай араласасың. Өркөкiрек те емеспiн, бiрақ жасы кiшi әрi әкем атындағы оқу орнын басқарып отыр, мен қара шаңырақты ұстап отырмын, кiшiлiк көрсету оның iсi едi деп ойлап қоямын.
– Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас оңай емес. Бауыржан атамызбен араларыңызда келiспеушiлiк әлде түсiнiстiк басым болды ма? Әдебиетте өз орныңыз бар қаламгерсiз, әке тасасында қалып қойдым деп ойламайсыз ба?
– Мен Алматының асфальтында туғанмын. Кеңес үкiметi кезiнде елдегi идеология солай болды, қалада жалғыз қазақ мектебi бар, оның өзiне алыс-жақын аудан-ауылдардан келген малшы-шопандардың балалары қабылданады. Сөйтiп орыс мектебiнде оқыдық. Сонда әкем демалысқа келгенде тек қана қазақ тiлiнде сөйлейдi. Шала-пұла жауап беремiн. Бiрде шешеме:
– Өзiң «Лениншiл жаста» жұмыс iстейсiң. Мынау орыс болып кетпеу үшiн сондағы ауылдан келiп оқып, жұмыс iстеп жатқан жас тiлшiлердi, пәтерде жүрген журналистердi қасыңда тұрғыз! – дейдi ғой. Содан бiздiң үйден кiсi арылмайтын болды. Әсiресе, Кәкiмжан Қазыбаев, Қайдолла Тiлемiсов, Саттар Бөлтекбаев сынды ағаларым, одан кейiн Камал аға Смайыловтар менiң таза қазақи тәрбие алуыма септiгi тиген азаматтар. Менiң өмiрiмдегi үш жұлдызым, осы үш ағам, жоғарыда аттары аталған азаматтар, олар менiң әкемнiң пагонындағы жұлдыз емес, менiң өмiрiмдегi жұлдыздарым болғанын мақтанышпен айтып отырамын. Олар үйде жүрген соң, қазақтың тiлi, әуенi құлағыма сiңедi ғой. Тiлiмдi қазақшаға бұрған осы кiсiлер. Ал мектепте жүргенде жазғы демалыс сайын менiң жолдастарым (Әбдiлда Тәжiбаевтың, Ғабит Мүсiреповтің, Ғабиден Мұстафиннiң, Қаныш Сәтпаевтың т.б. балалары) Балтық, Қара теңiзге кетiп жатқанда, менi жәй плацкарт вагонмен әкем ауылға қуады. Жеткенше жылап барамын. Әкеме ызам келедi, батырдың баласы, жалғыз ұлы бола тұра жүрiсiмдi қарашы, деймiн ғой ызаланып. Намыстанамын, үш ай ауылда шаң-шаң болып, сабақ басталар кезде қалаға келемiн. Қазiр көзi тiрi жеңгелерiм қошқарға мiнiп шабатынымды, қойлардың арасында шаршап ұйықтап қалатынымды әлi күнге еске салып, қалжыңдап отырады.
Ауылдың аты – ауыл, берекелi, ауасы қандай, сонда әкем туған жерiнен тамыры үзiлмесiн, топырағына аунап өссiн, жердiң қадiр-қасиетiн сезiнсiн деген оймен жiбередi екен ғой. Ақсудың мөлдiр суынан iшiп, шомылып санасына ұлттық күш-жiгер құйып өссiн деген, ағайынмен ара жiбi үзiлмесiн деген екен ғой. Оны кейiн жас ұлғайған сайын түсiне түседi екенсiң. Жасыратын не бар, арагiдiк сәл кесiлдi, бiрақ әлi үзiлген жоқ.
Ол кiсiге бекер-ақ өкпелейдi екенмiн. Сол бала күннен қалған әдетiм, әлi күнге қарынға салған қолдың майын, ып-ыстық табаға пiсiрiлген нанын жақсы көремiн, аңсап тұрамын.
Соның арқасында тұстастарымның, жолдастарымның iшiнде ең қарапайым, қазақи болып қалған мен ғана. Шығармаларымды орыс тiлiнде жазамын, ал бiрақ кейiпкерлерiм – қазақтар, шығармаларымда қазақтың салт-дәстүрi, қазақтың қоңырқай тiрлiгi, бәрi өзiмiздiң қазақи ортадан алынған кейiпкерлер, ойдан емес, өмiрде барлар ғана, айталық қоғамдағы қолдан жасалған пiкiрлерге онша көңiл бөлмеймiн. Қағазға басқа тiлде түссе де, түпкi мақсат өз ана тiлiмде сайрайды. Оның үстiне мен қала баласы бола тұра, Зейнептей дала қызына үйленгенiм, қосақ болғаным да шығармашылығымда көп көмегiн тигiздi.
Әкем содан кейiн болар, Ержанды қазақ балабақшасына орналастыруда бұрын-соңды ешкiмнiң алдына бармаған, басын имеген кiсi жанын салып-ақ бақты. Одан кейiн қазақ мектебiн алтын медальмен бiтiрiп, университеттi де қазақша оқыды.
Ал әкемнiң көлеңкесiнде қалғанның өзi үлкен бақыт қой. Әкем: «Я приговорен к славе, ты обречен быть сыном» дегенi әлi құлағымда қалғаны сонша, мiне 70-ке келiп қалсам да, Құдайға шүкiр, әлi Баукеңнiң баласы болып жүрмiн. Әңгiме барысында айтып кеткенiмдей, ешқашан әкемiздiң атын пайдаланып, қазақтың батыр ұлы, қазақтың Бауыржаны деген атқа өз тарапымыздан кiр жұқтырмай, шаң жуытпай, қолымыздан келгенше әке аруағын сыйлауға, қанымызға сiңген тәрбиелiк өнеге-өсиетiн өзiмiзден өрбiгендерге ұран етiп табыстауға бармыз.
Менiң әкем жайлы үш кiтабым шықты. «Восхождение к отцу» деген алғашқы кiтапты жазып шықтым да, қолжазбам ұнамады. Қайта-қайта қарадым, тiптi басқаша жазып шықтым. Бұл кез кеңестiк идеологияның тұсы, сонда да көңiлiм толмады. Қайта жазылған дүниенi қарағанымда, бұл тiптi әкеге табыну емес, баспалдақ, шағын ғана қадам екен. Бұл тақырыпқа әлi дайын емес екенiмдi ұқтым. Бiрақ жиырмадан астам кiтап, одан да көп аудармаларым бар. Кiтаптарымның iшiнде мiндеттi түрде әкем жүредi. Әлi күнге дейiн жазып отырғанымда желкемде қарап тұрған сияқты сезiнемiн. Редакторым тәрiздi, артық-ауыс кеткен жерлерiмде түзеп: «әй, мына жерде iрiленiп барасың, саябырсы немесе ұсақталып кеттiң ғой» деп тұратын сияқты.
«Во имя отцада» тек әкем жайлы емес, әкемнiң тұстастары, қарым-қатынаста болған сыйластары, қатарластары арқылы әке образын жасауға тырыстым. Одан кейiн «Сыновья великого волканың» кейiпкерлерi де қазақтың марғасқа ұлдары. Әкемдi көбiне өте қатал, сұсты, бiрбеткей, алдына келген кiсiге дөрекiлеу, мiнездi деп көбiрек айтылып жатады, ол кiсiнiң айтқан әрбiр сөзiнiң астарында өсиет, өнеге жатқанына мән берiлмейтiн сияқты. Мәселен, «Дарвин маймылдан, ал мен бөрiден жаралдым» дейдi. Көрдiңiз бе, Дарвин ғылымын түкке алғысыз етiп тастайды. Мұндай афоризмдер ол кiсiде көп кездеседi. Сондықтан кейiнгi кездерi әкемнiң сыртқы келбетi, мiнез қайшылықтарына емес, әрбiр сөзiне, сөйлемiнiң түп-төркiнiне зерттеу жүргiзiп жүрмiн. Әсiресе, рухани, тән, жан, мәңгiлiк, рух жайлы жазғандары, әкемнiң тiршiлiк, табиғат, бақи туралы көзқарастарын-пiкiрлерiн зерделеп, зерттеп жатырмын.
Әкем жайлы қанша жазсам да, зерттесем де, ұшы-қиырына жетер емеспiн. Ол кiсiнiң әке ретiнде, азамат ретiнде әлi ашылмаған беттерi баршылық.
Ал ес бiлiп, етек жапқалы ондай түсiнiспеушiлiк болмады емес, болды. Өмiр-тiршiлiк болған соң, бiр-бiрiмiзге қырын қараған кездерiмiз де болған. «Батыр аңғал, аңқау келедi» дейдi, мүмкiн әкемнiң батырлығына, батылдығына қызыққан болар, жiгiтшiлiк жасаған кездерi де болды. Ондай да, әрине, ренжiдiм. Бiрақ жылдар өте санам сабасына түскендей, әкемнiң қазақ деген халықтың алақанында жүрген кездерi, ерлiк пен елдiктiң туын көтерiп жүрiп ондай «еркелiк» жасағаны да өмiрдiң заңдылығы болар деген тоқтамға келемiн…
Иә, Бақытжан ағаның өзi айтпақшы, жетпiске келiп қалса да “әлi күнге әкемнiң, Баукеңнiң баласы болып келемiн” дегенiндей, ол кiсiнiң балалар әлемi, жас жеткiншектерге арналған керемет дүниелерi де шығармашылығының бiр ауыр жүгiн көтерiп тұрғандай. Орыс тiлiнде жазса да, кез келген шығармасынан қазақтың ұлылығы, даналығы салтанат құрып тұратын жазушы Момышұлы-2: «Мен әлi баламын» («Я еще ребенок») деп бiздi әдемi қалжыңмен шығарып салды…
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ.
«Түркістан» газеті.



