Жүрек толқытқан сәттер еді…

Қуандық Шаңғытбаев — 100
Даусыз ақиқат — әрбір зерделі адамның ғұмырында есінде қалар әдемі шақтары болады. Сол сияқты мен бұрынғы Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінде редакторлық тізгін ұстаған тұсымды, облыстық «Коммунизм жолы» газетінің Шалқар, Ырғыз, Мұғаджар аудандары бойынша меншікті тілшісі болған жылдарымды мейлінше ұмытпауға тырысамын. Өз міндетімді атқара жүріп, өңірдің қоғамдық-саяси тірлігіне араластым, өлкеге шығармашылық немесе мерейжасқа толуына орай арнайы сапармен келген бірқатар әдебиет және өнер қайраткерлерінің қасында бірде жолбасшы, қайсыбір ретте атқосшы міндетін атқардым. Әрине, зиялы адаммен сапарлас, дәмдес болу ой-түйсігіңді байытады. Жадыма өшпестей із қалдырған абзал жандардың бірі жүзінен арай шашып тұратын сырбаз ақын Қуандық Шаңғытбаев ағамыз еді.
Ырғыз аймағының Шабаған өңірінде дүние есігін ашқан Қуан-аға кезінде «Төрт үй» атанып кеткен Қарабұтақта интернатта жатып, Ораз Исаев атындағы орта мектепті тәмамдады. Ол және Тахауи Ахтанов балалық шақтан басталған достығын сәтімен жалғастырып, ақтық демі таусылғанша ұлтына адал қызмет етті, әдебиет қоржынын қай кезеңде де мән-мағынасы өшпес шығармаларымен толықтырды. Екеуі де Қазақстанның халық жазушысы атанды, ел-жұртының сүйіспеншілігіне бөленді.
Тахаң елу жасқа толғанда Қуан-ағаның арнап жазған әйгілі өлеңі:
Есіңде ме Қарабұтақ, Тахауи,
Сонау шеткі Есмалайға тақау үй.
Сәби арман құшағына сыймайтын,
Сабан менен лайдан соққан жатақ үй, — деп басталуы досына деген ерекше құрметті аңғартары сөзсіз.
Жарықтықтар Ақтөбеге қарай бет бұра қалса, орайын келтіріп, Қарабұтаққа ат шалдыратын. Әдебиет абыздарының игі ниеті құлаққа тисе биліктегі ағайынның қамданары, алдын ала жоспар құрары анық. Сөйтсе де көкірегіне иман ұялатқан Ахтанов та, Шаңғытбаев та алдымен елдің жасы үлкен ақсақалдарына, оның ішінде байырғы партия-кеңес қайраткерлері Жолшы Момынбаев пен Нысаналы Жаңбырбаевқа сәлем беру дағдысынан жаңылған жоқ. Олардың тағы бір ардақ тұтар адамы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Феруза Сражатдинова мен оның отағасы, Ұлы Отан соғысы жылдарында француз қарсыласу қозғалысының шайқасына қатысқан ақтөбелік он төрт адамның бірі Мінәжадин Құрмашев болды. Сөйтсек, Феруза апай мектепте Қуан-ағамен бір сыныпта оқыған екен.
2002 жылдың 17 ақпанында байырғы ұстаздың 80 жасқа толуы қарсаңында Ақтөбедегі үйіне барып әңгімелескенімде апамыз Қуандық досының сабақты үздік оқығанын, тәртіптілігі менұйымдастырушылық қабілеті шеберлігін айтып еді. «Домбыраны жақсы тартатын, мектептің қабырға газетін шығарудың басы-қасында жүрді, тағы бір құрбым Зүбәрзат Мұхтарова әнші еді, кейін Алматыда тұрып, өнер жолына түсті» — деді.
Ерекше айтар жай – Қуандық Шаңғытбаевпен қанша кездескенімізде, сапарлас болғанымызда сыпайы, сырбаз қалпын сақтай білді, адамгершіліктің ауылынан еш ауытқыған жоқ. Мұндай асыл қасиеттер қайсыбір ақын-жазушылардың бойынан табыла бермейтіні және рас.
Еліміз егемендігін жариялаған кезеңнің бастапқы шағында Ақтөбеде патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті тұлғаларының бірі Тама Есет Көкіұлының 325 жылдық тойы есте қаларлықтай кең ауқымда өткізілді. Мерекеге Алматыдан арнайы шақырылған ақын-жазушылар тобында Қуандық Шаңғытбаев пен Сағи Жиенбаевқа және Талдықорған облысының делегациясына қызмет көрсету Қарабұтақ ауданына жүктелді. Әйгілі қос қаламгерге Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында қызмет атқаратын ғылым докторы, профессор Есет Жұбанов сәлем бере келіп, үшеуін «Ақтөбе» қонақүйінің люкс-бөлмесінде жайлағанбыз. Сонда алыптардың жарасымды әңгімесі, өзара сыйластығы көңілімізді көтеріп тастады. Сағи аға тойға арнап шығарған өлеңін оқығанда Қуекең ризашылық пейілмен елжірей қарағаны көз алдымда.
Айтпақшы, осының алдында батыр тойына Алматыдан мәртебелі меймандарды арнайы сапармен барып, шақыру міндеті маған жүктелген-ді. Небәрі екі күнде бұл тапсырма мүлтіксіз орындалды. Қуандық ағаның үйінде шақыру билетін тапсырғанымда уақытымның тығыздығына қарамай, үй қожасының дастарқанға тізе бүктіріп:
—Мынау – Жағалбайлыдан келген жабағының қазысы, басытқыға жақсы болады, —деп, тізе бүктіргені, қолға түсе бермейтін қымбат коньяктан дәм таттырғаны есімде. Бұл да қарапайымдылықтың, қазақы мінездің көрінісі.
1995 жылғы қыркүйектің алғашқы аптасында Қуандық Шаңғытбаев 70 жасқа толу ретімен Шалқар ауданына келді. Сапарлас серіктерінің бірі тарих ғылымдарының докторы, профессор Төреғали Қаратаев мерейлі сапардың Қарабұтақ ауданынан басталғанын, Бөгетсайдың тұсында бұлақ көзі ашылғанын, оған куәгер қауымның қошеметімен Қуанбұлақ деген атау берілгенін көңілдене айтты. Сол сапардаарқалы ақын қасындағы сапарласы әйгілі композитор, жазушы, өнер зерттеушісі, бұл күнде Қазақстанның Еңбек Ері атанған Ілия Жақановпен бірге жазып әкелген «Қарабұтақ вальсі», «Ырғызым», «Шалқар» «Ойыл толқындары», «Әйтеке би арманы» әндерін тыңдарман назарына ұсынды. Бәйгеде оза шауып жүрген қос жүйріктің жүрек тербер әсем әуені талайды тамсантқаны анық.
Шалқар қаласындағы №1 орта мектепте болған кездесуде білім беру саласының ардагері Ілияс Мұратов лирик ақынмен танысқан сәтін еске алып: «Мен отыз үштемін, сіз жиырма сегіз жастасыз. Жадығұл Құлмағамбетовтің үйінде табақтас болған отырыста терең біліміңізді аңғартқансыз. Уақыт екеуміздің де кескін-келбетімізге өз өрнегін салды. Сөйтсе де ойлы өлеңдеріңіз, кең құлашты жыр-дастандарыңыз халық санасында сақталып қалары анық. Мектеп оқушыларының сіздің шығармашылығыңызды оқуға құштарлығын байқап қуанамыз» — деді.
«Жаңа қоныс» ұжымдық кәсіпорнында ауылдың сыйлы ақсақалы Әбукәкім Данабеков мынаны айтты:
—1954 жылы Крупская атындағы колхозда басқарма төрағасымын. Сіз шаруашылығымызда болып, еңбек адамдарымен жүздестіңіз. Көп ұзамай «Актюбинская правда» газетінде бір беттік мақала жаздыңыз. Сол жазбаңыздың жемісі —Мәскеу қаласында Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысу құрметіне ие болдым. Қайтар жолда Ақтөбеде бірнеше күн аялдадым. Денсаулық саласында қызмет ететін інім Шәкен Мұқашов бірнеше досымен дәм татып отырған жерінде сізге сәлем берген, сонда әрқайсысына елу сомнан ұстатқаныңызды айтып еді.
Бегімбет ауылында мұғалім Шайхышбулла Ыбырайымов, мектеп директоры Жұмабай Омаров арнау өлеңдерін оқыды. Мұғалім Гүлмира Жұмамұратова «Тербеледі тың дала» әнін шырқағанда ақынның жиен қарындасы Нағима, ауыл әкімі Беркінбай Балымбетов қосыла орындап, залдағылардың қол соққан қошеметі көпке дейін басылмай тұрды.
Өндірістік кәсіпорын төрағасы Бақыткерей Әдімановтың үйіндегі шұрайлы дастарқаннан дәм татып, аулада тұрмыз. Қонақтардың бірі түзге шығар жолды сұрағанда мен:
—Патшалар жаяу баратын жер ме? — деппін.
Сонда Қуан-ағам: «Патшалар деме, Тахауи жаяу баратын жер деп айт» — деді. Осының өзі-ақ даңқты қаламгердің досына құрметінің қандайлығын байқатып тұрған жоқ па!?
Еліміздің егемендігі жарияланған бастапқы кезеңде Шалқардағы бұрынғы қонақүй жекенің иелігіне өтіп, жүдеулеу көрініске тап болған еді. Сондықтан аудан басшылығы қадірлі қонақтарды зерделі азамат, кәсіпкерлікке енді ғана бет бұрған Мырзалы Бисеновтің үйінде жайлауды ұйғарды.
Қуан-аға аудандық Мәдениет үйінде болған кездесуде жиналғандар алдында Мырзалы мен зайыбы Бибігүлге шынайы ризашылығын білдірді…
Мен әдебиет сыншысы емеспін, бірыңғай журналистика өкілімін. Сондықтан өзім пір тұтқан қадірлі Қуандық Шаңғытбаевтың адами болмысына тоқталуды жөн көрдім. Оқырман ниетімді ұғынар.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
ОЙСЫЛҚАРА БОЙЫНДА
1991 жылы Хромтау ауданында қазақтың белгілі ақыны Әкімәлі Қаржауұлының туғанына жүз жыл толуы атап өтілді. Сол мерекеге Алматыдан ат арытып қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері — Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Тахауи Ахтанов пен белгілі лирик ақын Қуандық Шаңғытбаев келді.
Отызыншы жылдардың қуғын-сүргініне ұшырап, одан кейінгі кезеңде де көп уақытқа дейін есімін атауға бұғау салынып, беріректе ғана туындылары жинастырылып, жарыққа шыға бастаған Әкімәлі туралы қадірлі қонақтардың айтары мол екен.
«Әкімәлінің өлеңдері бала кезден құлағымда жүретін. Үлкендердің аузынан көп естідік. Дәріптеуді қажет етпейтін үлкен ақын. Ниеттерің қабыл болсын, бауырлар!», — деп Жамбыл атындағы колхоздың Мәдениет үйінде өткізілген оқырмандармен кездесуде Тахауи ағамыздың ағынан жарылып сөйлегені есімізде.
Одан кейін жұртшылық алдына Қуандық Шаңғытбаев шықты. Сырбаз кейпімен, сыпайы да сындарлы сөзімен көпшілікті бірден өзіне баурап, тыңдарманын бірден жанына жақын тартып алғаны есімізде.
«Шыны керек, — деді ол да қуанышын жасыра алмаған күйінде. — Әкімәлі Қаржауұлының атын атап, тойын тойлаймыз деген ой менде мүлдем болған жоқ. Жастайымнан Әкімәлінің есімін, оның өлеңдерінің кейбір жолдарын шешемнің аузынан талай тыңдадым. Содан да оны өзіме өте жақын көремін. Ақын асына сонау астанадан мақтаныш сезіммен келдік. Бұны үш жүздің баласына ортақ той ғой деймін».
Сол жолы екі тарлан тебірене сөйлеп, біраз әңгіме айтты. Бір ерекшелігі, Қуандық ағамыз Тахауи Ахтановты ылғи да алдыға салып, ерекше құрметтеп отырады екен. Ақынның мұндай ізеттілігіне көпшілік сүйіспеншілікпен қарады.
Біздің есімізде қалғаны, Тахауи ағаның айтуына қарағанда, азып-тозып кеткен елдің ауыр халін Мағжан дәрежесінде жырлаған суырып салма сөз зергерінің біраз өлеңі із-түзсіз жоғалып кеткен. Кейінгі жиналғандарының көпшілігі ел ішіндегі құйма құлақ қарттардың аузынан жазылып алынған.
Алматыға оралған соң Қуандық Шаңғытбаев республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында шыққан мақаласында былай деп жазды:
«…Биыл шілде айында Тахауи екеуміз белгілі ақын Әкімәлі Қаржауовтың 100 жылдық мерейтойына қатыстық. Кезінде Ахмет аға Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың үзеңгілес інісі болған, бірінші дүниежүзілік соғыста Батыс майданда жүріп, «Аралға қонды бір топ қаз» деген жан тебірентер, мөлдір сезімге толы тамаша өлең жазып, оны Ахаңның «Қазақ» газетіне жариялаған осы бір жағалбайлы елінің абзал перзенті Ор өзенінің бойында туып-өскен. «Бесжылдық план — иірілген қара жылан», «Кәрі құдай, қайдасың, большевик салды найзасын» сияқты жыр жолдары үшін саяси айып тағылып, 1932 жылы қырыққа келген қыршын жасында ақын Ташкент маңындағы бір концентрациялық лагерьде қаза табады…».
…Елге келген сапарында қос қаламгер Ойсылқара өзені бойында тыныстап, ұзақ әңгімелесіп жүрді. Олардың жүздерінен атамекенді сағынғандары, туған топыраққа сүйіспеншілік сезімі байқалып тұрды.
Сол жолы Қуандық аға өзінің ертеректе «Ойсылқара» деген өлең жазғанын айтып, бірер шумағын тыңдатқан еді жанында жүргендерге…
Жомарт ҰСНАДИНОВ,
еңбек ардагері.
Хромтау қаласы.



