Мәдениет

«Қазақстан ханымы» — ақтөбелік!


Жақында Алматыда «Қазақстан ханымы-2010» атты ІІ ұлттық байқауы өтті. Дүбірлі додаға 25 пен 55 жас аралығындағы отбасы ұйытқысы болып отырған әйелдер қатысты. «Сезон» журналы ұйымдастырып, Президент жанындағы отбасы және демографиялық саясат комиссиясының төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қолдаған байқауда «Қазақстан ханымы» атағына ажарымен ғана емес, ұлттық киім әрі өнерімен топ жарған екі баланың анасы, әріптесіміз — «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі Гүлназ Әлімгерей лайық деп танылды.

Барлық бұқаралық ақпарат құралдары жеңімпазды «астаналық» деп жазды. Ақтөбеліктер оны «Ақтөбенікі» деп шуласты. Осындай әңгіме өрбігеннен кейін біз Гүлназға хабарласқан едік. Сұрағанымыз алдымыздан іздемей-ақ табылды: Ақтөбеде жүр екен. Кездесіп, әңгімелестік. Әлқисса…

—    Жеңіс құтты болсын! Қай қырынан алғанда да оқ бойы озық болыпсың. Байқау туралы өзіңнен естісек…

—    Қазір бұны «Мисс» байқауымен шатастырады. Басқа қыздар ренжімей-ақ қойсын, менің ойымша, ол жерде көп ақылдың қажеті жоқ. Ал біздер бұл байқауда барлық жағынан сынға түстік. Алматыда әр өңірден жиналған «сен тұр, мен атайын» деген 15 келіншек бақ сынады. Әдемілігі өз алдына. Әуелі өзімізді және отбасымызды таныстыру мақсатында арнайы әзірлеген отыз секундтық бейнематериал көрсеттік. Қазіргі заманның қыз-келіншектері үй шаруасына да, бала тәрбиесіне де, түздегі қызметіне де үлгеруі керек. Сол қасиеттердің бәрі бойымнан табылған соң, мен сайысқа қатысуды жөн көрдім.

—    Қай кезеңде ерекшеленіп, суырылып алға шықтым деп ойлайсың?

—    Байқаудың «Даңқ минуты» кезеңінде бәсекелестерімнің бәрі ән айтып, биледі. Мен де өнерден құралақан емеспін. Бірақ мен театрландырылған көрініс қойдым. Сәл шегініс жасайын, мен бағымды, жарымды байқауда жолықтырған жанмын. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқып жүрген кезімде «Қыз сынынан» жеңімпаз болған мен — Баян, «Жігіт сұлтаны» атанған Нұрділдә Қозы болып, журналистика факультеті атынан сахналық қойылымға қатар шықтық. Сахнада Нұрділдә өзі шығарған өлеңмен маған сезімін білдірді. Бұл өлең біздің махаббатымыздың, сезіміміздің оянуына себепші болды. Біз 8 жыл бұрын студент кезімізде таныстық. Биыл  отасқанымызға 6 жыл болды. Кешегі байқауда сахнаға жолдасыммен бірге шығуға рұқсат берілмеді. Ситуациядан шығу керек болды. Режиссерлермен ақылдастым. Жарыммен кеңесіп, жігітті елес күйінде жасау үшін, оның даусын алдын ала таспаға жаздық. Қойылымда бойжеткен қиялдап, армандап келе жатып, ғашық жігітінің даусын естіп қалады. Жігіт те ғашық екен. Қыз басында абыржиды, жігіт сезімін білдіреді, қыз кездесуге келісіп, сөйтіп, екеуі де сахнадан кетіп қалады. Осылайша, «Махаббат монологын» көрсеттім. Театрландырылған көрініс бір минуттан аспауы тиіс болғасын, бәрін осы уақыт ішіне сыйғыздық.

—    Сахнаға қандай киіммен шықтың?

—    Ұлттық костюмде, әрине. Биыл «Қазақстан» ұлттық арнасы Елбасының алдында Наурыз-думан жүргізді. Сонда жүргізушіге, яғни маған арналып тігілген болатын. Ол киім менен басқа ешкімге сыймайды. Байқауға сол дайын тұрған костюмді кидім де шықтым. Елорданың мықты дизайнерлері пішкен.

—    Ал білім деңгейін сарапқа салатын кезеңнің сұрақтары қандай болды?

—    Сұрақтар Қазақстан тарихы мен қазақтың салт дәстүрлерінен әзірленген. Маған «Қазақтың ежелгі сәндік-қолданбалы өнері» тақырыбы келді, әжемнің берген тәрбиесіне сүйеніп, сырмақ, киіз басу, кілем тоқу туралы әңгімеледім. Кейбір қатысушылар құрылғанына қырық жылдан астам уақыт өткен қазақтың аспапты-вокалды ансамблі — «Дос-Мұқасанды», қазақтың вальс королі — Шәмшіні білмей жатты…

—    Байқау әйелдерді қолдауға арналған ғой, гендерлік саясат туралы пікірің қандай?

—    Иә, рас. Байқау әйелдердің қоғамдағы рөлін көтеру мақсатында жасалып отыр. Бірақ бұл әйелдердің еркектерге үстемдік етуі үшін емес. Мен де үстемдік орнатайын деп барған жоқпын. Мансап қуған әйелдер бар, әрине, қоғам үшін керек шығар, бәлкім. Мейлі, өссін, мен қызметте жүрген әйелдерге қарсы емеспін. Бірақ өзім ең бірінші орынға отбасымның берекесін қоямын. Одан кейінгі орында — қызметім, қоғамдағы басқа да шаруаларым. Бұлар өзімді жетілдіру үшін қажет.

—    Бір үйде екі журналист бар. «Бір қазанға екі қошқардың басы қалай сыйып жүр»?

—    Екеуміздің де журналист болғанымыз, көп жағдайда бір-бірімізді толықтырып тұрады. Сондай-ақ маған отбасы тірлігі мен қызметімді қатар алып жүру оңай. Нұрділдәнің бір ғана талабы болды: бала тәрбиесі мен түздегі қызметіңе үлгеріп жүрсең, ешқашан қарсылық көрсетпеймін деген. Ұлттық арнаға келуімнің де себебі жарым болды, аз ғана уақыт бірге жұмыс жасадық. Қазір ол Астанада ішкі істер департаментінде ақпарат және тіл саясаты бөлімін басқарады.

—    Бала тәрбиесіне қалай үлгересің? Кім көмектеседі?

—    Мен өзімді нағыз қазақтың келінімін деп есептеймін. Қолымда ата-енем тұрады, қайным бар. Сол кісілер көмектеседі. Ұлым Нұрасылдың тоғыз айлығында жұмысқа қосылдым. Одан кейін қызым Ділназымға алты ай толғанда да, үйде отырмай, жұмысқа шығып кеттім. Осы кездері де ата-енем көмектесіп, қолдау көрсетіп отырды. Балаларымыз ата-әжесінің тәрбиесін көріп, мейірімдеріне қанып өсіп келеді. Ұлым балабақшаға барады. Әрине, қазақ тобына.

—    Қай елге келін боп түстің?

—    Қызылордаға. Алайда ата-енем ертеректе көшіп кетіпті. Қазір Теміртау қаласында тұрамыз. Нұрділдә екеуміздің ата-анамыз құрдас. Әкем де, атам да 1958 жылғылар, анам да, енем де 1962 жылғы. Анам қараторы кісі. Ал туысқандар мені енеме ұқсатады. «Қайын ененің топырағынан» жаралғандай дей ме?! Сөйлеген сөзім де, түрім де сол кісіге келеді. Сірә, Нұрділдә мамасына ұқсайтын қыз іздесе керек (күліп).

—    Үнемі бір формада қалай жүресің?

—    Спортпен айналыспаймын, уақыт жетпей жатады. Дене бітімім осындай. Әкемнің анасы да сондай сымбатты болған. Спортты жақсы көремін. Мектепте жүргенде кроссқа жүгіргенді ұнататынмын. Әрине, отбасымызбен қолымыз қалт еткенде Бурабайға табиғатқа шығып қайтамыз. Атқа мінгенді жақсы көремін. Жарым Нұрділдә бильярд ойнағанды ұнатады.

—    Сонда қазақтың «супер» келіншегі қандай болу керек?

—    Бәріне үлгеруі керек! Әжелеріміз бен аналарымыздың қасында біз ешқандай жаңалық ашып жатқанымыз жоқ. Әжелеріміз 10-12 баланы туған, туа салысымен екінші күні шөп шабуға немесе қырықтыққа кетіп, сиырды сауып жүрген, одан қалды қазан-ошағы тағы бар…

—    Өзің сиыр сауа аласың ба?

—    Әрине. Нағашыларым Оралда тұрады. Кішкентайымда ешкі сауыппын, әлі күнге дейін нағашыларым: «Гүлназ-ау, келмей кеттің ғой, ешкіні кім сауады?» деп, қалжыңдайды. Мен ауылды және мал қораның, шөптің исін сағынамын. Қолым қалт етсе, ауылға келуге асығамын.

—    Ақтөбеде жай жүрмеген шығарсың. Осы жердің қызы деген әңгіме рас болды ғой, ә?

—    Иә, рас. Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ селосында дүниеге келдім. Сол жерде Тарас Шевченко атындағы қазақ орта мектебінде оқыдым. Беріректе Ақтөбеге көшіп келдік. Осы қаладағы №21 орта мектепті бітірдім. Байқаудан соң еңбек демалысын алып, жаңа көлікпен арнайы Ақтөбеге тартып кеттік. Әуелі Қарабұтақтағы Төлеу әжеме соғып, сәлем бердік. Сондай-ақ сол жердегі қорымда жатқан ата-баба аруағына құран бағыштадық.

—    Ата-анаң, бауырларың осында тұрып жатыр ма?

—    Отбасында үш баламыз. Кеше ғана Гүлмира деген әпкем ұзатылды. Ақтөбеге бір жағынан, сол тойға да келдік. Ол Астана қаласында жұмыс істейді, өзінің жарын да сол жақтан тапты. Ал інім Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітіріп, қазір сол Астанада Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс жасап жүр. Ақтөбеде тек ата-анам тұрады.

—    Байқауда үздік шығып, Қазақстанда тұңғыш жасалған «Yong Kyron» кәріс автокөлігінің тізгінін алғашқылардың бірі боп ұстадыңыз. Құтты болсын!

—    Рульде отырғаныма төрт жылдай уақыт болды. Жыл сайын Нұрділдә маған жаңа көлік сыйлайды. Биыл енді оған мен көлік сыйлап отырмын. Көптен бергі арманым орындалды, қуаныштымын. Мені қолдаған ұлттық арнаның ұжымына, әріптестеріме, достарыма, туған-туыстарыма, жарым мен балаларыма алғысым шексіз.

—    Алдағы уақытта телеарна көрермендерін қандай жобалармен қуантасың?

—    Болашақта жаңа жобалар ұсынатын ойым бар. Отбасына немесе балалар мен аналарға арналатын болар. Байқауға қатысты да көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. «Қазақстан ханымы-2010» байқауының жеңімпазы болғасын, қыз-келіншектерге арналған байқаулар мен көрмелерге, кештерге қатысуға тура келеді. Негізі, елге келіп, біраз жатып демалам ба деп едім, бірақ ұзақ қалуға мүмкіндік болмай тұр. Павлодарда өтетін «Қанатты әйел» атты кезекті республикалық көрмеге қатысуым керек.

—    Әңгімеңе рақмет!

Р.S. ХХІ ғасырдың әйелі іскер, аяулы жар, мейірімді ана болуы қажет. Осыған сөзі мен ісі сай келетін Қарабұтақ топырағынан шыққан Гүлназ — қазір мейірімді ана, сүйікті жар, отбасының ұйытқысы және өз кәсібінің маманы. Байқаудан соң тәж киген оның суретін «Сезон» журналы қазан айындағы нөмірінің мұқабасына жариялапты. Бұйырса, келесі жылы мамыр айында Сеулде өтетін «Әлем ханымы» байқауына баратын жерлесіміз әрі әріптесіміз Гүлназға сәттілік тілеп, тілектестік ниетімізді білдіреміз. Бұл — болашақтағы қуаныш. Әзірге, «Қазақстан ханымы» «Қазақстан» ұлттық телеарнасының сәні боп жүр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button