Жеңіс

Ел қорғауға өз еркімен аттанған…

Мырзалы Алдашев 1942 жылдың қаңтарында әскер қатарына шақырылады. Бір отбасының еркек кіндіктен жалғыз ұлы болғандықтан әскери комиссариат оны әскерге алуды кейінге шегермек те болады. Алайда намысшыл, елін сүйген азамат өзі сұранып, майданға аттанады.

Ұлы Отан  соғысы жылдарында ерлік көрсеткен  қазақ жауынгерлерінің арасында Мырзалы да бар. Оның дәлелі – үкімет тарапынан алған марапаттары. Ол «Қызыл Жұлдыз» орденінің, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Жеңіске 20 жыл» медальдарының иегері атанды.

Соғыстан елге оралған соң Мырзалы аға өзі туып-өскен Шалқар ауданының «Талдықұм» ұжымшарында бас бухгалтерлік қызмет атқарады. Бұл шаруашылық аудандағы сол кездегі отыздан астам ұшымшардың алдыңғы қатарында болды. Мырзалы аға өз ісін жетік білетіндігімен көзге түседі. Кейінірек ұжымшарлар ірілендіріліп, біріккен кезде де өз қызметін абыроймен жалғастырады.

Ол өмірінің соңғы жылдарында жаңадан ашылған «Айшуақ» кеңшарының бас бухгалтері қызметін атқарды. Ол өз ісінің білікті маманы екенін көрсетіп, жас кадрларды да тәрбиелейді.

Банк саласында көп жыл қызметте болған қаржы саласының ардагері Амантай Шотов ағаның бір естелігінде: «1947-1948 жылдары мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланарда Мырзалы Алдашев Шалқар ауданынан сенімді өкілі болып тағайындалды. Сол жылы қақаған қыста Димаш ағамыз мінген полуторка машина қалың қарда жүре алмай жолда қалып, Талдықұмдағы ауыл клубында өткен сайлаушылармен кездесуге Мырзекең ол кісіні ат шанамен алып барып, бір үлкен іс жасап еді», — деп жазыпты.

Мырзалы аға өз ісінің білгір маманы болумен қатар, үлгілі отбасының иесі де еді. Ол кісінің зайыбы Кәбира апай Қорғантұз орта мектебінде мұғалім болып қызмет жасады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Мақсат Дүйісмағамбетов:«Кәбира апай мектепте мұғалім еді. Біздің бала кезімізде мектеп мұғалімдерінің бәрі дерлік ер адамдар болатын. Ойлап отырсам, сол кезде бастауыш класта сабақ беретін Ұштап апай мен Кәбира апай біздің ауылдағы оқып, білім алған әйелдердің алғашқы қарлығаштары екен-ау» — деп жазған болатын.

Осы үлгілі отбасынан Бердалы, Айман, Сағынғали, Нұралы, Нұрлыбай, Нұрдәулет пен Сәрсенғали секілді өнегелі перзенттер өсіп шықты.

Айман Мырзалықызы – филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында қызмет істеді, ҚР ҰҚК академиясында көп жыл еңбек етіп, қауіпсіздік қызметі полковнигі әскери атағын алды.

Отбасының үлкені Бердалы жас буынға ұстаздық ұлағатын таратты. Нұрдәулет пен Сәрсенғали ғылым кандидаттары, жоғары оқу орындарында дәріс береді. Қалған балалары да өмірден өз орындарын тапты, олар қазір Мырзалы әулетінің жапырағын жайып, өрісін кеңейтуде.

Жеңіс ТӨЛЕУОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button