Жеңіс

8-гвардиялық дивизияның солдаты

Менің атам Елеу Бисембаев 1938 жылы Жұрын әскери комиссариаты арқылы азаматтық борышын өтеуге шақырылып, әскер қатарында жүргенде-ақ финдерге қарсы соғысқа қатысады. Сөйтіп, жиырма жасында қолына қару ұстап, талай рет ажалмен бетпе-бет келеді.

1941 жылы әскери қызмет ету мерзімі аяқталар қарсаңда неміс фашистері Кеңестер Одағына басып кіреді.

Сол уақытта Алматыда жасақталған 316-дивизияның құрамына қабылданған ол генерал Константин Рокоссовский армиясы сапында болады. Сөйтіп, Мәскеуді қорғауға, Дубосеково, Волоколамск бекеттерін азат етуге қатысады.

Ал генерал Панфилов қаза тапқаннан кейін оның есімімен аталған 8-гвардиялық дивизия құрамында Ленинград қоршауын бұзуға қатысып, Батыс, Солтүстік-Батыс, Прибалтика майдандарында ерлікпен шайқасады.

Атамның жауынгерлік жолдары Велиж, Рудня, одан кейін Балтық жағалауы бойындағы Холм, Новоржев, Себеж қалалары арқылы жүріп өтеді. Ол — соғыс жылдары Великие Луки қаласынан шыққан теміржол бойын қорғауға алғандардың бірі.

Атам екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденін, І дәрежелі «Отан соғысы» орденін кеудесіне таққан. Көптеген жауынгерлік медальдары және бар. Ол майданда аға сержант шенін иеленген.

Елге жеңіспен оралған соң 1946 жылы коммунистік екпінді құрылыс жолдамасымен Бершүгір шахтасына жұмысқа кіреді. Осы жерде 1961 жылға дейін көмір сапасын тексеру бастығы, кейін механикаландыру училищесінде аға шебер болып еңбек етеді. 1961 жылы Қорғантұз ауылына көшіп келіп, шаруашылықтың МТМ-сында меңгеруші болады.

Елеу атамыз бен әжеміз Жақсығанымнан Роза апамыз бастаған ұрпақтары өсіп-өрбіп, бүгінде тамырлары тереңге жайылуда.  Атамыздың екі баласы Сембай мен Исатай жастайынан техника тілін меңгеріп, ауылда еңбек етті. Келіндері Айымгүл мен Гүлжаһан ата-енелерін қадірлеп, құрметтеді.

Атамыздың майданда Бауыржан Момышұлын көргені, жазушы Дмитрий Снегин командир болған полк құрамында шайқасқаны туралы әңгімелер біздің әулетімізде ұдайы айтылып отырады. Атамыздың немерелерін алдына алып отырып, майдан әні «Катюшаны» айтатыны да бүгінде аңыз сынды.

Атамыз өмірінің соңғы жылдарында Қандыағаш қаласында тұрды. Біздер оның ерлігін үнемі есімізге алып, дұғамызды бағыштап отырамыз.

 Жетпісбай БИСЕМБАЕВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button