Жеңіс

Алты жыл от кешкен

Жеңіс-75

Жеңіс күні жақындаған сайын менің жүрегім ерекше лүпілдеп, өзгеше күй кешемін. Әкеміз Қали Саршиннің сонау соғыс жылдарында қолына қару алып, ел қорғағаны ойыма оралады. Көңілімді қатты қобалжытатын жай: егер әкеміз майдан даласынан оралмай қалғанда ше… Мұны көз алдыма елестетудің өзі қиын.

Шүкір, әкеміз елге жеңіс алып келген жауынгерлер қатарында болды. Бейбіт жылдарда ауыл шаруашылығында аянбай еңбек етті. Анамыз Әмина Еспағамбетқызымен сегіз перзентті аялап өсірді, оқытты. Біздер бір отбасында бес ер бала, үш қыз тату-тәтті өстік. Әке-шешемізден үлгі алдық.

Әкем Қали 1915 жылы Жұрын селолық округіне қарасты №5 ауыл аумағында дүниеге келген. 1933 жылы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылады. 1939 жылы орыс-фин соғысына қатысады. Одан аман-есен 1940 жылы оралады. Бірақ оны алда одан да үлкен сын күтіп тұр еді.

Неміс фашистері Кеңес Одағына басып кірген кезде әкем тағы да қолына қару ұстайды. Өкінішке қарай, ол кісінің көзі тірісінде майдан жолдарын нақтылап сұрап, әңгімелерін қағазға түсіріп те алмаппыз. Бірақ соңында қалған құжаттарды қарап отырып, біраз жайға қанық болғандаймыз. Ол  Варшаваны азат етуге қатысып, немістердің астанасы Берлинді алушылардың бірі болды. Одан кейін 1945 жылы жапон соғысына қатысып, одан да аман-есен оралады.

Қатарынан үш рет соғысқа қатысып, жауынгерлік борышын абыроймен орындаған әкеміз екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталыпты. Тұжырымдап айтқанда, әкеміз өзінің жалынды жастық кезеңін ел қорғауға арнапты. Ол 1988 жылы 73 жасында дүниеден өтті. Міне, оған да отыз жылдан асыпты.

Біздің бүгінгі бақытты тірлігіміздің қорғаушысы болған әкеміздің рухы қазір де бізге күш беріп жүргендей сезімде боламыз.

Гүлнәр САРШИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button