Мәдениет

«Қай жерден үзіледі қайран ғұмыр…»

Облыстағы журналистер шоғырында өзіндік орны бар әріптесіміз Аманбай Көздібаев пен зайыбы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Ұлмекен бас-аяғы жиырма төрт күнде бірінен соң бірі келместің кемесіне мініп кете барды. Жазмыш дегенің осы…

Әбекеңді біз алғаш сырттай өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінде жарияланған материалдары арқылы біліп жүрдік. Сол тұстағы жеткіншектердің көпшілігінде мерзімді баспасөзге деген құштарлық басым болды. Аптасына үш рет әрқайсысы төрт беттік көлемде шығарылатын аудандық газетте материал соңында А.Көздібаев деген фамилия жиі ұшырасушы еді. Ауылдық кеңес төрағасы қызметіндегі әкем жасы небәрі жиырманың о жақ-бұ жағындағы осы жігіттің тынбай ізденетінін сүйсіне айтатын. Әсіресе, біз тұратын «Қызыл жұлдыз» ұжымшарының мал азығындық бағалы дақыл – сорго өсірудегі тәжірибесін аудан емес, облыс, республика көлемінде көрсетуге Аманбайдың үлесі орасан зор болды. «Коммунизм таңы» газеті редакциясының меншігіндегі ескі «Москвич» көлігімен мойнында фотоаппараты бар балаң жігіттің ұжымшар орталығына келіп, қарапайым еңбек адамдарымен етене араласып кететінін жиі көруші едік. Және бір есімде  қалған жай – «Коммунизм таңының» бір бетінде ұлы күйші Қазанғап Тілепбергенұлының мұрасын бүгінгі күнге алғаш жеткізушілердің бірі Кәдіралы Ержанов туралы жазған «Күмбірлеп кәрі көмей ажарлап күн, Күй төкті домбырасы Қазанғаптың» деген тақырыптағы құнарлы мақаласы еді. Әбекең және басқа ағаларымызға еліктеп, аудандық газетке хабар-ошар жіберіп тұруымыздың соңы бізді де журналистік кәсіпке алып келді.

Ойы кең, шалт қимылды, өзіндік пікірі бар Тауман Төреханов, тұла бойы тұнған шежіре, қазақ әдебиетінің қазына қаламгерлерімен сыйласып-араласқан Тілеужан Шойғарин болған жылдары Шалқардағы «Коммунизм таңы» газеті көптеген қаламы қарымды журналистерді ұядан ұшырды. Олар кейін республикалық, облыстық ақпарат құралдарында жемісті қызмет етті, бірқатары өз облысымыздың түрлі аудандарында газетке редакторлық жасады. Осындай әдемі шоғырдағы Аманбай Көздібаев орталығы Ембі қаласы болған Мұғалжар ауданының «Еңбек таңы» – «Коммунист» газеттеріне редактордың орынбасарлығына бекітілгенде 25 жаста екен. Бұған дейін баспаханада жұмыс істегені, фототілші, әдеби қызметкер, жауапты хатшы болғаны ағамызға даңғыл жол ашты. Әңгімелескен сәттерінде алғашқы еңбек ұжымын, бірге қызмет істеген жандарды аузынан тастамаушы еді.

Сол кездегі Ембі жұмысшы поселкесінен көп ұзамай қала  атауын алған шақ. Бір жағында «Эмба-5» деп аталтын құпия әскери қалашық орналасқан, аудан орталығында бірнеше геологиялық барлау экспедициялары жұмыс істеді, темір жолға қарасты кейбірінің ісі жария, кейбірі құпия мекемелер болғандығы бар, әйтеуір өзге ұлт өкілдері көп еді. Сол себептен де аудандық газет қазақ және орыс тілдерінде шығарылып тұрды. Редактор – қазір зейнет демалысында, «Қазақстанның құрметті журналисі» атағының иегері Үбәйдулла Жаулыбаев. Аппаратта Марабай Қадыралиев, Шубай Бекенов, Иван Осадчий, Бақытжан Неталин, Сағитжан Айдаралин, Нысан Мусин, Өміржан Дүйсеков, Рауль Дошаев сияқты кәсібіне берілген азаматтар жұмыс істеді. Қазір бұл топтан Үбәйдулла, Бақытжан, Сағитжан ағаларымыз бен осы жолдардың авторы бармыз, өзгелері мәңгілікке жол тартты. Аманбай болса бастапқы кезден-ақ алғырлығын, білуге құштарлығын байқатып, ортаға тез сіңіп кетті. Оның ойлы мақалалары оқырман назарын өзіне аударды, редакцияның ішкі шаруаларын үйлестіру шеберлігі ұжымдағы үлкен-кішінің құрметіне бөледі. Сөйтіп жүргенде облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы, белгілі журналист Нұрқайыр Телеуовтің таңдауымен облыстық басылымға Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз аудандары бойынша меншікті тілшілікке бекітілді. Көп ұзамай оны аудандық газеттің редакторлығына шақырды. Әбекең бұл қызметті аудан таратылған 1997 жылға дейін мінсіз атқарды.

Кім-кімнің де ғұмырында шарықтау кезеңдері болады. Біздің кейіпкеріміздің ең бір кемелденген тұсы деп Мұғалжар өңіріндегі отыз жылын айтар ек. Осында есейді, қанат жайды, үлкен-кіші жамағаттан алғыс алды, ізденісіне бір сәт тоқтау салмай, журналистиканың алуан жанрына қалам тартты. Ерекше қасиеті – қай материалды жазса да нақтылық шеңберінен ауытқымайтын, кейіпкердің ар-намысын қадірлей білетін. Ұстамдылығы, барынша принциптілік танытатындығы оның аупартком бюросының мүшелігіне сайлануына қол жеткізді.

Әр дәуірдің өзіндік бағыт-бағдары болады. Кеңес Одағында сонау партияның Мәскеуден бастап республикалық, облыстық басшы органдар аудандық газеттерге қатты көңіл қойды. Редакциялық аппаратты жасақтау барысы ұдайы назарда ұсталатын. Облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы деп аталатын, бүгінде ізі жоқ басқарма басшылығына аудандық газеттер редакторлары мен баспахана директорлары кейде айына, ары кетсе тоқсанда бір шақырылып, есеп береміз. Кеңестік идеологияның шектеулі стандарттан шықпай қимылдауға бағытталған қасаң қағидасына мойынсұнғымыз келмей пікірлерімізді ақтарып салатынымыз бар. Сонда Аманбай сияқты ағалар байыптылыққа шақыратын. «Інілерім, саясаттың арбасынан түсіп қалмаңдар» дейтін.

Мен – аудандық, облыстық басылымдарда әртүрлі деңгейде қызмет атқара жүріп, Әбекеңмен жиі араласқан адамдардың бірімін. «Коммунизм жолы» газетінің меншікті тілшісі ретінде Мұғалжар өңірін талай шарлағаным бар. Бірде мал қыстату кезеңіне дайындық барысы туралы материал әзірлеу тапсырмасымен Ембіге жол түсті. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қуандық Әлішев әдеттегідей емес, тоң-торыс мінез танытты. Мен де шаруашылықтарда жағдайды көзбен көру ниетімнен қайтпадым. Хатшы «Ембі» кеңшарына баруды нұсқап, қасыма редактор Көздібаевты қосты.

Күздің қарасуығы. Кеңшар кеңсесінен екі бас маманды ілестіріп, Былқылдақ фермасына жеттік. Малшылар отбасымен қыстауға көшіп жатыр, абыр-сабыр тірлік. Ферма басқарушысы ісінен сөзі көптеу, судырап тұрған азамат екен. Жөндеуі кем үйлер, қыстақ жанында қоршалмаған іскірт, қораның жайы да мәз емес, бір-екі адам шағым айтып үлгерді. Кайтар жолда көңілімдегіні аңғарған Аманбай баяу үн қатты:

— Інім, байқаймын, сын материал жазасың-ау… Сапарға бірге шыққан соң ыңғайсызданып келе жатқаным ғой…

Сол материал қағазға иі жұмсақтау болып түсті. Өзге үшін емес, Әбекеңнің арыдан ойлайтын дипломатиясы еді қаламды тежеңкіреген.

Көздібаевтар отбасына Мұғалжардың сыйлағаны аз болған жоқ. Ұлмекен жеңгеміз ұстаздығымен танылды, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды, іс тәжірибесі облыстық деңгейде насихатталды. Ақмарал қарындасымыз жолдамамен Украинадағы жоғары оқу орнына түсіп, үздік үлгеріммен тамамдады, филология ғылымдарының кандидаттығына диссертация қорғады, қазір Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында доцент. Айбек ініміз жоғары білім алды. Ембінің талғампаз азаматтары Әбекеңнің қуанған-ренжіген сәттерінде қасынан табыла білді.

Аудан таратылды. Ерлі-зайыпты Көздібаевтар облыс орталығына келіп қоныс тепті. Аманбай тәуелсіз «Нұрдәулет» газетінің редакторлығын жемісті атқарды, облыстық «Ақтөбе» газетінің редкациясында да қызмет етіп, аз ғана уақытта өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Бір сүйсінерлігі – қашан, қайда жүрсе де ағамыз кісілік қалпынан жаңылған жоқ, адамдарды алалауды білмеді. Өзін мазалап жүрген жайларды сыртқа шығармады. Мұғалжарда қауышып, кейін қатты сыйласқан інісі Кеңес Абдуллин бір жолы Мейірбегінің астаналық беделді университетті үздік үлгеріммен бітіргенін атап өтіп, сонда Әбекеңнің алабөтен ашылғанын көргенім бар.

— Айналайын інім, өмір дегенің құйтырқысы көп жол екен-ау, — деп еді жарықтық.

Арада көп уақыт өткен жоқ, сүйіп қосылған жары Ұлмекеннің қазасынан кейін жиырма төрт күн өткенде есіл азамат жүрегі мәңгі тоқтады. Оған да жыл болып қалыпты.

Санамда – Мұқағали жырынан үзінді:

— Болмағандай, жүрмегендей сен де біз,

Кетеміз-ау, әй, кетеміз… пендеміз.

Ұрпақтарға береміз де кезекті,

Біз кетеміз. Кету үшін келгеміз…

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ.

Ақтөбе қаласы.

Суретте: солдан оңға қарай — Құттыбай Қалиев, Мұқамбетәли Есмағанбетов, Ұмытқан Тұрлыбекова, Ғалымжан Төреханов, Аманбай Көздібаев, Серік Бисенов.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button