Майдангер Төрехан Қожасаев
Шалқар ауданында «Ақтоғай» кеңшары №1 фермасының орталығы болған Сарытөбе өңірінде ұзақ жыл механизатор, аға шопан кәсібімен атын шығарған Сайлаубай Қожасаевтың отбасына дәм Алға ауданының Бестамақ селосынан бұйырды. Қазір бәйбішесі Мәрзиямен балаларына шаңырақ көтеріп, бұйырған қызықты көріп жатыр.
Таяуда Сайлаубай жұмыс орныма әдейі іздеп келді. Қолында – әкесі Жанайдардың туған ағасы Төреханның Кеңес Одағы Армиясының қатардағы жауынгері кезінде түскен суреті мен бірнеше құжаттар. Орыс тілінде сауатты өмірбаян соңында «19 15/11 41 г. г.Челкар» деген дерек бар, автордың қолы қойылған. Бұл құжат бойынша Төрехан Қожасаев 1923 жылы Шалқар ауданының №23 ауылында дүниеге келген. Әкесі 35 жыл бойына Асбантаев Құлым деген байдың жалшысы болса, өзі Қитаманов Мақаштың жалшылығында жүріпті. Еті тірілігімен деген дұрыс, Шалқар қаласында милицияға қарасты сотталғандар үйінің надзирателі, Қарақалпақ Автономиялы Республикасының Қоңырат қаласында аудандық прокуратура хатшысы, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1936 жылы елге оралып, теміржол мекемелерінде әрқилы қызметтер атқарады. 1941 жылдың соңында Кеңес Армиясы қатарына шақырылғанға дейін Шалқар қаласында «Красный Восток» артелі басқармасының төрағасы болған.
Мынау – соғыс жылдарында шығарылған «Отан үшін» майдан газетінен қиынды. Фотосурет астында былай деп жазылыпты: «Қызыләскер Төрехан Қожасаев. Бір қатты ұрыстың кезінде қазақ жауынгерлерді домбыра тартып рухтандырып, күреске жұмылдырған. Байланысшы болып істеген кезінде бір ретте 20-дан аса үзікті жалғаған. Ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған».
Сайлаубай былай деп еске алады:
— Әкеміз майданда белгілі жазушы Сағынғали Сейітовпен бірге
соғысқан екен. Ол кісі кейін «Сөз сұрайды солдаттар», «Ол күндердің өшпес даңқы» кітаптарында қарулас досы жайлы тебірене еске алды. Әкем былай деп шырқайды екен:
— Жолдасым ақ домбыра екі ішекті,
Бауырын жаудың оғы екі тесті.
Пәнерден қақпақ салып қағып едім,
Қосылып дауысыма желдей есті.
Ән салып алғы шепті араладым,
Ерлерді ән сағынған жағаладым.
Дәл тиіп снарядтың жарқыншағы
Шанағын домбырамның жараладым.
Кей кезде домбырамды қолыма алам,
Жөнеліп блиндажға қойып қадам.
Көңілін жігіттердің көтермекке
Шырқатып «Айдай» деген әнге салам.
Тағы бір құжат – жауынгердің зайыбы Қожасаева Ұлмекенге келген ашық пошта хаты. Жөнелтуші мекен-жайы дегеннің астында «Полевая почта 81082 «Ф» Останкин Алексей Алексеевич» деп жазылыпты.
Екінші жағында «1944 жылдың 8 қарашасы» деп орысша басталады. Сонан кейін 1944 жылғы наурызда аудару арқылы 342 сом жіберілгенін баяндапты. Қанша дегенмен, жетпіс жылға таяу уақыт өтті емес пе – соңғы жазулар көмескіленген.
Соғыс өтінде шыңдалған достықтың айғағы – Ұлмекен шешеміз А.Ф. Александров деген майдангерден тілдей хат алады. Онда Төрехан Қожасаевтың жарақаттан қаза болғаны, ерлігі үшін берілген «Қызыл жұлдыз» ордені армияның награда бөліміне табыс етілгені баяндалады. Осы хатпен қоса орден куәлігін салып отырғанын айтыпты.
Өкініштісі – жерлесіміздің қашан, қай жерде қаза болғаны туралы нақты дерек жоқ. 1936 жылы Қамия деген қызды болыпты, ол кісі 1996 жылы тура алпыс жасында бақилық болған. Ал жесірі Ұлмекен 1987 жылы жоғарыда біз сөз еткен Сарытөбе селосында ағайын-туыстың ортасында дүние салыпты.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
журналист.
Ақтөбе қаласы.



