Экономика

Екінші кезең: 5,5 мың кәсіпорын өз жұмысын бастады

Карантин режимін жеңілдету туралы Президент тапсырмасына сәйкес облыста бизнес субъектілері кезең-кезеңмен өз жұмыстарына кірісе бастады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы берген мәліметке сүйенсек, Ақтөбеде карантин режимін жеңілдетудің бірінші кезеңінде 3 мың кәсіпорын, яғни 7 мың адам жұмысқа қосылса, екінші кезеңде, яғни 4 мамырдан бастап  жалпы саны 22 мың адам жұмыс жасайтын 5,5 мың бизнес субъектісі өз ісіне кірісті.

Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде карантин режимін жұмсарту туралы тапсырмасына сәйкес, облысымызда да нақты іс-шаралар қолға алынған болатын. Төтенше жағдайда өз ісін уақытша тоқтатқан аймақтағы бизнес субъектілері кезең-кезеңмен жұмыс жасауға кірісіп жатыр. Ол үшін жергілікті атқарушы орган мен санитарлық-эпидемиолог мамандардың келісімімен әзірленген нұсқама барлық бизнес құрылымдарына таратылды. Ең бастысы — сол нұсқамадағы санитарлық талаптар қатаң сақталуы керек. Карантин режимін жеңілдетудің екінші кезеңінде бұған дейін жарияланған тізімдегі субъектілерден бөлек, жобалау компаниялары, сондай-ақ жылжымайтын мүлік операцияларымен айналысатын мекемелер де өз ісіне кірісті. Өйткені мұндай қызметтер жоғары сұранысқа ие. Себебі қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан  мемлекеттік бағдарлама бойынша жылжымайтын мүлікке қатысты қарастырылған қаражатты несиелеуде мұндай мекемелердің маңызы зор, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Оның айтуынша, екінші кезеңде шаштараз, сұлулық салондары мен стоматологиялық кабинеттер сияқты өзге де қызмет көрсету нысандары әзірге азаматтарды алдын ала жазбаша қабылдайтын болады. Өйткені жұмыс тәртібін осылайша жүргізудің өзі — санитарлық талапты сақтаудың бір жолы.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button