Мереке

«Мен сенің далаңда өстім…»

«Құдайдың бір аты — халық» деген сөз бар. Бір халықты шынайы, аппақ пейілмен жақсы көру, құрметтеу жүрегінде Құдайы бар жандардың ғана қолынан келетінінмеңзеп айтқан сөз болса керек. Өткен ғасырларда тағдырдың сан қилы жолымен қазақ даласына тап болған түрлі ұлттардың өкілдері, олардың ұрпақтары арасында қазақты өз жұртындай сыйлап өткен, сыйлап келе жатқан жандар аз емес.

Солардың бірі — барша қазаққа Шоқанның досы ретінде таныс Григорий Потанин…

Қазақ автономиясын армандаған орыс ғалымы

Кеңестік замандағы оқулықтар Шоқан Уәлиханов пен орыс ғалымы Григорий Потаниннің достығын насихаттаумен шектелген болса, ал шын мәнінде, бұл екі әулеттің арасында әріден келе жатқан байланыс бар еді. Тарихшы Зиябек Қабылдиновтің айтуынша, Потаниннің атасы Илья Абылай ханмен хат жазысып тұрған, мал саудасымен айналысқан екен. Ал әкесі Николайдың есімін біз белгілі қаламгер Қалмұқан Исабаевтың «Шоң би» романынан кезіктіреміз. Есімдері тарихта, ескі құжаттарда сақталып қалған Шоң Едігин мен Николай Потанин арасындағы әңгімені жазушы былай өрбітіпті:

« — Өзің қазақшаны қайдан үйреніп жүрсің?

— Потанин әулеті түгелдей қазақша білеміз. Әкеміздің үлгісі… Әкеміз қазақтың екі жетім қызын асырап алған. Шешеміз оларға Авдотья, Вера деп ат қойды. Содан кейін орысша сөйлесуді мүлде қойып алдық.

— Ол қыздар бар ма қазір?

— Әкем Авдотьяны орысқа, Вераны қазаққа ұзатқан. Олар да Тобылда тұрады».

Николай Потанин Шоқанның әкесі Шыңғыс сұлтанмен, сол өлкедегі ықпалды қазақ билерімен достық қарым-қатынаста болған. Ал Григорий Потанин 1835 жылы Ямыш деген жерде (қазіргі Павлодар облысының аумағы) дүниеге келген. 10 жасында Омбыдағы Сібір кадет корпусына алынып, осы жерде Шоқанмен бірге оқып, достасып кетеді. Кейін Потаниннің өзі: «Қырғыз (яғни қазақ) халқының кеңпейілдігі өзге адаммен бауырласу ғұрпынан да көрінеді, ондай достар тамыр деп аталады… Қырғыз жүрегі достық сезімнің де тұқым қуалағанын қалайды» — деп жазғанындай, оның Шоқанмен достығы тек ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сабақтастық қана емес еді, екеуін кейін ортақ мақсатқа айналған бір үлкен қызығушылық табыстарған болатын. Ол — қазақ даласын, бүкіл Орталық Азияны зерттеу мақсаты еді. Потанин осы мақсатқа бүкіл ғұмырын арнап, соңына ұзын саны 235 еңбек (кітаптар, ғылыми мақалалар, т.б.) қалдырған.

Оның қазақтар туралы деректері сол замандағы біржақты, тіпті әдейі бұрмаланып жазылған дүниелердің көпшілігін жоққа шығарды. Потанин қазақтарды еті тірі, әдемілікке, тазалыққа құштар халық ретінде мақтан тұтты. «Қазақ әйелдерінің киімі о бастан-ақ тек тап-таза етіп ұстауға, тазалыққа арнап тігіледі. Олар бастарына ақ жаулық орайды, оны қайта-қайта жуып тұрмаса, тіпті сұрықсыз көрінген болар еді», — дейді. Қазақтардың ашық түсті киімді ұнататынын, сол арқылы таза жүруге дағдыланғанын жеткізеді.

Потанин Шоқанмен ғана емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарымен де жақсы қарым-қатынаста болған. Зерттеушілердің айтуынша, 1915 жылы қазақ зиялылары оның мерейтойын құрметпен атап өткен, Міржақып Дулатұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы осы мерейтойға жырдан шашу шашқан. Ал Әлихан Бөкейхан Потанин туралы: «Ол қазақтарға өз туғандары сияқты өте жылы қарады. Оның еңбектері, оның сипаты әулие адамның өміріне ұқсас» — деп жазды. Қазақ зиялылары оны 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен І Жалпықазақ съезіне де шақырғаны белгілі.

Бір қызығы, Григорий Потанин Ұлы даланың болашағы жайында: «Егер біз Қазақстанның автономиясына қол жеткізе алсақ, Қараөткелді (яғни қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы!) Алаштың астанасы етеміз, егер осы жерде қазақ ұлдары мен қыздарын оқытатын университет ашсақ, онда Еуропа… Шоқанды, Абайды, Ахметті, Міржақыпты дүниеге әкелген қазақтардың кім екенін таныр еді… Болашақта қазақтар әлемнің басқа халықтары арасында лайықты орын алады», — деп армандаған екен. Мұны оқығанда, бір сәт Әлихан айтқан «әулие» деген сөздің дежаны бардай сезіледі…

Алаш қайраткерлерінің, өз заманындағы қазақтардың  Григорий Потанинге деген құрметін бүгінгі ұрпақ та үзген жоқ:Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі оның есімімен аталады, сондай-ақ еліміздің бірқатар қалаларында Григорий Потанинге көше аты берілген.

«Қазақтар туралы жаңаша жазамын»

Мұқан Бешпентов — ХХ ғасыр басындағы орыс ақыны Павел Васильевтің бүркеншек аты. Ол 1910 жылы Зайсанда (Шығыс Қазақстан) туып, қазақ арасында өскен. 30-жылдардың басында Мәскеуге барып, өзінің жалынды жырларымен әдеби ортаны жалт қаратқан. Иә,небәрі 27 жасында сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған Павел Васильев қатардағы жай ақын емес еді, мысалы, Борис Пастернак: «Мен Есенин және Маяковский поэзиясымен алғаш танысқан кезде, қаншалықты тебіренген болсам, 30-жылдардың басында Павел Васильевтің жырларын оқығанда, нақ сондай ағыл-тегіл әсерге бөлендім», — деген. Әлі күнге дейін сыншылар оның орыс поэзиясына өзгеге ұқсамайтын, өзіндік қолтаңба әкелгенін, кейінгі жас ақындар арасында оған еліктеушілер көпекенін жазады. Бірқатар сыншылар оның екі бірдей мәдениетті — қазақ пен орыс мәдениетін санасына қатар сіңіріп өскенін суреткерлік қуатының сырына балайды. Балалық шағында атасына еріп, қазақ ауылдарын көп аралаған, қазақтың тілін жақсы білген ақынның шығармашылығы туған жерге деген сағынышқа толы: аттың дүбірі, қымыздың исі, даланың жусаны, Арал жағасындағы қамыс, Ертістің толқыны…

«Азиат» атты өлеңінің қазақ халқына қаратып айтқан: «Мен сенің далаңда өстім» — деген жолы жадыңда ерекше жатталып қалады:

«Я рос среди твоих степей,

И я, как ты, такой же гибкий».

Ал кей тұстарда қазақтың сөздері де жүреді:

«А по степи навстречу —

Гиблый туман:

— Не керек?

Билмеймин.

— Жаман, жаман…».

30-жылдары Павел Васильевтің туындылары «Известия», «Огонек», «Литертурная газета»секілді беделді кеңестік басылымдарда жарияланды. Бір жағынан, ол өз заманының тынысын, төңкеріс, тап тартысы сынды тақырыптарды да кеңінен қозғады. Сонда-дағы Мәскеу даланың дарындыұлына«қабағын ашпапты». 1932 жылы ол төңкеріске қарсы топтың мүшесі ретінде қамауға алынып, артынан жазасын шартты түрде өтейтін болып босап шықты. 1934 жылы М.Горький ақынға түрлі кінә тағып, мақала жазды: бұзықтыққа бейім, антисемит, кулактарды қорғаушы, т.б. 1935 жылы Жазушылар одағынан шығарылды. Осы жылдың орта шенінде тағы ұсталып, 1936 жылдың көктеміне дейін қапаста отырды. Ақынның әкесі Николай азамат соғысы кезінде ақтар жағында болған, сірә, дұшпандары осыны да алға тартса керек. 1937 жылдың 15 шілдесінде үшінші рет қамауға алынып, бұл жолы оған «Сталинге қастандық жасамақ болған топтың мүшесі» деген айып тағылды. Әрине, бұдан ауыр айып, бұдан ауыржағдай болмасы түсінікті: ақынды келесі күні-ақ атып тастаған. Тіпті мүрдесі де жерлеу үшінжақындарына берілмеген.

Қазақ деп соққан бір жүрек осылай тоқтапты. Алайда Павел Васильевтің жырлары өлген жоқ, 1956 жылы ақын ақталған соң жары Елена Вялованың қажырлы еңбегінің арқасында оқырмандармен қайта табысты.

Ақын өзінің жарына: «Мен қазақтар туралы басқаша, жаңаша жазамын. Көп жазамын», — деп сыр ақтарған екен. Мұны 70-жылдардың соңында жарыққа шыққан мақаласында ақын,аудармашы Әубәкір Нілібаев айтады.

Өкінішке қарай, ол арманы орындалмай кетті…

Манап Көкеновпен 28 рет айтысқан орыс қызы

Әйгілі Манап Көкеновпен 28 рет айтысқа түскен орыс қызы Надежда Лушникованы естімеген қазақ кемде-кем. Ол 1940 жылы Алматы облысының Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданында дүниеге келген. Осы облыстағы Ұзынағаш ауылына қазақтың шаңырағына келін болып түсіп, 4 бала тәрбиелепөсірген аяулы ана, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1970 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

О баста Надежда Андрейқызының жыр әлеміндегі сапарынаақ жол тілеп, қамқоршы болған тұлға Асқар Тоқмағамбетов екен. Қызылордадағы педагогикалық училищеде оқып жүрген жылдарында қазақ тілінде жыр жазатын орыс қызын көрген Асқар Тоқмағамбетов айрықша риза болса керек. 1961 жылы оны өлең оқуға Алматыға, Жазушылар одағының пленумына әкеледі. Осы жиында жас ақын Мұхтар Әуезовтің мақтау сөзін естіп, ерекше толқиды. Манап Көкеновпен айтыстағы алғашқы таныстығы да Қызылордада басталған.

Айтыскер Надежданың қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлынан сыйға алтын сағат алуы — кезінде елге аңыз боп тараған оқиға еді. Сол кездері облыстар арасында тұрақты өтетін айтысқа Қызылорданың атынан шығып, жеңіске жетеді. Барлық жеңімпаздарға сыйлық ретінде «Победа» деген ерлер сағаты табысталыпты. Бұл өзінің сыйлығына қолын соза бергенде, залдан: «Алмайды Надежда ондай сағатты!» — деген дауыс гүр ете қалады. Ұйымдастырушылар ашық күнде төбелерінен жай түскендей болыпты, ал наразылық білдірген Бауыржан Момышұлы екен. Кейіннен өзі: «Надеждаға — шеберлігі үшін» деп, арнайылап жазғызып, алтын сағат сыйлапты.

… Иә, қаны басқа болғанмен,жүрегі, рухы қазақпен үндесіп кеткен жандарға деген құрметіміз ешқашан кемімек емес. Өйткені Мұхамбет пайғамбардың (оған Алланың нұры жаусын!) өсиетінде айтылғандай, «Кімде-кім бір халықты қатты жақсы көрсе, Алла Тағала күндердің күнінде оны сол халықтың қатарында тірілтеді».

 Әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button