Экономика

Ауыл тұрғындары арзан несие рәсімдей алады

Төтенше жағдай кезінде ауыл кәсіпкерлерін қолдау тақырыбы «Ақтөбе» телеарнасында тікелей эфирде талқыланды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»  компаниясы облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, қазіргі кезде  кәсіпкерлердің несие алуы, рәсімдеуі мен төлемдері электронды форматқа көшірілген. Кейбір ауылдарда интернет байланысынан қиындық туса, несиелеу ұйымының қызметкерлері блок-бекеттерге келген кәсіпкерлердің құжаттарын  өздері алып кетіп жүр.

Назар аударарлық жайт, соңғы кезде ауыл тұрғындарынан іс бастау үшін несие алуға өтініштер көптеп түскен. Осы қаржы ұйымы арқылы биылғы жылы «Дипломмен ауылға»  бағдарламасымен еңбек жолын елдімекендерде бастайтын жас мамандарға жалпы мөлшері 1 миллиард 200 миллион теңге  несие беріледі. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіп бастағысы келетін ауыл тұрғындарына несие беріледі. Оның жалпы қоры – 3 миллиард теңге.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» төтенше жағдай кезінде шаруаларын жүргізе алмағандықтан несие төлей алмаған 166 азаматтан арыз түссе, 150 азаматтың қарыздары үш айға шегерілді. «Аграрлық несие  корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Миржан Бекмұхамбетовтың айтуынша, қазірде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша арпа, бидай, көкөніс өсіргісі келетін ауыл адамдары да несие ала алады. Мұның  қайтару мерзімі — 180 күн.  Ең үлкен несиелеу сомасы — 4 миллион теңге. Осы және басқа бағдарламалар арқылы көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар  жылдық төлем мөлшері 4 пайыз болатын несие рәсімдеп, ол қаржыға көкөніс өсіріп, мал не техника сатып алуға болады.

 Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button