Экономика

Ақтөбеде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 104 пайызға өсті

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова  «Aqtobe»телеарнасының «Ақпараттық сағат» хабарында   төтенше жағдай кезеңінде бизнес субъектілерін қолдау және аймақта жекелеген қызмет түрлеріне қатысты карантин режимін жұмсарту жөніндегі іс-шараларды сөз етті.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап аймақтық штабтың талаптарына сәйкес өңірімізде барлық іс-шаралар қабылданып жатыр. Ақтөбе — транзиттік аймақ. Транзиттік дәліздердің көпшілігі облыс үстімен өтеді. Оның үстіне Ақтөбе еліміздің өзге аймақтарымен қоса Ресей Федерациясымен шектесіп жатыр. Аймақта шектеу шаралары жүзеге асырылғаннан бері осындай жағдайға байланысты күн сайын облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыстық жедел штабтың жұмысы сараланады. Қазір көптеген бизнес субъектілерінің жұмысы уақытша жабылды. Алайда біздің аймақ өнеркәсіптік болғасын, барлық өнеркәсіптік кәсіпорындар, зауыттар үздіксіз жұмыс жасап тұр. Аймақта індет жұқтырғандар туралы дерек облыс орталығы мен Мәртөк ауданында тіркелді. Негізінен індет жұқтыру жағдайларының 80 пайызы сыртқы факторлардың әсерінен, яғни тасымалдаудан  туындады. Сондықтан да ішкі жағдайда қауіпті дерттің таралып кетуіне жол бермес үшін әрі індеттің алдын алу мақсатында облысымызда қатаң карантиндік іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі күні бұл бағытта жасалып жатқан шараларға қатаң бақылау орнатып отырмыз, — деді Қайрат Бекенов.

Оның айтуынша, жүргізілген талдау қорытындысы бойынша аймақта өнеркәсіп өндірісінің көлемі 104 пайызға өскен. «Бұл жерде біз шағын және орта бизнестің зардап шеккенін түсінеміз. Қазіргі күні облыста 41 мың шағын және орта бизнес құрылымы тіркелген. Өкінішке қарай, қазіргі таңда олардың жұмысына шектеу қойылып отыр», — деген Қайрат Бекенов төтенше жағдай кезінде Үкімет тарапынан бизнестің бұл түріне мемлекеттік қолдаулардың жүзеге асырылғанын да айтып өтті.

Мемлекет басшысының  27 сәуірдегі тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдігі жанындағы жедел штаб қызметтің жекелеген түрлеріне карантин режимін жұмсарту туралы шешім қабылдаған.

Бұл бағытта облыс әкімінің арнайы тапсырмасы негізінде мамандармен кеңесе отырып, шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдары үшін карантин режимін жұмсартуды 3 кезеңге бөлдік. Шектеулерді жұмсартудың бірінші кезеңі 1 мамырдан басталады. Мемлекеттік комиссияның отырысынан кейін облыстық жедел штаб 3 кезеңге байланысты нақты іс-шараларды жариялайтын болады, — деді Қайрат Бекенов.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, аймақта өнеркәсіптік  кәсіпорындар жұмысын бұрынғы режимде жалғастыра бермек. Карантин режимін жұмсартудың бірінші кезеңінде мұндай кәсіпорындардан бөлек қосымша құрылыс және жол-құрылысы, көлік компаниялары, банктер мен қаржы ұйымдары, халыққа және автокөліктерге қызмет көрсету орталықтары да өз жұмыстарына кіріспек. Сонымен қатар сауда және қызмет көрсету салалары, оның ішінде азық-түлік дүкендері мен дәріханалар, оптика, тігін шеберханалары, ломбардтар, ақша айырбастау пункттері мен нотариустар, сақтандыру компаниялары, фотосалондар, киім жуу және химиялық тазалау орындары, кілем тазарту, аяқ киім және кеңсе техникаларын жөндеу шеберханалары мен техникалық бақылау станциялары, дөңгелек жөндеу, көлік жуу нысандары  да өз жұмыстарын бастайтын болады.

Қайрат Бекеновтің айтуынша, гүл сату, құрылыс дүкендері мен көшеттер сату, автосалондар мен тұрмыстық техника дүкендері жұмысты күндізгі сағат 10.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін ғана жүргізбек. Ал бау-бақша ұжымдарының жұмысына рұқсат арнайы құжаттармен растау негізінде ғана берілмек.

Бұл жерде бизнес субъектілері өз жұмысын санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің міндетті талаптарына сәйкес жүргізуі шарт. Мәселен, азық-түлік дүкендерінде сатушының бетпердесі болып, нысанда дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, арнайы құралдар қойылуы шарт. Сонымен қатар тұтынушының назарына арақашықтықты сақтау турасындағы жарнамалар да орналастырылуы қажет. Яғни карантинде өзге сауда орындарында қандай сақтық шаралары қабылданса, мұндай нысандардан да сондай тәртіп талап етіледі. Осыған байланысты облыс әкімі санитарлық-эпидемиолог дәрігерлерге аталған нысандарда қауіпсіздікті сақтау үшін нақты әрі қатаң талаптарды қолдану қажеттігін тапсырған болатын. Бұл орайда өз жұмысына кірісетін бизнес құрылымдары нысанның іші-сыртына, айналасына қатысты санитарлық-дезинфекциялық жұмыс жүргізуді басты назарда ұстауы қажет, — деді Қ.Бекенов.

Карантин талаптарын жұмсартудың бірінші кезеңінде өз жұмысын бастаған субъектілердің жұмысын құрамында палата және өзге де  мемлекеттік құрылымдардың өкілдері бар мобильді топ мүшелері бақылайтын болады. Яғни олар нысанда қауіпсіздікті сақтау үшін санитарлық іс-шаралардың жүргізіліп жатқанына көз жеткізбек.

Хабар қонақтарының айтуынша, тұрғындар да бұл жағдайды өз бақылауына алуы керек. Егер олар мұндай нысандардан қандай да бір сақтық шараларын бұзушылықты байқаса, онда call-орталыққа хабарласып, мән-жайды баяндауы тиіс. Бұл жердегі ең басты мәселе — халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Екінші кезең 4 мамырдан басталмақ. Бұл кезде хостелдер мен қонақүйлер, азық-түлік емес дүкендер мен тауарларды жеткізу қызметтері өз жұмысына кіріспек. Мұнда да санитарлық талап қатаң сақталуы қажет. Облыстағы эпидемиологиялық ахуалды бақылауға ала отырып, алғашқы екі кезеңде бизнестегілер тәртіпке бағынып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сақтық шараларын қатаң жүзеге асырса, онда  карантин режимін жұмсартудың үшінші кезеңіне аяқ басып, қызметтің басқа түрлерінің жұмыс бастауына рұқсат берілетін болады.  Әрине мұның барлығы қатаң бақылауды қажет етеді, — деді Қ.Бекенов.

Хабар барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржановаға төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге жалдамалы орынның төлемақысын азайтуда палата тарапынан қандай жұмыстардың атқарылғаны турасында сауал қойылды.

Жалға алынған орындар үшін төлем мөлшерін азайту  — кәсіпкерлер тарапынан қойылған ең маңызды мәселелердің бірі болды. Төтенше жағдай кезінде көптеген сауда орындары жабылды, олар қазір де жабық тұр. Сондықтан 25 наурыздан бастап облыста мұндай нысандар өз жұмысын тоқтатқаннан бері біз бұл бағытта жұмыс жасауға кірістік. Бұл орайда сауда саласын мониторингілеу бойынша жұмыс тобы құрылып, сауда орындарының басшыларымен кездесулер ұйымдастырдық.  Мәселен, «Аққу» сауда үйінің басшысы орынды жалға алушыларды 100 пайыз төлемақы төлеуден босатты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл бағыттағы  жұмыстар базарларда да жүргізілді. Мәселе — өзекті. Сондықтан әлі де жұмыс жалғасып жатыр, — деді палата директоры.

Бүгінгі күнге дейін палатаның call-орталығының 1432 нөміріне төтенше жағдай кезінде 1223 кәсіпкер түрлі проблемамен хабарласқан. Соның 902-сі несиені кейінге қалдыру мәселесіне қатысты қоңырау шалыпты. Анар Даржанованың айтуынша, бұл мәселеге қатысты хабарласқандардың 93 пайызының несие төлемі кейінге қалдырылған.

Қазіргі таңда несиені кейінге қалдыру мәселесінде «Сбербанк», «Халық Банкі» сияқты екінші деңгейлі банктермен қатар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалы белсенді жұмыс жасап жатыр. Кәсіпкер бұл мәселеде банктерге онлайн түрде хабарласуына болады. Егер бір мәселе туындаса, онда палатаға шағымдануына болады, — деді А.Даржанова.

Хабар кезінде көрермендерден тақырыпқа байланысты және қаланы көркейту, қоғамдық көліктердің бағытын реттеу мәселесіне қатысты көптеген сауал түсті.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button