Партада дұрыс отырудың пайдасы
Жаппай білім беретін мекемелерді оқу жиһазымен дұрыс жабдықтау және оларды тиімді қолдану өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтауда және барлық оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін жоғарылатуда аса маңызды.
Мектеп жиһазына қойылатын негізгі санитарлық-гигиеналық талаптардың бірі — жиһаз балалардың бойы мен дене бітіміне міндетті түрде сәйкес келуі керек. Бұл талаптың бұзылуы дененің еңкіш тартуына әкеп соғады. Соның нәтижесінде тірек-қимыл аппаратының аурулары дамиды (сколиоз, омыртқаның қисаюы).
Мектеп жиһаздарының негізгі бөліктері — үстел беті мен орындық арқалығының арақатынасы сақталуы керек.
Мектеп парталарын жарық сол жақтан түсетіндей етіп орналастыру қажет. Балаларды денсаулығын, көру және есту қабілеттерінің ерекшелігін ескеріп отырғызған дұрыс.
Сонымен қатар, жиһаздың түсіне, қатарлардың ара қашықтығына, физика, химия, сызу, информатика, еңбек, шет тілдер кабинеттерінің жабдықталуына да санитарлық талаптар қойылады.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жыл сайын мектеп жиһазының санитарлық-техникалық жағдайына мониторинг жүргізіп отырады. Бұл салада едәуір алға басушылықтар байқалады. Жыл сайын 50-ден астам мектеп жаңа жиһазбен қамтылып, компьютер сыныптары, химия, физика, биология кабинеттері, заманауи интерактивті сыныптар арнайы жиһаздармен жабдықталуда. Алайда, қазіргі таңда облыс бойынша 100-ден астам жалпы білім беретін оқу орны мектеп жиһаздарын ауыстыруды қажет етеді. Өйткені, олар балалардың бойы мен жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейді. 20 ауыл мектебінің компьютер сыныптарында жиһаздар гигиеналық талаптарға жауап бермейді, мұнда биіктігі реттелетін арнайы орындықтар жетіспейді. 80 мектепте химия кабинеттерінің жиһаздары талаптарға сәйкес келмей отыр. Салқын су жүргізілмеген, зертханалар сорғыш шкафтармен жабдықталмаған.
2009-2010 оқу жылында анықталған ереже бұзушылықтар үшін жауапты адамдарға 62 айыппұл салынып, 60 ұйғарым берілді.
Оқушылардың тұлғасын дұрыс ұстауға, сабақ кезінде және үй тапсырмасын орындаған уақытта денсаулығын сақтауға көмектесетін қарапайым ережелер: арқаны міндетті түрде тік ұстау керек; екі иық бірдей биіктікте және иық буындарына ойша жүргізілген сызық үстел бетіне параллель болғаны жөн, арқа орындықтың арқалығына тірелуі қажет. Келесі айта кететін жайт, оқу және жазу кезінде оқушының қолы үстелдің шетінде, ал екі көзі кітаптан немесе дәптерден 30-35 см қашықтықта болуы керек.
Лаура КАНАЛИНА,
ҚР ДСМ МСЭҚК Ақтөбе облысы бойынша
департаментінің бөлім бастығы.



