Білім

Колледж: нұсқау мен қадағалау

Күллі елді дүрліктірген коронавирус кеселі білім беру саласына әсер етіп,оқыту жүйесін өзгертуге мәжбүрледі. Қазіргі кезде республикада, облыста барлық оқу ошақтары қашықтан оқу жүйесіне көшірілді. Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызованың айтуынша,  елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде колледж студенттері топ жетекшісінің жіті қадағалауымен, үйлеріне қайтар алдында, әрбір пән оқытушысынан 16 наурыз бен 6 сәуір аралығындағы оқу материалдарымен «қағаз түрінде» қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, оқу процесі мессенджер арқылы (ватсап, телеграмм-канал, ZOOM) жүргізілетіні  ескертіліп, барлығына инструкциялық таныстыру жүргізілді.

— Келесі кезеңде EduPage бағдарламасы арқылы пән оқытушылары 100% пәндік оқу материалдарын платформаға жүктеді. Осы істің алғашқы кезеңінің бірі ретінде, барлық оқытушылар мен студенттерге жеке логин ашылып, пароль берілген болатын. Осы пароль арқылы кез келген оқытушы және студент ақпараттық порталға кіріп, тиісті материалдармен, ақпаратпен танысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Оқу бөлімі тарапынан оқу кестесі құрылып, платформаға енгізілді. Кесте арқылы, тиісті топтарда, тиісті пәндер қашықтықтан сабақ жүргізе  бастады. Бұл оқу үрдісіне оқытушылар да, студенттермен  ата-аналар да жоғары жауапкершілікпен атсалысты. Оқу процесі пән бойынша бейнесабақтар,мультимедиялық, телевизиялық дәріс, презентация, өзіндік жұмыс және тестілеу әдістерімен ұйымдастырылды. Студенттермен кері байланыс, оқытушының оқу тапсырмасын түсіндіргеннен кейін, тікелей байланысы немесе ватсап, телеграмм – канал желісі арқылы іске асырыла бастады. Қашықтықтан оқыту үрдісінің сапалы орындалуын, оның талапқа сай іске асырылуын  колледж әкімшілігі күнбе күн бақылап отыр. Оқу процесінен өзге, тәрбиелік, әлеуметтік, мәдени, әдеби шаралар да оқу орнының  деңгейінде қашықтықтан жүргізіліп жатыр. Мысалы, колледж психологтары онлайн арқылы оқытушылармен, студенттермен жоспарлы тренингтерін семинарларын қызықты, өзгеше өткізуге жұмыстанса, кітапхана қызметкерлері қашықтықтан студент жастарға, кітап қорынан, әдебиеттер ақпараттап, онлайн-таныстыру,  түрлі тұлғаларды презентациялауарқылы түрлі кеңестер беруде, — дейді колледж директоры.

Оқу орны басшысының айтуыша, колледждегі Жастар ісі жөніндегі комитет те өз тарапынан студенттермен жеке және топтық түрде  мәдени-әдеби жұмыстарын жалғастырып жатыр. Колледж медбикесі де әр топ бойынша жеке-жеке байланысқа шығып, тазалық, сақтық шараларын насихаттап, алдын-алу жұмыстарымен таныстырып, бейнеролик және тікелей эфир арқылы қашықтықтан ақпараттық- танымдық жұмыстарын жүргізіп отыр. Тәрбие ісі жұмысының ұйымдастырумен ата-аналар жиналысы да кесте бойынша өткізіліп тұрады екен.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button