Тарих

Ұлт үшін туған тұлғалар

ХХ ғасырдың басында саяси аренада, азаттық пен тəуелсіздік күрес жолында, ағартушылық қызметте қазақ ұлтынан Жақып Ақбаев, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Ғұмар Қарашев, Ғабдұлғазиз Мұсағалиев, т.б сияқты ірі қоғам қайраткерлері шығып, ұлт болашағы үшін жан аямай тер төкті. Олар бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді. Ұлты үшін аянбай қызмет етіп қоймай, жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту, ана тілін дамыту, осы ретте қазақ даласында оқу орындарын ашу жолында еңбек сіңірді. Дегенмен большевиктер алашордашылардың  өз бағдарламасын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. Осылайша барша қазақ халқының ұлттық рухының тамырын жою үшін алдымен осы қозғалыстың басында тұрған Алаш зиялыларының соңына түсіп, оларды соттады, жер аударды, тіпті, ату жазасына кесті. Қазақ ұлтының демократиялық интеллигенциясының жетекшілері, біріншіден, патшалық Ресейдің халықты қорлайтын отарлау саясатының мәнін әшкерлеуді және қазақтардың этнос ретінде сақталып қалуы үшін оның келешегіне қатер төндіріп отырған патша үкіметінің өлкені кеулеп бара жатқан жан-жақты экспансиясын тоқтатуды мақсат етті. Екіншіден, олар заң шығарушы және басқарушы үкімет органдарының алдына кадеттер ұсынған үлгі мен әр түрлі петициялар арқылы талап-тілектер қойып, мемлекеттік думаның сайлауына белсенді түрде араласып, парламентке халық өкілдерін өткізу үшін күресуді мұрат тұтты.

1905–1907 жылдары қазақ интеллигенциясы кадеттер ұсынған Ресей қоғамын реформалау талаптарын жүзеге асыру жолында жүргізілген саяси науқандарға қатынасуда айтарлықтай белсенділік көрсетіп, нақтылы іс-әрекеттерге барды. Олар қазақ қауымының уездер мен болыстар шеңберіндегі жүйесін қалыптастырудың отарлық сипатын өзгертуді талап етті.

Сондай-ақ ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы төңірегінде топтасқан қазақ интеллигенциясынан шыққан жас интеллектуалдар тобы болды. Олардың шығармашылық қызметі өз халқын дамытуға бағытталды. Соның арқасында халық жанашырларының мұрасы бүгінгі біздің мәдениетімізге мәңгілікке қазына болып қалды.

Малика БУХАНОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология

және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.

Ғылыми жетекшісі: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Ф.ҚОЗЫБАҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button