Білім

Қашықтан оқыту:  ұстаздар не дейді?

Мектептерде төртінші оқу тоқсанының басталғанына он күн болды. Содан бері облыста 402 мектептегі 151 058 бала қашықтан оқып, мұғалімдер оқушылармен Kundelik.kz, BilimLand.kz, Daryn.onlinе порталдары және WhatsApp желісі арқылы кері байланыс орнатуда. Біз осы орайда облыстағы бірқатар ұстаздармен тілдесіп, қашықтан оқытудың тиімді және тиімсіз тұстарын сұраған едік. Сонымен…

Байғанин ауданы Қораши ауылындағы Қарабұлақ орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Шамшырақ Неталина ауылда ғаламтор мен байланыс желісі сапасының төмендігіне байланысты бүгінде ұстаздардан құралған курьерлік топ жұмыс жасап жатқандығын айтады. Аталған топ мұғалімдердің тапсырмасын оқушыларға, ал оқушылардың орындаған жұмысын мұғалімдерге тасымалдайды.

  • Қашықтан оқыту әдісіне біз де, оқушылар да үйреніп қалдық. Бірақ біз үшін бұл әдіс тиімсіз. Себебі оқушыларға тапсырма беруге, олардың жұмысын тексеруге көп уақытымыз кетеді. Қолдан келгенше бар мүмкіндікті пайдаланып, жағдайға икемделіп жатырмыз. Алайда оқушылардың партада отырып білім алғанына ештеңе жетпейді, — дейді Шамшырақ.

Екі ауысымда күніне 4-5 сабақ өткізетін ол ізденіп материалдар әзірлеуге, сондай-ақ оқушыларға қызықты тапсырмалар ұйымдастыруға уақыты жете бермейтіндігін айтады.   —Тіл үйрену мен өзге тілде тапсырмалар орындау — екі түрлі нәрсе. Сондықтан көп жағдайда оқушылар тікелей мұғалімнің түсіндіруін, қосымша мәліметтерді қамтып, мысалдар келтіруін қажет етіп тұрады. Ал курьерлік топтардың көмегімен біз барлық оқушыға, атап өткендей, жан-жақты мәлімет бере алмаймыз, — дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласындағы М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Анаргүл Әлішева математика сияқты жазбаша және күрделі пәндерді қашықтан оқытуда оқушылардың жаңа сабақты толық меңгеруі қиындық туғызатынын айтады.

Осы тоқсанда оқушылар үшін өзіме жұмыс дәптерін арнадым. Онда оқушы сабақ кезінде дәптеріне жазуы тиіс мәліметтерді (анықтама, формула) жазып, таңертең Сlassroom форматына суретін жүктеймін. Сонымен қатар міндетті деңгей бойынша кейбір есептердің шығарылуын көрсетемін. Оқу процесі кезінде оқушыларыма телеарнадан тыңдаған бейнесабағы мен жүктелген мәліметтерді WhatsApp желісі арқылы түсіндіремін. Соңында оқушылар шығарылған есептерге ұқсас бір немесе екі есепті (күрделілігі ескеріледі) өз беттерімен орындап, мүмкіндігінше Сlassroom немесе WhatsApp желісіне жүктейді, — дейді ол.

Математика пәнінің мұғалімі қашықтан оқытудың тиімділігі оқушылардың өз бетімен білім алуға дағдыланып қана қоймай, әртүрлі ресурстарды қолдануды үйренетіндігін алға тартады. Ал бұл оқушылардың білім деңгейін тереңдете түседі.

  • Қазір елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде ата-аналар мен оқушылар мұғалімнің жұмысына, еңбегіне, ізденімпаздығына құрметпен қарап, жауапкершілікті сезінуде. Ата-аналар өз тарапынан балаларына жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Сондықтан оқушылардың дені сабақты орындауға, берілген тапсырманы түсініп оқуға дағдыланып келеді. Ең бастысы, әрбір оқушы оқу процесіне жауапкершілікпен, дайындықпен қатысатын болды, — дейді Анаргүл Әлішева.

Жоғары санатты мұғалім бүгінгі күні 7,8,9-сыныптарға математика пәнінен бір күнде 40 минуттан 4 сабақ береді. Әр сабақта жаңа тақырыпты түсіндірумен қатар оқушыларға деңгейлері бойынша арнайы тапсырмалар да жүктейді. Ал бұл дәстүрлі әдіспен оқытуға қарағанда мұғалімнен екі есе дайындықты және ұзақ уақытты қажет етеді.

  • Әр оқушы жаңа сабақты меңгеруі үшін ең тиімді әдісті және оңтайлы жолды дұрыс таңдауы керек. Бірақ барлық баланың ойлауы және қабылдауы бірдей емес. Сондықтан көп жағдайда оқушылар мұғалімнің көмегіне жүгінеді. Ал қашықтан оқытуда біз әрбір балаға білмегенін жеке-жеке түсіндіріп, бар білгенімізді үйретіп жатырмыз, — дейді ол.

Ақтөбе қаласындағы №17 орта мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Ғапбасова бір ауысымда 8-9 сыныптарға күніне 5-6 сабақ береді.

Бұған дейін партада отырып білім алған оның оқушылары қазір «Балапан», «Ел арна» телеарналары арқылытапсырмалар алып, үйде орындап, WhatsApp желісімен кері байланысқа шығады.

Индира Ғапбасованың айтуынша, қашықтан оқытудың ең негізгі артықшылығы — оқушы жауапкершілігінің жоғарылауы. Себебі дәстүрлі оқытуда оқушы мұғаліммен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы оның көмегіне жүгіне алады, өзін еркіндеу сезінеді. Ал қашықтан оқытуда кез келген оқушы жинақылыққа, өз бетінше тапсырманы оқып-жазуға, уақытын тиімді пайдалануға икемделеді.

Тағы бір артықшылығы — оқушы ауызша оқуда өз ойын ашық білдіріп, WhatsApp желісі арқылы жібере алады. Дәстүрлі оқытуда кейбір оқушылар уақыт тығыздығына байланысты жауап беріп, үлгермей қалып жататын еді. Немесе бірқатар оқушылар мұғалім сабақ сұрап, талап еткен кезде ғана жауап беретін, — дейді ол.

Тәжірибелі ұстаз қашықтан оқытудың кемшін тұстары да бар екенін айтады. Атап айтсақ, кейбір тақырыпты игеруде оқушыға мұғалімнің тікелей қарым-қатынасының жетіспеуі, жанды, эмоциялы сабақтың жүзеге асырылмауы. Яғни қазақ тілі мен әдебиеті сабағында бірқатар оқушылар мұғалімнің көмегін, тақырыпты ашып түсіндіруін қажет етеді.

Р.S. Ұстаздардың пікірлерінен ұққанымыз, қашықтан оқытудың тиімділігі де, кемшін тұсы да бар. Алайда төтенше жағдай кезінде оқушылар мен ұстаздардың денсаулығын қорғау бәрінен де маңызды. Сондықтан биылғы жылдың соңғы тоқсанында педагогтер жаңа форматта жұмыс жасап, ал оқушылардың қашықтан оқуына тура келеді. Ең бастысы, балаларымыз аман, еліміз тыныш болсын!  

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button