Мереке

Хромтау: жетпіс бес жылдық жол

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Жетпіс бес жыл. Бұл – бір адамның ғұмыры. Хромтау аудан атағын иеленгеніне осыншама жыл өткенде, елдегі іс басында жүрген азаматтар, өңір басшылары сол белесті атап өтіп, жүріп өткен жолды, жылдар тасасында қала бастаған тарихты бір түгендеп алуға ниет қылған болатын. Сол мақсатқа орай өткен аптаның сенбісінде ауданда салтанатты шара ұйымдастырылды.

Кеншілердің Мәдениет үйі осындағы талай іргелі жиындардың куәсі болған құтты мекен болатын, бұл жолы да сол жарастық жалғасын тапты.

Аудан әкімі Аязбай Османғалиев өзінің шағын баяндамасында әуелі аймақ тарихына тоқталып өтті. 1935 жылы 31 қаңтарда КСРО Бүкілодақтық Атқару Комитетінің қаулысымен ашылған Новоресей ауданының алғашқы орталығы қазіргі Ақжар селосы болды. Ауданның қазіргі жалпы аумағы 12,9 мың шаршы шақырым құрайды. Халық саны бүгінде 43,9 мың адамға жетті. Оның тең жартысынан көбі – қала тұрғындары. Аудан он төрт ауылдық және бір қалалық аумақтарға бөлінген.

Әкім бұл өңірдің қалыптасуына, өрлеп-жетілуіне аянбай үлес қосқан алдыңғы буын өкілдерінің есімдерін ерекше бөліп айтты. Олардың қатарында бірнеше медальдардың иегерлері – комбайншы Тілеген Ноғаев, тракторшы Дербісәлі Нұржанов, бақташы Сәлима Өмірзақова, экскаватор машинисі Павел Стоян, бақташы Әбілқайыр Сапаров және басқалары болды.

Осы өңірдегі Бұлақ ауылында дүниеге келіп, соғыстың отты жылдарында, яғни он төрт жасында Қызылжар бастауыш мектебінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған Қуаныш Өмірзақов ұзақ жылдар бойы ауданның басқару органдарында қызмет атқарды. Сондықтан да бұл өңірде ол араласпаған, ол ретін білмейтін шаруа жоқ деуге болады. Мінбеге көтерілген ақсақал елге еңбегі сіңген көптеген ардақты есімдерді құрметпен атады. «Жетпіс бес жылдық тойда біз ешкімді де ұмытпауымыз керек», — деді ол. Байеділ Тілеуов, Төреғали Жұмағалиев, Бертай Махамбетов… осылайша әр адамның аты-жөнін ерекше құрмет білдіре атаған ардагердің бұл да бір тәлімі екендігін түсіндік.

Бұлар кешегі күннің құрметке лайық азаматтары болғанда, аудан құрылуының арғы жағындағы тарих та жиын барысында түгенделіп жатты. Ел бастаған ерлер, сөз бастаған билер, халық қамын ойлаған қайраткерлер туралы көп сөз қозғалды. Рухымен талайды демеген Бекқұл әулие, заманында жарты патша атанған Дербісәлі Беркімбаев, әрбір сөзі қанжардай қиып түсетін Әкімәлі Қаржауов, міне, осындай дара тұлғалардың ізі өшпейтіндігі әңгімеленді.

Техника ғылымдарының докторы, профессор Жанболат Ғылманов өзі үшін бүгінгі шара өте тебіреністі жағдайда өтіп жатқанын айтты. Оның да өзіндік себебі бар екен. Қызылқайың ауылында 1935 жылы дүниеге келген ол қазір Курчатов қаласындағы Қазақ ядролық зерттеулер институтында директордың орынбасары. Қазақстан секілді алып елдің батыс өңірінде дүниеге келіп, қызмет бабымен шығысында тұратын азаматтың еңбегін бүгінде хромтаулықтар орынды түрде мақтаныш етеді. Білікті ғалым бір кездері Чита облысындағы Краснокаменск қаласындағы Приаргунск тау кен-химия комбинатында зерттеушілер тобын басқарған. Моңғолия, Германия мемлекеттеріндегі уран өндіру мәселелері жөніндегі салмақты жиындарға жетекші маман және кеңесші ретінде бірнеше рет қатысқан.

«Қызмет бабында қандай жетістіктерге жетсем де, туған мекен, өскен өңір ең алдымен ойымда тұрады, — дейді ғалым аға, — сондықтан да осы жиынға шақыру алған соң, оған келіп қатысуды перзенттік парызым деп есептедім».

Иә, бұл өңірден түлеп ұшқан, бүгінде біраз жұртқа танымал ел мақтаныштары аз емес. Солардың қатарында бокстан Еуропа чемпионы, халықаралық көптеген турнирлердің жеңімпазы Юрий Алифиренко, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әділғали Баяндин, ҚР Самбо федерациясының президенті Арынғазы Беркімбаев, жоғары дәрежелі дәрігер-рентгенолог, 1990-1995 жылдардағы Жоғарғы Кеңес депутаты Мереке Бутина, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзю-дошы Гүлнәр Көшербаева секілді майталмандар бар. Көңілді мерейге бөлейтін жайт, бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады.

«Хромтау осындай тұлғаларымен мақтанады, олар өсіп келе жатқан жас буынға өнеге, біз мектеп оқушыларына тәлім-тәрбие беруде мұндай дара есімдерді үлгі етіп отырамыз», — деді аудан әкімінің орынбасары Сәкен Елдесов бізбен әңгімелескенде.

Тасөткел селолық округінің әкімі Бақытберген Байсейітов сол өңірге жиырма үш жылдан бері басшылық қызмет атқарып келеді екен. Әуелгіде ауылдық кеңестің, оның атқару комитетінің төрағасы болған ол қазір әкімдік тізгінін қолда ұстауда.

— Хромтау – Алтынсарин темір жолының салынуына байланысты Тасөткел бұрынғыдай малшылар мекені ғана емес, сондай-ақ теміржолшылар ауылы да атанды, біздің аумақта үш разъезд бар, — дейді ауыл әкімі, — оның үстіне тау-кен компаниясының «Үйтас-Ақтөбе» ЖШС-ы қиыршық тас, мрамор, әк өндіретін зауыт құрылысын жүргізуде. Осының бәрі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға жол ашуда.

Тасөткел негізінде ұзақ жылдар бойы Қарабұтақ ауданының құрамында болып келді. Ал 1997 жылдың шілде айында аумақтық өзгерістерге байланысты бұл ауыл Хромтауға қосылды.

— Бұл өзгерістен ауыл тұрғындары не ұтты? — деп сауал қойдық Бақытберген бауырымызға.

— Ұтқанымыз аз емес, — дейді ол байыппен, — біріншіден, ауыл тұрғындары үшін Хромтау, Ақтөбе қалаларына, теміржолға қатынас реттері жеңілдеді. 2000 жылдан бастап тасөткелдіктер спутниктік телефон байланысын пайдаланады. Орта мектепке кореялық жылу қазандығы орнатылып, оқушылар жылы, таза жерде білім алуда.

Әкім аса ықыласпен айтқан тағы бір әңгіме, 2003 жылы Ақтасты ауылында негізгі мектеп ғимараты салынып, 2005 жылы ауыз су мәселесі шешімін тауыпты.

«Қопа» ұжымдық кәсіпорнының директоры Оразақ Самұратов бүгінде бір өңірдің шаруасын ілгерілетіп, халыққа жұмыс тауып беріп отырған басшылардың бірі. Ол «Интергаз Орталық Азия» АҚ Ақтөбе газ магистралі басқармасының желілік өндірістік басқармасын басқаратын Қамбар Жанұзақовпен бірге салтанатты жиын мәртебесін көтеруге лайықты үлес қосып, көпшіліке қызмет етті.

Аудандағы Дөң кен байыту комбинаты, «Восход-Ориел» ЖШС, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС секілді ірі өндіріс ұжымдары, «Ақжар-Агро», «Елім-Табантал», «Керуен» сынды шаруаның тасын өрге домалатып жүрген ұжымдар еңбегі де жиында ерекше атап өтілді.

Хромтау ауданында талай адамдар басшылық қызметте болғаны белгілі. Солардың арасынан Оразбек Далмағамбетов 2003-2008 жылдары өңір тізгінін ұстап, көптеген игі мақсаттардың, ізгі істердің ұйытқысы болды. Осы тұста көптеген мәдениет ошақтары қайта жандандырылды, елді мекендерге су, газ құбырлары тартылды. Қазіргі тұста облыстық ауыл шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы қызметін атқаратын Оразбек Нәбиұлы жұртшылықпен жүздесуге жарқын жүзбен келді.

Салтанатты жиынға оң тілектерін білдіруге облысымыздың бірқатар аудандарынан өкілдер келді. Олардың арасынан Қарғалы ауданының әкімі Айбек Сағиев, Ойыл ауданының мәслихат хатшысы Берік Бисекенов, тағы басқалары арнайы сыйлықтарын тапсырып, тойға көпшілік сәлемін жеткізді.

Кеудесі орден-медальдарға толы ақсақалды әңгімеге тарттық. Керей Сисенғалиев ұзақ жылдар бойы аудандық «Межколхозстрой» мекемесін, №54 жылжымалы механикаландырылған колоннасын басқарыпты. «Сол жылдарда төрт ауылда мектеп ғимаратын салдық, — деп өткен күндерді еске алады ол, — аудан орталығында он екі үй тұрғыздық. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында қаншама құрылыстарды пайдалануға бердік, соның бәрі ел игілігіне жарағанын, тіпті көбісі әлі күнге дейін пайдаланылып келе жатқанын көріп, марапатқа бөленіп отырамын».

Хромтау талайдың тағдырына ықпал еткен өңір. Сондай жандардың бірі Анатолий Козачок бұл ауданға 1960 жылы, жиырма жасында комсомолдық жолдамамен келіпті. «Қарапайым украин баласының комбайншы болып еңбек жолын бастап, осында аудандағы басшы қызметке дейін көтерілгені менің өмірімдегі елеулі жағдай, — деп тебірене сөйледі Анатолий Федорович, — басқасын айтпағанда, тоғыз жыл бойы аудандық мәслихаттың хатшысы болып еңбек еттім. Хромтауды мен туған жерім деп есептеймін».

Мұндай жүрекжарды сөздер бұл күні көп айтылды. Алыс-жақыннан жиналып, бас қосқан ағайынның жүректерінде жылылық, туған мекенге деген мақтанышпен қоса сағыныш сезімдері де бой көрсетіп жатты.

Кемейдолла Төлеубаев, Сматолла Беркімбаев, Әнуар Бекмұхамбетов сынды ағалар жастық шақтарының қынулы кезеңдерін осында еңбек етуге арнаған. Арада біраз жыл өткенде олар осында қайтадан тоғысып, өткен шақты ойға түсірді.

Мұндай мәртебелі жиынның ән-күйсіз өтпейтіндігі белгілі. Жас талап Нұрсұлтан Мырзахметов Нұртуған жыраудың «Кәнеки, тілім, сөйлеші» деген термесін орындады. Хромтау саз мектебінің хор ұжымы халықтың жанына жақын көптеген әндер әуенімен сахна төрін тербетті. «Алтын дән» би тобы көрермендердің көз қуанышына айналды. Талғат Мұхамеджанов, Ермек Мұңсызбай, Жалғас Шоқпаров өз өнерлерімен жиналғандарды тәнті етті.

Салтанатты сәттер жүйріктер бәйгесімен, көптеген спорттық сайыстармен жалғасты.

Ең бастысы, Хромтау ауданының 75 жылдық мерекесі ойдағы-қырдағы елді жинады, кешегі мен бүгіннің байланысын бұрынғыдан да берік ете түсті, ұрпақтар сабақтастығын жандандырды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button