Мәдениет

Біз білетін бір батыр

Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың туғанына 90 жыл толу мерекесі бұл күндері облысымызда кеңінен аталып өтуде.

Таяуда жергілікті баспадан «Біз білетін бір батыр» атты естеліктер жинағы жарыққа шықты. Бүгін осы жинақтан ықшамдалған естеліктер тобын оқырманға ұсыну арқылы батыр рухына тағзым етуді жөн көрдік.

Жұлдызды ғұмыр

Өзінен үлкенге риясыз іні болған, өзінен кішіге риясыз аға болған, қан туыстығын емес, жан туыстығын іздеген абзал жанды азамат, қоғам қайраткері Қожабай Жазықов бұл фәниде көп іс тындырған-ды. Ол Шолақ сайдай тасымайтын, адамның кемшілігін қасымайтын, адамды алаламайтын, мейлінше қарапайым жан болатын. Алды ақжайлау, кісілігі — кішілік, кішілігі — кісілік, бір сөзбен айтсақ, ол тұла бойы тұнған ізгілік, ілтипаттылық, инабаттылық, яғни адами қасиеттердің ең жақсыларын бойына сіңірген-ді.

Аз өмір сүріп дүниеден өткен Қожекең «біреуді жазғырыпты, не біреуді күндеп-көре  алмапты, не біреудің сыртынан даттапты, не мансап дертіне ұшырапты,  мансапкерліктің буына беріліпті, не біреуді қаралапты» дегенді ешбір құлақ  естімеген де болар-ау! Өзін қоршағандарға шынайы адал, қалтқысыз қайырымды  болды.

Қожабай Жазықұлын осы қасиеттері үшін де, табиғи мінез-құлқы үшін де, өміршең істері үшін де аралас-құралас жүрген бәріміз жақсы көрдік. Көзі тірісінде ілтипат көрсетіп, өлең жолдарын тізбектеп, жүрек жарды сөздерімізді арнаған болатынбыз.

…Жас жігіт қиян шеттегі Сам құмына шектесіп жатқан Оймауыт ойындағы халық батыры Аманкелді Иманов атындағы бастауыш мектепте мұғалім болып бала оқытып жатқан-ды. Ел шетіне жау тигенде, өзі сұранып соғысқа аттанды. Қанды майданда бірнеше рет жараланса да, саптан шықпай, ақыры арқыраған асау толқынды Дунайдан әскерді өткізуде есқан ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

1945 жылдың жазында Жарқамысқа әскерден жараланып, соғыстан аман-есен Қожағали (ел ол кісінің ағасы Молдағалиға ұйқастырып осылай атайтын) келді, бірақ шын аты Қожабай болатын, құжатта солай жазылатын. Атының екі түрлі аталуы ол кісіге оңайға түспеді. Оған батыр атағы берілген Указда «Қожабай» деп жазылған. Арызданушылар: «Оның аты Қожабай емес, Қожағали. Батыр атағы басқа кісіге тиісті» демей ме? Міне, осының салдарынан орталыққа бірнеше рет шақыртылды.

Соғыс аяқталды. Соғыстан қайтқан солдаттар да, соғыс кезінде сабан айдап, егін   еккен, мал бағып, күнелткен жас наушалар да білім майданына аттанып жатты.   Қожекең Ақтөбе мұғалімдер институтының тарих факультетіне оқуға қабылданды.

Қожекең институтта бірден беделге ие болды. Бәріміз соңынан еріп, оның Алтын жұлдызының аясында басқалардың алдында өздерімізді ерекше мақтанышты сезінетінбіз. Қожекеңнің жасы әнге қосып айтар қайран жиырма бестен өтіп бара жатқан кезі.

Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданынан келген қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқитын көркем келген Қаншайым Қожекеңе қатты ұнады.

Ағамызға Қаншайым туралы: «Текті жердің қызы, әдепті, көргенді, инабатты, іске шебер, өте жақсы оқиды, еті тірі, қиыншылыққа төзімді», — деген мінездеме бердік. Шынында да, солай болатын-ды. Қожекең өзі де бір оқу жылы бойына ол қыздың бүге-шүгесіне дейін терең үңілген болар, өзіне ұнайтын теңім деген болар, оқу жылы аяқталып, екі жылдық оқуын Қаншайым да аяқтағанда, атамекені Қызылбұлағына сол қалыңдығын ертіп кетті. «Қосылса, екі жақсы хан секілді, ләззаты бір-біріне бал секілді» дегендей, Қожабай мен Қаншайым аз ғұмырларын ғасырдай ұзақ қуанышта өткізді десек, асыра айтқандық болмас. «Алған жарың жақсы болса, бірінші — иманың, екінші — жиғаның, үшінші — мейманның тұрағы» деп бұрынғылар айтқандай болды, олардың отбасы ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, арттарына «туған балаң жақсы болса, екі көздің шырағы» дегендей, өздерінің көздерін қалдырды. Қожекеңнің жар таңдауы мен отбасы қызықтарының куәгері ретінде осы сәттер де ойымызға оңынан оралғанын еске алдық.

Ниетжан БЕРІКҰЛЫ,

халық ағарту ісінің үздігі.

***

Бала кезден бірге өстік

1934-35 жылдары екеуміз бір класта оқыдық. Тату-тәтті қатынаста болып, қимас  дос-жолдас атандық. Бізбен бірге Мұқашев Жаңабай, Нұрмағамбетов Алпысбай,  Аманжолов Әжібай, Оразалин Ермекбай және тағы басқалары оқыды. Жетінші класты бітіргеннен кейін әркім әр жаққа білім, мамандық алу мақсатында аттанып кете барды.

Қожабай мектепте алдыңғы қатарлы озат оқушы атанды. Тәртіпті, қатар құрбыларына сыйлы, беделді болды. Онша көп сөйлемейтін, орынсыз ешкімге тиіспейтін, мінезі салмақты еді. Мен 1938-39 оқу жылында Ақтөбе қаласындағы орыс-қазақ педагогикалық училищесіне түсіп, оны 1941 жылы бітіріп шықтым. Менен бір жыл кейін ол Ақтөбедегі екі жылдық оқытушылар институтының тарих факультетіне түсті.

Ұлы Отан соғысы басталған күннің ертесіне барлық оқу орындарының түлектері мен студенттерін облыстық әскери комиссариатқа шақырып алып, әртүрлі әскери оқуларға жіберіп жатты. Сонда Қожабай досымды кездестірдім. Содан кейін одан көз жазып қалдым.

1946 жылдың мамыр айында соғыстан елге аман оралысымен-ақ бірге оқыған   жолдастарымды, соның ішінде Қожекеңді іздестірдім. Керемет жаңалыққа  кенелдім. Ол Кеңестер Одағының Батыры атағын алыпты. Өзі бітіре алмай кеткен  институттың тарих факультетінде оқуын жалғастырып жүр екен. Кейін оны бітіріп, ауданда жетекшілік қызмет жасады. Онымен өзара байланысымыз үзілген жоқ. Бас қосқан сәттерде өткен-кеткендерді айтып, қызық әңгіме-дүкен құрушы едік.

Озық ойлы, байсалды, өмірді терең түсінетін Қожекеңмен кейінгі өміріміз ортақ болды деуіме негіз бар. Қыз беріп, туған құда болдық.

Бозша ӘДІЛОВ,

соғыс және еңбек ардагері.

***

Туған жерінің адал перзенті

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басы болатын. Армандаған мамандығымыз бойынша оқуымызды бітіріп, енді бар жастық жігер, білім, күшімізді елімізге берсек деген мақсатпен, құштарлықпен еңбек етудеміз. Білімнің негізі бар, енді бізді соған қоса өмірдің адамдық, адалдық, мұсылманшылықтың ұлылығы, қазақи ата-бабалар салған сара да, дара да жол, салт-дәстүр және олардың өмір сүрудегі аталық үлгісі, өнеге-тәрбие ұстанымдары қызықтырады. Бабалар бойындағы осындай ұлы қасиеттерді сақтай білген, сол қасиеттерді осы заманға жеткізе білген адамдарды көңіл іздейді. Ондай адамдар, әрине, халық арасында бар.

Совхозда бас инженермін. Бұл кез мемлекеттің ауыл шаруашылығына аса назар аудара бастаған уақыты болатын. Сондықтан бүкіл еліміз сияқты біздің шаруашылық та егін мен мал шаруашылығы салаларын жетілдіруде бар күш-жігерін аямай еңбектенді. Тұтас карқын алған еңбек майданына мен де жас маман ретінде араласып, абыройлы қызмет етуге талпындым.

Ауыл шаруашылығы жұмыстарының өзіне тән аса жауапты науқандары болады. Міне, осындай әр науқанды сапалы атқару — бүкіл аудан халқына жазылмаған міндет. Аудан басшылары да шаруашылық алдында тұрған міндеттердің жүзеге асырылуына басшылық жасау мақсатында әркез жауапты қызметкерлерді шаруашылықтарға жіберіп, еңбек майталмандарына сөзімен де, ісімен де көмектесуге өкіл жіберіп тұратын еді. Осындай бір науқан кезінде, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов Оймауыт созхозына бас өкіл болып бөлінді. Ол келген соң совхоз директоры ұжым мамандарын шақырып, жиын өткізді, ауданнан келген өкілмен таныстырды. Өкіл өз сөзінде, алдымен аудан еңбеккерлерінің алдында тұрған міндеттерді және оны мезгілінде және сапалы орындаудың жолдары туралы тиянақты айтып берді.

Біз сол кездері отызға толмаған жас жігіттерміз. Бізді Қожабай Жазықовтың жұмыс жағдайына байланысты қойып отырған талаптарынан гөрі, батырлық атағы қызықтырады. Барлық назарымыз оның түр-тұрпаты, мінезі, қимыл, іс-әрекетінде. Оның әр сөзін, іс-әрекетін бақылай отырып, батыр осындай болады екен-ау деп, өзімізше пайымдаймыз. Әр жастың ерлік пен батырлық туралы бала кезден естіп өскен қиял-арманының шын үлгісі ретінде алдарында тұрған ағаларына еліктеуі, әрине, заңды құбылыс. Ұлы Отан соғысының қан майданынан батыр атанып келген жерлес ағамен бетпе-бет кездесуіміз осы, сондықтан ағаны сырттай қызықтай жүрудің өзі біз үшін бір мәртебе болатын.

Осылай батыр ағаны сырттай қызықтап жүргенде, бір күні ол кісіні үйге қонаққа шақырудың реті келе кетті. Шақырдым. Келді. Қасында екі-үш  жолдастары бар. Балаларыма: «Міне, жауды жеңген Батыр аталарың осы кісі!», — деп көрсетсем, олар да үлкен таңқалыспен қарап қалыпты.

Қожекең жұмыс бабында болсын, адами араластықта болсын, әркез өзін еркін, өзгеге үлгі боларлықтай қалыпта ұстайтын. Кейбір белсенділер сияқты өзіндегі мансапты адамдарды қорқыту, кішірейту, қорлау үшін пайдаланбайтын. Кез-келген істің мән-жайын түсіндіру, ұғындыру арқылы орындаушыға міндетті түрде дауыс көтермей-ақ жеткізетін. Көлденең үрей тудыру, үркіту сияқты мінез көрсетпей-ақ, іс талап тұрғысынан ұғыныстықпен атқарылатын.

Кейін көп жыл Қожекеңнің туған елінде ел басқардым. Сол кездерде байқағаным, ел өзінің батыр ұлын аса ардақтайды, мақтан тұтады екен. Сондықтан Қожағали ағаның еліне, халқына, үлкен мен кішіге шын ниетімен берілген Алланың адал перзенті екеніне сенімім мол. Әрине, бұл қасиет адамзаттың барлығына берілсе де артық болмас еді, әркімнің тілегі де осы болар? Ағаның жақсы қасиеттерін кейінгі ұрпақтарынан көріп, «Жақсының жалғасқаны — Құдайдың бергені де» деп ойлаймын. Шүкіршілік, жалғасы бар…

Бақберген ҚАРАҚОВ,

дербес зейнеткер.

***

Бір ауылда бірге өскен ағам еді

Қожекеңді есімді білген кезден бастап білемін. Анасы Сарыалтын деген әжеміз өте  ақылды, әдемі, ертерек жесір қалған, қазақтың кең мінезді нағыз бәйбішесі еді. Айналасындағы көршінің балаларына дейін ренжітпейтін-ді, конфеті болса, бөліп беретін. Қолында шәйі болса, көрші келіндерін шақырып, бөліп ішетін.

Қожекеңнің туған ағасы Молдағұл ағай өте қайратты болатын. Жылқыларды құйрығынан ұстап тоқтатып, жуасытатын. Осыны өз көзіммен бала кезімде көрдім. Ұлы Отан соғысына қолы кеміс болғандықтан, бара алмай қалды. Елде көрік басты. Ұста болды. Колхоз басқарды.

Қожағали ағамыз да жас кезінен өте қайратты болып өскен. Қонжар мектеп-интернатында  ашаршылық жылдарында ауылдан келген көп балалардың бірі болып, Қожекең де, менің туған нағашы ағам Құлназаров Ұйықбай да оқыған. Нағашымның айтуынша «орта бойлы, шымыр денелі әдемі жігіт Қожағали Жазықов күрескенде, оған ешкім тең келе алмайтын. Қазақша күрестің іштен шалу, жамбасқа салу әдістерін тамаша қолданатын» дейтін.

Қайратты жігітті майданда командирлері де байқап қалса керек. Барлаушылыққа алынады. Талай тапсырмаларды бұлжытпай орындайды. Ресей мен Украинаны фашистерден азат етуде ержүректігімен көзге түсіп, марапатталады да.

Будапешт қаласын азат етер шайқастарда, Дунай өзенін ерекше шеберлікпен кесіп өтіп, жаудың біздің әскерлерге шабуыл жасауына мықты кедергі жасайды. Сөйтіп, Отанын, елін жаудың қорлығанан тезірек босатуға елеулі үлесін қосады. Омыртқасынан ауыр жарақаттанса да, соғыстан елге жеңіспен, қуанышпен батыр болып оралады.

Күнделікті өмірде өзі бір жәйлап жүріп, асықпай, әдемі сөйлейтін. Ол кезде батырлар ел-елді аралап, көрген-білгендерін халыққа тарататын, айтатын. Елде ешбір кино жоқ. Шаршаған қатын-қалаштар кешкі малды жайлағаннан кейін, түнімен отырып Қызылшоқыдағы Мөкеңнің үйінде Қожекеңнің ертіп әкелген әртістерін тыңдайтын. Әлі есімде, бір ретте Қожағали аға соғысқа қатынасқан жырауды әкеліп, түнімен соғыс жайлы, біздің жауынгерлердің ерлік істері жайлы жырлатқаны. Сондағы шешелеріміздің, жетім-жесір әйелдердің жылағаны әлі есімнен кетпейді. Көңілдің кірі жаспен жуылып жеңілдейді деген осы емес пе.

Ақтөбедегі оқытушылар институтында оқып жүрген кезінде, ағамыз әдемі де ақылды Қаншайым атты қызға үйленеді. Одан Балғали, Темірғали атты ұлдары, Лаура, Тамара, Мақпал атты қыздары бар. Бәрі де қазір белгілі, абыройлы, әкесінің жолып қуып жүрген азаматтар.

Қожекең Ақтөбе институтын бітіріп келген соң, 1950-51 жылдары біз оқып жүрген Жарқамыс орта мектебінің директоры болды. Тарих пәнінен біздерге сабақ берді. Кейін аудандық оқу бөлімін басқарды, мәдени-ағарту жұмыстарына белсене араласты. Қазіргі аудан орталығы Қарауылкелдіде «Қожағалидың клубы» аталып кеткен үлкен мәдениет үйін салдырды. Еліне атақты академиктер Ахмет Жұбановты, Сақтаған Бәйішевті, күйші Қали Жантілеуовті, күміс көмей әншілер Роза Бағланова, Ғарифолла Құрманғалиевті, биші Шара Жандарбекованы, т.б. шақырып, халқымен жүздестірді. Тіпті көрші аудан, облыс театрлары әртістерінің үздік деген қойылымын ауданға шақыртып алдырып, көрсетіп, халқының мәдени, рухани байлығын дамытуға көп еңбек етті.

Қалау БАҚЫТОВ,

техника ғылымдарының кандидаты, профессор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button