Мәдениет

«Ата жырда аруағы бар қазақтың…»

Мәдени мұра

Баянғали Әлімжанов:

«Ата жырда аруағы бар қазақтың…»

Даңғайыр жырау Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына арналған екінші республикалық  жыршы-жыраулар сайысын жүргізу үшін арнайы Алматыдан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, жазушы, белгілі айтыс ақыны, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов келді. Екі күнге созылған шараны әдемі жүргізіп, шырайын кіргізген, арасында өзі де «Манастан» үзінді жырлап халық ықыласына бөленген  Баянғалимен   бірер ауыз тілдесудің сәті түсіп еді.

— Ал Ақтөбеге қош келіпсіз. Нұрпейіс атамыздың тойына орайластырылған жыршы-жыраулар сайысының тізгінін өзіңіз ұстадыңыз, не түйдіңіз?

— Жыршы-жыраулардың сайысы деген бір тамаша думан ғой, Нұрпейіс атамыздың тойына арнайы шақырған адамдарға рахмет. Бұрын-соңды Ақтөбеде болып жүрмін. 1989 жылдары айтысқа келдім, одан Тама Есет  Көкіұлының, Есет Көтібарұлының  тойларына қатыстым.  Қобыландының тойында келдім. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, әңгімемді осы той барысында ойыма оралған жыр жолдарымен бастағым келіп отыр:

Нұрпейіс атын

Естігем бала күнімнен,

Жырларын оқып,

Жаттаушы ем таза көңілмен,

Суреті оттай басылушы еді көзіме.

Жүзінен нұры,

Жүректен жыры төгілген.

Даланы кезген сақалы желмен желбіреп,

Аңыздардағы абыз аталардай көрінген.

Мәңгіге кеткен

Батырын мұңға мұнартып,

Мыңдаған жылдан

Аманат жырдан жүк артып,

Балбал тастарды шыққандай жарып қоңыр үн

Қазақтың сөзін

Ғасырға келер ұзартып.

Дүние, ғалам

Жайында кеткен ойға көп,

Жыраудың жыры

Жерге де, көкке, ойға дөп.

Жынданып жатқан

Жан-жаққа кейде қараймын

Нұрпейіс атадай

Нұрпейіл жандар қайда деп?!

Нұрпейісті көрген қазақтың атақты ақын-жазушылары Сәбит Мұқанов,Әбділдә Тәжібаев, Дихан Әбілев, Қуандық Шаңғытбаев жырау жайында  керемет естеліктер қалдырған. Жалпы көрсе көз тойғандай сымбатты, мәдениетті кісі болған ғой. Өзінің «Нарқызы» мен «Ақкенжеден» басқа қаншама жырларды жырлаған ұлы жырау. Біз бала күнімізде мектептен атын біліп, «Ер туралы жырын» жаттап өстік. Енді осындай халық ақынының мерейтойында жыршы-жыраулардың республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп бас қосуы бір ғанибет  болды. Сайысқа қатысушылардың жасына шек қойылған жоқ, соның өзі шараның сәнін кіргізді.  Сонау Семейден келген қарт жырау, кәнігі жыршы  Нығметжанов Дүйсенғазыдан бастап он үш-он төрт жастағы жас талап жыршылардың келуінің өзінде өнегелік мәні бар. Жыршылар жасы ұлғайған сайын кемеліне келіп, жыр қорларын молайта береді, орындау шеберліктері жетіле түседі. Кейінгі толқын үшін мұның маңызы зор. Көзімен көріп, құлағымен естіп, талай нәрсені көңілдеріне түйіп қайтады.

Осы сайыстан байқағаным – жыршы-жырауларды тыңдайтын халық бар екен. Соған қуандым. Өйткені жырды екінің бірі түсіне бермейді. Бұл да дәстүрдің үзілмегендігінің көрінісі. Сайысқа қатысқан жастардың сөзді түсініп айтуы, әуен таңдай білуі, домбыра тартыстары жақсы, бұлардың қай-қайсысы да осал емес, республикалық сайыстарға бұрыннан түсіп жүргендер.

Облыс  әкімі Елеусін Наурызбайұлы  тойда жүлдеге екі автокөлік қосты, бұл да Нұрпейіс атамызға деген, осы бір киелі өнерге деген құрмет деп білемін.

«Жыраулық өнер неге керек?» деп те ойлайтындар бар. Интернет бар, басқа да дүниелер олардың орынын ауыстырып жатыр дейміз ғой. Бірақ ғасырдан ғасырға жеткен жыраулық өнердің орны бөлек екенін естен шығармауымыз керек. Бұл — атадан балаға мирас болып қалған  өміршең өнер.  Жырлардың энергетикалық қуаты мықты. Нұрпейіс, Мұрын жыраулар жырлаған тарихи жырлар ұрпаққа аманат, оларды ілгері жеткізу – біздің міндетіміз. Жасымыздан өлең-жырға құмартып өстік. Бала күнімізде  әкем Тақан «Қазақ эпосы» деген кітаптағы  7 жырды мәнерлеп оқып отырады.  «Алпамысты зынданнан қашан шығарасың?» деп жылайтынмын.  Осы батырлар туралы жырлар бойымызға қуат беріп, жігерімізді жаныды.  Қазір жыраулық өнер сияқты ата мұрамызды насихаттайтын мемлекеттік бағдарлама жоқ.  Әлемде жыраулық өнерді зерттеп-зерделеуге деген құлшыныс сезіледі. Француздардың ең соңғы жыршысы бұдан бір жарым ғасыр бұрын  дүниеден өтіпті. Өркениетті ел болса да, ұлттық мұрасынан қол үзіп қалып отыр. Ал Еуропа елдерінде  жыраулық дәстүр мүлде жоқ. Сондықтан біз осы жыраулық өнердің өркендеуіне үлес қосуымыз керек, қолда барды қадірлеп, одан айырылып қалмауымыз керек.

— Баянғали, сізді айтыс ақыны әрі манасшы ретінде халық жақсы біледі.  Бұрынғы-соңғы айтыстар хақында өз көзқарасыңызды білдірсеңіз. Қазір айтысқа қатысып жүрсіз бе?

— Бұл бір ұзағынан толғайтын әңгіменің тақырыбы. Талай жерде айтып та                                                                                                                                                                                                                                жүрмін. Атүсті айтылатын нәрсе емес, кейін бір реті келгенде айтармын.

Айтыс туралы қысқаша айтсам, оны елуге келгеннен кейін қойдым. Бас-аяғы 216 рет айтысқа қатысқан екенмін. «Алаш және «Манас» деген кітап шығарып, соның ішіне 40 айтысымды енгіздім. Олардың арасында Ақтөбеде өткен айтыстардан да бар. Осы жылы  «Аңыз бен аспан» деген кітабым жарық көрді.

Қазір немен айналысып жүргенімді айтсам,  өзімнің шағын киностудиям бар, кино түсіріп жүрмін. «Ән мен анаша» деген қысқа метражды  фильмді бұрынырақта түсіргенмін. Жақында «Аран» атты фильмімді аяқтадым. Жемқорлық туралы осы фильмімнің  су жаңа дискісін Ақтөбеге алып келдім.  Драматургияда да өзімді сынап көрген адаммын, бұл  фильмнің сценарийін де өзім жаздым, режиссер ретінде өзім түсірдім, әрі рольге де өзім түстім.  Фильмнің қаншалықты дәрежеде шыққанына  баға беретін  көрермен, сондықтан қалған әңгімені солардың еншісіне қалдырдық.

— Айтыс  ақыны, жыршы Баянғалидың кино түсіргенінен хабарымыз жоқ еді, мұныңыз қызық жаңалық екен. Ақан Сатаевтың «Ағайынды» фильмінде ойнаған үш ағайынды жігіттің бірі, Кука роліндегі Нұрлан Әлімжановтың сіздің ұлыңыз екенін білеміз. Бүгінде  көркем келбетімен, өнерімен көрермендердің көзайымына айналған киноактер, сазгер балаңыз туралы бір-екі ауыз айтсаңыз.

— «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қағиданы ұстанамыз ғой. Баламның өмірдегі, өнердегі қадамдарына қуанамыз, «тәубе» дейміз. Өзі  елгезек, еңбекқор, тіл-көзден аман болсын. Жұрт балаңды танып жатса, жақсы көріп жатса, ата-ана үшін одан артық қуаныш бар ма? Алматыда баламмен бірге тұрамыз, немерелеріміз бар, шүкір. Жастайынан халықтық өнерге сусындап өскен Нұрлан екеуміз шығармашылық адамдары ретінде бір-бірімізді түсінеміз, біріміз әнін, біріміз сөзін жазып жүрміз. Қыздарымның кішісі Ақкенжем де өнер саласында, актриса, «Хабарда» телебағдарлама жүргізеді.

Ал менің кино саласындағы жұмыстарыма таңданатын ештеңесі жоқ. Бір кездері «Қазақфильмде» жұмыс істегенмін.   Ұлттық тақырыптағы бірнеше деректі фильмнің  сценарийін жазғанмын. Марат Нәбиев деген кәсіпкер азаматтың көмегімен шағын киностудия ашып алдым. Оған әйгілі Балуан Шолаққа бата берген Паң Нұрмағанбеттің атын бердік.  «Ән мен анаша» атты музыкалық комедиядан кейін «Жер шоқтығы – Көкшетау» деген   деректі фильм түсірдік.   Басқа да дайын сценарийлерім бар. Қазақ ертегілерінің желісі бойынша көркемфильмдер түсірсем деген ойым бар.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button