Едігенің жалы
Көне тарихымыз туралы шежірелерге, аңыз, әпсаналарға толы Сағыз бойына сапар шегу әр уақытта қызықты һәм жауапты. Бұл жолғы мақсатымыз атақты «Едіге» жырына қатысы бар «Едігежалын» зерттеу нысанасына алу, туғанына биыл 160 жыл толып отырған әйгілі ақынымыз Ақтан Керейұлының асыл сүйегі жатқан қорымды көру, обылыс орталығы түгілі аудан орталығынан шалғай орналасқан қиырдағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын бағамдау сияқты мәселелер болды.
Биылғы жаңбырсыз жаздың, құрғақшылықтың салдарынан Байғанин ауданының да көп жерін өрт шалған екен, барғанымызда ауық-ауық ұйтқи жауған жаңбырға қарамастан маусымның үшінен бері ылғал тамбаған аудан орталығы Қарауылкелдіні көк түтін басып тұрды. Тамыздың алғашқы жарымында ысқа оранған Москва қаласын еске түсіреді. Түтінді Қарауылкелдіде көп тұрақтамай Баршақұм аулына бет түзедік. Кеңес үкіметі кезінде салынған ой-шұқыры көп ескі жолмен біздің бауыры жатаған «Опелдің» түн ішінде 80 шақырым жол жүруі тым қиынға соқты. Әбден көресіні көрдік. Біресе бензин жүретін түтік үзіліп кетті, біресе жылдамдық алмастырғыш жөнді жұмыс істемеді, ақыр аяғында моторы ағытылып түсіп қала жаздады. Жол азабын тартып, межелі жерге енді жеттік пе дегенде Сағыз өзенінің құрғап құм басып кеткен арнасынан өте алмай тұраладық та қалдық. Трактор іздеп, құмнан шығып, осы өңірге аты мәлім атбегі Амангелді Әзиевтің үйіне барғанда түнгі сағат екіден ауып кеткен еді. Қазақ қай уақытта келгеніңе қарамастан шай береді, ұлттық атсейістік жоғалуға айналған өнеріміз болған соң, шаршағанымызға қарамастан шай үстінде үй иесін әңгімеге тарттық. Ауру қажытқан, бұл күнде от басында отырып қалған Әбекең бізге ұзақсонар хикаят айта қойған жоқ, тым сараң сөйледі. Кәнігі журналистерге еліктеп қойған: «Қазақ атты бәйгеге қалай жаратады?» деген тура сұрағымды онша ұнатпай қалды. Дүңк ете түскен сауалды ауырлағандай қабақ шытып біраз отырды, сосын «не ғой, бұл өнер де ауылдық жерде жойылуға айналды ғой» деп қипақтаған, түнқатып келген қонағының көңілін қимаса керек: «Әуелі жарысқа қосқалы отырған жүйрігіңнің барлық сыр-сыпатын зерделеуің керек, — деді зорлана сөйлеп. – Ат та адам сияқты – ұшқалақ, сабырлы, шапшаң, шардақ, арық, семіз, биік, аласа, есті, ессіз, т.т. болып келеді. Сондықтан жүйрік жаратудың дайын рецептісі жоқ. Өзіне тән қасиеттеріне орай бір атты 25 күнде жаратасың, екіншісін 50 күн дегендей. Жарауы өтіп кетсе тағы болмайды. Яғни қанша ат болса, сонша бап бар…Есті аттар бәйгеге қосқан сайын тәжірибе жинақтай береді, тіпті, бәйгенің боларын сезген соң өзін-өзі жарата бастайтын тұлпарды да көрдік. Қазір ел ішінде қазақы сәйгүліктер де қалмады. Солай, шырағым, бұл өнерді біреуге сөзбен жеткізу қиын шаруа». Қартым осымен журналистік сұхбат бітті дегендей: «Әй, мына балаға сүт берсеңдерші», — деп ұйқыдан оянып қыңқылдаған немересіне қарай бұрылып кетті.
Қысқа қайырды. Бірақ есте тұтарлық нұсқалы сөз. Қазақтың күлік жүгіртуінің кілті десе де болғандай. Ертеңіне Әбекеңмен бұл әңгімені жалғастырудың ретін келтіре алмаған соң, ұзақ уақыт қасында болған, көзімен көрген, кезінде талай бәйгеге шапқан Есентүгел деген баласынан сұрап көріп ек, оның ат жарату төңірегіндегі көп сөзі шалдың үш-төрт ауыз лепесіне татымады: терін аласың, жетектеп жүріп суытасың, бәйгеге қосарда түнімен ұйықтатпайсың, бәйге кезінде жел жағын ала шабасың, қос өкпеге тепкілемейсің деген сияқты әмбеге аян жалпылама бірдеңелер… Дана қазақтың «бала әкеден ширек кем туады» дегені осы.
Едігенің жалы
Едігеге түспес бұрын, тап осы жерде әңгімені Ақсақ Темірден бастаған дұрыс. Ақсақ Темір шектен асқан аса қатал адам болған. Аса қаталдық мұсылмандыққа шет нәрсе екенін күллі мұсылман баласы білсе керек. 1398 жылы исламдық Үндістанға қарсы жорық үстінде қажет болар деп тұтқынға алынған 100 мың адамды жарлық беріп, бір сағаттың ішінде түгел қырып тастайды [А.Якубовский.Темур]. Ақсақ Темір 1383 жылы Ғират қаласын алғанда адам басынан мұнара тұрғызады. 1387 жылы Иранның ежелгі қалаларының бірі Исфаганда жеңіске жеткеннен кейін қаланы жазаға кеседі. Мұндағы 70 мың әскеріне бір-бірден бас кесіп әкелу міндеттеледі(Рене Груссе.Империя степей. Ю.Мизун. Ханы и князья). Осы 70 мың бастан Исфаганның ең көрнекі жерлерінде 120 мұнара тұрғызылады [Лянглэ. Жизнь Темура]. Құдіретті әмірші Хорасандағы Исфизар қаласын алған кезде 2000 жауынгер қаруын тастап, тұтқынға беріледі. Бұл 2000 адамның қол-аяғын байлап, балшық, кірпіш араластырып, бірінің үстіне бірін қалап, тірі мұнара орнатады [Р.Груссе, А.Якубовский]. 1400 жылы Анадоладағы Сиваста түрік әскерлері қаруын тастап бағынған кезде 4 мың адамның қол-аяғын матап, белін бүгіп, қазылған орға салып, тірілей көміп тастайды [Лянглэ, Якубовский]. 1401 жылы 10 шілдеде Бағдатты қайта шапқанда 90 мың бастан мұнара тұрғызады [Р.Груссе].
«Едіге» эпосының кейбір ұлттық версияларында Ақсақ Темірдің аты аталып, түсі түстеліп, оның тұрған аймағы, қаласы, шыққан руы айқын көрсетілген.
Ол дария да бұ дария,
Ол дариядан Сырдария,
Сырдариядан – Самарқанд,
Самарқандта отырған
Әмір Барлас Шаһ Темір [Идәгә.12-б].
Ал оның қорқаулығы турасында:
Ей, Шаһ Темір, Шаһ Темір,
Тісің жетсе, тас кемір!
Сегіз жұртқа сыймадың,
Тоғыз жұртты қоймадың [Идәгә.14-б.], — дейді халық эпосы.
1398-99 жылдары мұсылмандар билеп отырған Үндістанға тонаушылық соғыс жүргізгеннен кейін Ақсақ Темір Самарқандқа келді. Түрік сұлтаны Баязитпен соғысуға қамданды. Крестшілер жорығы кезінде мұсылман баласын қан жалдап, от кешіп қорғаған Баязит 1402 жылғы шілдеде тұтқындалып, Темірдің қолынан қаза тапты [Әли Жезді]. Крест жорығын жасаған еуропалықтарды қалтыратып отырған Анатолия елі шапқыншылыққа ұшырап, тонауға түсіп, тоз-тозы шықты. Сөйтіп, Темір қисынын келтіріп, есебін тауып мұсылман мемлекеттерін ту-талақай етті.
Осы Ақсақ Темір 1395 жылы біздің мемлекетімізді, — Алтын Орданы — аяусыз шауып, тұралатып кетті. Бұл жағдайды пайдаланып қалуға ұмтылған батыс елдері тізе біріктіріп, үш жыл қапысыз дайындалып Дешті Қыпшақты жер бетінен жоқ қылу үшін аттанды. Ішінде еуропалығы бар, орысы бар, арабы бар, танымал тарихшылардың жазуынша мұздай қаруланған саны мол Витовт әскерлері мен қолбасы Едіге Борсықты өзенінің бойында кездеседі. 1399 жылы 12 тамыз күні өткен түрік ұғылының тағдыры шешілер ұлы майданда аталарымыз үстем шықты. Витовт басын сауғалап әрең қашып құтылды.
ХІV ғасырда әбден күшейген Литва мен Польша Батыс және Оңтүстік орыс жерлерін, Украина мен Белоруссияны дәрегейіне қаратқан еді. Литва, Польша, Венгрия, Швеция жан-жақтан төніп, Ресейді қайтарымсыз бөліп алу алдында тұрған болатын. Орталық Ресей Едігенің жеңісі арқасында ғана аман қалды. Бұл жөнінде белгілі тарихшы Л. Гумилев: «Самый большой выигрыш от битвы на Ворскле получила Москва. Порожение Витовта спасло ее от угрозы литовского захвата, а литовский князь даже потерял на время Смоленск (1401)» – деп мойындайды.
Едіге Алтын Орда мемлекетін қайтадан оңалтты дейді тарихшылар. Мемлекетіміздің абыройын асырып, іргесін қайта бекіткен көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы туралы тарихшылар ғана емес, халық эпосы да:
Кеспе-кеспе сары алтын,
Кесіп олжа қылдырды.
Еділ халқын жыйдырып,
Үлкен бір той қылдырды.
Ағаларды алдырып,
Кеңессіз өскен бұл жұртты
Кеңесті жұрт қылдырды,
Еліне иелік тұттырды,
Ортасына ару орда қондырды — дейді.
Бұдан кейінгі Алтын Орданың Ақсақ Темірмен арадағы қарым-қатынасын, Едіге мен Темірдің ара жігін Р. Клавихо жазып кеткен мына сөздерден байқауға болады: «Теперь … я расскажу как в Тарталии возвысился один кавалер по имени Едегуй, подвластный Тамурбеку, и теперь у Тамурбека нет большего врага, чем этот Едегуй».
Кейбір ғалымдар Едіге бізге көз алартқан Ақсақ Темірді дипломатиялық әдіспен ғана тоқтатты деп есептейді. Ал шындығында, Едіге Ордада тұрақты түрде 200 мың әскер ұстаған. Бұл жөнінде: «У этого Едигуя постоянно имеется в Орде более 200000 всадников», – деп жазады сол заманды көзімен көрген білімпаз Р. Клавихо. Сондықтан Ақсақ Темірдің мұнымен де есептесуіне тура келген. 1391 жылдан кейін екеуінің жолы қайта қиылыспаған, бірін-бірі жек көрген.
Тоқтамыс өмірінің соңғы жағында өзінің ата жауы Ақсақ Темірдің алдына барып, аяғына жығылады. Мұны теріс көрмеген Темір өзінің талай нәтижелер алып келген кәнігі айла-шарғысына салып, Едігені жалған уәделермен алдаусыратып Самарқандқа шақырады. Ол оқиға туралы Р.Клавихо былай деп таңбалаған: «Говорят, что этот Едегуй ответил ему, что он прожил с ним 20 лет и был тем, кому он более всех доверял, и что знает его слишком хорошо и все его хитрости и что такими уловками его не провести, что он понимает, что все эти доводы только для того, что бы обмануть, и если они действительно станут друзьями, так только на поле брани с оружием в руках, так он им ответил». Бұл дерек Едігенің Ақсақ Темірден сескенсе де, кейбір тарихшылар айтып жүргендей қорықпағанын айғақтайды.
Едігеден кейін Алтын Орданың шаңырағы шайқалып, бұрынғы күш-қуаты кеми береді. Бұл жағдай «Едіге» эпосының башқұрт версиясында:
Изеукәй һүзен бөткән һуң,
Илдең көнө баткандай,
Буйын монар алғандай,
Етем тороп калғандай,
Ышык булған Уралдың
Бар каяһы ишелеп,
Ергә колап төшкәндәй, — деп көрсетілсе, татар версиясында:
Идел-йортны дау алды,
Яу өстенә яу килде,
Идегәй әйткән көн килде.
Чыңгызның куйган хан тагы
Кан тагы булып әверелде;
Хан сарае камалды.
Кырым, Казан, Аждаркан
Башлы-башлы ил булды,
Алтын Урда таралды, — деп баяндалған.
Ал кейінгі қазақ жыршылары оны:
Едігем менің ер еді,
Елдің қамын жер еді,
Ел шетіне жау келсе,
«Мен барайын!» дер еді, — деп жоқтады.
«Еділ тоңса кім өтпес, Едіге өлсе кім келмес», — деп аһ ұрды.
Оны өте жақсы білген сол заманның тарихшысы: «правил он всеми делами Дештскими около 20 лет. Дни его (царствования) были светлым пятном на челе веков, и ночи владычества его яркой полосой на лике времен» [ибн-Арабшах], – деп таңбалаған. Тарихшының бұл сөзін халық эпосы да жоққа шығармайды.
Біздің Ақтөбе облысының территориясы Алтын Орданың бел ортасы, олай болса «Едігежалы» деген жалдың Орданы 20 жыл билеген Едіге баһадүрге қатысы бар болуы әбден мүмкін деген ой одан әрі мазалаған соң бозала таңда Ебейті аулына жол тарттық. Мұндағы орта мектептің директоры Аралбек біздің бауыры жатаған «Опелімізді» тастатып, өз «УАЗ-ымен» Едігенің жалына алып шықты. Ұзындығы 2 шақырым, ені де осы қарайлас жайпақ төбе басынан айнала алақандағыдай көрініп тұр. Бұзған соң үйіндіге айналған үй орны жатыр. Сау кірпіштерін таратып алып кеткен, күйдірілген жұқа қалдықтары өзінің беріктігімен назар аудартады. Тастан қаланған ескі бейіттер де сырын ішіне бүгіп мүлгіп тұр.
Жалдың күншығыс бетіне бес жерден қытайдың мұнай бұрғысы салыныпты. «Екеуінен қазірдің өзінде мұнай шықты. Кеңқияққа тасылып жатыр, содан әрі Қытай асады», — дейді Аралбек. Төбеге баурайлата салынған кішкентай қалашық бой көтеріпті. Іші түрлі техникаға толы. Аждаһа еліне тән жинақылық байқалады. Келешекте туристер үшін маңызы бар тарихи төбенің тағдыры да осы халықтың қолына көшкен сыңайлы.
Етектегі Қопа аулына түсіп, өткенімізден хабары бар қарияларды іздедік. Аралбек бізді санасы шежіреге толы екі қарияға кездестірді. 85-тегі Ығылман: «Бұрынғы өткен үлкендердің айтуынша, Едіге — өте ерте заманда ғұмыр кешкен кісі», — деді. «Едіге ел билеген батыр екен», — дейді Олжабай қария мұны толықтыра шегелеп. Осы өңірде өскен 72-дегі Шолпан апай — атақты Ақтан Керейұлының туған жиені Аршудың келіні. Оның айтуынша Едіге ер болған, ел тұтқасын ұстаған, өзі перінің қызынан туған. Бұрынғылар ол туралы ұзақ-ұзақ жыр айтқан. «Ырғызда «Кілемжайған» деген жер бар, Кенесары хан кілем жайып, содан осылай аталыпты. Шалқарда «Ордақонған» деген жер бар, өтіп бара жатқан Нұралы хан бір түн қонған. Шалқарда «Ханжалы» деген төбе бар. Хан нөкерлерімен соған шығып, алды-артын барласа керек. Қазіргі Байғанин ауданының жері ол замандағы Алтын Орданың бір бөлшегі. Орданы 20 жыл бойы уысында ұстап, төрт ханды өз қалауынша алмастырған ер Едігенің қай төбеге шығамын десе де құқы бар ғой. Шыққан. Содан «Едігежалы» атанып кеткен», — дейді бұл әңгімелерге кейіннен қаныққан, ойға жүйрік Оразбай ағам. Салыстыра қарасақ, қисынға қайшы емес, ықтимал нәрсе. Солайы солай екеніне біз де қол қойдық.
Айта кетелік, Хорезм жерінде, Бесқалада тәуелсіздік қолға тиісімен Едіге батырға ескерткіш қойылған. 2006 жылы барғанда көзімізбен көрдік. Біздің ақтөбелік зиялылар Едігеге ескерткіш қоймақ түгілі, оның 1399 жылы 20 тамыз күні өзінің ата-бабаларын мәңгілік құлдықтан, ақ табан шұбырындыдан сақтап қалғанын есіне де алмайды. Парадокс!
Ақтанның асыл сүйегі жатқан жер
Ақтан – «Адайдың бес жүйрігі» ішіне енген даңқты ақын. Ол бес жүйрік – Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай – тұстас ғұмыр кешкен сөз алыптары.
Сөз түсінер талайды тамсантқан Ақтан ақынның асыл сүйегі жатқан жерге тәу ету үшін біз де бардық. Ақынның Шибұлақтағы Абдолла хазірет қорымында екенін бізден бұрынғылыр айтқан, жазған. Білгенімізді оқып, дұға қылдық. Жырдың күркірей құйылған дариясын қайырып кері ағызған Қашаған жыраудың өзі:
Көзім көрген адамда,
Абыл, Нұрым, Ақтаным,
Осылар еді тақтағым, — деп бас ұрған,
Шапқан аттай саулаймын,
Жанған оттай лаулаймын.
Не қылғанмен дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын.
…Мен – ақ бауыр кер жорға,
Жаңа қызған тұяғым.
Қарасаң көзің жеткісіз,
Жылмиып жатқан даламын.
Жортқан атқа жеткізбес,
Ұзын бауыр саламын.
Жоғарыдан аққан Жайықпын,
Теңізге құйған аяғын,
Күншығыстың күшті желімен,
Ылайланып ағамын! — деп жер-көкке симай, сұрапыл жырды судай сапырған Ақтан да өтіп кеткен бұл жалғаннан опа табудың оңай еместігін дұға кезінде сезініп, бір уақ тәубеге келгендей де болдық.
Қорымның батыс бөлігі жаңа да, шығыс бөлігі ескі екен. Әлбетте, Ақтанның ескіде екені күмәнсіз. Біраз шарлап, ақынның сүйегі жатқан шаршыны дәл таба алмадық. Әйтсе де, бас қойса, соңына түссе, анықтауға болады екен. Үмітсіз емес. Жалғыз Ақтан емес, мұнда Сағыз бойының талай қасқа-жайсаңы жатыр ғой, құлыптастардағы ескі жазудың сырын ашса, бәрі де жарқырап шыға келер еді.
Бұдан соң шаршап-шалдыққанымызға, күннің аптап ыстығына қарамастан Атырау облысының шекарасын қиып өтіп, Сағыз стансасына бардық. Мұнда «Адайдың жеті қайқысының» бірі Әділдің баласы Кемалды іздеп тауып алдық. Сексеннен асқан Кемал Әділге, Ақтанға қатысты біраз нәрсені білетін болып шықты. Соның бірі, Ақтанның өз заманындағы осы өңірдегі сауатты адамдардың қатарына кіретіндігі. «Діни оқуды біраз жерге апарған зейінді Ақтанның ақынға айналуы Дүйсеке хазіретті шошындырыпты. Өзгелерше өлең сатып, көрінгенді мақтап тиын-тебен тауып күнәға батып жүр деп ойлапты. Бір үлкен жиында хазірет өзі отырған үйден шыға келгенде ақынға қарсы ұшырасып, сәлем берген оған өлең қуып кеттің деп өз ренішін айтыпты. Сонда Ақтан аяқ астынан аталы сөздерді жалт-жұлт еткен отты жырмен төгіп-төгіп жібергенде хазірет: «Е, айтып жүргендерің осындай-осындай болса, онда жөн екен» деп қайта қолын алған екен», — дейді Кемал ақсақал. Асылдың тұяғы Кемалды асықпай жата-жастанып тыңдасаң керекті деректердің ұштығынан ұстауға болады екен, оған уақыт таршылық қылды. Аттанарда қартымыз: «Әй, сол секілді Ақтанның мерекелі жылында сіздің Ақтөбе бір көшесінің атауын да қимады-ау», — деп сүлесоқ қоштасты.
Мектептер
Мұндағы мектептер шағын, шағын болғанымен жеткілікті проблемалары бар екен. Ебейтідегі Аралбек басқарып отырған мектепте 170 бала оқиды, мектеп үйінің екі қабатты болғанына, биыл қыруар қаржы бөлініп күрделі жөндеуден өткеніне қарамастан, сабақ екі кезекте жүреді. Бір кезекпен оқуға материалдық базасы көтермейтін көрінеді.
Қопадағы Ақтан Керейұлы атындағы негізгі мектепте 40 шақты бала оқитын болып шықты. Екі кезекте. Сағат 15.00-ден 15.40-қа дейін шыр айналып ішіне кіре алмадық. Құлыпта тұр. Бір адам сыртында жөндеу жұмысын жүргізуде, осыдан болса керек, жан-жағы ескі кірпіш сынығы мен қоқысқа толы. Отын сарайдың алды шашырай үйілген мал тезегі. Ыбырсып жатыр. Оқу ісінің меңгерушісіне жолыққымыз келіп еді: «Менде кілт жоқ, директорда»,— деп барған баланы қайырып жіберді. Бекзат деген жеті-сегіз жасар баланы мектеп директорына жүгіртіп ек: «Апай ұйықтап жатыр, келмейді», деп бос қайтты. Әйгілі ақын атындағы мектепті ішіне кіріп көре алмай, көп білетін басшысынан сұрап ешбір дерек біле алмай шерменде күй кешіп біз кеттік.
Баршақұмдағы орта мектеп жаңа оқу жылына тастүйін дайын отыр екен. Сырлаған, әктеген, оны-мұнысын алмастырып жамап-жасқаған. Жуып, сүртіп қойған. 83 бала екі кезекте оқиды. Кабинет жетіспейді, медбикесі, тағы бір жартылай штаттағы біреу бір бұрышқа қыстырылған. Кітапханаға да бір бұрыш тиіпті, ескі серванттағы азын-аулық кітап — «кітапхана» аталады екен. Баяғы 1950-ші жылдардағы артта қалған колхоздың «қызылбұрышы» сияқты. Осыған қарамастан көрсеткіштері жоғары, мектеп директоры А.Келімбердиевтің іскерлігі арқасында ҰБТ-да орташа тест көрсеткіші 94 балл болған. Аудан бойынша бірінші орын.
Сағыз бойына сапар шегу әр уақытта қызықты һәм жауапты. Бір күннің ішінде шалғай жердің талай сырына көз жеткіздік. Шіркін, жағдай болып бір ай армансыз аралар ма еді, кәрі Сағыздың бүкпе-қалтарысына әбден қанығып, жанға дауа, бойға нәр табар ек.
Жұма-Назар АСАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі




