Денсаулық

Өкпе-бронх обструкциясы

Өкпенің созылмалы, бітелмелі (обструктивті) ауруы бүгінгі таңда өте жиі кездесетін болды.

Таралуы жөнінен статистика бойынша инфаркттан, миға қан құйылуынан және төменгі тыныс алу жолдарының қабынуынан кейін төртінші орында тұрған бұл дерттің аяғы өлімге душар ететіні жасырын емес. Өкінішке орай, қырықтан асқан әрбір он адамның біреуінен осы дерт ұшырасып отыр.

Өкпенің обструктивті ауруы, түптеп келгенде — тыныс алудың  нашарлауы, тыныс жүйесінің ауа өткізу қабілетінің төмендеуі. Оған шалдыққан кісінің дем алуы күннен күнге қиындайды. Ең қиыны, өзгерістердің қалпына келу мүмкіндігі өте аз. Өйткені бұл кесел ұзақ жылдар бойы қолқада, өкпеде түзіледі. Бұл дертке, әсіресе 15-20 жыл темекі шеккендер жиі ұшырайды. Ұзақ та жиі шеккен темекі түтіні мен зиянды шаң-тозаң өкпенің, қолқаның төменгі шырышты қабығын зақымдайды.

Осы өзгеріс тыныс алуды қиындатып, тәнде көмір қышқыл газы жиналып қалады. Бұл өкпенің жұмысын әлсіретіп қана қоймай, соған қоса, жүрек-қан тамырларына залал келтіреді. Жүректің оң жақ құлақша мен сол жақ қарыншасы ұлғайып, аса ауыр жағдай туындайды. Сырқаттың басты белгілері — жөтел, қақырық тастау, ентігу, демалыстың нашарлауы, ауа жетіспеуі, жүрек соғуы болып табылады.

Өкпенің созылмалы, обструктивті ауруының төрт сатысы бар. Оларды өкпенің бір секунд ішіндегі дем шығару көлемін спирометрді қолданып өлшеу арқылы анықтаймыз. Науқастың сол даму сатысына қарай ем тағайындалады.

Айтылып отырған сырқаттың алдын алу үшін әрбір адам темекі шегу сияқты жағымсыз әрі зиянды әдеттен бой тартып, салауатты тіршілікке бет бұруы тиіс. Шылым өкпенің тыныс алудағы қызметін орыны толмастай, қайтып қалпына келместей кінаратқа ұшыратады. Науқас дәрігердің бұл тақырыптағы әңгімесін «айта береді» деп, немқұрайлы қабылдап, өз білгенінше әрекет ете бермей, қойылған талапты бұлжытпай орындауы шарт. Жағдайды саралау барысында жасалған ем-дом ғана нәтиже береді, аурудың асқынуының, өлім қаупінің алды сонда ғана алынады.

Денені шынықтыру, шымыр болу осы дертке қарсы күресте көп көмектеседі. Сондықтан дәрігерлерге айтарымыз, науқасқа таза ауада көбірек жүріп-тұруды, қан таратып, тән сергітетін жаттығулар жасауды ұсынған жөн. Ал ем аурудың қай сатыда тұрғанын дәл тауып барып жасалмаса, шипа болып жарытпайды. Бұл ретте спирометрияны қолдана білудің пайдасы зор. Емдеу барысында және бір ескеретін жағдай бұл мақсатта антибиотиктен көмек аз, ол тек аурудың қабынған жағдайында ғана кәдеге асады. Басты «қару» ретінде В агонистерді, холинолитиктерді, стероидтарды таңдау қажет. Көк тамырға сұйық құю, бұлшық етке дәрумен егу, эуфиллинді, жөтелге қарсы қолданылатын дәрілерді ішу бұл ауруға оншалық шипа емес.

Ғазиза ХАМИТҚЫЗЫ,

Жанар АЖНИЯЗОВА,

Ақтөбе қалалық №1 емхананың

дәрігер-терапевтері.

***

Фолий қышқылы — қорғаныс қабілетінің тірегі

Бүгінгі таңда әлемде үш миллиардқа жуық адам теміржетіспеушілігі анемиясынан зардап шегетіні анықталып отыр.

Ал осы ауру себептерінің бірі — ағзада фолий қышқылының жетіспеуі болып табылады. Фолий қышқылы немесе В9 витамині гемоглобин синтезі үшін өте қажет. Бұл витамин, сондай-ақ, аса маңызды амин қышқылдары синтезі үшін де, серотин мен норадреналин синтезі үшін де керек. Мысалы, серотин ағзаны тыныштандырып, адамның ұйқысының дұрыс болуына «жауапты» екені белгілі. Ал ұйқы дұрыс болмаған жағдайда ағзаның қорғаныс қабілеті әлсіреп, денсаулықтың төмендейтіні және белгілі.

Әлсіздік; ұйқысыздық; ұмытшақтық; ас қорытудың бұзылуы; шаштың ерте ағаруы; жас балалар бойының өсуінің тежелуі — осының бәрі ағзада фолий қышқылы жетіспеушілігінің белгілері болып табылады.

Фолий қышқылының пайдасы жөнінде, өкінішке орай, көп адамдар біле бермейді. Әсіресе, аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдерге, өсіп келе жатқан жас ағзаға фолий қышқылы жетіспесе, мұның зиян-салдарлары көп болады. Аяғы ауыр әйел ағзасында фолий қышқылы жетіспеушілігі іштегі сәбидің дамуына кері әсер етеді. Ал бала емізіп жүрген әйелге фолий қышқылы жетіспесе, сәбиін сүтке жарыта алмайды.

Адам ағзасы фолий қышқылын синтездей алмайды, оны тағам арқылы дайын күйінде қабылдайды. Фолий қышқылының көзі, негізінен, — көктер болып табылады: көк пияз, ақжелкек (петрушка), т.б. «Фолиум» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда жапырақтар деген мағынаны білдіреді. Бақша өнімдерінен басқа, мысалы, жөке, таңқурай және қалақай жапырағында да фолий қышқылы мол болады. Сондықтан фолий қышқылы жетіспеушілігінің алдын алу үшін осылардың тұндырмасын пайдалануға да болады.

Фолий қышқылы қара бидай ұнында, етте (әсіресе, бауырда), жұмыртқаның сары уызында, бұршақтарда, қызылша мен қиярда, жемістер ішінен апельсин құрамында бар. Бірақ, ескеретін жай: пісіру процесі тағамдар құрамындағы фолий қышқылының мөлшерін, кейбір зерттеушілер пікірінше, тіпті 90 пайызға дейін жойып жібереді. Сондықтан көкөністерді, көктерді жас күйінде молырақ пайдалануға тырысқан жөн.

Тағам құрамында фолий қышқылы жеткілікті бола тұрса да, оның ағзадан шайылып кетуіне соқтыратын жағдайлар да бар, бұлар — алкоголь; жүктілікке қарсы дәрілер; бауыр аурулары, сонымен қатар тікелей Күн сәулесі астында ұзақ уақыт жүру. Мұндай жағдайда дәрігермен кеңесіп, фолий қышқылын түйіршік күйінде қабылдау керек. Жалпы, ескерте кеткіміз келеді, қандай витаминді де түйіршік күйінде қабылдау үшін ең алдымен дәрігермен ақылдасқаныңыз жөн. Өйткені ағзада витаминдердің тиісті мөлшерден артып кетуі де денсаулыққа кері әсер ететіні сөзсіз. Мысалы, фолий қышқылы тиісті мөлшерден артып кеткен жағдайда, ол ас қорыту мүшелеріне, бүйрекке зиян болып табылады.

Жұмагүл БАЗАРҚҰЛОВА,

жедел медициналық жәрдем ауруханасының зертхана меңгерушісі.

***

Жат қылық жаңылдырады

Жастар бойындағы зиянды әдеттен қалай арылуға болады? Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары Ақтөбе гуманитарлық колледжінде өткен «Зиянды әдеттердің алдын алу» тақырыбына арналған кеште осы сұраққа жауап іздеді.

Кешке 150-ге тарта оқушы қатысып, аталмыш тақырып төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Темекі құрамындағы улы зат, арақ, есірткі адам ажарына әжептеуір нұқсан келтіретінін нарколог-дәрігер С.Бекетова түсіндірді.

Зиянды әдетке бой  алдырып,  денсаулығыңа жүрдім-бардым қарау —

барып тұрған әбестік. Болашақ ұрпақ өз бойынан өмірге деген сезімін өшіріп алмауы қажет. Бос уақыттарыңды кітапханаға, театрға, бассейнге және спортқа арнасаңдар, тамаша болар еді, — деді  облыстық ішкі істер басқармасының наркобизнеспен күрес бөлімінің маманы, подполковник Л.Забихова.

Ал облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері Бейбітгүл Мұханбетқалиева, Жанна Сатқұлова, Рысгүл Кабулова мен педагог-валеолог Күлән Мендігереева ақыл-кеңестерін айтты.

Акцияда зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстауға шақыратын қойылым көрсетіліп, ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ «Зиянды әдеттердің алдын алу» туралы бүктемелер мен парақшалар таратылды.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру

орталығының баспасөз маманы.

***

Анемия және жүктілік

Анемия халық арасында қанның аздығы деп аталады. Қанның аздығы қай адамға да жақсы емес. Ал жүкті әйелдер үшін анемия қауіпті болып табылады. Жүктіліктің дұрыс дамымауына, қиын босануға, құрсақтағы нәрестенің дұрыс жетілмеуіне апарып соқтырады.

Анемия дегеніміз — ағзадағы темірдің аздығы. Яғни ағзада темірдің аз болуынан эритроцит (қызыл қан түйіршіктері) және оның құрамына кіретін гемоглобин мөлшері азаяды. Ал жүкті әйелдердегі анемияның 90 пайызы темірдің жетіспеуіне байланысты.

Жалпы адам ағзасында 4 грамдай темір болады. Бұл — ағза үшін өте маңызды элементтердің бірі. Адам ағзасындағы темірдің 75 пайызы гемоглобинде болады. Темірді негізінен мал өнімдерінен (ет) толық сіңіруге болады, ал өсімдік тектес тағамдардан едәуір кем алынады. Тағамдарды жылылықта өңдеу, қатты тоңазыту және ұзақ сақтау кезінде оның құрамындағы темір мөлшері азайып кетеді.

Ағза темірдің аздығын 4-5 жылда қалпына келтіре алады. Сондықтан әйелдер жүкті болар алдында осы кезеңді ескеріп, ұстанғаны жөн.

Анемия болудың темірдің жетіспеуінен басқа да себептері бар. Ішкі ағзаның созылмалы аурулары, атап айтқанда, ревматизм, жүректің қабынуы, пиелонефрит, гепатитпен ауыратындар анемияға бейім келеді. Бауыр аурулары кезінде ағзада темірдің сақталуы және оның жүруі бұзылады. Ішек-асқазан аурулары кезінде де күтіну керек.

Жүктілік кезінде бірқатар витаминдер мен кобальт, марганец, мырыш, никель секілді шағын элементтердің жетіспеуінен анемия өрши түседі. В12 витаминінің, фолий қышқылының, белоктың аздығы да әсер етеді.

Жүкті әйелдер анемиядан тек медициналық жолмен ғана емес, сонымен қатар арнайы диета арқылы да емделе алады. Ет өнімдері, жұмыртқа, балық құрамында темір көп екенін ескеру қажет. Какаода, жұмыртқаның сарысында, бұзау етінде, бұзаудың бауырында, жүректе, күркетауық етінде темір көп болады. Сондай-ақ жүкті әйелдер ірімшік, қаймақ, кілегей секілді сүт өнімдерін, қызанақ, сәбіз, қызылша, асқабақ, қырыққабат сияқты көкөністерді жиі пайдаланғаны жөн. Абрикос, гранат, лимонның да пайдасы зор.

Анемияның алдын алу және одан емделу үшін дәрі-дәрмектер қолданылады. Бірақ мұндай жағдайда тамақтанудың тәртібін ұстану керек. Абзалы жүкті әйелдерге аскорбин қышқылын пайдаланған дұрыс.

Ағзадағы гемоглобин мен эритроциттер құрамының деңгейі қалыпқа келгеннің өзінде ем алуды тоқтатуға болмайды. Ағзадағы гемоглобин деңгейінің тұрақтануы темір қоры қалыпқа келді дегенді білдірмейді. Осы мақсатта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі-үш ай емделгеннен кейін  анемияның гематологиялық жағдайы жақсарғанның өзінде терапяны тоқтатпауды, тек дәрі-дәрмек мөлшерін екі есе азайтуды ұсынады. Емделудің бұл курсы 3 айға созылады.

Райхан ЫБЫРАЕВА,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру

орталығының директоры, жоғары санаттағы дәрігер.

***

Салауаттылық әр адамнан басталады

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан халқының денсаулығы, білім алуы және тұрмысы мәселесі басымдықпен атап көрсетілген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Жарғысында денсаулықтың мығым болуы тек ауырғанда ғана емес, сондай-ақ адамның физикалық, психикалық және әлеуметтік саулығына байланысты деп анықтама береді.

Денсаулықтың жақсы болуы үшін салауатты өмір салтын қалыптастыру керек. Салауаттылық қоғамдағы адамдардың барлық санатына қатысты. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында денсаулықты нығайтудың шараларын жүйелі жүргізу керек. Осыдан келіп қазіргі кезде мектептерде сабақ ретінде оқытылып жатқан валеология ғылымы көмекке келуде. Валеология экология, биология, медицина, психология, педагогика және басқа ғылымдардың ұштасуынан пайда болған медицинаға өте жақын ғылым болып табылады.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде балалар мен жасөспірімдер арасында денсаулыққа қатысты алаңдаушылық орын алып отыр. Мәселен, Қазақстан бойынша 2 миллиондай бала мен жасөспірім дәрігерлік есепте тұрады екен. Мектеп жасындағы балалардың 15-20 пайызы науқастар қатарында. Сондықтан да әрбір ата-ана баласының денсаулығын ойлап, алдын ала шаралар алуы қажет. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін баланың физикалық, ой-санасының, эмоционалдық, әлеуметтік және тұлға ретінде дамып, қалыптасуына ықпал жасау керек. Мұның бәрі қосылып келгенде баланың денінің сау болып, ақыл-ойының толық жетілуіне мүмкіндік береді.

Педагогтар мен дәрігерлер ұзақ жылдардан бері балалар, жастар, ата-аналар, жалпы халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, тазалыққа үйрету жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыс тиімді болуы үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек.

Бақыт ИСАЕВА,

балалар дәрігері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button