Пікір

Қоғамның қауіпсіздігі — елдің тыныштығы

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ,

Ауған соғысының ардагері, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі

Бүгінгі күні аты жаман індет бүкіл әлемге жайылып, дүниежүзін қорқыныш пен үрей билеген тұста халықтың қауіпсіздігін сақтау, денсаулығын қорғау — ең басты мақсат. Осындай қиын кезеңде Мемлекет басшысының әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлығы өте орынды деп ойлаймын.

Кез келген сарбаз әскерде борышын өтегенде Отан алдында ант береді. Қазіргі таңда ел басына қиын сәт туған тұста әрбір ер-азаматтың алдында сол берген антын тағы бір мәрте дәлелдейтін, халықтың қауіпсіздігі жолында қызмет ету міндеті тұр.

Біз, Ауған соғысының ардагерлері, төтенше жағдай кезінде Президент Жарлығына сәйкес арнаулы жиынға қатысуға, Отан алдындағы борышымыз бен азаматтық жауапкершілігімізді орындауға дайынбыз.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аты жаман індеттің бетін қайтару үшін қазіргі жағдайда біз бірлесіп әрекет етуіміз керек. Бүгінгі күні елімізде дәрігерлер мен полиция қызметкерлері, әскерилер халықтың денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етуде.

Міне, осы мамандық иелерін қолдау үшін, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін біздің жастарымыз Президент Жарлығына сәйкес белгілі бір мерзімде әскери қызметін өтеуі керек. Өз елін, ұлтын сүйген әрбір жас арнайы жиынға бір үйдің балаларындай жұмылып барып, өз қызметін жауапкершілікпен орындайды деп сенемін. Кез келген жағдайда біздің жастарымыз өжет, батыл, жігерлі болуы қажет. Сонда ғана еліміз барлық қиындықты еңсеріп, болашағы жарқын мемлекетке айналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button