Пікір

Ұлттың ұлылығы қиын сәтте білінеді

Асылжан БҮРКІТАЛИН,

Jas Otan жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы

 Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазіргі елдегі ахуалды ескере отырып бұны дәл қажетті тұсында қабылданған шешім деп білемін. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ел алдындағы басты мақсат.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» Президенттің  Жарлығын Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев кеңінен түсіндіріп берген болатын. Министрдің айтуынша, әскери міндеттілердің жиын кезінде жұмыс орны мен қызметтері сақталып қалады. Яғни қызметші бұған дейін лауазымы бойынша алған ай сайынғы жалақысын алып отырады. Ал жұмыссыздар төменгі төлем (42 500 теңге) алады. Қызметкерлердің жалақысы мен жұмыс орны, жұмыссыздардағы ең төменгі жалақы мөлшері төленіп қана қоймай, барлық әлеуметтік жеңілдіктер де көрсетілмек. Сонымен қатар министр өз сөзінде, кей облыстарда әскери міндетке шақырып, жиын жасақтау мүлдем қажет болмауы да мүмкін екенін айтты.

Десе де, ел азаматтарына мемлекет алдындағы борышын шынайы әрі әділ орындайтын уақыт келген секілді. Кезінде ұлылардың бірі: «Ұлттың ұлылығы қиын сәтте білінеді» деген екен. Біздің ата-бабабыз талай қиындықты еңсеріп өтті. Бұл белесті де бағындырарымызға сенімім мол. Бастысы —шынайы патриотизммен, ел жұртқа деген сүйіспеншілікпен адал қызмет етуіміз қажет. Біз біргеміз!

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button