Құқық

Төтенше жағдай режимін бұзғандар жауапқа тартылды

Ақтөбе облысында төтенше жағдай тәртібін бұзған 41 оқиға анықталды.

Учаскелік инспекторлар төтенше жағдай тәртібінің сақталуын қадағалап, ойын-сауық орындары, дүкендер, басқа да көпшілік орындарды күн сайын еріктілермен бірге шығып, тексеріп жүр. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бергі уақыттағы осындай тексерістер барысында біздің облыста тәртіп бұзған 41 оқиға анықталды. Тәртіп сақтамай отырғандар, негізінен — дәмханалар, мейрамханалар мен компьютерлік клубтардың иелері мен қызметкерлері, олар уақыттың белгіленген 22.00-ден асқанына қарамастан, өз меншігіндегі нысандарды жауып тастамай, жұмысты (банкет, т.б.) одан әрі жалғастыруға жол берген. Тәртіп бұзушылардың бір бөлігі айыппұл төлейтін болды, салынған айыппұлдардың жалпы көлемі — 900 мың теңге. Ал 5 адам түрлі мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Мысалы, 27 наурызда Қандағашта сағат 22.00-ден кейін жұмыс істеп тұрған дәмхананың әкімшісіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы бойынша хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді.Тағы екі жағдайда сатушылары бетперде мен қолғапсыз жұмыс істеп тұрған дүкендер иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ бірқатар дүкендер иелерінеҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы бойыншахаттама толтырылды.

Тексерулер барысындағы басты мақсат — халық арасында төтенше жағдай тәртібі ережелерін сақтау, сондай-ақ жеке бастың гигиенасын сақтау керектігі жөнінде кең түрде түсіндіріп, насихат жүргізу болып отыр.

Облыстық полиция департаменті тағы да еске салады: ірі сауда нысандары — 10.00 мен 18.00 аралығында, ал азық-түлік сатылмайтын базарлар 11.00 мен 17.00 аралығында ғана жұмыс істейді, бұл шектеу еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты енгізілген. Дәмханалар мен мейманханаларда келушілер саны 50 адамнан аспай, жұмыс 22.00-ден кейін тоқтатылуы керек. Бұл шектеулер орындалмаған жағдайда дәмханалар мен мейманханалар әкімшілері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы бойынша жауапқа тартылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 15 күнге қамалады. Азаматтарды қолданыстағы заңдар нормаларын және төтенше жағдай режимін сақтауға шақырамыз.

Бұл ең алдымен өздеріңіздің қауіпсіздіктеріңіз үшін керек!

 Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button