Экономика

Кәсіпкерлерге қолдау: жалға алу орындары арзандады

25 наурыздан бастап Ақтөбедегі бірқатар сауда орындарын жалға алып тұрған азаматтарға ай сайынғы төлейтін төлемақысын 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен төлеу қарастырылған. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұлов өңірлік  коммуникациялар қызметінде өткізілген онлайн баспасөз конференциясы барысында хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша, елдегі жағдайға байланысты жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлік саласында жүрген азаматтарға қолдау көрсету үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, облыс орталығындағы ірі сауда орындарын жалға алып отырған кәсіпкерлер ай сайынғы төлеп отыратын жарнаның тек 50 пайызын ғана төлейді.

— Бұл — елдегі төтенше жағдайға байланысты қабылданып жатқан шаралардың бірі. Біз бұған дейін арнайы құрылған мониторингтік топпен бірге қаладағы барлық сауда орындарын аралап, жағдаймен таныстық. Қазіргі таңда азық-түлік тауарларынан басқа заттарға деген сұраныс азайғанын барлығымыз жақсы білеміз. Сондықтан біз тамақ өнімдерінен өзге саудамен айналысатын кәсіпкерлер үшін жеңілдіктер қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда Орталық базар, Мега Шығыс, Наурыз, Алтай сауда орындарының иелері өз жалға алушыларына ай сайынғы төлемақысын 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен төлеуге келіссе, «Нұрдәулет» сауда орталығындағы сауда нүктелері жалдау ақысынан мүлде босатылды. Сондай-ақ автокөліктерге қажетті құрал-жабдықтар сататын «Ярмарка» сауда үйінің басшылығымен сөйлесіп жатырмыз. Елдегі жағдайды түсініп, кәсіпкерлерге мұндай жеңілдік жасап отырған сауда орталықтарының иелеріне алғыс білдіреміз,— деді Қ.Райымқұлов.

Онлайн байланысқа шыққан басқарма басшысына қойылған сауалдардың дені азық-түлік бағаларына байланысты болды. «Дина», «Анвар» секілді сауда желілерінде күн сайын азық-түлік бағасының өсіп жатқандығын айтқан тұрғындарға Қайрат Райымқұлов:

— Ақтөбе қаласынында «Табыс» коммуналдық базарымен қатар 22 коммуналдық сауда нүктелері жұмыс жасайды. Аталған орындарда тұрақтандыру қорының тауарлары арзандатылған бағамен сатылады. Мәселен, картоп пен пияздың бағасы коммуналдық базарларда 75 теңгеден сатылып жатыр. Үлкен сауда орындары мен жеке дүкендерде баға сәл өзгеше болуы мүмкін. Біз күн сайын барлық сауда орындарындағы тауарларға мониторинг жүргізіп отырмыз, — деді.

Өз кезегінде облыстағы барлық сауда орындары мен базарлары қауіпсіздік шаралары үшін медициналық бетпердемен жүру режиміне көшкендігін айтқан басқарма басшысына тұрғындар тарапынан облыс аумағында өндіріліп жатқан бетперделерді қайдан сатып алуға болатындығы жөнінде де сұрақтар қойылды.

— Қазіргі күні «ТК-Фарм Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күніне 10 мың дана бетперде шығарумен айналысып жатыр. Оларды «Миллениум» дәріханалар желісінен сатып алуға болады. Бірақ 1 адамға 5 бетпердеден артық сатылмайды, — деген Қайрат Райымқұлов облыстағы шағын бірнеше тігін цехтары бетперде тігуге кіріскенін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button