Кенді ауданның кемел шағы
Тарихы терең өңір бұл
Хромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиевпен әңгіме
Бұл өңірдің бөлекше тарихы бар. Бұрынғы уақыттарда әр қилы уездердің, беріректе басқаша басқару құрылымының құрамында болып келген Хромтау ауданы 1935 жылы өз алдында шекарасын белгілеп, дербес отау тікті.
Бүгінде құрылғанына 75 жыл толып отырғанымен, өзіндік тарихы тым тереңге тартатын өңірдің облыс экономикасына қосып отырған үлесі ерекше.
Біз мерейлі мереке қарсаңында аудан әкімі Аязбай Османғалиевты әңгімеге тартып, кеше мен бүгіннің байланысы, уақыт тынысына сай атқарылып жатқан істер туралы сөз өрбіткенбіз.
— Аязбай Қайырғалиұлы, өткенсіз бүгін жоқ. Ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсібі де жоғары деңгейде дамып отырған және келешегі кемелді болмақ ауданның артта қалған жылдарына көз жүгіртсек.
— Ауданның құрылғанына 75 жыл толуын атап өтудегі негізгі мақсаттың бірі де тарихымызды түгендеуге келіп тірелетіні ақиқат. Халқымыздың өткені — елдің шежіресі, жердің тарихы, осы ретпен келгенде Хромтаудың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан келбеті қалай мақтаныш етсек те жарасарлық.
Қойнауы ырыс, жайлауы тыныс болған, облысымыздың ғана емес, республикамыздың ірі өндірісті және ауыл шаруашылықты өңірі Хромтау ауданының құрылғанына 75 жыл толуы бізге осы жолдарды кейінгі ұрпақ жадына сақталарлықтай таңбалап отыруымызды да талап етеді.
1934 жылға дейін Ақтөбе, Темір, Елек уездерінің (кейіннен аудандарының) құрамында болған Хромтау 1935 жылы қаңтарда Ақтөбе ауданынан енші алып шығып, өз алдына дербес шаңырақ көтерді. Бұл шешім Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен бекітілді және ол Новоресей ауданы деп аталды. Ауданның бұл атауы еліміз тәуелсіздік алғанға дейін сақталып, тек 1992 жылы ғана Хромтау ауданы болып өзгертілді. Бұрынғы аудан орталығы Новоресей (қазіргі атауы Ақжар) селосы болды. 1967 жылы аудан орталығы қала мәртебесі берілген Хромтауға көшірілді.
— Аудан тарихы туралы айқанда сол кезеңдерде өмір кешкен, өзіндік іздерін қалдырған бірақатар аға буын өкілдерін айырықшалап айта кеткеннің артықтығы болмас.
— Тарихтың әдетте тұлғалар арқылы түгенделетін жайы да жиі кездесіп отырады. Осы жобамен сөз қозғағанда, көріпкелдігімен аты шыққан Бекқұл әулие, «жарты патша» деп дәріптелген, «алды кең, арты майса» Дербісәлі Беркімбаев, жыр түндігін желпілдетіп жүріп кеңестік саясаттың құрбаны болған Әкімалы Қаржауов, Затаевичке халқымыздың жеті әнін жаздырған, өнерде де, қоғамдық істерде де көрнекті қолтаңба қалдырған Қуандық Жездібаев, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшылығына дейін көтерілген Құрманғали Оспановтар тілімізге алдымен оралады.
Хромтау қойнауы қазынаға қаншалықты бай болса, елін сүйген ерлері де соншалықты мол өңір. Ұлы Отан соғысына сегіз мыңнан астам хромтаулық қатысса, солардың үш мыңдайы туған жерге оралмады. Ал, екі жерлесіміз — Валерий Федорович Величко мен Леонид Прокофьевич Шиловскийге көрсеткен батырлықтары мен қаһармандықтары үшін қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атақтары берілді, тағы бір жерлесіміз Василий Семенович Шахрай «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.
Соғыстан кейінгі бейбіт еңбек өрлеуі жылдарында ауданымыздың «Құдықсай» және «Қопа» кеңшарларының малшылары Айтжан Асанов, Мұрзагерей Елкеев, Халиолла Кенжалин, Байсеркеш Нұрлыбаевтар мал шаруашылығын өркендеудегі толағай табыстары үшін Социалистік Еңбек Ері атанды.
Тың игеру дәуірі Хромтауды облысымыздың астықты өңірлерінің біріне айналдырды. Егіс алқаптарынан тың игерудің алғашқы жылдарында-ақ 150.0 мың тоннаға дейін астық жиналды. Ал, Киров атындағы ұжымшар комбайншысы Байдолла Алдияров пен «Қызылжар» МТС-нің диханы Павел Михайлович Лахно Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, кеуделеріне «Алтын жұлдыз» тақты. Жүздеген еңбек озаттары кеңес үкіметінің жоғары марапаттарына – орден, медальдарға ие болды.
Өзінің 75 жылдық тарихында маңдай терін тамшылатып еңбек еткен, бар қажыр-қайратын ел игілігін еселеуге арнаған хромтаулық қыз-келіншектер аз болған жоқ. Олардың ішінде КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланған бұрынғы «Новоресей» кеңшарының малшысы Жаңылған Қуанышева, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары — «Авангард» ұжымшарының төрағасы Байбатпа Бекешова, «Мағаджанов» кеңшарынан Қалдығара Шерниязова, Күлпаршын Тілеуқұлова, №2 Хромтау орта мектебінің мұғалімі Галина Баранова, Киров ұжымшарының механизаторы Бағила Жанғалиева, Дөң кен байыту комбинатының конвейер машинисі Наталья Коболева және басқалары болды.
Бүгінгі күні біз Хромтау жерінің түлектері, медицина ғылымдарының докторы, профессорлар Айзада Наубетиярова, Қапа Құдайбергенов, Тұрақбай Үмбетов, техника ғылымдарының докторлары, профессорлар Владимир Шашкин мен Жанболат Ғылманов, әскери ғылымдар кандидаты, профессор Ким Серікбаев, биология ғылымдарының докторы, профессор Александр Шинкарев, спортшылар — бокстан КСРО чемпионы Юрий Алифиренко, дзю-додан халықаралық дәрежедегі спрот шебері Гүлнәр Көшербаева, қоғам қайраткерлері Әнуар Бекмұхамедов, Сматолла Беркімбаев, қаламгерлер Смағұл Мұқашев пен Қызмет Нұралин есімдерін мақтанышпен атап өтеміз.
— Хромтау қай кезде де дамыған өнеркәсібімен, өркенді өндірісімен ерекшеленеді. Бүгінгі ахуалды өңір басшысы ретінде қысқаша өз аузыңызбен айтып берсеңіз.
— Аудан территориясы табиғи қазба байлықтарына өте бай, біздің жерімізде хром мен мыстың, мырыш пен никельдің, қоңыр көмір мен басқа да қазба байлықтарының мол қоры бар. Бүгінгі күні аудан аумағында еліміз үшін аса маңызды үш ірі өндіріс орны — Дөң кен байыту комбинаты, «Восход-Ориел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Ақтөбе мыс компаниясы» акционерлік қоғамы жұмыс жасайды. Еліміздің экономикалық қуаты үшін стратегиялық маңызы бар бұл өндіріс орындарында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірнеше рет болғанын, «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл шахтасы» мен «Ақтөбе мыс компаниясы» АҚ-ның ашылу салтанаттарына қатысқанын біз әрдайым мақтаныш етеміз.
Ал бұл компаниялардың аудан тұрғындарын жұмыс орындарымен қамтудағы, бюджетке төлем жасаудағы, басқа да өңір үшін әлеуметтік бағыттағы шараларды атқаруға қосып жатқан үлесі айырықша деп айтуға болады.
— Шағын және орта бизнесті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту, басқа да күн тәртібінде тұрған бірқатар маңызды мәселелерді қозғай кетсеңіз.
— Барша қазақстандықтар сияқты біздің алдымызда мемлекетіміздің экономикалық және саяси әлеуетін нығайтуға лайықты үлес қосу міндеті тұр. Бұл міндетті аудан еңбеккерлері абыроймен орындап келеді. 2010 жылдың бірінші жарты жылдығында аудан бойынша өнеркәсіп өнімдерін өндіру өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 143,3 пайызға орындалды. Агроөнеркәсіптік секторда да өсу ағымдары аңғарылады, мысалы ауыл шаруашылығынан түскен табыс өткен жылғыдан едәуір артты.
Қазіргі кезде ауданымызда 1520 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, бұл өткен жылғыдан 147 субъектіге артық. Кәсіпкерлік саласында 5456 адам жұмыс жасайды, жалпы ауданымызда кәсіпкерлікпен айналысушылар жыл сайын көбейіп келеді. Олар биылғы жарты жылдықта өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда тауар өндіру мен қызмет көрсетуді 108,1 пайызға артық орындады.
Инвестиция тарту нәтижесінде 2009 жылдың қорытындысы бойынша 11,676 шаршы метр жеке тұрғын үй, кәсіпорындар мен мекемелер есебінен 4194 , бюджеттік қорлардан 700,0 шаршы метр құрылыс салынып, жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасы 158,3 пайызға орындалды.
2009 жылы ауданда 1351 жаңа жұмыс орны, оның ішінде 705 жұмыс орны «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ашылды.
Биылғы жылы ауданымызда «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Көктау-2 поселкесінде құрылыстар салынуда, онда екі мыңнан астам сырттан қоныс аударған қандастарымызды орналастыру көзделуде.
Мемлекеттік саясат аясында атқарылып жатқан жұмыстардағы жетістіктер мен табыстар аз емес, олардың барлығы халық қолымен атқарылуда және сол халқымыздың игілігі болып табылады.
Ақтөбе облысының терістігінде орналасқан, Ресеймен және өзіміздің Қарғалы ауданымен, батысында Ақтөбе қаласымен, Алға ауданымен, оңтүстігінде Мұғалжар, шығысында Әйтеке бимен шектесетін өңірдің келешегі кемелді болмақ десем, артық айтқандық емес шығар.
Әңгімеңізге рақмет!
***
Аудан жылнамасы
1935 жылы 31 қаңтарда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен Ақтөбе облысының құрамында Новоресей ауданы ашылды. Ауданның әкімшілік орталығы — Новоресей селосы (қазіргі Ақжар) болып белгіленді.
25 ақпанда РКП (б) аудандық І конференциясы, ал 10 наурызда аудандық кеңестің І съезі өтіп, басшы органдар мен олардың жетекшілері сайланды.
* * *
Аудан құрылған 1935 жылы оның құрамында 3 кеңшар, 37 ұжымдық шаруашылық, 1 МТС болды. Сол жылы аудан шаруашылықтары мемлекет қамбасына 3716 т. астық құйып, 873 т. ет, 411 т. сүт және 82 т. жүн тапсырды.
* * *
1936 жылы «Қазгеологтрестің» Мұғалжар геологиялық партиясының геологы Н. Долгов осы аймақтан хром рудасы жыныстарын тапты.
* * *
1938 жылы геологиялық барлау жұмыстарын жалғастырып, Новоресей ауданы территориясынан сапалы, мол хромиттің орнын анықтаған геологтар А. Конев, Ю. Куразова және Ю. Полуренко Сталин атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
* * *
Алғаш құрылғанда ауданның егістік алқабы 21398 га болатын. Аудан шаруашылықтарында 2000-нан астам мүйізді ірі қара, 4000-дай қой-ешкі, 650 жылқы, 107 түйе, 266 шошқа есепке алынды.
* * *
1938 жылы қарашада Оңтүстік Кемпірсай аймағындағы «Гигант» кен орнында алғашқы хром рудаларын өндіру басталды. Алғашқы жылы 24 мың тонна руда алынды.
* * *
1937-1947 жылдар арасында ауданда 60-тан астам ұсақ ұжымшарлар (колхоздар) болды.
* * *
1938 жылы геологтар мен кеншілер Дөң поселкесінің іргетасын қалады. Мұндағы кәсіпорын Дөң руднигі, ал кейінірек Дөң хромит руда басқармасы деп аталды.
* * *
Хромтау қаласының іргетасы 1940 жылдары жұмысшы поселкесі ретінде қаланды. Кеншілер есебінен елді мекен жылдам өсіп,1967 жылы оған қала мәртебесі берілді.
* * *
1971 жылы Дөң кен байыту комбинаты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Комбинат 1992 жылы 3,5 млн. тонна руда өндіріп, дүние жүзі бойынша бірінші орынға шықты. Комбинатқа халықаралық «Алтын глобус» сыйлығы берілді.
* * *
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Хромтау ауданында 1992, 1996, 1998, 1999, 2001 және 2006 жылдары болды. Ол 2006 жылы Ақтөбе мыс комбинатының ашылуына қатысты.
* * *
Ауданның жалпы аумағы 12,9 мың шаршы шақырым. Халық саны — 43,9 мың адам, оның 23,9 мыңы қалада, қалғаны ауылдық жерлерде тұрады.
* * *
Ауданда елді мекендердің ежелгі атаулары былайша қайтарылды: Новоторицк — Тассай, Средне-Орск — Көктау, Кредиковка — Аққұдық, Сусановка — Оңғар, Новороссийск — Ақжар, Донское — Дөң, Магаджановский — Табантал, Простороное — Жазық, Молодежная — Тамды.
***
Комбинаттың кемелдену кезеңдері
«КазхромТҰК» АҚ-ның филиалы Дөң кен байыту комбинаты хром рудаларын өндіретін және байытатын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Комбинаттың шикізат базасын қоры 340.0 млн тонна деп есептелетін дүниежүзінде теңдесі жоқ жоғары сапалы хром рудалары құрайды. Бүгінгі Дөң кен байыту комбинатының хром рудасын өндіру жөніндегі әлемдегі ең ірілерінің бірі – «Молодежная» және Қазақстан кен-металлургиясының бүгіні мен болашағы — «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахталар.
Бай кен орнын бұрғылау және сұрыптау, сонымен бірге байыту жалпы қуаты бұрғылау жөнінде 5.0 млн тонна болатын екі байыту фабрикасында жүргізіледі.
Соғыстың алдындағы жылдары елдің қорғаныс қуатын нығайту, машина және станок құрылысы өндірісін дамыту үшін металлургия кәсіпорындарын руда шикізатымен жабдықтау өте қажет болды. Сондықтан, Дөң кен орнындағы хром рудаларына сұраныс жоғары болғандықтан оның қоры толық зерттелмей және өндіріс жобасы пысықталмай-ақ 1938 жылы кен қазу жұмыстары басталып кетті. Сол жылы, 15 қаңтарда Дөң селосында Челябинск облысы Бреды поселкесінде орналасқан Аккаргинский учаскесіне қарайтын, ішінара зерттелген «Гигант» кен орны базасындағы Кемпірсай кен учаскесі құрылды.
Кен қазу жұмыстарын геологиялық барлау партиясының жұмысшылары, сонымен бірге кенші болуға тілек білдірген жергілікті тұрғындар жүргізді. Қаншама қиындықтарға қарамастан Кемпірсай кен учаскесі алғашқы жылы 24 мың тонна руда өндірді, қазу жұмыстарының 150 пайызға орындалуы келесі 1939 жылдың табысты жұмыстарына негіз қалады. Сонымен бірге, Дөң кен орнын геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатты. Геологтар поселкесі Дөң үлкейіп, көркейе бастады. 1938 жылы саманнан, қамыстан наубайхана, асхана, көкөніс қоймасы, дүкен салынды. Моншаның, тұрғын үйлердің, қызыл бұрыштың іргетасы қаланды.
1938 жылдың аяғында Кемпірсай кен учаскесі Дөң хромит руднигі болып аталды. Уақытша электростансасы, жанар-жағармай қоймасы, өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Мектеп, аурухана, монша, үш тұрғын барак және балалар бақшасы, 2335 шаршы метр тұрғын үй салынды. Ал, келесі 1940 жылы кәсіпорын 171 896 тонна хром рудасын өндірді. Дөң кен байыту комбинатының тарихы осылай басталған еді. Әлемнің 20-дан астам елінде хром рудалары қоры бар, олардың 20 пайызы пайдалы компоненттері жөнінен әлемдегі ең жақсысы болып саналатын қазақстандық кен орындарында шоғырланған. Кемпірсай хромиттері базасында Қазақстан қара металлургиясының тұңғышы — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты салынды.
1973 жылы құрылысы басталып, 1982 жылы өзінің алғашқы рудасын берген «Молодежная» шахтасының жобалық қуаты 2010 жылы 2.5 млн тоннаға дейін жетіп отыр.
ҚР Үкіметі 1995 жылғы мамырда комбинатты бақылау пакеттерін сату арқылы сыртқы басқаруға беру туралы шешім қабылдады. Жұмыс жасап тұрған үш хром кәсіпорны – «Дөң кен өндіру комбинаты» ААҚ, Ақсу және Ақтөбе зауыттары технологиялық принциптер бойынша біріктірілді. Бұл — өндірісті бағаның деңгейі бойынша және өнімнің әлемдік рыноктағы сұранысы бойынша жедел үйлестіруге мүмкіндік берді. Комбинаттың жаңа экономикалық жағдайдағы қалыпты жұмысы «Джапан хром Корпорэйшн» фирмасының қаржылық қолдауы және ірі техникалық және ұйымдастыру шараларына инвестиция құю арқылы мүмкін болды.
***
Асылбек алда жүр
1993 жылы Дөң кен байыту комбинатында жұмыс істеп жүрген Асылбек Егізбаев уақыт өзгерістеріне бейімделу мақсатымен кәсіпкерлік жұмыстарын бастады. Әуелі шағын дүкендер ашып, сауда-саттықпен айналысты. 2003 жылы «Керуен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, Ақтөбе-Хромтау арасына жолаушы және жүк тасымалдауға өткізілген тендерді ұтып шықты. Жеті жылдан бері осы жұмысты ол басқаратын серіктестік абыройлы атқарып келеді. Жолаушы тасымалын алғашқы кезде 15-17 орындық Германиядан шыққан микроавтобустармен бастап, кейін жолаушылар сұранысына байланысты жанға жайлы, салонында DVD теледидары, тоңазытқыш кондиционері бар үлкен автобустар сатып алып, қазір сондай көліктермен күн сайын халыққа қызмет жасауда.
2007 жылы жолаушыларға арналған «Саяхат» автобекеті, 2008 жылы 14 автобус еркін сиятын 1600 шаршы метрлік автогараж салынды. «Керуен» ЖШС 60 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ләззат ӘБДІРОВА.
***
«Қазыналы Хромтау»
Хромтау ауданының құрылғанына 75 жыл толуына орай «Қазыналы Хромтау» деп аталатын кітап жарық көрді. Ауданның тарихы мен мәдениетінің, халыққа білім беру мен денсаулық сақтау ісінің, басқа да әлеуметтік салаларының, ауыл шаруашылығы мен өндірісінің даму арналарын, жеткен жетістіктерін айғақтауды, жер қойнауының байлықтарын көрсетуді, табиғатын, сол табиғат аясындағы аң-құстарын түгендеуді, елді мекендері мен жер-су атауларының қалай пайда болғанын баяндауды мақсат еткен деректі жинақтың жұртшылық үшін берері мол. Жинаққа, сондай-ақ, аймақтың тарихи белгілі тұлғалары, аудан құрылғаннан бастап басшылық және жауапты қызмет жасағандар, еңбек майданының марқасқа майталмандары, осы өңірдің ел таныған перзенттері мен бүгінгі күні өлкенің өркендеуіне лайықты үлесін қосып жүрген азаматтардың өмірбаяндық деректері енгізілген.
Жинақты дайындау барысында облыстық мұрағат құжаттары, «Ақтөбе» энциклопедиясындағы, «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі», М. Тәжібаевтың «Ақтөбе облысының тарихы», ауданның 70 жылдығы қарсаңында шығарылған «Жаңарған өлке — обновленный край», «Место работы — Донской ГОК», профессор З. Байдосовтың «Алды кең, арты майса-Дербісалы» кітаптарындағы, «Хромтау өңірі: қуғын-сүргін құрбандары» анықтамалық кітапшасындағы, сонымен қатар облыстық газеттер мен аудандық «Красное знамя» («Хромтау») газеттерінің тігінділеріндегі деректер, ел ішіндегі көнекөздердің айтқандары пайдаланылған.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Хромтау» газетінің редакторы Рахымжан Өтемісовтің жинақталған материалдарды жүйеленіп орналастыруда, өңір келбетін қамтуда шығармашылықпен көп ізденіске барғаны байқалады.
Аудан әкімінің орынбасары Сәкен Елдесов бастаған алқа мүшелерінің жемісті жұмысы өңірдің шежіресін тағы да бір сараптан өткізіп, жинақтап беруімен бағалы.
Нұр ДӘУІРОВ.
Айқара бетті әзірлеген Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
***
Айдарлыаша, азбартас, ойсылқара…
Аудан территориясында 350 млн. жыл бұрын өткен карбон кезеңінің соңы мен пермь кезеңінің басындағы ежелгі жануарлар мен өсімдіктердің таңбалары сақталған Айдарлыаша қимасы бар. Ол көлемі 3 гектар, ені 200 метр, ұзындығы 1500 м болатын жіңішке алқап. Жер бетіндегі тіршіліктің дамуы туралы толық мағлұмат беретін мекен, оның өзге формасы басқа жерде кездеспейді. Айдарлыаша қимасы 50-ші жылдардан бері зерттеліп келеді. 1991 жылы әлем ғалымдары пермь жүйесінің 150 жылдығында, осы кезеңге байланысты барлық геологиялық қималарында экскурсиялар өткізді. Ақтөбе облысында 150 жылдыққа байланысты әр елден келген ғалымдар жұмыс жасап, Айдарлыаша қимасы – жердегі өмірдің дамуы туралы, карбон және пермь дәуірлерінен толық мағлұмат беретінін атап айтқан. 1996 жылы дүние жүзі халықтарының Қытайда өткен халықаралық геологиялық конгресінде Айдарлыаша қимасы карбон мен пермь кезеңдерінен сақталған теңдесі жоқ орын деп танылған.
Қопа селолық округінен 50 шақырым жерде Азбартас деген табиғи ескерткіш бар. Азбартасқа барар жолда жер бедері шоқылы болып келеді. Жолында бірнеше бұлақ көздері кездеседі, әрқайсысының өзіне лайық етіп қойған атаулары бар. Бірінші Айқынбұлақ, содан кейін Цементбұлақ, судың салқын әрі мөлдір болуына байланысты солай атаған. Қызылбұлақ (судың түсіне байланысты аталған), Талдыбұлақ, Ақкиізбұлақ, Қыдырмабұлақ, Мұхамбетәлібұлақ көздерінің атын көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан Жағалбайлы руының өмірімен байланыстыруға болады. Азбартастың әрбір тасы қолмен қаланғандай, үңгірі бар. Жұмбағы көп Азбартастың биіктігі шамамен 11 метр, ені 4 метр. Табиғи ескерткіштің алып жатқан жалпы аумағы – 100 метр. Ақтөбелік белгілі геолог Р.Сегедин «Азбартас ашық аспан астындағы табиғи ескерткіш, мұндай ескерткіш басқа еш жерде қайталанбайды» деп жазды. Жергілікті тұрғындар «бұл киелі жер болған, маңайында артық өскен шөп болған жоқ, айналасы тықыр, жерінде гранит тастар жаз айында күнге шағылысып жатқан, кейіннен үңгіріне мал қамап, тастарын қозғағаннан кейін айналасын қалың шөп басып кетті» дейді.
Хромтау қаласының оңтүстік-батысына қарай 40 шақырым жерде Ойсылқара аймағы бар. Жергілікті қарияларының айтқан аңыздары бойынша Ойсылқара әулие Мұхаммед пайғамбардың сопылық таза хадисін уағыздаушы ретінде жеті жұртты аралаған тақуа кісі екен. Пайғамбардың тірісінде жүздесу үшін екі рет барып, бірақ дидарласа алмапты. Пайғамбарымыз дүниеден өтерде сахабаларының біріне «Сахарадағы Ойсылқараға тапсыр» деп жидесін аманатқа беріп кеткен дейді. Ойсылқара осы өзен жағасында дүние саларда жеті жұрт сүйегін өз жеріне әкетіп жерлеуге таласатынын біліп, оларға әулие жеті маяға сандық орнатып, төбе басына түнепті. Сонда «Кім бұрын тұрса, соның жеріне жатамын» десе керек. Әулиенің мүрдесіне келгендер біртіндеп оянып сандықты ашып, әулиенің өз сандығында жатқанын көріп, маяларын жетелеп кете беріпті.
Ойсылқара деген Ор өзенінің саласы да бар. Осы жердегі тағы бір аңызға сүйенсек, Ойсылқара әулие «Түйемді бос жіберіңіздер, қай жерге барып шөксе, сол жерге сүйегім қойылсын» — деген талап қойған деседі. Ойсылқара әулие қорымы Ойсылқара ауылының жанындағы төбеде тұр.
(Өлкетанушы Рысжан Ілиясованың
зерттеу-мақалалары бойынша
әзірленді).
***
Қызмет Нұралин
Ордың орғыл құмында
Есіме аңыз көптен оралады,
Қайсысы шындық оның бола алады.
Аттанған Жібегіне Төлегендей,
Асығып Ақжайыққа Ор ағады.
Сүйетін еркелетіп айды құлай,
Төсіңе құшағымды жайдым ұдай.
Алыстан түсіретін бейнемізді,
Ор өзен, айнам болған айдыным-ай.
Әр кезде сылдыр үні ашық қандай,
Жаныңды қуаныштан тасытқандай.
Көз тартып Ордың иірім-орамдары,
Сәмбі тал сән түзейді ғашықтардай.
Қызықтап сырласумен ағысын кіл,
Айтамыз жағасында жарысып жыр.
Баяғы алты қазы Төлегеннің,
Айналып Ор бойында әлі ұшып жүр.





жарайсыңдар