Білім

Мұғалімдер жұмыстарын үйде жалғастырады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім саласының өкілдерінің қатысуымен тікелей эфир онлайн режимінде өтті. Онда облыс тұрғындары аталған салаға қатысты біршама сауалдар қойды. Олардың басым бөлігі — карантин кезіндегі педагогтердің жұмыс істеу тәртібі, мұғалімдердің жалақысы жөніндегі сұрақтар.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова елімізде санитарлық-дезинфекциялық шаралардың күшейтілуіне байланысты білім саласында жоспарланған жұмыстар туралы айтты. Наурыз айының 13-інен бастап оқушылардың қатысуымен өткізілетін барлық спорттық-мәдени шаралар, олимпиадалар кейінге шегерілген.
Жалпы барлық білім беру ұйымдарына педагогтер мен оқушылардың өзара іс-қимылына, оқу процесін ұйымдастыруға қатысты тапсырмалар көрсетілген Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы жіберілген. Сол бұйрық негізінде 12-14 наурызда оқушылардан тоқсандық жиынтық бақылау алынды.

16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін балалар көктемгі демалыста болады. Осы уақыт аралығында мектеп мұғалімдері қашықтықтан жұмыс істейді. Педагогтердің әдістемелік және сабаққа дайындық жұмыстарын үйде отырып орындауына мүмкіндік берілді. Олардың еңбекақысы төленеді.

Мектепке басшылар ғана, директорлар мен орынбасарлары барады. Сондай-ақ, дезинфекциялық шаралар жүргізу үшін техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Мектеп басшысы орынбасарлары мен техникалық қызметкерлердің кестеге сәйкес жұмыс істеуін үйлестіреді.

16 наурыздан бастап мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының қызметі тоқтатылды. Оған оқушылар мен жасөспірімдер сарайы, музыка, көркемсурет, өнер мектептері және т.б. жатады.
Қазір мектепке дейінгі білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Балабақшаға балаларды апару немесе апармау — ата-аналардың еркіндегі іс. Балалардың балабақшаға бармаған күндеріне анықтама талап етілмейді. Сондай-ақ, балабақшаға бармаған күндер үшін тамаққа және қосымша сабақтардың ақшасы төленбейді.
16 наурыздан бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде білім алуға көшіп жатыр. Оқыту процесі бекітілген оқу жүктемесіне, жоспарына, бағдарламасы мен кестеге сәйкес жүргізіледі.
Түрлі жағдайларға байланысты қаладан кете алмайтын студенттерге жатақханаларда тұруына рұқсат берілген.

Айта кету керек, педагогтердің біліктілігін арттыру курстары онлайн-форматта өткізіледі.

—  Облыста 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесі бар. Олардың қызметкерлерінің кезектен тыс еңбек демалысына шығуын қарастырып жатырмыз. Ақы төленеді, — деді Г.Сүлейменова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button