Сағыныш
Соғыстан туғандары оралмаған көп отбасының көңіліне кетпестей ұялаған осы сезім Қырым Сақтағановтың 65 жылдан кейін әке қабірін табуына көмектесті
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы атап өтілді. Қарап отырсақ, сол жылы туғандардың өзі біраз жасқа келді, көп уақыт өткен секілді. Бірақ соғыс тақырыбына нүкте қойылмайды. Өйткені сұм соғыс қаншама тағдырға зауалын туғызды. Сүйектері майдан даласында қалғандар қаншама?! Әкесін көре алмай өскендер қаншама?! Соғыс біткелі көптеген ұрпақ әкелерінің, аталарының зираттарын іздеп, Батысқа қарай сапар шегіп келеді. Жақында ақтөбелік азамат Қырым Сақтағанов Ресей жеріне барып, әкесінің басына дұға етті.
Әкені аңсау
Қырым аға қиындықпен өссе де өміріне қынжылған адамның қатарынан емес. Адамдармен араласқыш, әңгімені де мәнді етіп айтып бере алады. Көргені мен түйгені көп Қырым Сақтағанов облыстың, оның ішінде бұрынғы Ақтөбе ауданының ауыл шаруашылығы саласына мол үлес қосқан басшылардың бірі десек, білетіндер шүбә келтіре қоймас.
Еңбек жолын Ырғызда тракторшылықтан бастаған Қырым Сақтағанұлы 1973 жылы Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, Ақтөбе ауданының шаруашылықтарында зоотехник, партия комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитетінің хатшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы, Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, қала әкімінің орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары қызметтерінен өтті. Осыған қарап, Қырым ағаның өмірі теп-тегіс сайрап жатқан жол секілді көрінеді. Шын мәнінде осылай ма еді?
Соғыс жылдары әкесіз өсіп, тағдырдың ауыр тұрмысы көкірегінде шер болып қатқан бала Қырымның өмірге деген көзқарасы ерекше болды. Алдымен әкесін күтті. Әкесін өлімге қия алмады. Жылдар өткен сайын әкеге деген сағыныш арта түспесе, бір кеміген емес. Содан әкесіз өссем де, анама көмекші бола жүріп, өмірден өз орнымды табамын деген мақсат қойды. Жас баланың азамат болып қалыптасуы, сонау қиын жылдары, қазақ баласынан екінің бірі оқи бермейтін заманда институт бітіруі 21 жасында ерінен айрылған анасы Сәнімнің еңбегі.
1942 жылы Ырғыз ауданының Калинин ауылында туған Қырым ағаның дүниеге келген жылы қайнаған қырғын соғыстың уақытымен тұспа-тұс келді. Тағдыр деген осы ғой. Шыр етіп дүниеге келгеннен кейін арада он сегіз күннен соң әкесі Сақтаған 27 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып кетті. 21 жасында екі баламен елде қалған жас келіншек Сәнімнің бар тілегі жұбайы Сақтағанның аман келуі еді. Бір жылдай майдан даласынан хат келіп тұрады. Өкінішке қарай, 1943 жылдан бастап хат-хабар болмай кетеді. Майданда белгісіз жоғалғандардың қатарында саналып, елдегілер соғыста өлді деп ойлайды. Ал тек асыл жар Сәнім ғана күдерін үзбеді.
Ол кезде Ырғыздың бойында түйемен шығыр айдаған. Анасы комсомол-жастар бригадасында звено жетекшісі болып, тары өсірген. Осы өлкеде тары өсірумен айналысқан бригадалар халықты асыраған. Сәнім ана қызы Жарқын мен ұлы Қырымды жетектеп жүріп, жұмыс істеді. Отбасын асырады. Күйеуі Сақтаған соғыста хабарсыз кетті деген хабар жеткен соң Сәнімге туыстары арасында «Басың жас, елге көшіп келсейші» дегендер де болыпты. Бірақ «Әкесі болмаса, шаңырақтың иесі Қырым бар» деп, Сәнім ана шаңырағын шайқалтпапты. «Қайран біздің аналар, арды ойлаған» деген осы болар.
Шешесінің іштей күйзелісін сезінген бала Қырым қалай да әкесінің тым болмаса жерленген жерін тауып аламын деген мақсат қойыпты. Қаза болған жерін біліп, анамды басына апарып бір қуантсам деп талай жерге хат жазған. Алайда «із-түзсіз жоғалған» дегеннен басқа мәлімет алмаған. Ал Сәнім ана 1985 жылы қайтыс болып, о дүниеге күйеуінің бір хабарын біле алмай кетті. Бұл оқиға Қырым ағаны одан сайын ширықтыра түсті.
Іздеу
— Шешем Сәнім бұл дүниеден озғанша әкем Сақтағаннан бір хабар болады деп күтумен өтті, — дейді Қырым аға. — 1985 жылы қайтыс болды. Анамды соңғы сапарға аттандырып, топырақ салып тұрып іштей: «Аман болсам, әкемнің тым болмаса бейітін табамын» деп ойладым. Содан бала кезден келе жатқан арманымды жүзеге асыруға кірістім.
Архивтен архив қоймай хат жазып, әскери комиссариаттарды аралаған Қырым аға ақыры бір деректің ұшын табады. Ақыры соңғы шыққан «Естелік кітабынан» әкесінің аты-жөнін кездестіреді. Сол бойынша архивтен анықтама алады. Содан биылғы жылы шілдеде Ресейдің Смоленск облысы Велиж аудандық әскери комиссариатының бөлім бастығы А.Никулиннен былай деп хат келеді:
«Сіздің әкеңіз Сақтаған Алмағанбетов Ұлы Отан соғысы жылдарында Велиж ауданында қайтыс болғандар тізімінде бар екенін, Велиж қаласындағы № 2 бауырластар зиратында, Лидова тауында жерленгенін хабарлаймыз.
Зират Велиж қаласының батыс шетінде Лидово тауында, Батыс Двинаның сол жақ жағлауында орналасқан».
Осындай қуанышты хабардан соң Велиж аудандық әкімдігіне хат жазады. Аудандық әкімдік басшысының орынбасары Валентина Соловьевадан мынадай мазмұнда жауап келеді:
«Алмағанбетов Сақтаған. 1915 жылы туған. Әскери атағы — қызылармияшы. 1943 жылы 6 наурызда қайтыс болған. Жерленген жері: Смоленск облысы, Велиж қаласы».
Ана арманын жүзеге асырмақ болған Қырым аға баласы Русланды алып Смоленск түбіндегі Велижге тартып отырады. Барып Бауырластар зиратындағы әкесіне дұға бағыштайды. Бір уыс топырақты шүберекке түйіп, елге әкеліп анасының қасына көміп, белгі тақта қойды.
— Велиж қаласы өте ежелгі қала екен, — дейді Қырым аға. — Ресми деректе қаланың негізі 1536 жылы қаланған. Ғасырлар бойы талай қанды қырғын шайқастарды бастан өткерген. Ал 1941-1945 жылдары қиян-кескі ұрыстар осы жерде болған. Әсіресе 1942-1943 жылдары екі жыл бойы қала жауға қарсы күресте ерлік көрсеткен. 1943 жылы 20 қыркүйекте маршал А.И. Еременконың басшылығымен фашистер қаладан қуылды. Осы жылы менің әкем ұрыста қаза болған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Велиж жерін қорғауда жанын пида еткен 4-Екпінді армияның елу мыңнан астам жауынгері осы жерде жерленген. Қазір Велиж жерінде 70 бауырластар зираты бар, оның ең ірі екеуі Велиж қаласының өзінде. Ал Лидова тауы Отан үшін от кешкендердің қасиетті мәңгілік мекеніне айналды.
— Бұл күнде өзім ата болып, немерелер сүйіп отырсам да, әке бейнесін іздеп, қамқорлығын аңсаймын, — дейді Қырым аға. — Сондай бір толқынысты сәтте ақын болмасам да, мынадай өлең шумақтары туып еді:
Соғыс кезі. Бүкіл халық бекінді,
Сол жылдардың баласы едік кекілді.
Аңсап кейде артыма мен қараймын,
Қайран әкем келіп қалған секілді.
Анамыз да хабар күтті өзіңнен,
Талай рет естігенбіз сөзінен.
Сағынғанын жасырғанымен біздерден,
Сезіп жүрдік жасаураған көзінен.
… Әке дидары анасының айтуымен ғана санасында сағымдай бұлдырап тұратын еді осы кезге дейін. Қырым аға биыл Велиж топырағын басып, әке бейітіне тағзым етіп келгелі көп ауыр ойдан арылғандай. Ең бастысы, осы күнді көп аңсаған аяулы анасының аманатын орындағандай сезінеді. Көңілге медет ететіні де осы.
Бердібай КЕМАЛ.




